Accessibility links

Вадим Борейко: Журналист болуды редакцияда жүріп қана үйренуге болады


Вадим Борейко.
Вадим Борейко.

Вадим Борейко – танымал қазақстандық журналистердің бірі. 40 жылдан бері журналистика саласында еңбек етіп келеді. 2000-жылдары "Время", Forbes.kz және Ratel.kz басылымдарында жұмыс істеген, кейінгі екі жылда YouTube-тан экологиялық зерттеулер мен қоршаған орта мәселелеріне ерекше назар аударатын "Гиперборей" арнасын ашып, автор әрі жүргізуші болып жүр. Ол Азаттыққа берген сұхбатында 80-жылдардағы жұмысы, 90-жылдардағы сөз бостандығы және классикалық медиадан YouTube-қа ауысу тәжірибесі туралы әңгімелеп берді.

"Диалогтар" – Азаттықтың қазіргі заманғы журналистикаға арналған жобасы. Бұл – журналистиканың қыр-сыры, ақпарат құралдарының билік және қоғаммен қарым-қатынасы, елде болып жатқан әлеуметтік-саяси оқиғалар туралы қазақстандық журналистермен сұхбаттар сериясы.

"ЖУРНАЛИСТ БОЛҒЫМ КЕЛДІ, БІРАҚ ЖУРНАЛИСТИКАМЕН АЙНАЛЫСҚЫМ КЕЛГЕН ЖОҚ"

Азаттық: Совет одағы кезінде "Правда" газетінде ақпарат жоқ, "Известия" газетінде шындық жоқ" деген әзіл болатын. Өзіңіз жұмыс істеген советтік басылымдарда цензура қалай жүрді? Шығармашылық еркіндік болды ма?

Вадим Борейко: Еңбек жолымды 1980 жылы "Ленинская смена" газетінен бастадым. Журналист болғым келді, бірақ журналистикамен айналысқым келген жоқ. Пропагандалық жалған ақпарат жазбау үшін секретариатта жұмыс істеп, газет бетін әрлеумен айналыстым. Секретариат қызметкерлері мақала жазуға міндетті емес еді. Бірақ мен арасында өзім үшін репортаж, спорт тақырыбына шолулар жазып жүрдім. Мүмкін жазудан ерте шығып қалмауыма осы әсер еткен болар. Ал тұрақты жазуды кеш, 35 жастан кейін бір-ақ бастадым.

Азаттық: Советтік басылымдардағы мақалалар идеологиялық тексерістен өтетін бе еді?

Вадим Борейко: Әрине, баспаханада, корректорлық бюромен бір қабатта әдебиет және баспа ісі жөніндегі бас басқарманың өкілдері, басқаша айтқанда, цензорлар отыратын. Әр газет жолағы жарыққа шығардың алдында "рұқсат алуы", яғни, цензураның мақұлдауынан өтуі тиіс. Өзім де қайта құру кезінде "Горизонт" жастар газетінде істеп жүріп, Литваның тәуелсіздігі туралы жазамын деп, цензураға тап болдым. Бұл мақала көп сұрақ туғызды, сондықтан оған өзгерістер енгізуге тура келді. Ол кезде әрине, баспасөз Коммунистік партияға адал қызмет ететін жауынгер саналатын. Бірақ газетке жарияланған мақалалардың әсері тәуелсіздік тұсында жазылған мақалалардан әлдеқайда жоғары болғанын атап өткен жөн.

Сыни материалдар әрине, рұқсатпен ғана жазылатын. Бірақ үнемі мақалада көтерілген мәселе бойынша шара қолданылатын. "Біздің мақаланың ізімен", "Газет мәселе көтерді: не істелді?", "Резонанс" деген айдарлар болатын. Журналистерден қорқатын.

Азаттық: Сонда сынға ұшырайтын тұлға не оқиға туралы ақпарат жасырын беріле ме, әлде шынымен төменгі жақтағылар бастама көтеріп, редакцияға белгілі бір зауыттың басшылыққа наразы жұмысшылары көмек сұрап келе ме?

Вадим Борейко: Бұл көп жыл бұрын болған оқиғалар, сондықтан қазір нақты мысал келтіре алмаймын. Әрине, журналистер де тақырып тауып келетін. Олар ары көп мазалайтын адамдарға жатады. Санасындағы екіжүзділік маза бермегендіктен, олар шынайы өмірге қарапайым әдіспен көндігуге тырысатын. Ол кезде редакция қызметкерлері көп ішетін, қазір ондай жоқ. Мен "қарсылық туын" қазірге дейін көтеріп келген соңғы адамдардың бірі болдым. Бірақ төрт жыл бұрын ішімдікпен біржола қош айтыстым.

Журналист Вадим Борейко.
Журналист Вадим Борейко.

Азаттық: Ішімдікке әуестенуге газет күн тәртібінің советтік шынайылыққа сәйкес келмеуінен туған когнитивті диссонанс сезімі әсер етті ме?

Вадим Борейко: Қайткен күнде де, мен мұны осылай елестететінмін. Ол кезде газеттің партия не комсомол деген бір ғана басшысы немесе құрылтайшысы болатын. Журналистер арасындағы ұжымдық ынтымақтастық қазіргіден әлдеқайда мықты болды. Ортақ мүдде болды. Бірақ мүдделер негізінен қолдауға келіп тірелетін.

Азаттық: Қайта құру жылдарында журналистикада еркіндік сезіле бастады ма?

Вадим Борейко: Әрине. Қайта құру жылдарының соңына қарай Алтынбек Сәрсенбаев басқарған "Горизонт" студенттер газетінде істедім. Ол өте батыл редактор еді. Шабыттанып жүріп жұмыс істедік. 1991 жылы Мәскеуде болған Тамыз төңкерісінен репортаж жарияладық, бүкіл редакция болып, Кремльге Сахаровты қорғап, телеграмма жібердік… Кейін Алтынбек қалалық кеңеске депутат болды, ал біз оның үгіт-насихат науқанын жүргіздік.

Қазақстан журналистикасы үшін ең еркін уақыт – 90-жылдардың бірінші жартысы болды. 1995 жылы жаңа Конституция қабылданғаннан кейін қыспаққа алу басталды: Қазақстан суперпрезиденттік республикаға айналды, кейін бұрынғы премьер-министр Қажыгелдин қудалауға ұшырады... Содан бері біртіндеп журналистикадағы еркіндік шектеле берді.

"ГАЗЕТТІҢ БАСЫНАН АРЫЗ-ШАҒЫМ АРЫЛМАЙТЫН"

Азаттық: 90-жылдары "Караван", КТК сияқты сол кездегі ең маңызды ақпарат құралдарында жұмыс істеп үлгердіңіз, ал 1999 жылы "Время" газетіне ауыстыңыз. Ол кездері жұмыс қалай жүрді?

Вадим Борейко: Ол кезде біз демократиялық мемлекет құрып жатырмыз деген сенім болды. Назарбаев постсоветтік кеңістіктегі сүйікті президент еді. Анам оны жақсы көретін. Реформалар, тағы да…

Азаттық: Экономика аяққа тұра бастады.

Вадим Борейко: Экономика 90-жылдардың соңына қарай дами бастады. Ал онжылдықтың бірінші жартысы өте ауыр болды. Бірақ мен қиындығын сезбедім... Журналистика – сондай мамандық: елдегі ахуал нашарлап, дағдарыс болса, жазуға жарайтын ақпарат көбейіп, журналистің жағдайы жақсы болады. Бірақ ол кедейлене түседі. Ал тоқшылық заман келгенде, журналистиканың реңі бұзылады, журналистердің табысы артады.

90-жылдары "Караван" коммерциялық газеті құрылды. Оның мақсаты советтік газеттерден бөлек болды. Бұл ақпарат пен ақша табуға басымдық берген бірінші басылым еді.

Совет билігі тұсында бәріміз Лениннің "Газет ұжымдық пропагандист және насихатшы ғана емес, ұжымдық ұйымдастырушы да бола алады" деген сөзін жадымызда ұстадық. Бірақ ақпарат басты орында тұрмайтын.

"Караванның" бірнеше басылымында, оның ішінде Қазақстандағы бірінші ағылшын тілді "Caravan Business News" журналында істеп, көпбеттік "Караванда" колумнист болдым.

Ол кезде сөз бостандығына жетіп, барлық ақпарат құралы сияқты өмірдің көлеңкелі тұстары, қатыгездік пен зорлық-зомбылық туралы жаза бастадық. Ол кезде "Караван-блиц" деп аталатын тілшілер газеті бар еді, жақсы басылым болатын. Бізде "қоқыстан өлі сәби табылды" деген тақырыптағы ақпараттар жарияланатын. Мысалы, фототілші "Вадик, дүкен баспалдағында жаңа мәйіт жатыр!" деп жүгіріп келеді. Мен "Тамаша! Тезірек барайық!" деймін. Ол кезде түрлі-түсті суреттер шыға бастады. "Бір күні бірнеше жылдан кейін редакцияға келген адам кілең қанішерлерді көреді ғой" деген ойға келдім.

Қазақстан журналистикасындағы қысқамерзімді соңғы алтын ғасырға 1999-2011 жылдар аралығындағы кезеңді жатқызар едім. Ол кезде 12 жыл бойы "Время" газетінде істедім. Бұл шынымен ең танымал басылымдардың бірі болды, оны әр отбасы алып оқитын. 2000 жылы ең көп тираж тіркелді: ол кезде 264 мың дана газет басылды. Қазақстан үшін бұл өте үлкен көрсеткіш саналады. "Караван" мен "Время" газеттерінде Гена Бендицкийдің таланты ашылды (Геннадий Бендицкий, қазақстандық танымал зерттеуші журналист, 2017 жылы қайтыс болған – Ред.). Газет әр журналисті тұлға етіп көрсететін, адамдар басылымды сүйікті авторлары үшін сатып алып, оқитын. Газетке біздің портретіміз жарияланатын, оқырмандар журналистердің жүзін танитын. Авторларға осылай назар аудару табысты маркетингтік қадам болды.

Азаттық: "Караван" немесе "Время" басылымында істеп жүргенде редакцияның материалдарын ұнатпаған ықпалды адамдардың тарапынан қысым көрген кезіңіз болды ма?

Вадим Борейко: Контент тұрғысынан алғанда, бәйгені бермейтін шабандоз журналист болған жоқпын. Ал Гена Бендицкийге, әрине, қысым жасалды. Оған қарсы "Жала жабу" бабы бойынша қылмыстық іс те қозғалды. 2000-жылдардың бірінші жартысында Алматыда Бендицкийді қорғауға арналған митинг өтті. Кейін ол Назарбаевпен кездесті де, бұл қысым басылды.

90-жылдардың ортасында "Караванның" газет қоймасынан өрт шықты, редакцияға миллион долларға жуық шығын келді. 90-жылдары электр жарығы жиі өшетін. Ол кезде Алматыны "Караванда" сыналған Заманбек Нұрқаділов (2005 жылы өлтірілген. – Ред.) басқаратын. Түптеп келгенде, компания басшылығы автономды электр қуаты көзіне арналған құрылғы алды. "Караванға" келсек, бұл бірінші экономикалық тәуелсіз басылым саналатынын, оның өз баспаханасы болғанын атап өткім келеді. Қалған газеттер де тәуелсіз болды, құрылтайшылары да еркін адамдар еді. Бірақ олар мемлекет бақылауындағы баспаханаларға тәуелді болды.

Азаттық: Жеке өзіңізге қысым көрсетуге тырысып көрді ме?

Вадим Борейко (езуінен күліп): Мен кімге керекпін? Ол кезде колумнист болып, "Ақымақ сұрақтар" деп аталатын юмористік бағандар жазатынмын, күнделікті "Время" газетін шығару процесін басқаратынмын. Жеке басыма қоқан-лоқы көрсетілгені есімде жоқ, бірақ газеттің басынан арыз-шағым арылмайтын. Соттардың жартысында жеңіп, жартысында жеңілдік. Өз басым Рахат Әлиевтің әкесі Мұхтар Әлиев журналистіміз Дилярам Аркинді сотқа бергенде қоғамдық қорғаушы болдым…

"Время" газетінде алтын уақыт болды, бірақ ол кезді мүлде сағынбаймын. Өйткені әр жаңа редакция алдыңғысынан қызығырақ болатын. Үнемі жаңа бір нәрсеге үйренетінмін.

Азаттық: Өз тәжірибемнен үнемі жаңа дүниеге кезігіп отырған жақсы деп айта аламын. Бұл күйреуден сақтайды. Журналистика – спорт сияқты. Объективті қарасақ, 60 жаста екінің бірі сіз сияқты шығармашылық белсенділігін сақтап қала алмайды.

Вадим Борейко: Менің жасыма келіп, әлі күнге бәйгеде жүрген басқа адамдарды бірден еске түсіре алмайтын шығармын. Бірақ қазір кәсібім мен өмірімде ең қызық кезең болып жатыр.

"АЛДА ҚАЛАМАҚЫ КҮТІП ТҰРМАСА, ЖАЗУ ЖЕҢІЛДЕЙ ТҮСЕДІ"

Азаттық: YouTube платформасына ауысып, "Гиперборей" деген жобаңызды бастамас бұрын ұзақ ойландыңыз ба?

Вадим Борейко: Мен әдетте көп ойланбаймын, ішкі түйсігіме сеніп, бірден әрекетке көшемін: көбіне ішкі түйсігім алдамайды. 2018 жылы мамырда сот шешімімен өзім бірлесіп жұмыс істеп жүрген Ratel.kz сайтын жауып тастады. Осыдан кейін Facebook желісіне бас қойып, бір жыл тегін жаздым. Бұл да өмірімдегі ең тамаша кездердің бірі болды. Алда қаламақы күтіп тұрмаса, жазу жеңілдей түсетінін білдім. Көк-Жайлау курорты, тұман, атом электр станциясы туралы зерттеу бастаған кезде Миша Дорофеев (Informburo сайтының редакторы, 2021 жылы қаңтарда көз жұмды. – Ред.) маған Informburo сайтына жазып тұруды ұсынды. Штаттан тыс автор ретінде зерттеулер мен бағандар жариялап жүрдім. Кейін біреу Сорос-Қазақстан қорының байқауына өтініш беру туралы ой салды. Грант ұтып алып, 2019 жылы тамызда YouTube-тан "ГиперБорей" арнасын аштым. Басында азаматтық қоғам өкілдерімен сұхбат жариялап жүрдім. Кейін тағы бір халықаралық ұйымнан грант ұтып алып, бюджетке құрал-жабдық сатып алу шығынын қостым. Өйткені технологиялық тұрғыдан ешкімге тәуелді болмасаң, жұмыс әлдеқайда мобильді әрі тиімді жүреді. Қазір командамда өзімнен басқа екі адам жұмыс істейді. Қолынан бәрі келетін Антон Кузнецов күрделі фильмдерде қоюшы режиссер, оператор, дыбыс режиссері, видеоинженер қызметін атқарады. Одан бөлек, Антон тамаша музыкант, менің арнамда оның бүкіл әні пайдаландық. Екінші адам – кәсіби фотограф Роман Егоров. Ол кез келген жұмысқа тез бейімделеді, сондықтан қазір оператор әрі дронды басқарушы болып істейді.

Вадим Борейко.
Вадим Борейко.

Азаттық: Арнаңыздан табыс табуға мүмкіндік бар ма?

Вадим Борейко: Табыс тауып жатырмын, бірақ YouTube-тың монетизация бағдарламасы бойынша емес, өйткені одан тиын-тебен ғана түседі. Мен трафик әкелетін тақырыптарды емес, өзіме ұнайтын дүниелерді түсіремін. Маған саналы азшылық өкілдеріне экологиялық контент дайындаған ұнайды. Ал көпшілікке өзі ықпал ете алмайтын саяси интрига сияқты тақырыптар жағады. Арнамдағы 640 мың қаралым жинаған ең танымал видео 2020 жылы 2 мамырда Тоқаев Дариға Назарбаеваны сенат спикері қызметінен алып тастаған кезде жарияланған. Видеода жай ғана өзім жазған мәтінді компьютердің веб-камерасына қарап айтып шықтым. Видеоның сапасы нашар, бірақ дауысы сәл де болса жақсы.

Азаттық: Тақырыптың өзі қандай. Қызық қой.

Вадим Борейко: Халықтың басым бөлігі бірінші кезекте өздерінің қолында тұрған жеке өмірі, балаларының денсаулығы, қоршаған ортаның жағдайы сияқты дүниелерге немқұрайды қарайды. Өзіммен ойы бір жерден шығатын азшылық болса, мен соған қызмет етуім керек. Бірақ біз барлық елдегі өзгерістерді азшылық өкілдері бастағанын білеміз. Бұл үшін белсенді халықтың бес пайызы да жеткілікті. Одан бөлек, өзіме мемлекеттен бір тиын ақша алмаймын деп уәде бердім.

Азаттық: Ал мемлекет бірнәрсе ұсынып отыр ма?

Вадим Борейко: Алдыңғы жылы маған бір министрліктің байқауына қатысып көруді ұсынды. Келістім, бірақ жеңген жоқпын, кейін жеңілгеніме шүкір деп ойладым. Өйткені мемлекет блогерлерді жалдаған кезде одан қандай нәтиже шығатынын көріп жүрмін. Мысалы, Бозжыра шатқалына VIP қонақ үй салу жобасын төрт танымал блогер қолдады. Көз алдымда олардың құны түсіп, "енді қолын алмаймын" дедім. Аты-жөндерін атамай-ақ қояйын. Олар Бозжыраға барып көрмеген (мен де бармағанмын, бірақ құрылысқа қарсы жазба жариялау үшін әуелі өңір туралы материалдарды жақсылап зерттедім), бір министрліктің нұсқаулығымен мемлекеттің сұрағанын жазып, жазбаларын бірдей уақытта жариялады. Өз басым ешқашан мұндай жағдайда қалғым келмейді. Мемлекет араласқан жердің бәрінде міндетті түрде цензура жүреді. Сондықтан грант пен жарнама есебінен ғана табыс табамыз. Бізде осыған дейін бес түрлі экологиялық жарнама шығып үлгерді. Әрине, мақтанарлық дүние көп емес, бірақ әйтеуір бастадық. Одан бөлек, көрермендер ерікті түрде ақша аударады. Арна жұмысын толықтай осы қаржының көмегімен жүргізу мүмкін емес, бірақ бұл қолдаудың маңызы зор.

"ЖАС ҰРПАҚҚА МЕНІҢ ТӘЖІРИБЕМНІҢ ЕШ ПАЙДАСЫ ЖОҚ"

Азаттық: Классикалық журналистикадан кетіп, YouTube платформасының қазақстандық сегментінде бәсеке жоғын көргенде (сала бос, ойын-сауық тақырыбынан басқа салмақты дүниелер туралы айтатын жас авторлар аз) көңіліңіз жабырқаған жоқ па?

Вадим Борейко: Біріншіден, ол жақта ешкім жоқ деп айта алмаймын. YouTube-та Мұрат Данияр (JURTTYŃ BALASY арнасы) және Дима Дубовицкий ("За нами уже выехали") деген екі ұстазым бар. Оларды ұстаз көремін, өйткені осы жігіттерге қарап, жас ұрпаққа менің тәжірибемнің еш пайдасы жоғын, бірақ олардың тәжірибесі маған қажет болатынын түсіндім. Былтыр олар маған көп практикалық дүниелерді үйретті. Оған дейін YouTube курсынан өтіп, платформаның негізін үйренгенмін, бірақ бұл көбіне теориялық ақпарат болатын.

YouTube-қа дейін ең сүйікті алаңым Facebook еді, ол жақта 19 мың оқырманым бар. Facebook-ті тастап кетпеймін, өйткені әлі де көріп, тыңдауға қарағанда, оқығанды жақсы көретін адамдар көп. Айтпақшы, кей үлкен бастықтар "Гиперборейді" көруге уақыты жоғын, бірақ қызметкерлері Facebook-тағы жазбаларымды папкаға салып алдына әкеліп беретінін мойындады.

Вадим Борейко тауда түсірілімде жүр. 2021 жылдың ақпаны.
Вадим Борейко тауда түсірілімде жүр. 2021 жылдың ақпаны.

Азаттық: Facebook-тегі контенттің өзі де оқуды жақсы көретіндерге арналған ғой.

Вадим Борейко: Facebook-тағы аудиториямды өзім қалыптастырдым. Мысалы, менің жазбама тек достарым ғана пікір қалдыра алады. Өйткені үйіңде (ал Facebook парақшамды өз пәтерім сияқты көремін) тек өзің білетін адамдарды ғана көргің келеді ғой. Бөтен адам келіп, лас бәтеңкесімен таза еденді былғаса ше? Бірақ YouTube-та олай әрекет етуге болмайды: ол жақта төзімді болуым керек, өйткені кез келген кері пікір каналымды дамытуға көмектеседі. Мысалы, Әлішер Елікбаев хейтерлерді жақсы көруге кеңес береді. Әрине, балағат сөз жазатын адамдарды жақсы көруге еш себеп жоқ, бірақ сабырлық танытуым керек.

"ЖУРФАКТА ЖУРНАЛИСТИКАНЫ ҮЙРЕТПЕЙДІ"

Азаттық: Жақында Facebook-та Байбектің Мамайға қарсы сотындағы мына диалог қызу талқыланды:

"Байбектің адвокаты Айжан Ташенова: Мамай, сіздің журналистік біліміңіз жоқ, бұл зерттеу жүргізуге кедергі келтірмей ме?

Мамай: Ал Байбек – музыкант!

Вадим Борейко: Бұл цитата көңілімді көтерді, оны жаттап алдым.

Азаттык: Маған да ұнады, бірақ сұрақ басқада: журналистерге журналистік білім керек пе?

Вадим Борейко: Біріншіден, бұл цитата Байбектің адвокатының журналист кәсібін мүлде түсінбейтінін көрсетті. Бұрын бірнеше рет шағын ұжымдарда басшы болғандықтан, жұмысқа экономикалық не құқықтық білімі бар адамды алар едім. Әлі күнге осы салалардағы білімім таяз екенін сеземін. Салмақты журналист үшін мұндай білім маңызды. Ал журфактарда практикалық журналистиканы, зерттеу жүргізуді үйретпейді. Әйтеуір, маған ешкім үйреткен жоқ.

Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түскеніме еш өкінбеймін. Өйткені өте жақсы гуманитарлық білім алдым, әлем және орыс әдебиетіндегі негізгі кітаптарды оқып шықтым. Ағылшын тілін меңгеріп, орыс тілін жетілдіріп, кем дегенде, бүкіл ережені біліп алдым. Әлі күнге сол кезде жиған білімімді пайдаланып келемін. Ал журналист болуды редакцияда ғана үйренуге болады.

Азаттық: Қазір қазақстандық ақпарат құралдары тап болып отырған үлкен мәселелерің бірі – кадр тапшылығы. Жұмыс істегісі келетіндер көп, бірақ таңдауға лайықтылар аз. Неге кәсіби дайындық деңгейі сонша төмен? Әлде журналистикаға деген сұраныс азайып, ол жаққа кім болса сол баратын болған ба?

Вадим Борейко: Сіздің сұрағыңызды "Журналистикаға сұраныс бар ма?", "Классикалық медиаларға сұраныс сақталып қалды ма?" деп екіге бөлер едім. Қазақстанда жүйелі медиа үлкен дағдарысты басынан өткеріп жатыр, ал журналистика әлі өз күшінде. Бұл қарама-қайшы пікір емес, өйткені қазір журналистика әлеуметтік желіге ауысып кетті. Ол жақта зерттеу жанры дамып жатыр. Зерттеумен журналистер ғана емес, басқа сала мамандары, мысалы, жер құқығы жөніндегі заңгер Бақытжан Базарбек, адвокат Джохар Өтебеков, YouTube-тан арна ашқан дәрігер Қуаныш Керімқұлов немесе бұрын журналист, кейін шаруа, қазір аграрлық мәселелер жөніндегі кеңесші болған Кирилл Павлов та айналысады.

Азаттық: Кейінгі он жылда смартфон арқылы медиаконтент тұтыну 460 пайызға өсті. Осыған орай медиа да өзгерді. Мұндай жағдайда зерттеу журналистикасын (әсіресе, әр зерттеу кемі 15 мың белгіден тұратын баспасөз форматында) қалай дамытуға болады?

Вадим Борейко "АрселорМиттал Теміртау" компаниясында түсірілімде. 17 мамыр 2021 жыл.
Вадим Борейко "АрселорМиттал Теміртау" компаниясында түсірілімде. 17 мамыр 2021 жыл.

Вадим Борейко: Журналистер жаңа формат іздеп жатыр. Бұл тұста бірінші кезекте Telegram мен Instagram-дағы Protenge.kz жобасы арқылы әр зерттеуді бірнеше карточкаға сыйғызатын жаңа формат ойлап тапқан Джамиля Маричеваны атап өткім келеді. Бұл әлеуметтік желі аудиториясының талғамына қарай бейімделген толық зерттеуге жатады. Мен әрине, консерватормын, аудиториям да ұзақ мәтіндер оқудан жалыға қоймаған үлкен кісілерден тұрады. Алты абзацтан тұратын зерттеу жаза алмаймын ғой, маған ойымды тексерілген фактілермен, құжаттармен дәлелдеу керек. Өйткені менің жұмысымда дәлелдеу маңызды рөл ойнайды.

Мені YouTube-та газет ісін жалғап жүр деп айыптағандар болды. Мұндай сынды телевизиялық тәжірибесі мол серіктесім Антон Кузнецовтан да естідім. Оған "онда бояуды алып, өзің боя" дедім. Қазір ол мен дайындаған мәтін контенті негізінде сценарлы жоспар жазып, толықтай визуалды өнім жасап жүр.

"ЖУРНАЛИСТИКАДАҒЫ СТАНДАРТТАРДЫҢ КӨБІ ОЙДАН ШЫҒАРЫЛҒАН"

Азаттық: 90-жылдары баспасөз конференциясына бару дұрыс саналмайтын, өйткені спикер өзіне тиімді ақпаратты ғана беретін. Журналистер де қажет ақпаратын тікелей шенеуніктің өзінен сұрайтын. Қазір ресми ақпаратты хат жіберіп аламыз. Ал мемлекеттік құрылымдар ұйымдастыратын брифингтер шенеунікке сұрақ қойып, сәл де болса ақылға қонымды жауап алудың жалғыз мүмкіндігіне айналды. Сіз мемлекеттік құрылымдармен қалай жұмыс істейсіз?

Вадим Борейко: Әуелі 90-жылдары қалай болғанын айтып берейін. Президент әкімшілігі мен министрлер кеңесінің аппараты Алматыдағы Республика алаңында отыратын (қазір ол жерде қалалық әкімдік орналасқан). Ол жерге журналист куәлігімен кіргізетін. Портфелімде бір бөтелке арақ жататын. Сол ішімдікті қылғытып салу үшін баспасөз қызметіндегі таныстарыма баратынмын. Кейде дәлізде министрді көріп қаламын. Оның қолын алып, кабинетіне кіргізіп, қажет ақпаратыңды сұрап алуға болады. Ешкім бас тартпайтын. Жақында [астанада] министрлер үйінде болдым, мені күтіп алып, ертіп жүрді. Бірақ қазір бұрынғыдай оп-оңай кіре алмайсың, шенеунікпен кездесуге кірерде телефонымды алып қойды.

Әрине, редакцияда істеп жүргенде ресми хат жіберетінбіз. Кейде ешқандай жауап келмейтін. Бірақ осының өзі жауапқа жатады. Ал қазір ешқандай хат жазбаймын, өйткені а) мен шенеунік жауап беретіндей редакция емеспін; б) маған ешқандай корпоративті стандарттар қысым көрсетпейді. Айтпақшы, журналистикадағы стандарттардың көбі ойдан шығарылған. Мысалы, "Объективтілік" немесе материалда қос тараптың да пікірін беру. Бұл бір жағынан, журналистиканың негізі сияқты, екінші жағынан, өз стандарттарыңмен одан әрі құрып кетіңдер.

"Объективтілік" – деген аңыз, сондықтан бұл сөзді тырнақшаға аламын. Журналист бірнеше пікір жинайды, ол материалға өз ойын қоспауы да мүмкін, бірақ осының бәрін өзіне қажет пікірді ең соңына қойып, оқырманның есінде қалатындай етіп құрастыра алады.

Міне осы себептен жалған "объективтілікті" қойдым. Өз арнамда толықтай субъективті пікір айтамын. Көрермен менің пікірімді білуге құқылы деп есептеймін. Оның үстіне, кәсіби жолын жаңа бастаған жас емеспін. Бастысы, мен келтірген фактілер шынайы болуы керек, солай ғой?

Сондықтан ресми ақпарат алуға жүгірмеймін. Шенеуніктердің қалай жауап беретінін жақсы білемін. Олар сұраққа қатысы жоқ дүниелерді айтады. Сұхбат жасасам, қажет нәрсенің бәрін сұрап аламын, ал өзіме қажет ақпараттың бәрін өзім табамын, ашық дереккөздерде ақпарат көп, тек оны іздей білу керек.

Вадим Борейко Алтын Емелде түсірілімде. 26 мамыр 2021 жыл.
Вадим Борейко Алтын Емелде түсірілімде. 26 мамыр 2021 жыл.

Азаттық: Қазір көп журналист, оның ішінде мен де бармын, мемлекеттік органдармен көп байланыспауға тырысады. Мүмкін шенеуніктердің қалағаны да осы шығар?

Вадим Борейко: Жақында өзім сөйлескен экология министрлігіндегі бір шенді тұлға "ашықтығымыз өзімізге таяқ болып тиеді, ашылып, ақпарат берген сайын, көбірек таяқ жейміз" деді. Мен "Үнемі солай болады, бірақ соңында сіздер жеңіске жетесіздер" дедім. Шенеуніктер ештеңе демей-ақ қойсын, оларсыз да өмір сүре аламын, бірақ олар осы арқылы өздерінің түкке керегі жоғын тағы да бір дәлелдейді. Шенеуніктердің көбі – ойдан шығарылған қажеттілік. Бізге сонша шенеуніктің қажеті жоқ.

"АУДИТОРИЯМ ОЙЛАНАТЫН АЗШЫЛЫҚТАН ТҰРАДЫ"

Азаттық: Сіз "керек кезде журналиспін, керек емес кезде блогермін" деп жақсы айттыңыз. Журналистер мен блогерлер арасындағы шекара қайда? Ондай шекараның болғаны дұрыс па?

Вадим Борейко: Басында мені блогер деп атағанда жүйкем жұқаратын. Жақында қоғам қайраткері, экологиялық белсенді дегенде тіпті не дерімді білмей қалдым. Ал журналист деп ең соңғы кезекте айтады, онда да солай атаса әрине. Бұл – классификация мәселесі: бәрі бір-бірін санаттарға бөліп тастағанды жақсы көреді, ал шын мәнінде мұның еш мәні жоқ. Түптеп келгенде, өзім үшін классификация мәселесін алып тастадым. Оған эмоциямен қарауды да қойдым, өйткені бұл толықтай ойдан шығарылған.

Негізінен әрине, журналистік әдісті пайдаланып, расталған ақпарат жинаймын. Объективтілік деген жоқ. Манипуляция көп. Сондықтан екіжүзділікті қойып, ойыңдағыны ашық айту керек. Бірақ бұл бос сөз емес, фактілерге негізделген дүние болуы тиіс.

Адамдар көбіне өздігінен қорытынды жасай алмайды, оларға қажет ойды құлағына салып беретін ақпараттық сағыз керек деген пікір бар. Менің аудиториям ойланатын азшылықтан тұрады. Қазір журналистік пікір дәуірі – кімнің танымалдылығы басым болса не дауысы қаттырақ шықса, соныкі дұрыс. Бірақ мен фактілерге сүйенемін және бізде біртіндеп тексерілген ақпаратқа қажеттілік қалыптасып келе жатқанына қуанамын. Қазір қоғамда адамдар ешкімге сенбейді, сөйте тұра, чип салу, ұшақтан химиялық препарат шашу деген ақылға қонбайтын қауесетке сенеді. Бірақ қарапайым адамдар ақырындап тексерілген ақпаратқа ұмтылып жатқанын көріп отырмын. Дәлелден фактіден күшті не болуы мүмкін?

Азаттық: Қазақстандық журналистиканың он жылдан кейінгі болашағын қалай елестетесіз?

Вадим Борейко: Он жыл бұрын "Время" газетінде істеп жүрген кезімде қағаз басылымдар менің ғасырымда ғана болатын шығар деп ойладым. Ал жақында 100 жылдық тарихы бар, өзім еңбек жолын бастаған "Экспресс К" газетінің (бұрынғы "Ленинская смена") соңғы нөмері шықты.

Бес жыл өтті, мен тағы да "классикалық журналистиканың ғұмыры ұзаққа бармайды, ол әлеуметтік желіге ауысып кетеді" деп ойладым. Өзімді орыстілді контентпен айналысуға уақыт жетеді деп ұзақ жұбаттым. Қазір қазақ тілінің қолдану аясы жылдам қарқынмен кеңейіп келе жатқанына куә болып отырмын. Енді орыстілді журналистика жетеді дегенге сенімді емеспін. Сондықтан дұрысы, "Он жылдан кейін немен айналысқым келеді?" деген сұраққа жауап берейін. Ол кезде "Гиперборейдің" жаңа шығарылымына дайындалып, өз аяғыммен жүріп-тұрғым келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG