Accessibility links

Ақтөбеде апелляциялық сот Қаңтардан соң көп жылға сотталған Исаев пен Қамидің үкімін өзгертпеді


Ақтөбеде Қаңтар оқиғасынан кейін сотталғандардың жақындары апелляциялық соттың шешіміне қарсы шығып тұр. 12 сәуір, 2023 жыл.
Ақтөбеде Қаңтар оқиғасынан кейін сотталғандардың жақындары апелляциялық соттың шешіміне қарсы шығып тұр. 12 сәуір, 2023 жыл.

12 сәуірде Ақтөбе облыстық сотының апелляция алқасы Қаңтар оқиғасынан соң сотталған ақтөбеліктердің үкімін түгел өзгеріссіз қалдырды. Үкімі өзгермегендердің қатарында 15 жылға сотталған Нұрсұлтан Исаев пен 4 жылға сотталған Дархан Қами бар.

Апелляция алқасы Дархан Қамиді жазасын режимі қатаң колонияда өтеуге жіберді. Бірінші инстанция Қами жазасын өтейтін орын қауіпсіздігі орташа колония деп бекіткен еді.

– Дархан Қами – бұған дейін де ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған азамат. Жаза тағайындалған кезде оның іс-әрекетінде қылмыстың қайталануы ескерілді, – деді судья.

Сот биыл 1 ақпанда Қаңтар оқиғасына байланысты 16 ақтөбелікке тоғыз айлық шартты жазадан бастап, 15 жыл түрме жазасына дейін берген еді, екі адам ақталған. Сотталушылардың арасынан сегіз адам үкімге қарсы болып, апелляция алқасына шағымданған. Прокурор екі сотталушы – Ернұр Әжниязов пен Асланбек Омаровтың ақталып шығуына наразылық білдіріп, шағым түсірген. Осылайша жалпы саны 10 азаматтың ісі апелляция алқасына жетті. Сот сотталғандардың да, прокуратураның да апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.

Апелляция алқасы Қаңтар оқиғасынан кейін 15 жылға сотталған ақтөбелік Нұрсұлтан Исаевтың кінәсі сот тергеуі кезінде дәлелденген деп есептейді. Соттың пікірінше, Исаев алаңда көліктің жылдамдығын әдейі арттырып, полиция қызметкерлеріне шабуыл жасаған. Кейін оқиға орнынан қашып кеткен.

Нұрсұлтан Исаевтың туыстары апелляция алқасынан қылмыстық істі қайта дәрежелеуді сұраған еді. Апелляция алқасының қаулысына риза емес Исаевтар енді Жоғарғы сотқа шағымданбақ. Олар "оқиға абайсызда болғанын, жеңіл жарақаттанған полицейлер Нұрсұлтан Исаевқа еш кінә артпағанын" айтып отыр.

Нұрсұлтан Исаев (суретте) сот залындағы әйнек қоршаудың ішінде отыр. Ақтөбе, 14 қазан, 2022 жыл.
Нұрсұлтан Исаев (суретте) сот залындағы әйнек қоршаудың ішінде отыр. Ақтөбе, 14 қазан, 2022 жыл.

Ал соттың пікірінше, полиция қызметкерлері арнайы құрал-жабдық, яғни оқ өткізбейтін жилет, қалқан мен касканың арқасында ғана жеңіл жарақат алып, аман қалған.

Исаевтың туыстары мен жақтастары – барлығы 20 шақты адам бүгін, 12 сәуірде Ақтөбе облыстық соты орналасқан ғимарат алдында наразылық білдірді. Олар "Билік бас көтергеннің бәрін аяусыз соттап, халықты үрейлендіргісі келеді. Исаев – саясат құрбаны" деп ашына сөйледі. Наразыларды қарапайым киінген адамдар видеоға түсіріп тұрды.

Ресми мәлімет бойынша, Ақтөбеде Қаңтар оқиғасынан кейін 21 адамның үстінен қозғалған қылмыстық іс сотқа жеткен. Ақпандағы 18 адамның үкімінен бөлек, 2022 жылы шілдеде Ақтөбе соты Қаңтар оқиғасы кезінде "Ақтөбе әуежайын басып алмақ болды" деп айыпталған үш адамның бостандығын 3,5 жылға шектеген.

Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбеде екі адам қаза болған. Оның бірі Русланбек Жұбаназаровты билік әуелі "террорист" деп айыптап, кейін "кездейсоқ құрбан" ретінде оның отбасына "Қазақстан халқына" қоры арқылы 7 млн теңге өтемақы берген. "Кездейсоқ құрбандар" тізіміне енген тағы бір ақтөбелік – Файзулла Нұргелдинге Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиген. Ауыр жараланған ол екі айдан соң қайтыс болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG