Accessibility links

"Сылбыр репрессия", "Кремльдің қолтаңбасы". Қазақстанда белсенділерді қудалау неге жиілеп кетті?


Әкімшілік сот шешімімен 25 күнге қамалып, жазасын өтеген соң уақытша ұстау изоляторынан босап шыққан Думан Мұхаммедкәрімді жақтастары қарсы алды. Алматы облысы, 15 сәуір, 2023 жыл.
Әкімшілік сот шешімімен 25 күнге қамалып, жазасын өтеген соң уақытша ұстау изоляторынан босап шыққан Думан Мұхаммедкәрімді жақтастары қарсы алды. Алматы облысы, 15 сәуір, 2023 жыл.

Қазақстанда азаматтық белсенділерді ұстау жиілеп кетті. Полиция оларды бірнеше ай бұрын өткізген акциялары немесе көшеге шығып, билікті сынаймыз деген мәлімдемелері үшін қамауға алып жатыр. Құқық қорғаушылар мен саясаттанушылар Ақорданың кезекті қысымында "Кремльдің қолтаңбасы бар" дейді. Олар Қазақстанда “сылбыр қуғын-сүргін” кезеңі басталады деп болжайды. Белсенділерге қысым неге күшейді және бұл азаматтық қоғамға қалай әсер етеді?

Әлеуметтік желіге жазба не видео жарияласаң – түрме.

Журналист әрі ND YouTube-арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрім мамырдың соңында 25 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ол жыл басынан бері үшінші рет ұсталып отыр. Белсендіні сотқа тартуға YouTube-арнасындағы видео себеп болған. Полиция видеода "заңсыз митинг өткізуге үндеу" бар дейді.

Мұхаммедкәрім бұған дейін де екі рет "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен қамалған. Наурызда белсенді баспасөз мәслихатындағы "Митингіге шығып, парламент сайлауының нәтижесіне қарсылық білдіремін" деген мәлімдемесінен кейін тұтқындалды. Сәуірде журналист биліктің әрекетіне қарсы наразылыққа шығамын деген видеосы үшін айыпты болған. 26 мамырда Мұхаммедкәрім бостандыққа шығып, екі күннен кейін, 28 мамырда қайта қамауға алынды.

Думан – қудалауға ұшыраған жалғыз белсенді емес. Қазақстанда кейінгі айларда президент пен үкіметті ашық сынап жүрген ондаған белсенді қысым көре бастаған.

12 сәуірде Оралда журналист, биылғы парламент сайлауында мәжіліс депутаттығына үміткер болған Лұқпан Ахмедияров ұсталды. Полиция журналистің 9 сәуірде митингіге шыққанын сылтау етіп отыр. Ол бұл туралы алдын ала Facebook-парақшасына жазған. Ахмедияров біраз уақыт алаңда "Оян, қазақ!" деген плакат ұстап тұрып, азаматтардың еркін пікір білдіру мүмкіндігін шектегені үшін жергілікті билікті сотқа беретінін айтқан. Нәтижесінде Ахмедияровтың өзі сот алдынан бір-ақ шықты. Журналист заңсыз митинг өткізгені үшін 15 тәулік әкімшілік қамауға алынды. Бұл кезде билік Астанада наразылық білдірген Жаңаөзен мұнайшыларын ұстап, әлеуметтік желіде халықтың сынына қалып еді.

23 мамырда Орал соты заңгер, қоғам қайраткері және "Халық жемқорлыққа қарсы" қоғамдық бірлестігінің басшысы Аслан Өтеповті жеті жылға бас бостандығынан айырды. Оған “алаяқтық жасады”, “пара беруге итермеледі” деген айып тағылған. Өтепов сот үкіміне келіспейді, өзіне қарсы іс қолдан құрастырылғанын, қоғамдық белсенділігі үшін жазаланып жатқанын айтады.

6 мамырда Алматыда Oyan, Qazaqstan! қозғалысының белсенділері Дархан Шәріпов пен Влада Ермольчева ұсталды. Ермольчева наурызда "Сайлауымызды ұрлап алды" деген плакатпен пикет өткізгені, ал Шәріпов қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауы кезінде акцияға шыққаны үшін 15 тәулікке қамалған.

25 мамырда Астана соты белгілі қазақстандық марафоншы, оппозиционер Марат Жыланбаевты екі айға қамады. Спортшы "тыйым салынған ұйым қызметіне қатысты", "экстремистік ұйым қызметін қаржыландырды" деп айыпталып отыр. Бұл жердегі тыйым салынған ұйым – "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы. Еуропарламент құжаттарында бұл қозғалыс "бейбіт оппозициялық бірлестік" деп аталады.

Жыланбаев бұдан бұрын наурыздың ортасында саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, акция өткізгені үшін әкімшілік қамауға алынған еді. Белсенді бостандыққа шыға сала, жаңа баппен қайта ұсталды.

Қазақстанның барлық өңірінде белсенділерді қудалау жүріп жатыр. Сарапшылар елдегі адам құқықтары мен бостандықтарының жайы нашарлай береді деп болжайды.

"КӨЗҚАРАСЫҢДЫ АШЫҚ БІЛДІРУ ҚҰНЫ 15 ТӘУЛІК"

Oyan, Qazaqstan! қозғалысының мүшесі Дархан Шәріпов билік белсенділерді наразылық акцияларының алдын алу үшін ұстайтынын байқаған.

– 9 мамырда Влада екеуіміз акция өткізбек болғанбыз. Билік осыны біліп, акцияға шықпасын деп ұстаған сияқты. Ол үшін бұрын қатысқан акцияларымызды сылтау қылып отыр, – дейді Шәріпов.

Дархан Шәріпов биліктің белсенділерді полициямен және әкімшілік қамаумен қорқытып-үркіту әдісінен пайда жоқ дейді.

– Әрине, камераға түскенде көңілім құлазыды. Бірақ бір-екі күннен кейін көңіл-күйім өзгерді. Көп қолдау сезіндім, достарым хат жазып, күніне екі-үш рет тамақ жіберіп тұрды. Билік мені қамауға алып, белсенділіктен алыстатам десе, қателеседі. Олар бізді ұстау арқылы басқаларды қорқытқысы келеді. Қамауда жағдайым қиын болар деп күткенмін. Камераның іші, тамағы нашар, тар қапаста отырған жаман, бірақ 15 тәулік – ашық пікір білдіру мүмкіндігі үшін төзуге болатын мерзім, – дейді белсенді.

Журналист әрі қоғам қайраткері Лұқпан Ахмедияров билік наразы көңіл-күйді басып, белсенділермен есеп айырысу үшін азаматтық қоғамға қысымды күшейтіп отыр деп топшылайды. Журналистің сөзінше, алдағы күндері сөз бостандығы, адам құқығы мен сайлауға қатысты репрессив шаралар көбейеді.

– Ақорданың қоғаммен байланыс қызметі президентті кәсіби дипломат деп көрсетеді. Бірақ Тоқаевтың дипломатиясы сыртқы саясатқа ғана бағытталған, ал Қазақстан қоғамына дипломатиялық әдістер қолданбайды. Өз халқымен қалай жұмыс істеу керегін білмейді. Қазір билік азаматтық қоғаммен байланыстағы кемшіліктерін асығыс-үсігіс жауып тастауға тырысып жатыр, – дейді Ахмедияров.

Ахмедияровтың пікірінше, алдағы уақытта қуғын-сүргін артпаса, кемімейді.

– Біріншіден, Тоқаевқа медиакеңістікті тәуелсіз ақпарат құралдарынан, журналистер мен блогерлерден қорғауға тура келеді. Екіншіден, азаматтық қоғамда да жаппай "тазарту" жүріп жатыр. Сот біраз үкіметтік емес ұйымның қызметін заңсыз деп табуы мүмкін. Медиаұйымдарға да қауіп төніп тұр деп ойлаймын. Өткен сайлауды бақылауға қатысқан ұйымдар көзге түсіп қалды. Қазақстанда бұдан былайғы сайлаудың бәрі Назарбаев сценарийі бойынша өтеді. Сондықтан билікке тәуелсіз бақылаушылар керек емес, – дейді журналист.

"АҚОРДА МЕН КРЕМЛЬДІҢ МҮДДЕСІ ҰҚСАС"

Лұқпан Ахмедияров Ақорданың әрекетінен азаматтық қоғамды басып-жаншуға ұмтылыс қана емес, Қазақстанның ішкі саясатын бақылауда ұстағысы келетін Мәскеудің қолтаңбасын да байқаған.

– Тоқаев билікте қалу үшін Кремльдің қолдауына мұқтаж екенін түсініп, президенттің легитимдігіне күмән келтіретін азаматтық бастамалармен жұмыс істеуге мәжбүр. Қазақстан билігінің репрессив шараларын неге Кремльмен байланыстырып отырмын? Ресей осылай Украинадағы жеңіліске дайындалып жатқан сияқты. Путинге Ресейде ғана емес, одақтас елдерде де қауіпсіздігін қамтамасыз еткен маңызды. Олар диктаторлық, авторитар режимі бар елдер екені белгілі, –​ дейді журналист.

Қазақстандық саясаттанушы Димаш Әлжанов та белсенділерді қудалауға Кремльдің қатысы бар, бірақ жауапкершіліктің үлкен бөлігі бәрібір Ақорданың мойнында дейді. Басқаша айтқанда, бұл жағдайда Қазақстан мен Ресей билігінің мүддесі ұқсас болып тұр.

– Кремль қазақстандық белсенділерді қудалауға мүдделі деп ойлаймын. Бұған Ресей Федерациясы елшісінің Тоқаев екінші рет президент болып сайланғаннан кейін айтқан сөзі дәлел (Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин Кремль қаржыландыратын Sputnik басылымына берген сұхбатында “Қазақстанға националистермен күресте көмек қажет болса, Ресей қол ұшын созуға дайын" деген – ред.). Тоқаев пен оның әкімшілігі қоғамды елдің саяси өміріне араластырғысы келмейді. Ресей елшісі өз мәлімдемесі арқылы Тоқаев әкімшілігінің әрекетін қолдағысы келген шығар, – дейді саясаттанушы.

Әлжановтың пікірінше, Кремльдің одақтастарының орнында қалуы Путин билігіне де әсер етеді, өйткені Путинге жақын, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдерде тұрақсыздық болса, бұл Кремльге де ауыр тиеді.

– 2022 жылы қаңтарда Путин Қазақстанда режимнің ауысуына жол бергісі келмеді. Ресей әскерінің келуі Путинге жағдайды тұрақтандырып, билікті өзіне адал адамның қолында қалдырған қаншалық маңызды екенін көрсетті, – дейді саясаттанушы.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚУҒЫН-СҮРГІННІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Тоқаев әкімшілігінің әдісі бойынша, белсенділердің наразы көңіл-күйі артқан кезде оларға қысым да күшейеді.

– Oyan, Qazaqstan! белсенділері акция өткізіп, қоғам назары соларда болса, құқық қорғау органдары біраз күтіп, кейін барып жазалайды. 3-4 айдан кейін тағы бір акция болады, сол кезде полиция бұрынғы митингіні еске алып, белсенділерді ұстап әкетеді. Яғни олар қоғамды үнемі жүйелі түрде ұстап, бақылап отырады, – дейді саясаттанушы.

Қазақстан билігі азаматтық қоғамда жаңа пайда болған тұлғаларды басып-жаншып, елдегі наразылық алаңын тазартқысы келеді. Құқық қорғаушы, Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро қызметкері Андрей Гришин осылай дейді.

– Адамдар әлеуметтік талаппен көшеге шықса, мысалы, жалақысын көтеруді сұраса, оларға қарсы мұндай қатаң шара қолданылмайды. Бірақ азаматтық белсенділік пен саяси құрылымды сынауға келгенде белсенділерді қудалау оппозициялық алаң тазарғанша жалғасады, – дейді Гришин.

Андрей Гришиннің пікірінше, билік белсенділерден кейін құқық қорғау ұйымдарына шүйлігуі мүмкін. "Біздің ойымызша, билік ешқандай логикасыз әрекет етіп отыр. Сондықтан күтпеген жерден ойына келген нәрсені жасауы мүмкін" дейді құқық қорғаушы.

Димаш Әлжанов азаматтық бостандыққа қатысты оптимистік болжам көрмейді.

– Былтыр Тоқаев Қаңтар оқиғасына құқық қорғаушыларды, журналистер мен азаматтық белсенділерді кінәлады. Президент эмоцияға беріліп, азаматтық қоғам өкілдеріне шынайы көзқарасын көрсетіп қойды. Белсенділерді жаппай ұстау қоғамдық резонанс туғызатынын біліп, билік сылбыр, бірақ үздіксіз жүретін репрессия әдісін таңдап отыр. Тоқаевтың әкімшілігі азаматтық ұйымдар мен белсенділердің қызметін қиындататын заңдар қабылдап жатыр. Думан Мұхаммедкәрім, Марат Жыланбаев пен Жанболат Мамайлардың жауапқа тартылуы билік халық арасында кең танылып, қоғамды соңынан ерте алатын деңгейге жете бастаған тұлғалармен жекелей жұмыс жүргізіп жатқанын көрсетеді, – дейді сарапшы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG