Accessibility links

Тоқаевтың төрт жылы: сынағандарды қудалау, адам құқықтарын таптау, оппозициясыз сайлау, іргесі сөгілмеген авторитаризм


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгін – Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет президент сайлауына түсіп, жеңіп шыққан күн. Елді 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы наурызда кенет биліктен кеткен соң президенттікке келген ол осы күні сайлауға түсіп, жеңіп шыққан. Төрт жылда не өзгерді? Шолып шығайық.

АЛҒАШҚЫ САЙЛАУ. ЖАППАЙ ҰСТАУ

Тоқаевтың алғашқы президенттік мерзімі жаппай наразылықтан, көшеге шыққандарды топтап ұстаудан басталды.

2019 жылғы 9 маусымда өткен кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевты, ресми мәлімет бойынша, сайлаушылардың 71 пайызы қолдады. Оның басты бәсекелесі деп есептелген оппозиция өкілі Әміржан Қосанов 16 пайыз дауыс жинады. Сайлаудан соң елдің түкпір-түкпірінде наразылық болды.

Қазақстан президентін сайлаған күні полиция көшеге наразылық акциясына шыққан азаматтарды күштеп әкетіп жтыр. Алматы, 9 маусым, 2019 жыл.
Қазақстан президентін сайлаған күні полиция көшеге наразылық акциясына шыққан азаматтарды күштеп әкетіп жтыр. Алматы, 9 маусым, 2019 жыл.

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билігін сынап, "Шал, кет!" деп ұрандатып жүргендер бұл сайлаудың қорытындысына қарсы шығып, Тоқаевты "заңсыз президент" деп атады. Алматы мен Астанада наразылыққа шыққандарды полиция күштеп ұстап әкетті. Сайлау күні 700-ге жуық адам ұсталып, ондаған адам қамалды. Сайлау кезінде нәтиже бұрмалау, бақылаушыларға қысым көрсету өте көп болды.

Құқық қорғаушылар наразылыққа шыққандарды ұстағанда полиция қатыгездік танытқанын, азаматтардың бейбіт жиын, шеру мен пикет өткізу құқығы бұзылғанын айтқан. Алайда Тоқаев елде азаматтардың "өз еркін білдіру бостандығы толық сақталып отыр" деді.

"РЕФОРМАТОР" ТОҚАЕВ

"Мен реформатормын, сондықтан статус-кво болмайды. Саяси өзгерістер жасамай, Қазақстан өзгерістер мысалына айнала алмайды. Саяси реформа болмайынша, экономикалық реформаны да ілгерілету мүмкін емес". Жеңістен кейінгі сұхбатында Тоқаев осылай деген. Кейінгі сөздерінде президент "тиімді мемлекеттік басқару", "еститін үкімет" сияқты риториканы жиі айтып, саяси реформа жасауға уәде берді.

Тоқаев уәде еткендей, бір жылдан соң бейбіт митинг туралы заң қабылданды. Жаңа заңда наразылық білдіргісі келгендер жергілікті әкімдіктен рұқсат алуға міндетті емес, тек ескертсе болғаны деп жазылған. Дегенмен іс жүзінде ескерту жасалғанымен, әкімдік келісім бермесе, ол жиын заңсыз деп танылып, билік оған қатысушыларды әкімшілік жазаға тартады.

Полиция қызметкерлері мен жай киім киген адамдар оппозиция билікке наразылық акциясы өтеді деп белгілеген жерге келген белсенділерді көшеден ұстап, әкетіп барады. Алматы, 23 қазан, 2021 жыл.
Полиция қызметкерлері мен жай киім киген адамдар оппозиция билікке наразылық акциясы өтеді деп белгілеген жерге келген белсенділерді көшеден ұстап, әкетіп барады. Алматы, 23 қазан, 2021 жыл.

Билік жоспарланған әлдебір наразылық алдында белсенділерді аңдуды, үйден алып кетіп, полиция бөлімшесінде ұстап я қамауды Назарбаевтың билігі тұсында әдетке айналдырған. Тоқаев президент болғаннан кейін де ол әдет өзгерген жоқ. Құқық қорғаушылар елде әлі де бейбіт жиын құқығы сақталмай отыр дейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы "билік пен қоғам арасындағы диалогты дамыту" мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Құрамына саяси партиялар мен азаматтық қоғам өкілдері кірген кеңес заң дайындап, саяси реформаларды жүргізуге атсалысады делінген. Алайда көп ұзамай оған кірген Бақытжан Бұқарбай, Мұхтар Тайжан, Арман Шораев сынды азаматтар оның тиімсіздігін, саяси шешімдерге ықпал ете алмайтынын айтып, құрамынан шығып кетті.

"КӨЗБОЯУ" ЗАҢДАР

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін бұл кеңестің орнын "ұлттық құрылтай" басып, құрамы бұрынғыдан да кеңейді. Тәуелсіз сарапшылар мен саясаткерлер оны "авторитаризм құралы", "шайқалған билікті нығайту әрекеті деп сынға алды.

2020 жылдың басында қабылданған "Бейбіт митинг ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы", "Саяси партиялар туралы", "Сайлау туралы", "Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы" заңдарды билік демократиялық өзгерістердің белгісі деп көрсетеді. Алайда тәуелсіз сарапшылар мен қоғам белсенділері, халықаралық ұйымдар бұл заңдарды "көзбояу" деп бағалаған.

Белсенді Дулат Ағаділ тергеу абақтысында жұмбақ жағдайда қаза болғаннан кейін ішкі істер министрлігіне талап айтып барған наразы азаматтарды полиция жасағы әкетіп жатыр. Нұр-Сұлтан, 25 ақпан, 2020 жыл.
Белсенді Дулат Ағаділ тергеу абақтысында жұмбақ жағдайда қаза болғаннан кейін ішкі істер министрлігіне талап айтып барған наразы азаматтарды полиция жасағы әкетіп жатыр. Нұр-Сұлтан, 25 ақпан, 2020 жыл.

Қазақстанда партия құрғысы келетін азаматтар тіркеу кезіндегі бюрократиялық кедергілерге қоса, қуғындалатынын да айтып, жиі шағымданады. Мәлесен, бір топ белсенді әділет министрлігіне "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құруға рұқсат сұрап, 14 рет тізім өткізген. Дегенмен түрлі себеппен әлі тіркеле алмай келеді. Ал Демократиялық партия құру жөніндегі топ басшысы Жанболат Мамайдың бостандығы шектелді.

Төрт жыл ішінде халықаралық ұйымдардың демократия, сөз бостандығы, адам құқықтары жөніндегі рейтингілерінде Қазақстанның көрсеткіші төмендеді.

"ТАҢДАУ БОЛМАҒАН" САЙЛАУ

Тоқаев билік құрған төрт жыл ішінде екі рет мәжіліс сайлауы өтті. 2021 жылғы қаңтарда өткен сайлауға шынайы оппозициялық партиялар қатыстырылмады. Президент парламентте әртүрлі партия өкілдері болуы керек деді. "Сайлау әділ өтеді деп үміттенемін. Билік ол үшін қолынан келгенінің бәрін жасады. Барлық үміткерге тең мүмкіндік берілді" деді ол. Бірақ құқық қорғаушылар сайлау қарсаңында да, одан кейін де құқық бұзу көп болғанын айтады.

Сайлау күні наразылыққа шыққандарды арнайы жасақ кеттлинг әдісімен қоршап, 10 сағаттан соң босатты. Бақылаушылар сайлау учаскелеріне кіргізілмей, наразыларды полиция әкетті. Құқық қорғаушылардың есебі бойынша, сол күндері 200-ге жуық адам ұсталған. Депутаттар сайланып, төсбелгілерін алып жатқанда, әкімшілік қамауға алынған белсенділер әлі абақтыда отырды.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) сайлауды сынға алды. Ұйым өкілдері Қазақстан азаматтарында "таңдау болмады" деген қорытынды жасады.

ҚАНДЫ ҚАҢТАР

Тоқаевтың осыған дейінгі төрт жылдық билігінің ең қатты сыналған тұсы – 2022 жылғы қаңтардағы қанды оқиғалар. Жаңаөзен қаласында әлеуметтік себеппен бейбіт басталған наразылықтың аяғы қарулы қақтығысқа ұласты. Дүрбелеңді "ұйымдасқан террористік шабуыл", Алматыға "20 мың бандит шабуылдады" деп сипаттаған президент Тоқаев күш құрылымдарына көтеріліске шыққандарға ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Құқық қорғаушылар президент бұл бұйрығымен азаматтардың өмір сүру құқығын бұзды дейді.

Тоқаевтың "20 мың бандит" туралы сөзі дәлелін таппады. Кейін ол бұл ақпаратты өзіне құқық қорғау органдарының басшылығы бергенін айтып ақталды.

Қаңтар құрбандарын еске алып, наразылық митингісіне шыққан адамдар. Алматы, 13 ақпан, 2022 жыл.
Қаңтар құрбандарын еске алып, наразылық митингісіне шыққан адамдар. Алматы, 13 ақпан, 2022 жыл.

Құқық қорғаушылар кемі 238 адам мерт болған Қаңтар оқиғасына халықаралық тергеу жүргізу қажет дейді. Бірақ "барлық материалды Бас прокуратура жариялап жатыр. Қоғамнан жасыратын ешқандай құпиямыз жоқ" деген президент елдің жаңа тарихындағы ең ірі қантөгістің жай-жапсарын зерттеуге халықаралық сарапшыларды қатыстырудың керегі жоғын айтқан.

Қаңтар оқиғасы кезінде "тәртіпсіздікке қатысы бар" деген айыппен бірнеше лауазымды тұлға қамалды. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көп жылғы серіктерінің бірі, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов те тұтқындалып, кейін ол "мемлекетке опасыздық жасады", "билігін асыра пайдаланды", "билікті күшпен басып алмақ болды" деп айыпталып, 18 жылға сотталды. Бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектанов 12 жылға түрмеге қамалды.

Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасын біржақты тергеді, қаза болғандар мен азаптауға ұшырағандар ісі әділ қаралған жоқ деп мәлімдеген. Астана бұған келіспейді.

Дегенмен құқық қорғаушылар қозғалған 5000-нан астам қылмыстық істі тергеу барысында жүздеген адам азапталғанын, біразы мүгедек болып қалғанын айтады. Сондықтан билік олардан кешірім сұрап, өтемақы төлеуге тиіс деп біледі. Жазықсыз ұсталып, азапталған 10-нан астам адамнан прокуратура кешірім сұрап, сот шешімімен 2-4 миллион теңге көлемінде өтемақы төлейтін болды.

КОНСТИТУЦИЯ РЕФОРМАСЫ, ЖАҢА САЙЛАУ

Қаңтар оқиғасын "төңкеріс жасау ұмтылысы" деп бағалаған Тоқаев 2022 жылғы 17 наурыздағы жолдауында "мемлекеттік жүйені толық трансформациялап", "суперпрезиденттік жүйеден президенттік жүйеге" ауысуды көздейтін реформалар ұсынды. Көп ұзамай Конституцияға енгізілер өзгерістер жарияланып, референдум белгіленді. HRW сияқты халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен жергілікті сарапшылар ұсыныстар қоғам талқысынан өтпегендіктен, науқанды кейінге шегеруді ұсынған. Сарапшылар бұл реформаға Қаңтар оқиғасынан кейін халықты алдарқату, "косметикалық сылап-сипау" деген баға берді.

Референдум нәтижесі бойынша Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді. Өзгерістер арасында Конституциялық сотты қайта құру; президентке саяси партияларға мүше болуға, ал оның жақындары мен туыстарының саяси және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруына тыйым салу; парламент жұмысы мен сайлау жүйесін өзгерту мәселелері бар. Әсіресе негізгі заңдағы бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген "елбасы" мәртебесі алып тасталатыны көп талқыланды.

Референдум нәтижесі бойынша, Қазақстан Конституциясының 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді.
Референдум нәтижесі бойынша, Қазақстан Конституциясының 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді.

Конституция бір жыл ішінде екі рет өзгерді. Жаңа өзгеріс бойынша, президент жеті жылдық бір мерзімге сайлану құқығына ие болды. Билікшіл сарапшылар өкілетті бір ғана мерзіммен шектегені "билікті бір қолға шоғырландыруға жол бермейді" деді. Президент болып сайланғанына 3,5 жыл болған Тоқаев Конституция өзгере салысымен мерзімінен бұрын сайлау жариялады.

2022 жылғы қарашада өткен сайлауға шынайы оппозиция өкілдері, Тоқаевқа сын айтатын саясаткерлер қатыстырылмады. Қасым-Жомарт Тоқаев 81 пайыз дауыспен жеңіске жетті. ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы науқанды "Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы бәсекесіз саяси ахуалда өтті", "сайлау күні бейбіт митинг өткізу және пікір айту еркіндігі тағы шектелді" деп сынады. Қазақстан билігі бұл сынға келіспейтінін мәлімдеп, ЕҚЫҰ құжатын "объектив емес" деп есептейтінін айтты.

Сарапшы Димаш Әлжанов Тоқаев осы сайлау арқылы "елді жұмылдыра алатын басшы болып көрінгісі келеді" деген пікір айтқан.

"ЕЛБАСЫНАН" АРЫЛУҒА ҰЛАСҚАН "САБАҚТАСТЫҚ"

Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу" деп аталған 2019 жылғы сайлауалды бағдарламасындағы "сабақтастық" ұғымы өзін орнына тағайындап кеткен бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ісін жалғастыру, оның мұрасына адал болу дегенді білдіреді. Бағдарлама Назарбаевтың қолтаңбасына ұқсас логотипі бар сол кездегі "Нұр Отан" партиясының сайтында әлі тұр.

"Сабақтастық – еліміздің жаңа даму кезеңінде елбасының қолға алған бағытын әрі қарай тиімді жалғастыру" деп түсіндірген Тоқаев "Елбасының тарих сынынан өткен стратегиялық бағытының сабақтастығын қамтамасыз етемін" деп уәде берген.

Жеті жыл мерзімге президент болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау шарасы кезінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы әріптестеріне қол бұлғап тұр. Астана, 26 қараша, 2022 жыл. Назарбаев кеңсесінің баспасөз қызметі таратқан сурет.
Жеті жыл мерзімге президент болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау шарасы кезінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы әріптестеріне қол бұлғап тұр. Астана, 26 қараша, 2022 жыл. Назарбаев кеңсесінің баспасөз қызметі таратқан сурет.

Өзі алғаш жеңіске жеткен 2019 жылғы маусымдағы сайлаудан 10 күн өткен соң, 19 маусымда Тоқаев сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде жарлыққа қол қойды. Ол құжатқа тіркелген іс-қимыл жоспарында "елбасының бес институционал реформасын іске асыру жөніндегі "100 нақты қадам" ұлт жоспарын орындау" сияқты Назарбаевтың мұрасымен байланысты іс-шаралар қарастырылған. 2020 жылы Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасымен аттас төрт томдық кітабы жарық көрді, онда да "елбасына" айтылған мадақ сөз өте көп.

2019 жылғы наурызда президент қызметін қабыл алған алғашқы сөзінде мемлекет астанасын "Нұр-Сұлтан" деп атауды ұсынып, сарапшылардың айтуынша, экс-президенттің "жеке басына табыну процесін жеделдеткен" Тоқаев 2019 жылғы 12 маусымда инаугурацияда сөйлеген сөзін "Аса қадірлі елбасы!" деп бастап, оның "стратегиясын жалғастыруға" тағы да уәде берген.

Тоқаев президент болған төрт жылда тұрмысыңыз қалай өзгерді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:42 0:00

Қаңтар оқиғасынан соң бәрі өзгерді. Тоқаев "елбасы" деп сөз бастауды доғарды. Тіпті оның инаугурациясында төбе көрсеткені болмаса, басқа уақытта екеуі жария түрде кездеспеді. Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі мен "Нұр Отан" партиясының төрағалығынан ғана кеткен жоқ. Оны мемлекеттік ақпарат құралдары да көрсетпейтін болды. Ол басқарған "Нұр Отан" партиясының атауы "Аманат" болып өзгерді. Ал Тоқаев "олигополияны", "оның кезінде байыған адамдарды" нұсқап, экс-президенттің тұсындағы кейбір істерді сынай бастады. Конституциядан "тұңғыш президент – елбасы" түсінігі түсіп қалған соң, Назарбаевты, оның туыстарын қылмыстық қудалаудан қорғайтын арнайы баптар да күшін жойды. Астананың атауы қайтарылды. "Елбасы" кеңсесі де таратылып жатыр.

Вашингтондағы Карнеги халықаралық бейбітшілік қорының Еуразия мен Ресей бағдарламасының аға ғылыми қызметкері Пол Стронскидің айтуынша, Тоқаев "Назарбаевтан арылып", "Жаңа Қазақстан" ұғымын ұсыну арқылы "өз билігін нығайтып", оның адамдарын ығыстыруға күш салды, сол үшін ғана "ол президенттігінің алғашқы жылдарында өзі дәріптеген Назарбаевтан арылуға тырысты". Тоқаев Назарбаевтың "отбасы мен оның айналасындағы кландардың билік үшін таласынан соң" осы әрекетке барды.

"ҰЖЫМДЫҚ "АМАНАТ"

Қаңтар оқиғасынан соң "саяси жүйені сатылап модернизациялаудың" соңғы кезеңі деп сипатталып, биыл наурызда өткен мәжіліс сайлауына билік партиясы "Аманат" деген жаңа атпен қатысты. Мәжілістегі 40 орын "Аманат" партиясының өкілдеріне тиді, 29 депутат қалған бес партиядан сайланды. Сайлауда өзін-өзі ұсынған кандидаттардың да көбі –билік партиясының мүшелері. Сарапшылар парламентке өткен партиялардың ешбірін шынайы оппозицияға жатқызбайды. Саясаттанушы Досым Сәтпаев оларды тұтас "ұжымдық" деп атап, сайлау Назарбаев дәуіріндегідей бұрмалаумен өткенін айтты. Ал әлеуметтанушы Серік Бейсембаев бұл сайлау "жүйенің өзгеруге құлықсыздығын білдіреді" деді.

Қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген Nur Otan (Қаңтардан кейін атауы Amanat болып өзгерген) саяси партиясы кеңсесінің алдынан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 8 қаңтар, 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген Nur Otan (Қаңтардан кейін атауы Amanat болып өзгерген) саяси партиясы кеңсесінің алдынан өтіп бара жатқан адам. Алматы, 8 қаңтар, 2022 жыл.

ЕҚЫҰ ДИАҚБ бақылау миссиясы бұл "сайлау саяси өмірге бәсеке әкелгенімен, әртүрлі әкімшілік кедергілер әлі бар" деп мәлімдеді. Халықаралық бақылаушылар "сайлау әкімшілігі саяси науқанға жақсы дайындалып, дауыс беру біркелкі ұйымдастырылды, бірақ процедуралық заңбұзушылықтар байқалғанын, дауыстарды санау мен қорытындылау кезінде маңызды кепілдіктер жиі ескерілмегенін" атап өтті.

Бақылау хаттамасын ала алмаған, сайлау учаскесінен күштеп шығарылған бақылаушы көп болды. Тәуелсіз кандидаттар дауыс саны бұрмаланғанын айтып, "Халық парламенті" деген қоғамдық ұйымға бірігетінін мәлімдеді. Алайда кейін сол жиынға қатысқан белсенділердің біразына әкімшілік айыппұл салынды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG