Accessibility links

Қаңтарда оққа ұшқан Жұбаназаровтың өлімі: Сот прокуратура шағымын қанағаттандырмады


Ақтөбеде Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан Русланбек Жұбаназаров.
Ақтөбеде Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан Русланбек Жұбаназаров.

Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан Русланбек Жұбаназаров отбасының осы кезге дейін жәбірленуші деп танылмауын Ақтөбе қаласының мамандандырылған тергеу соты заңсыздық деп таныған. Заңсыздықты жою үшін сот Ақтөбе облысының прокуроры мен оның бірінші орынбасарына бірнеше міндет жүктеген.

Тергеу сотының қаулысына келіспеген Ақтөбе облыстық прокуратурасы апелляция алқасына шағым түсірген. Ақтөбе облыстық соты 1 ақпан күні айыптаушылар шағымын қанағаттандырмай, тергеу сотының шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Ақтөбе қаласының мамандандырылған тергеу соты 24 қаңтар күні шығарған қаулы өзгермегенін Жұбаназаровтар отбасының адвокаты Амангелді Шорманбаев та растап отыр. Шорманбаев бас прокуратура ақтөбелік әріптестерінің әрекетіне назар аударуы керек дейді.

"Тергеу сотына шағымданбас бұрын біз 2022 жылғы 27 желтоқсан күні Ақтөбе облыстық прокуратурасына арыздандық. Прокуратура Жұбаназаровтың туыстарын жәбірленуші деп танудан бас тартты, яғни заңдылықтардың орындалуын қадағалауы керек органның өзі заң бұзып отыр. Бас прокуратура мұны назардан тыс қалдырмауға тиіс" дейді адвокат Шорманбаев.

Азаттық Ақтөбе облыстық прокуратурасына сұраныс хат жолдап, Русланбек Жұбаназаровтың ісіне байланысты бірнеше сауал қойған болатын. Нақтырақ айтсақ, Жұбаназаров отбасының осы кезге дейін жәбірленуші деп танылмау себебін, тергеу сотының қаулысына байланысты прокуратураның пікірін сұраған еді.

Ақтөбе облыстық прокуратурасы сұраныс хаттың "Прокуратура шынымен де заң бұзды ма?" деген тұсына мүлдем жауап бермеген. Ал Жұбаназаровтың қаза болу дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс өндірісте екенін, тергеу аяқталған соң құқықтық баға берілетінін хабарлаған.

Ақтөбе облысының тұрғыны Русланбек Жұбаназаровтың Қаңтар оқиғасында оққа ұшқанына бір жылдан асып барады. Бірақ оның отбасы әлі күнге қылмыстық іс материалдарымен таныспаған. Жұбаназаровтың өлімінен соң қозғалған іс 2022 жылғы 28 сәуір күні "қылмыс құрамы жоқ" деп тоқтатылған.

Адвокат Амангелді Шорманбаев Русланбек Жұбаназаровтың өлімінен кейін қозғалған іс тоқтатылғанына наразы болып, 13 қаңтарда Ақтөбе қаласының мамандандырылған тергеу сотына шағымданған. 24 қаңтарда тергеу сотында алғашқы сот мәжіліс өтті. Сот мәжілісінде прокуратура Жұбаназаров ісі қайта тергелетінін хабарлаған. Осы себепті тергеу соты Жұбаназаров отбасының шағымын ішінара қанағаттандырған, яғни марқұмның туыстарының жәбірленуші деп танылмауын заңсыздық деп тұжырымдаған.

Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Мөңке би ауылының тұрғыны 30 жастағы Русланбек Жұбаназаров Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан. Шешесі Күлсім Жұбаназарованың сөзінше, 6 қаңтарда сағат 22.00 шамасында Ақтөбе қаласына жеткен Русланбек жол сөмкесін қарындасының үйіне тастап, досымен бірге шығып кеткен. Содан хабарсыз қалған.

Кейін туыстары митингінің соңғы сағаттарында Русланбек достарымен бірге алаңға барғанын, полиция қуған кезде сол маңдағы көпқабатты үйдің ауласына қарай қашқанын білген. Сол күні сағат таңғы 4-тен өте Әбілқайыр хан даңғылындағы көпқабатты үйлердің бірінің алдында жатқан мәйітті көріп, тұрғындар жедел жәрдем шақырады. Кейін бұл Русланбек Жұбаназаров екені анықталған. 7 қаңтарда туыстары оның сүйегін мәйітханадан тапқан.

Ақтөбедегі наразылық кезінде оқ тиіп қайтыс болған Русланбек Жұбаназаровты туыстары 9 ақпан күні туған жері Мөңке би ауылына жерледі.

Алғашында билік "террорист" деп айыптап, траншеяға көмбек болған Жұбаназаровтың сүйегі туыстарына шамамен бір ай уақыттан кейін, 2022 жылғы 8 ақпанда берілген.

2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйылтылған газ бағасының қымбаттағанына қарсылықты Ақтөбе халқы да қолдаған. Олар облыстық әкімдік алдына барып, қымбатшылыққа қарсылық білдірген. Наразылар әкімдікке басып кірмек болған. Полиция оларға көзден жас ағызатын газ шашып, резеңке оқ атқан.

Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбе облысында екі адам мерт болды. Русланбек Жұбаназаров билік демонстранттарды күштеп таратқан 2022 жылғы 7 қаңтар күні таң алдында оққа ұшса, Файзулла Нұргелдин алаңда алған жарақатынан оңала алмай, екі айдан соң қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG