Accessibility links

"Парламентке ұжымдық "Аманат" өтті". Ақорда "Нұр дәуірінің динозаврларын" пайдаланудан неге жалықпайды?


Алматыдағы сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқан сайлаушы. 19 наурыз, 2023 жыл.
Алматыдағы сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқан сайлаушы. 19 наурыз, 2023 жыл.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев Қазақстанда парламент сайлауы қалай өткенін, қазіргі билік неге өзгеріс жасауға құлықсыз екенін талдап көрді.

Азаттық: Биылғы парламент сайлауы 2021 жылғы сайлаумен салыстырғанда несімен ерекшеленді?

Досым Сәтпаев: Ең әуелі формасымен: парламенттегі орындардың 30 пайызы өзін-өзі ұсынған бірмандатты округ кандидаттарына берілді, биліктің төңірегіндегі адамдардан құралған жаңа саяси партиялар (Respublica және "Байтақ" – ред.) қатысты. Форма жағынан айырмашылық – осы. Ал мазмұны бойынша сол баяғы классикалық электорал автократия. Негізгі ұқсастығы: қатысушы құрамы Назарбаев тұсында құрылған ескі партиялардан тұрды. Юра дәуіріндегі динозаврлар сияқты. Ақын Ербол Жұмағұлов оларды "Нұр дәуірінің динозаврлары" деп атады. Бұл динозаврлар әлдеқашан жойылып кетуі керек еді, бірақ Ақорда оларды қатарға қосудан жалықпайды.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Азаттық: Осы жолғы сайлауда дауыс беруші аз, ал заңбұзушылық тым көп болып көрінбеді ме?

Досым Сәтпаев: Жоқ, заңбұзушылықтар үнемі болатын. Бұл жерде сайлауға өзін-өзі ұсынған кандидаттардың қатысуы маңызды рөл атқарды. Әлеуметтік желі де сайлауды бақылауға белсенді қатысып, бақылаушылар өздері куә болған заңбұзушылықтарды бірден жариялап отырды. Назарбаевтың билігі тұсында да бюллетеньді топтап салу және адамдарды жинап апарып дауыс бергізу сияқты әдістер көп қолданылатын.

Өзін-өзі ұсынғандар арасында қоғамдық пікірге ықпал ете алатын адамдар болды. Олар сайлауалды науқанын белсенді жүргізіп, дауыс беру процесіне бақылауды күшейтті. Сондықтан заңбұзушылықтар көбірек анықталды. Сан бойынша салыстырсақ, президентті, парламентті сайлаған өткен сайлауларда да осынша заңбұзушылық болған.

Назарбаев "сайлау лохотроны" (сайлауда алдап соғу деген мағынада – ред.) жүйесін құрды. Бірде-бір сайлау заңбұзушылықсыз өтпейтін.

Бюллетеньді топтап салу, "карусель" және комиссиядан қуылу
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:08 0:00

"БИЛІК ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНЫҢ САБАҒЫН ЕСКЕРГЕН ЖОҚ"

Азаттық: Сайлауға шын мәнінде билікке қарсы оппозициялық көзқарастағы өзін-өзі ұсынған кандидаттар қатысты. Парламентке өтпегендер сайлаудан сабақ алып, қазіргі саяси жүйеге қарсы тұру үшін күш біріктіре ала ма?

Досым Сәтпаев: Сайлау науқаны кезінде өзін-өзі ұсынған кей кандидаттар күш біріктіріп үлгерді: олар халықтан өзін емес, коалициядағы серіктестері – басқа тәуелсіз кандидаттарды қолдап дауыс беруді сұрады. Қазір бірігудің екінші кезеңі басталды. Сайлау қорытындысына көңілі толмаған кандидаттар бірлесіп сотқа шағым жазып жатыр. Бастысы, сайлаудан кейін ғұмыры ұзақ болатын коалиция құрылғаны маңызды. Өйткені билікке тыныштық керек. Сайлауды да Наурыздың қарсаңына белгіледі: алдағы мереке сайлау қорытындысына көңілі толмағандардың дауын ұмыттырады. Сондықтан өзін-өзі ұсынғандар коалициясы мықты құрамға айналып, билік ойлағаннан да ұзақ өмір сүруі керек.

Парламентті сайлау ең өрескел қатені көрсетті: билік Қаңтар оқиғасынан мүлде сабақ алмаған. Саяси технология әдістерін қолданып, былтыр әдемі ұрандармен конституциялық референдум өткізді, президентті бәсекесіз сайлады. Парламентті сайлау да – суперпрезиденттік билікті сақтап қалудың бір жолы. Тоқаев Назарбаев сияқты бәрін өз бақылауында ұстағысы келеді. Олар басқаруға икемді парламент жасақтауға тырысып жатыр.

Тоқаев күйреудің алдында тұрған жүйені сақтап қалды. Қаңтар оқиғасы бұл жүйенің іргесі сөгіле бастағанын көрсетті. Осы модельге жармасу арқылы билік болашақ әлеуметтік жарылыстарға түрткі болып отыр. Бұл – менің ғана көзқарасым емес. Кей экономистер биліктің реформа жүргізуге кем дегенде 36 ай ғана уақыты бар деп есептейді. Мұны оптимистік болжам дер едім, өйткені билік онсыз да бір жылын рәсуа қылды. Осы уақыт ішінде қазақстандықтарды елде өзгерістер басталды дегенге сендіретін бірде-бір позитив әрі маңызды тренд қалыптастыра алмады. Парламент сайлауы кезінде билік өз басына бағытталған тапанша шүріппесін басып жіберді. Сайлау жүйеде ештеңе өзгермегенін, болашақ дағдарысқа реакция білдіре алмайтын қалыпта қалғанын көрсетті.

Азаттық: Билік партиясы "Аманат" тәуелсіз Қазақстандағы парламент сайлауы тарихында ең аз дауыс жинады. Партия атауын өзгерткені бекер болған шығар, бәлкім?

Досым Сәтпаев: 2021 жылғы сайлауда билік партиясы 71 пайыз дауыс алған еді, бұл жолы 50 пайыздан шаққа асты. Осы пайыздың өзін әкімшілік ресурсты пайдаланып, бюллетеньдерді топтап салып, адамдарға жаппай дауыс бергізіп, жинады.

Парламентке өткен партиялардың ешқайсысы қоғамның ешқандай бөлігінің мүддесін қорғамайды. Назарбаев кезінде де солай болатын. Парламент мүшелері сайлаушылардан алшақ өмір сүреді. Оларда белгілі бір сайлаушылар тобы жоқ. Мәселе осында, өйткені халықта ашу-ызасын шығаратын құрал болмаған кезде әлеуметтік жарылыс туады.

Наразылық пен ашу-ызаны шығарудың классикалық құралдарының бірі – сайлау. Парламент сайлауында азаматтар бәсекеге толы, әділ сайлау барысында белгілі бір саяси партияны қолдау арқылы билікке наразылығын құқықтық арнаға бұрып, өзі таңдаған партияны ықпал ету құралы ретінде қарастырады.

Тоқаев Назарбаев моделін көшіріп, саяси өзгерістер қарқыны бұрынғыдай емесін, сыртқы саяси факторлар нашарлап, әлеуметтік-экономикалық ахуал өзгергенін ескермеді. 2019, 2021 жылдармен салыстырғанда, бәрі күрт өзгерді.

"Тоқаевтың бет-бейнесі — осы". Бір топ кандидат сайлауды мойындамайтынын мәлімдеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:32 0:00

Азаттық: Онда билік неге, әсіресе Қаңтар оқиғасынан кейін, жүйеге "жөндеу жұмыстары" емес, салмақты саяси реформалар керегін түсінбейді?

Досым Сәтпаев: Басты мәселе адами факторға байланысты. Былтыр Қаңтардан кейін маңызды ойға назар аударуға тырыстым: кеме қай бағытта қозғалып бара жатқанын түсінгіңіз келсе, капитанға ғана емес, ол жинаған командаға да зер салыңыз.

Қаңтардан кейін Тоқаев Назарбаев жүйесінің өнімі екенін, маңайына өзі сияқты адамдарды жинағанын көрдік. Яғни бұл адамдар айналадағы шынайы жағдайды дұрыс қабылдамайды, өйткені оларда ешқашан мұндай мұқтаждық пен инструмент болмаған.

Екіншіден, бұл адамдар Қаңтар оқиғасы элита ішіндегі кикілжің, олар халықты өз мақсатына пайдаланып кетті деп ойлайды. Олар Қаңтар оқиғасы әлеуметтік жарылыстан басталғанын түсінбейді. Тоқаев қауіпті қарсыластарын жеңіп, билігін нығайтып алды, енді алаңдайтын ештеңе жоқ деп есептейді.

Қазақстанның қазіргі билігінде саяси жүйені ғана емес, көзқарасын да өзгертіп, қоғамды саяси процестің тең құқылы қатысушысы көретін реформатор жоқ. Тоқаев мұндай қадамға бармайды, өйткені өзі ондай жүйеде жұмыс істеп көрмеген. Ол – жасы ғана емес (2023 жылғы мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев 70-ке толады – ред.), саяси тәжірибесі жағынан да консерватор.

Тағы бір маңызды нәрсе: парламент сайлауы ескі Қазақстан сол күйі қалғанын көрсетті. Саяси технологтер "ескі Қазақстанға қарсымыз" деген тақырыпты жақсы көреді. Бірақ сайлауды ескі әдіспен өткізіп, парламентке бұрынғы ойыншыларды әкеліп, үйреншікті әдетпен заңсыздықтарға жол беріп, ескі Қазақстанды өздері жақтап отыр.

ҰЖЫМДЫҚ "АМАНАТ"

Азаттық: "Аманатқа" дауыс берушілердің аз болуы Ақордаға елге салмақты саяси реформалар керек деген ой салмады ма?

Досым Сәтпаев: Қазір "Аманат" туралы айтып отырғанымызбен, парламентке өткен партиялардың негізгі бөлігін ұжымдық "Аманат" деп қарастыруға болады. Олардың атауы маңызды емес. Саяси технология тұрғысынан алғанда, 50 пайыздан көп дауыс билік өзгеріп жатқанын, бұрынғыдай 80 пайыз емес, демократиялық көрсеткіштер қолданатынын көрсетеді. Парламентке сайланған депутаттардың 70 пайызы партиялық тізіммен өтті. Сондықтан Ақорда пайыз мәселесіне қатты бас қатырған жоқ.

"Аманат" көбірек дауыс жинағанымен, қалған партиялар да шағын "Аманат" сияқты. Олар "Нұр Отанның" ұжымдық ақыл-ойы деп есептеледі. Сондықтан олар президентті қолдайтын көпшілік дауыс иесінің рөлін атқарады.

Парламенттегі 29 орын бірмандатты кандидаттарға тиесілі. Олардың арасында да билікпен байланысы бар адам көп. Яғни Ақорда 29 орынның өзін өз бақылауындағы ойыншыларға толтыруға тырысты. Билік парламентке жүйеден тыс бір-екі депутат келсе де, олар ештеңе өзгерте алмайды деп үміттенеді. Оның үстіне, парламент жұмысы әдетте комитет отырыстары аясында жүреді. Ал комитет басшылары билікке адал адамдар арасынан тағайындалады.

Бұл – электорал авторитаризмнің гибридті авторитар формасы. Мұндай форма сайлауға оппозицияны қатыстырып, оны биліктің мақсатына қарай пайдалануды көздейді. Билік осы арқылы бәсеке иллюзиясын қалыптастырады, оппозицияның жеңілісін әділ тартыс нәтижесі емес, қолдаушысы жоқтық деп түсіндіруге тырысады. Осылай "оппозицияны ешкім қолдамаса, қоғамда наразылық жоқ" деген ойды жеткізеді.

Билік геосаяси факторды да ескерген. Украинада соғыс болып жатқандықтан, Батыс елдері қазір Қазақстанмен әріптес болуға мүдделі, демек, сайлау кезіндегі заңбұзушылықтарға көз жұма қарайды. Әрине, кей баяндамалар мен сындар болады, бірақ Вашингтон мен Брюссель Қазақстанмен қарым-қатынасын бұзғысы келмейді.

Азаттық: Алдағы екі-үш жылда саяси реформалар жасалмаса, не болуы мүмкін?

Досым Сәтпаев: Бұл жаңа әлеуметтік жарылыстарға әкеліп соғуы мүмкін. Өйткені Қаңтар оқиғасынан кейін бір жылдан соң Тоқаевқа сенген азаматтардың өзінің президенттен көңілі қала бастады. Оған әлеуметтік-экономикалық фактор үстемеленді. Өйткені көбіне "теледидарды тоңазытқыш жеңіп" кетеді. Халықаралық Энгель коэффициенті деген бар, ол белгілі бір елдегі орташа статистикалық азаматтың табысының қанша пайызы азық-түлікке кететінін көрсетеді. Осы коэффициент бойынша, халқы табысының 60 пайызын тамаққа жұмсайтын ел кедей деп есептеледі. Ресми дерек бойынша, орташа статистикалық қазақстандық жалақысының 70 пайызына азық-түлік алады.

Бұл – өмір сүру сапасы төмендегенін көрсететін өте маңызды көрсеткіш. Оған қымбатшылық қосылып отыр. Парламент, үкімет пен өңірлердегі билік жедел әрі дағдарысқа қарсы тиімді шешімдер қабылдау керегін түсінбей, әлеуметтік жарылысқа себеп болатын ор қазып жатыр.

Біріккен оппозиция болмаған күннің өзінде қандай да бір наразылық туып жатса, ол жергілікті оқиға деңгейінен әп-сәтте шығып, бүкіл елді қамтитын деңгейге жетуі мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG