Accessibility links

Бейсембаев: Бұл сайлау – жүйенің өзгеруге құлықсыздығының белгісі


Қазақстандағы парламент сайлауы. Алматы, 19 наурыз, 2023 жыл
Қазақстандағы парламент сайлауы. Алматы, 19 наурыз, 2023 жыл

Бұл сайлау бұрынғыдан өзгеше болды ма? Орталық сайлау комиссиясының дерегі сайлаушылардың шынайы көңіл-күйін көрсете ме? Жаңа партиялар мен депутаттар қоғамдық-саяси өзгерістер жасай ала ма? Азаттық осы сауалдарды әлеуметтанушы, PaperLab зерттеу орталығы жетекшісі Серік Бейсембаевқа қойды.

Азаттық: Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың 54,19 пайызы дауыс бергенін хабарлады. Бұл – кейінгі 19 жылдағы ең төмен көрсеткіш. Бұл халықтың сайлауға деген шынайы көзқарасын, көңіл-күйін көрсете ме?

Серік Бейсембаев: 5-10 наурыз аралығында PaperLab зерттеу орталығы жүргізген сауалнамада сайлаушылардың 60 пайызы сайлауға баратынын айтқан. Соған қарап, бұл жолғы ОСК дерегі шындыққа жақын деуге келеді. Кейінгі 20 жылдағы сайлауларда бұл көрсеткішті 65-70 пайыз деп келді, бұл – бұрмалаудың нәтижесі.

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев

Азаттық: Бұған дейін нәтиже бұрмаланған болса, билік бұл жолы халықтың көңіл-күйімен санасты ма? Оған не әсер етті?

Серік Бейсембаев: Біріншіден, халықаралық ұйымдардың ықпалы болды. Солардың талабына сәйкестендіруге тырысты. Себебі Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "елді демократияландырамын, саяси жүйені өзгертемін" деп, мойнына жауапкершілік алды. Бірақ қазірге дейін оған нақты қадам көрген жоқпыз, сол үшін бұл сайлауда халықаралық ұйымдардан барынша жақсы баға алуға тырысады.

Содан кейін азаматтардың көңіл-күйімен санасуға тырысқан болар. Билікте Қаңтар оқиғасынан кейін ашықтықты, әділдікті талап еткен қоғамның алдында бір қорқыныш бар. Бұл жолы бұрынғыдай оп-оңай бұрмалап, өздері қалаған санды қоя алмады. Мұны қоғам талабының нәтижесі деп білемін.

Азаттық: "Еуразиялық интеграция институты", "Демократия институты" жариялаған экзит-полл нәтижесі бойынша, парламентке елдегі жеті партияның алтауы өтіп тұр. "Социс-А" институтының сауалнамасы бойынша, бес партия өтіп тұр. Үш ұйымның да нәтижесі қатты ұқсас, бұл нені білдіреді?

Серік Бейсембаев: Үш ұйымның нәтижесінде 1 пайыз шамасында айырмашылық болуы күмән ұялатады. Бұл – нонсенс, тіпті әлемдегі ең мықты деген зерттеу ұйымдары қол жеткізе алмай жүрген нәтиже. Мысалы, әлеуметтануда, статистикада өте жақсы ғылыми негіздемеге сүйенген экзит-полл болғанның өзінде 3 пайыз айырмашылық – қалыпты нәрсе. Оның үстіне, бұл ұйымдар сайлауда қанша учаскені қамтығаны, қанша сайлаушыдан сауалнама алғаны, әдістемесі жөнінде ақпарат түгелдей ашық емес. Сол үшін оларды тәуелсіз деп есептемеймін. Олар тікелей болмаса да, билікпен, билік органдарымен байланысы бар деп ойлаймын.

Экзит-полл Қазақстанда тек қоғамдық пікірге әсер ету технологиясы болып қала берді. Демократия орнаған елдерде ол – азаматтық қоғамның сайлау институтын тексеру, бақылау құралы.

Азаттық: Қазақстан билігі әділ сайлау өтеді деп уәде берді. Бірақ әлеуметтік желілерде бақылаушылар түрлі заңбұзушылық болғанын жазып, айтып жатыр. Бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан өзгеше болды ма, әділ сайлау өтті деп ойлайсыз ба?

Серік Бейсембаев: Жоқ, өкінішке қарай, әділ болды деп айта алмаймыз. Баяғы сайлау – сол сайлау. Расымен, әлеуметтік желілерде заңбұзушылықтың сан түрін көрдік, бұл кеңінен тарады. Тіпті кешегі сайлауда заң бұзу фактілері бұрынғыдан да көп болғанға ұқсайды. Тәуелсіз бақылаушыларға жасалатын қысым да сол күйі қалып отыр. Былтыр референдумда өзім де бақылаушы болдым, сол кезде мені учаскеден шығарып жіберген. Кеше де дәл сондай оқиғалар жиі болған. Дауыс санау кезінде бақылаушылардың процесті қадағалауына мүмкіндік бермеу, бюллетеньдерді басқа жаққа алып кетіп санау – барлығы бұған дейін де болған заңсыздықтар. Бұл халықты сайлауға, сайлау институтына деген сенімнен айырады, [биліктің] беделін одан сайын түсіреді.

Азаттық: Нәтижені бұрмалау, бақылушыларға қысым көрсету әдістері бұрынғыдан өзгерді ме? Бұл сайлаудан жаңа не байқадыңыз?

Серік Бейсембаев: Кейін пайда болған нәрсе – жалған бақылаушыларды тәуелсіз бақылаушыға қарсы қою, арандату. Тәуелсіз бақылаушыға қысым жасау, ашықтыққа бөгет жасау әдіс-тәсілін жергілікті комиссиялар өте жақсы меңгеріп келе жатыр.

Бюллетеньді топтап салу, "карусель" және комиссиядан қуылу
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:08 0:00

Кеше Астанадағы бір учаскеде әріптесім бақылаушы болған. Комиссия мүшелері бюллетеньдерді санап жатқан кезде "Аманатқа" дауыс бергендер басқаларға қарағанда көп екені қатты байқалып қалған. Соны бақылап тұрған әріптесім "бюллетеньді қайта санаңыз, мынадай көп болып кетуі мүмкін емес" деп талап қойған. Сөйтсе, сайлаушылардың тек үштен бірі ғана "Аманатқа" дауыс берген болып шықты. Сонда комиссия нәтижені қолдан бұрмалаған болып тұр. Астанада 400-ге жуық сайлау учаскесі бар. Ал тәуелсіз бақылаушылардың саны небәрі 50-60 төңірегінде. Тәуелсіз бақылаушы отырмаған учаскедегі жағдайды ойлай беріңіз.

Азаттық: Бас прокуратураның дерегінше, 19 наурызда 19 адам сайлау заңын бұзған. Бірақ тәуелсіз бақылаушылар мен кандидаттардың сенімді өкілдерінің сөзін тыңдасақ, сайлауда заңбұзушылық бұдан да көп байқаған. Бақылаушыларға қысым болғанын да желіден жиі байқаймыз. Бірақ бақылаушылар бүгінге дейін бірде-бір сотта жеңген емес. Билік те оған реакция білдірмейді. Неге? Демократиялық дәстүр қалыптасқан елдерде қалай болуы керек?

Серік Бейсембаев: Демократиялық елде мұндай оқиға ең әуелі қоғамда резонанс тудырады. Азаматтар заңбұзушылыққа наразылық білдіріп, әр оқиғаны тергеуді талап етеді. Ал мемлекеттік органдар әр заң бұзу фактісіне назар салып, бақылауға алады, тексереді, әділ бағасын береді. Демократиялық қоғамда азаматтардың дауысын ұрлау – заң тұрғысынан да, мораль тұрғысынан да үлкен қылмыс. Мысалы, Грузия халқының 2005 жылғы революциядан кейін қол жеткізген жетістігі – әділ сайлау. Олардың сайлау арқылы билікке ықпал ете аламыз деген сенімі бар. Сол кезде ғана азаматтар мемлекетке, мемлекет басшысына сене бастайды.

Ал Қазақстанда заңбұзушылықтар тексерілмей, жабулы күйінде қала беретін болса, адамдардың мемлекетке сенімі жоғалады. Солай жалғаса берсе, Қаңтар оқиғасы елеусіз қалды деп есептеуге болады. Себебі елдің негізгі әлеуметтік контексі – Қаңтар оқиғасы, онда қаза болған адамдар. Осы оқиғадан кейін халықтың күткені әділ сайлау еді. Бірақ билік "міне, қараңыздар, бізде екі жаңа партия тіркелді" деп, баланы алдағандай жауап қайтарып жатыр.

Азаттық: Биліктің халық күткендей реакция білдірмеуіне не себеп?

Серік Бейсембаев: Мәселе қоғамның саяси сауатында емес, қоғам ояу. Азаматтардың билікке талабы айқын. Ол – әділ сайлау, демократия, шынайы оппозициялық партияларды тіркеу. Мәселе авторитар жүйеде. Президент ауысқанымен, Қаңтар оқиғасынан кейінгі айтылған сөздерге қарамастан, саяси жүйе бұрынғыша барлық институтты бақылауынан шығарғысы келмейді. Сайлау институты – билікті сақтап қалудың басты тетіктерінің бірі. Сондықтан халық күткендей нәтиженің болмауы – авторитар жүйенің өзгеруге құлықсыз екенінің белгісі. Сайлаудың әділ өтпеуі парламенттің бұрынғыша орталық билікке, президентке, президент әкімшілігіне тәуелділігін сақтау үшін керек.

Азаттық: Бұл жолы тәуелсіз кандидаттар бірмандатты округтерден сайлауға түсті. Олар парламентке келсе, қоғамдық-саяси өзгерістер жасай ала ма?

Серік Бейсембаев: Оған күмәнім бар. Бірмандатты округтер бойынша кім жеңгенін әлі білмейміз. Өйткені сайлауда сол 29 орынға партия өкілдері де таласты. Жаңа адамдар келген күннің өзінде де олардың көтеретін мәселелері басқа болуы мүмкін. Бірақ саяси өзгеріс дегеніміз – ең әуелі барлық билік тармағының бірін-бірі бақылауы, тепе-теңдікте ұстауы. Саяси өзгеріс болуы үшін парламент тәуелсіз болуы керек. Олар сотқа, президентке, атқарушы билікке қиын сұрақтар қойып, керек кезде алдына шақыра алуы керек. Бірақ ондай мүмкіндік болмайды. Өйткені тіркелген партиялардың ешқайсысы оппозиция емес. Оппозициялық сайлаушылар тыста қалып қойды, олардың мүддесін парламентте ешкім қорғамайды. Бір сөзбен айтсақ, бұл сайлау күткеніміздей болмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG