Accessibility links

Қудалау, түрме, эмиграция. Польшаға кеткен атыраулық белсендінің өмірі


Атыраулық белсенді Бекболат Мұқанәлиев Полшаның Лодзь қаласында. 2023 жыл, 30 қыркүйек.
Атыраулық белсенді Бекболат Мұқанәлиев Полшаның Лодзь қаласында. 2023 жыл, 30 қыркүйек.

Ол "жер шетелдіктерге берілмесін" деп митингіге шықты, партия белсендісі де болды. Қамалды, сотталды. Ақыры Польшадан бір-ақ шықты. Қазір сонда еңбек мигранты болып қара жұмыста жүр. Атыраулық Бекболат Мұқанәлиев "тұрмысымды оңалтып алып елге қайтамын" дейді. Бірақ қашан қайтатынын айта алмайды.

ПОЛЬШАДАҒЫ ӨМІР

Бекболат көп мигранттың бірі болып Еуропаға келгелі екі ай болды. Әуелі Польшаның Лодзь қаласында тауар тасымалдайтын сауда базасында түнгі ауысымдағы жүкші болып жұмыс істеген. Түнде келген тауарды түсіріп, тасып жүргенде белін ауыртып алыпты. Кейін Лазы қаласында арматурашы болды, жақында Краковқа көшті. Онда шағын баспанаға арналған модульді контейнер, яғни құрастырмалы вагон жасайтын зауытта темір кесуші болып жұмысқа тұрған.

– Түнгі ауысымдағы ауыр жұмыс денсаулығыма нұқсат келтіргесін, аз-кем емделіп, жарнама арқылы жеңілдеу жұмыс іздеп таптым. Бір жақсысы, күндіз істейсің. Ауыр емес, тек мен хабарласып келіскен сантехниктің жұмысы емес болып шықты. Алдау барлық жерде де бар екен. Үш жүз шақырымнан келіп тұрып, қолымды сілтеп кетіп қала алмадым. Алдыңғы жұмысымның да жалақысын ала алмай, қысылыңқырап қалған едім. Мына жұмысымдағылар әйтеуір емге ақша беріп, сол арқылы белімді емдеп жатырмын, – дейді бізбен мессенджер арқылы сөйлескен атыраулық Бекболат.

Ол Польшада жұмысқа орналасу аса қиын емес дейді. Тек жұмысқа шақыру қағазымен кіру керек, ал бұл қағазды бір-екі ай күтуге тура келеді.

Бекболат жақында шетелдіктерге берілетін поляк картасын алуға өтініш берген. Бұл құжат Польшада ұзақ мерзімде тұруға, тегін виза алуға, бюджет негізінде білім алуға және ресми түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Оны қолына алса, әрі қарай визаға өтініш тапсырып, Еуропаның басқа елдерінде жұмыс істеп көргісі келеді. Айтуынша, Польшада Еуропаның басқа елдеріне қарағанда жалақы төмендеу, бірақ Қазақстанмен салыстырғанда жақсырақ. Қазір зауытта жұмысын істей жүріп, дәнекерлеуші мамандығын игеріп жатыр. Краковта жұмыс беруші тауып берген хостелде тұрады.

– Мұнда баспана жалдау қымбат. Жұмыс беруші сәл арзандау хостел тапты. Жалдау құны Польша ақшасымен 700 злотый, бізше 75 мың теңгенің айналасы. Бір бөлмеде бес адам жатамыз. Басқа бөлмелерде әр елден келген мигранттар тұрып жатыр. Мұнда бәрі жақсы, таза. Жетпей тұрғаны – жылқы еті ғана. Бұл жақта сиырдың етін зорға табасың, онда да бағасы бізден қымбатырақ. Сосын хостелде асүйге кіру үшін кезек күтуге тура келеді. Тамақты іштен дайындаймыз, себебі асханадан ішу өте қымбат. Ал дүкендегі тамақ бағасы біздегімен бірдей сияқты, әсіресе, көкөніс арзандау ма деп қалдым, – дейді Польшадағы тұрмысын сөз еткен Бекболат.

Қазіргі жұмысында ол айына, теңгеге шаққанда 500 мыңдай табады. "Бұл Қазақстанда алған жалақымнан бес есе көп" дейді. Аптасына бес күн, күніне он сағат жұміс істейтін ол сағатына Польша ақшасымен 22 злотый, Қазақстан ақшасымен 2200 теңге алады. Сонда бір күнде 22 200 теңге табады.

– Сотталғанға дейін Атырауда 100 мың теңгеден артық ақша тапқан кезім болды. Қазіргі жұмысымда шебер маман ретінде қарайтыны ұнайды. Бұрын елде жүргенде саяси көзқарасыма қараса, бұл жақта еңбегіңе, тәжірибеңе, икеміңе қарап бағалайды екен. Тіпті кадр агенттігі мені басқа жерге "командировкаға" жібергісі келгенде, мына нысандағы бастығым оларға мені "оқытып, тәжірибеден өткізіп жатырмыз" деп жібермеді. Дәнекерлеуші деген жаңа мамандықты игеріп жатырмын, бұл өзім үшін қызық, – дейді ол.

"ЖЕР МИТИНГІСІНЕН" БАСТАЛҒАН БЕЛСЕНДІЛІК

55 жастағы Бекболаттың өмір жолы Атыраудың көп тұрғынының өмірбаянына ұқсайды. Исатай ауданындағы жан-жағын мұнай кеніші қоршаған Жанбай ауылында туып-өскен. Табысы көп мұнай саласында еңбек етуді армандаған. Атырау мұнай және газ университетін "Мұнай-газ ұңғымаларын бұрғылау" мамандығы бойынша бітірген. Бірақ өз мамандығы бойынша мүлде жұмыс істемепті. "Тәжірибе болмаған соң жұмысқа алмайды, оған кіру үшін мықты таныс керек" дейді өзі. Содан соң қара жұмысқа жалданған.

2016 жылғы 24 сәуірде Атырауда мыңдаған адам жерді шетелдіктерге беруге қарсылық білдіріп, әйгілі "жер митингісіне" шықты. Бекболат митингіде бастан-аяқ болып, жерді шетелдіктерге беру шарттарына қарсы пікір айтты, әлеуметтік желіде де белсенді болды. Наразылық шарасын ұйымдастырған Талғат Аян мен Макс Боқаев сотталғанда оларды жақтап, сотқа барып жүрді. Атырауда басталған наразылық басқа аймақтарда жалғасып, ақырында жерді шетелдіктерге жалға беруді көздейтін кодекстің кей баптарына мораторий жарияланғаны белгілі.

Өз айтуынша, осы белсенділігінен соң Бекболат құқық қорғау органдарының назарына іліккен. Үйінің алдын жай киім киген адамдар торуылдап, соңынан ілесіп, кейде түрлі сылтаумен ұстап, полиция бөлімшесіне апарған кездер болған.

Атыраулық белсенділер билікке қарсы наразылыққа шығып тұр. Ортада - Бекболат Мұқанәлиев. 2015 жыл.
Атыраулық белсенділер билікке қарсы наразылыққа шығып тұр. Ортада - Бекболат Мұқанәлиев. 2015 жыл.

– Facebook-тегі жазбалар ұнамаған соң үйіме іздеп келу, ағайындарыма бару басталды. "Ананы тоқтатыңдар, әйтпесе жауапқа тартылады" деген әңгімелер айтылған. Сол кезде ағайындармен араздасып қалып жүрдім. Олар кейін бұл маған көрсетілген қысым екенін түсінді, – дейді Бекболат.

Өз айтуынша, артына түсіп аңду үдеп кеткен соң Facebook-те тікелей эфирге шығып, "жансыздарды" жұртқа көрсете бастаған. Осыдан соң аңду саябырсыған. "Бірақ, көбіне митинг болады деген күні үйден шыға берісте полиция ұстап, бөлімшеге алып кетіп, сағаттап ұстап, босатып жүрді. Атырауға баратын таксиге отырып жатқан кезде ұстап алған кездері болды. Ал митингіні өзім ұйымдастыратын кездері тіпті қамап тастайтын, – деп еске алады ол.

"БИЛІК ХАЛЫҚПЕН САНАСА БАСТАДЫ ДЕП ОЙЛАДЫМ"

Бекболат "Жер митингісінде" Атыраудағы Исатай–Махамбет алаңына жиналған мыңдаған адамды көріп шабыттанғанын айтады. Жерді шетелдіктерге жалға беру нормасына мораторий жарияланғанда "билік халықпен санасатын болған екен ғой" деп түйіп, қоғамдық мәселелерге белсене үн қоса бастайды.

Ол елде шынайы демократия, еркін қоғам қалыптасса деген үмітпен әрекет еткен.

– Елде өзгеріс жасаймыз деген сеніммен жүрдік. Азаматтық көзқарасымды білдіріп, белсенді болуыма сол идея алға жетеледі, – дейді Бекболат.

Бекболат жер митингілерінен кейін "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деп айыпталып, бес жылға сотталған Макс Боқаев пен Талғат Аянға бостандық талап етіп, бірнеше белсендімен бірге наразылық акцияларына шықты. Арасында бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған, 2018 жылы Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылған, ал Еуропарламент өз қарарында "бейбіт оппозиция" деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын қолдап, наразылық акциясына шығатын. Наразылық акцияларын ұйымдастырып жүріп, құқық қорғау органдарының көз қырына түсті.

Белсенді Макс Боқаевтың белсенділік жолы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:13 0:00

– Түрлі сылтау айтып митинг өткізуге рұқсат бермеді. Митинг өткізуге арналған жерлерде спорт шаралары, химиялық тазалау болып жатыр деп жауап беретін. Рұқсат бермеген соң он-он бес адам пікірімізді айтамыз деп түрлі флешмоб өткізіп жүрдік. Барлығында да бейтаныс адамдар қасымызға тұрып, қоқан-лоқы жасайтын. Полицияға алып кетіп, кейде қамап тастайтын, – дейді Бекболат.

"САҚИНА ҰРЛЫҒЫ" ЖӘНЕ АУЫЛҒА "ЖЕР АУДАРУ"

Бекболат "жер митингісі" болған кезде Атырауда сантехник, жиһаз жөндеуші болып күн көріп жүрген. 2017 жылғы 21 тамызда оған "ұрлық жасады" деген айып тағылып, сот белсендінің бостандығын екі жыл шектеуге үкім еткен. Сот ұйғарымымен ол өзінің тұрғылықты мекенжайы бойынша Исатай ауданы Аққыстау ауылына қайтарылған.

Бекболат айыпты әлі күнге мойындамайды әрі бұл оқиғаны саяси белсенділігі үшін өзіне жабылған жала деп біледі және бұл істі арнайы тапсырыс деп есептейді.

Полицейлердің жылдам әрекет етуіне, айғақтың жоғалуына, өзін қаладан ауылға "жер аударуына" қарап солай тұжырым жасайды.

Сол күні ол Атыраудағы Балықшы ықшамауданында тұратын әйелден жиһаз бұзуға тапсырыс алыпты. Сот материалдарына сәйкес, "сотталушы пәтер иесінің қобдишасынан құны 41 мың теңге тұратын алтын сақинаны жасырын алып кеткен". Жәбірленуші үйінде ұрлық болғанын байқап, полицияға бірден хабар берген. Әлгі үйден шығып, Жайық өзеніндегі көпірден жаяу өтіп бара жатқан Мұқанәлиевті ұстаған полицейлер оның құрал-сайман салған сөмкесінен сақинаны тауып алған.

Бекболат Мұқанәлиев (сол жақта) пен белсенді Мұратбек Төлеген қаза болған белсенді Дулат Ағаділдің бейіті басында. Ақмола облысы, 2021 жылғы ақпан
Бекболат Мұқанәлиев (сол жақта) пен белсенді Мұратбек Төлеген қаза болған белсенді Дулат Ағаділдің бейіті басында. Ақмола облысы, 2021 жылғы ақпан

Бекболаттың айтуынша, сақина айғақ зат ретінде сот ісіне тіркелмеген, тергеу кезінде жәбірленушінің өзіне қайтарылған. Одан саусақ ізі де алынбаған. Сот процесі кезінде жәбірленуші сақинасын ломбардқа тапсырып қойғанын және ақшасы болмағаннан қайтарып ала алмай жүргенін айтқан.

Ал Бекболат сотталып кете барды. Сот оған "тұрақты жұмыс орны мен оқуда жоқ болған жағдайда бір жылда 240 сағаттан аспайтын қоғамдық жұмысқа" жібереді. Бекболат сот шешімімен келіспей облыстық сотқа апелляциялық шағым берген. Бірақ бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалады.

– Қалада жұмысымды істеп, өз күнімді өзім көріп жүргенде сот шешімімен ауылға жіберді. Ауылда жұмыссыздар есебінде тіркелгеніммен мені ешкім жұмысқа алмады, – дейді Бекболат.

35 МЫҢ ТЕҢГЕ ЖАЛАҚЫ

2019 жылы Атырауға қайта көшіп келген Бекболат Мұқанәлиев газ жабдығына техникалық қызмет көрсетумен айналысатын "РЦКУ-Атырау" ЖШС мекемесіне газ жабдықтарын жөндеуші болып жұмысқа тұрған. Жұмысын істеп жүріп қоғам өміріне қайта араласа бастаған. Бір жарым ай уақыт өткенде мекеме басшылығы оны Аққыстаудағы бөлімшеге ауыстырыпты. Бекболат "мекемеге қысым болған шығар" деп топшылайды. Себебі сол кезде де оны ізінен аңду толастамаған. Айлығы аз, жұмысы ауыр болған соң ол жұмыстан шығып кеткен.

Содан соң ауылдағы жылу қазандығында пеш жағушы, техник сияқты жұмыстар істеп мардымсыз жалақы алып жүріпті.

– Пеш жаққаным үшін алатын айлығым 110 мың теңге болды. Кейін маған 40 мың теңге жалақы қосып, жарты "ставкаға" "техник" етіп алды. Жаз айларында қолыма 35 мың теңге алып жүрдім. Бұл күнделікті шай-суыма жеткенмен, жеке өмірім тасада қалып қойды. Өзім уақытты өткізіп алдым. Енді өзіме көңіл бөліп, өмірімді қолға алуым керек. Оның үстіне әлі үйленген жоқпын, балаларым жоқ, жөні түзу баспанам да жоқ. Ауылда кетеуі кеткен үйім бар ғой, бірақ жөндеуге келіңкіремейді, – дейді Бекболат.

ЗАҢСЫЗ МИТИНГ ҮШІН ҚАМАУ

Бекболат Мұқанәлиев "бейбіт жиналыс ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзғаны үшін" (Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 488-бабы) 2019 және 2021 жылдары екі рет қамалған.

2019 жылғы 21 қыркүйекте Қазақстанда Қытай зауытын салуға қарсылық митингін ұйымдастырмақ болғаны үшін бес күнге қамалған.

– Қалалық әкімдік митинг өткізу туралы ескерту хатыма "рұқсат жоқ" деп жауап берді. Мені жоспарланған митинг болардан бір күн бұрын – 20 қыркүйекте "Рахат" базарындағы асханадан шығып келе жатқанымда үш полиция қызметкері ұстап, сол күні әкімшілік жаза тағайындап, қамап тастады. Асханада митинг бағдарламасын жазып отырғанмын, – дейді Бекболат.

Бекболат Мұқанәлиев (ортада) белсенділермен бірге Қытай зауыттарын салуға қарсы митинг өткізу жөнінде әкімдікке өтініш тапсырып тұрған кез. Атырау, 2019 жыл
Бекболат Мұқанәлиев (ортада) белсенділермен бірге Қытай зауыттарын салуға қарсы митинг өткізу жөнінде әкімдікке өтініш тапсырып тұрған кез. Атырау, 2019 жыл

Екінші рет Қазақстанның көп бөлігінде ұйымдастырылады деген жер сатуға қарсы митинг қарсаңында ол 15 күнге қамалған. Митинг 2021 жылғы 24 сәуірге жоспарланған еді. Ал Мұқанәлиевті содан үш күн бұрын – 21 сәуірде "рұқсат етілмеген митингіге шақырдың" деген айыппен ұстап, әкімшілік қамауға алған.

Атырау облыстық полиция департаменті Мұқанәлиевке қысым көрсету, қудалау себебін сұраған Азаттықтың сауалын жауапсыз қалдырып, тек оның екі рет әкімшілік, бір рет қылмыстық жауапқа тартылғанын ғана айтты. Ал облыстық прокуратура Азаттыққа берген жауабында Мұқанәлиев өзіне жасалған қысым жөнінде арызданған жоқ деп жазған.

Кейінгі жылдары Бекболат Мұқанәлиев "Атажұрт" партиясын тіркеу жұмысына белсене араласып, тіркелмеген ұйымның Атыраудағы өкілі болған.

ҚАҢТАРДАҒЫ АЗАПТАУ

2022 жылдың басындағы Қаңтар оқиғасы кезінде Атыраудағы наразылыққа Бекболат та қатысты. Ол 2022 жылғы 6 қаңтарда өзін полиция ұстап, таңға дейін қалалық полиция басқармасының "Динамо" спорт залында азаптады дейді. Айтуынша, полиция оны "митингіге қатысқанына видеодәлел жоқ" деп, 7 қаңтарда босатқан. Қалада соққыға жығылып, ауылға келген соң ол дәрігерге қаралған. Дәрігер "миы шайқалған, көзінің айналасы көгерген" ("сотрясение мозга, гематома в области глаза") деп қорытынды жазып берген. Артынша ол азаптау бойынша полицияға арыз түсіріпті.

– Полиция арызды прокуратураға, прокуратура жемқорлықпен күрес агенттігіне жіберді. Ал олар "қызмет өкілетін асыра пайдалану" бабымен іс қозғаған. Істің немен аяқталғаны белгісіз. Соңғы рет сұрап білгенімде "күтіңіз" деген жауап келді. Үш рет сот-медицина сараптамасын жасады, – дейді белсенді.

Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінен Бекболат Мұқанәлиевті азаптау жөніндегі істің немен аяқталғанына қатысты жауап ала алмадық. Департамент Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігін алға тартып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жариялай алмайтынын айтты. Жауапқа қарағанда тергеу ісі әлі аяқталмағанға ұқсайды.

Ол белсенділіктен шаршаған. Қазір Қазақстандағы ахуалды әлеуметтік желіден бақылап қана отырады. Қазақстанда демократия орнайтын күн де келер деген үміті өшпеген.

– Қазақ қоғамы шынымен оянып, билікке тегеурінді талап қойып, қазіргі жүйе құлап, жаңашыл қоғам бас көтерсе ғана бір өзгеріс болар. Үмітсіз шайтан ғана демей ме? Бірақ дәл қашан екенін тап басып айту қиын. Ендігі мақсат – тек әлеуметтік желі арқылы қазақ қоғамының көзін аша беру ғана. Шынымды айтсам, басқасынан шаршадым, – дейді Бекболат Мұқанәлиев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG