Accessibility links

"Бөгет көп болған" сайлау қорытындысы жарияланды. Көп мандатты биліктегі "Аманат" партиясы алады


Дауыс беріп жатқан тұрғындар. Алматы, 19 наурыз, 2023 жыл.
Дауыс беріп жатқан тұрғындар. Алматы, 19 наурыз, 2023 жыл.

Орталық сайлау комиссиясы 19 наурызда өткен мәжіліс пен мәслихатты кезектен тыс сайлау қорытындысын жариялады. Мәжіліске алты партия өткені белгілі болды. Ал бұл сайлауды бақылаған ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясы "сайлау саяси өмірге бәсеке әкелгенімен, әртүрлі әкімшілік кедергілер әлі бар" деп мәлімдеді. Сайлауға өз-өзін ұсынған бірнеше кандидат дауыс беруді мойындамайтынын мәлімдеп, сотқа шағымданды.

МӘЖІЛІСКЕ ҚАЙ ПАРТИЯЛАР ӨТТІ?

20 наурызда кешкісін Орталық сайлау комиссиясы 19 наурыздағы сайлаудың қорытындысын жариялады. Қорытындыға сай, 5 пайыздан көп дауыс алған алты партия мәжіліске өтті, тек "Байтақ" партиясына мәжілістен орын бұйырмады. Партиялық тізім бойынша көп орынды биліктегі "Аманат" партиясы алады. Мәжіліске өткен партиялардың басым бөлігі де билікшіл.

  • "Аманат" – 53,90%
  • "Ауыл" – 10,90%
  • "Республика" – 8,59%
  • Қазақстан халқы партиясы – 6,80%
  • "Ақ жол" – 8,41%
  • ЖСДП – 5,20%
  • "Байтақ" – 2,30%
  • Бәріне қарсы – 3,90%

Бірмандатты 29 округ бойынша парламентке өткендердің көбі де – биліктегі "Аманат" партиясының мүшелері.

Астана бойынша "Аманат" мүшесі Дәулет Тұрлыханов пен блогер Дәулет Мұқаев сайланды. Алматы бойынша "Аманат" мүшесі Бақытжан Базарбек, "ДАТ" газетінің негізін қалаушы Ермұрат Бәпи және өз бетімен ұсынылған Ерлан Стамбеков өтті. Шымкенттен Данабек Исабеков пен Болатбек Нажметдинұлы депутаттық мандат алды.

  • Абай облысы – Нұртай Сәбилянов ("Аманат")
  • Ақмола облысы – Айна Мусаралимова ("Аманат")
  • Ақтөбе облысы – Қазыбек Алишев ("Аманат")
  • Алматы облысы – Ардақ Назаров (өз-өзін ұсынған) және Данияр Қасқарауов (өз-өзін ұсынған)
  • Атырау облысы – Әділ Жұбанов ("Аманат")
  • ШҚО – Ұлықбек Тұмашинов ("Аманат")
  • БҚО – Абзал Құспан (өз-өзін ұсынған)
  • Жамбыл облысы – Мұқаш Искандиров ("Аманат") және Гүлдара Нұрымова ("Аманат")
  • Жетісу облысы – Руслан Қожасбаев ("Аманат")
  • Қарағанды облысы – Құдайберген Бексұлтанов ("Аманат") және Арман Халықов ("Аманат")
  • Қостанай облысы – Еркін Әбіл ("Аманат")
  • Қызылорда облысы – Мархабат Жайымбетов ("Аманат")
  • Маңғыстау облысы – Еділ Жаңбыршин ("Аманат")
  • Павлодар облысы – Амантай Жарынбек ("Аманат")
  • СҚО – Еркебұлан Мамбетов ("Аманат")
  • Түркістан облысы – Қайрат Балабиев ("Аманат"), Ұласбек Сәдібеков ("Аманат") және Темір Қырықбаев ("Аманат")
  • Ұлытау облысы – Ерболат Сатыбалдин ("Аманат").

"БАҚЫЛАУШЫЛАР КЕДЕРГІГЕ ТАП БОЛДЫ"

Дауыс беруді бақылаған ЕҚЫҰ ДИАҚБ сайлауды бақылау миссиясы "Қазақстан заңнамасына енгізілген түзетулер біздің алдыңғы бірқатар ұсынысты ескеріп, сайлаушылардың таңдау мүмкіндігін арттырды, алайда демократиялық сайлауды өткізуге жеткілікті негізді қамтамасыз ету үшін нормативтік-құқықтық базаны одан әрі өзгерту қажет" деді.

ЕҚЫҰ бақылаушылары елде Конституция кепілдік беретін негізгі бостандықтарды жүзеге асыруға шектеулер әлі барын және кейбір саяси топтарға әлі де саяси партия ретінде сайлауға қатысуға рұқсат етілмегенін мәлімдеді.

ДИАҚБ елдегі 128 сайлау учаскесіндегі дауыс беруді бақылап, оның 58-інде дауыстарды санау жұмысын теріс бағалады. Олар "дауыстарды санау және қорытындылау процестері кезінде бақылаушылар кедергілерге тап болғанын" айтты.

"Аймақтық немесе жергілікті деңгейде сайлау бойынша нәтижелердің жарияланбауы процестің ашықтығына одан сайын күмән келтірді" деді ЕҚЫҰ бақылаушылары мәлімдемесінде.

Бақылаушылар сайлау саяси өмірге бәсекелестік элементтерін әкелгенімен, өзін-өзі ұсынған кандидаттарға әкімшілік кедергілердің кесірі тигенін айтты.

Сайлауды бақылап отырған тәуелсіз бақылаушылар. Алматы, 19 наурыз, 2023 жыл.
Сайлауды бақылап отырған тәуелсіз бақылаушылар. Алматы, 19 наурыз, 2023 жыл.

"Қазақстанда көптен күткен өзгерістерді, соның ішінде сайлау заңнмасындағы өзгерістерді байқадық, бірақ Қазақстан демократиялық даму жолындағы саяси мақсатына өміршең реформалар арқылы ғана жете алады. Соның ішінде азаматтардың еркіндігіне көп мән беру керек" деді ДИАҚБ бақылау миссиясының жетекшісі Ирен Хараламбидес ханым 20 наурызда Астанада өткен жиында.

ЕҚЫҰ бақылаушылары саяси науқанға "сайлау әкімшілігі жақсы дайындалып, дауыс беру біркелкі ұйымдастырылғанымен, процедуралық заңбұзушылықтар байқалғанын, дауыстарды санау және қорытындылау кезінде маңызды кепілдіктер жиі ескерілмегенін" атап өтті.

"Саяси бәсекенің артуы, соның ішінде өзін-өзі ұсынған кандидаттар арасындағы бәсекенің жоғары болуы – маңызды оқиға. Бірақ заңнамалық және басқа да кедергілер ашық әрі тең бәсекелестік жүргізуге тосқауыл болып тұр. Болашақта әр сайлау учаскесі бойынша нәтижелерді жариялау сайлаудың ашықтығын және халықтың сенімін арттырар еді" деді ЕҚЫҰ Парламент ассамблеясы делегациясының жетекшісі Райнхольд Лопатка.

Қазақстанда сайлау учаскелері бойынша дауыс беру нәтижесі жарияланбайды.

"ПАРТИЯЛАРДЫ ТІРКЕУГЕ ӘЛІ ДЕ КЕДЕРГІЛЕР БАР"

ДИАҚБ "Қазақстан билігі бейбіт митинг өткізу құқығы мен БАҚ жұмысына қатысты ұсыныстарымызды орындамады" деп мәлімдеді.

"Әкімшілік кедергілер, партия тіркеу процесіндегі алалау және соттан қорған таппау бізді алаңдатады. Конституция кепілдік беретін сөз бостандығына бөгет жасалды, яғни сыни мәлімдемелерге тосқауыл қойылып, цензура кең тарады" деп жазылған ДИАҚБ қорытындысында.

ДИАҚБ-ның сайлауды бақылау миссиясының жетекшісі Оуэн Мерфи "біздің ұсынысымызға жауап ретінде саяси партияларды тіркеу жеңілдеген, бірақ кейбір топтарға саяси партия ретінде тіркеліп, сайлауға қатысуға кедергі әлі бар. Бұл демократиялық сайлау өткізу бойынша халықаралық стандарттарға сай емес" деді.

ДИАҚБ бақылаушылары сайлау комиссияларында биліктегі "Аманат" партиясының мүшелері болғанына, әйелдер сайлауға аз түскеніне алаңдаушылық білдірді.

"Жалпы, бақылаушы болам деген азаматтарды және халықаралық бақылаушыларды тіркеу кедергісіз болды, бірақ сайлауды бақылауға толық мүмкіндік жасалмады, бақылаушылар дауыс санауда және хаттама толтырғанда кедергіге тап болды" деп мәлімдеді ЕҚЫҰ бақылаушылары.

ТӘУЕЛСІЗ КАНДИДАТТАР САЙЛАУДЫ МОЙЫНДАМАЙДЫ

Астанада ДИАҚБ бақылау миссиясы мәлімдеме жасап жатқан тұста Алматыда сайлауға өзін-өзі ұсынған бірнеше кандидат баспасөз мәслихатын өткізіп, сайлау нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеді. Мәселен, журналист әрі белсенді Инга Иманбай дауыс санау кезінде сенімді өкілдері мен бақылаушыларына тосқауыл қойылғанын айтты. Ол сайлауды қайта өткізуді талап етеді. Ал белсенділер – Мұхтар Тайжан мен Санжар Боқаев дауыс санау процесі заңсыз болғанын мәлімдеп, әкімшілік сотқа шағымданды.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, елде 19 наурызда өткен кезектен тыс сайлауда сайлаушылардың 54,19 пайызы дауыс берген. Сайлауға құқығы бар 12 миллион адамның 6,5 миллионы дауыс берген.

Қазақстандық тәуелсіз бақылаушылар да сайлау күні заң бұзу фактілері тіркелгенін мәлімдеген. Олар учаскелік сайлау комиссиясы мүшелері байқаушылардың жүріп-тұруын шектегенін, оларға видео түсіруге тыйым салғанын, кейбір сайлау учакесінде бақылаушыларды дауыс беретін орын көрінбейтін жерге отырғызып қойғанын мәлімдеді. Бақылаушылар мен телеграм-арналар бюллетеньді топтап салу, "карусель" әдісімен дауыс беру сияқты іс-әрекет түсіп қалған видеолар жариялап жатыр. 19 наурыз, дауыс беру күні Астанада полиция мен арнайы жасақ сайлауға қарсы бейбіт митинг өткізбек болған бірнеше белсендіні ұстап әкеткен.

ОСК учаскелік сайлау комиссияларының 14 мүшесі "Сайлау заңын" бұзғаны үшін міндетінен шеттетілгенін, олардың әрекетін бас прокуратура тексеріп, құқықтық баға беретінін мәлімдеді.

Ал бас прокуратура дауыс беру күні заң бұзушылықтар болғанын мойындағанымен, бұл заңсыз фактілер сайлау қорытындысына әсер етпеді деп мәлімдеді. Бас прокуратура өкілі Азамат Сарғазин мәліметінше, 19 наурызда 40 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Орган өкілі "сайлау бюллетенін өзге адамға беру сияқты заңсыздықтар болғанын", сол үшін сайлау комиссиясының 18 мүшесі әкімшілік жауапқа тартылғанын айтады.

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлау кезінде бір отбасы мүшелері бір-бірінің орнына дауыс берген фактілері болғанын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG