Accessibility links

Тоқаев "20 мың террорист жайлы" мәлімдемесіне түсініктеме берді


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

5 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардағы дүрбелең кезінде айтқан 20 мың террорист жайлы мәлімдемесіне түсініктеме берді. Президент қаңтар басында Алматыда "ұйымдасқан террористік шабуыл" жасалғанын, елге "20 мың террорист" кіргенін айтқан.

"20 мыңға қатысты, бұл цифрды құқық қорғау органының бұрынғы басшылары берген. Мәселе бүкіл ел жөнінде болған. 13 қалада бір мезгілде қоғамдық тәртіпті бұзу мақсатында билікке қарсы бандиттік шабуылдар жасалғанын білесіздер. Қазір 5,5 мың қылмыстық іс қозғалды, 500 қылмыстық іс сотқа жолданды" деді Тоқаев.

Қоғамда Қаңтар оқиғасын әділ тергеу жайлы үндеулер жиілеген шақта президент Тоқаев Қаңтар бойынша істердің "мұқият тергеліп жатқанын" айтты.

"Барлық материалды Бас прокуратура жариялап жатыр. Қоғамнан жасыратын ешқандай құпиямыз жоқ" деді ол.

Тоқаев Қаңтар қырғынын тергеуге халықаралық сарапшыларды тартудың қажеті жоқ деп, мұндай ұсыныстан екінші рет бас тартты.

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін Қаңтар бойынша 23 адамға түрме жазасы берілген. Осының өзі оқиғаның мұқият тергеліп жатқанынан хабар береді деді президент.

Тоқаев Қаңтар құрбандарының тізімі жарияланатынын да айтты, бірақ қашан жарияланатынын нақтыламады. Ол "бұған дейін де айтқанымдай, ол жерде террористер жағында болғандар көп, олар мемлекет құрылымын құлатпақ болды" деді. Тоқаевтың сөзінен үзіндіні Tengrinews агенттігі келтіреді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сөзін жексенбі күні, Нұр-Сұлтандағы N59 сайлау учаскесінде дауыс бергеннен кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген кезде айтты. Бұл учаскеге Азаттық тілшілері кіргізілмеді. Ондағы полиция және президент күзеті қызметінің өкілдері Азаттыққа "тізімде жоқсыздар" деді. Президент кеткеннен кейін ғана учаскеге кіре алды.

Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Билік шетелде дайындықтан өткен "террористер шабуылы" туралы айтты, бірақ оған дәлел-айғақ келтірген жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеді. Ол сонымен бірге елде билікті күшпен басып алу талпынысы болғанын айтып, алайда оны кім ұйымдастырғанын нақтыламады.

Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында 230 адам қаза болды. Бұған қоса, оқиға кезінде ұсталған тағы сегіз адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны белгілі болды. Билік қоғам талабына қарамастан опат болғандардың есімін және олардың қандай жағдайда қаза болғаны жайлы ақпаратты жарияламады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG