Accessibility links

Съезден бас тарту және Ұлттық кеңес мүшелерінің сыны


"Назарбаевтарсыз Қазақстан!" деген жазу ұстап, наразылық шеруіне шыққан жастар. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Қазақстан прокуратурасы "заңсыз митингіге" шықпауды ескертті. Сот тыйым салған оппозициялық қозғалыс пен тіркелмеген партия белсенділері ақпанның 22-і күні екі бөлек шеру өткізетінін айтқан. Шеру өтпей жатып билік ондаған белсендіні ұстап, кейбіреуін бірнеше тәулікке қамады.

Қазақстанда ақпанның 22-і күні өтеді деп хабарланған наразылық шеруі қарсаңында бас прокуратура халыққа митингіге шықпауды ескертіп мәлімдеме таратты. Прокуратура ескертуі "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы жоспарлаған кезекті шеру алдында елдің бірнеше өңірінде ондаған белсенді ұсталып, кейбіреуі әкімшілік соттың шешімімен 5-15 тәулікке қамалған тұста жасалды (ақпанның 18-індегі мәліметке сәйкес, кемінде 20 адам тұтқындалған).

Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп қызметіне тыйым салған, ал Еуропарламент 2019 жылғы наурыздағы резолюциясында "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған ҚДТ қозғалысын қолдаушы ретінде қарастырылған белсенділерді рұқсат етілмеген жиын алдында ұстау әрекеттері бұрын да байқалған. Ал бұл жолы бастамашыл тобы әділет министрлігіне тіркеліп, заңды түрде "Демократиялық партияның" құрылтай съезін өткізуге тырысқан белсенділердің де ұсталғаны, оларға түрлі кедергі жасалғаны аңғарылды. Қасым-Жомарт Тоқаев ел президенті болып сайланған соң "қоғаммен диалог орнату, саяси реформалар жайлы бастамаларды тыңдау" үшін құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің (бұдан соң - Ұлттық кеңес) кей мүшелері осы қарсаңда "билік кейбір ұсыныстарымызды қабылдамады" деп сынай бастады.

Осы аптада Қазақстанның бірнеше аймағынан Алматыдағы "Демпартия" құрылтайына келмек болған белсенділер биліктің кедергісінен жолға шыға алмағанын айтты.

"БИЛІКТІҢ ҚЫСЫМЫ ШЕРУГЕ ШЫҒУҒА МӘЖБҮРЛЕДІ"

"Демократиялық партия" құрғысы келетін бастамашыл топ ақпанның 22-іне жоспарланған съезі алдында аймақтардан Алматыдағы жиынға келмек болған белсенділеріне қысым жасалған соң, құрылтайды қоя тұрып, митингіге шығатынын мәлімдеді. Бастамашыл топ жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамай съезд өткізер күн таяған сайын партия құруды қолдайтын белсенділерге билік тарапынан қысымның күшейуі оларды осындай қадамға баруға мәжбүрлеп отырғанын айтады.

Жанболат Мамай (ортада) биліктің қысымы "Демократиялық партия" құрғысы келетін белсенділерді наразылық шеруіне шығуға мәжбүрлейтінін мәлімдеп отыр. Алматы, 19 ақпан 2020 жыл.
Жанболат Мамай (ортада) биліктің қысымы "Демократиялық партия" құрғысы келетін белсенділерді наразылық шеруіне шығуға мәжбүрлейтінін мәлімдеп отыр. Алматы, 19 ақпан 2020 жыл.

- Жаңаөзен қаласынан шыққан отыз шақты адамды пойыздан түсіріп, алтауын қамады. Біреуінің көлігін түн ішінде өртеді. Атырау, Орал, Семейде де сөйтті. Қостанайдағы белсенділерімізге қылмыстық іс қозғап жатыр. Съезд болатын күні жақын аймақтардан келетін қолдаушыларымызға да сондай қысым жасалатынын түсінікті болды. Мұндай қуғын-сүргінде заң талабына мүлтіксіз бағынып, съезд өткізіп жайбарақат отыруға моральдық құқығымыз жоқ. Өз жақтастарымызды қолдай алмасақ несіне партия боламыз? - дейді ол.

"Демократиялық партия" съезіне әр өңірден келетін белсенділерді жергілікті биліктің түрлі тәсілмен ұстай бастағаны әлеуметтік желілерден де байқалған. Атыраулық белсенділер Алматыдағы құрылтайға шығар алдында полицейлер пойыздан түсіріп алғанын айтқан.

Видео: "Демпартия" құрылтай орнына "митингіге" шықпақ. 19 ақпан 2020 жыл

"Демпартия" құрылтай орнына "митингіге" шықпақ
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:11 0:00

Жанболат Мамайдың бастамасын АҚШ-тың Вашингтон қаласында жүрген пікірлесі Сергей Дуванов та қолдап, "дұрыс шешім" деп бағалады.

"Шынымды айтсам, "Демпартия" белсенділеріне билік осындай ойсыз әрекет жасайды деп күтпедім. Тоқаев жайлы қалыптастырылып жатқан "прогрессивті реформатор" деген имидж ұзаққа бармады. Осыдан кейін Тоқаевтың саяси бағытының Назарбаев бағытынан айырмасы бар деп ешкім айта алмас. Заң жолымен өтетін съезді бұзып, рұқсат етілмеген митингіге шығуға мәжбүрлегендіктен ендігі жауапкершілік билікке және Тоқаевтың жеке өзіне жүктеледі" деп жазды ол Facebook-парақшасына.

"ТОҚАЕВ ТАПСЫРМАСЫН БЮРОКРАТТАРДЫҢ ЕЛЕМЕЙТІНІН АҢҒАРТТЫ"

"Демократиялық партия" жақтастарына жасалған кедергілерге Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық кеңестің кейбір мүшелері де наразы. Мысалы, ақпанның 20-ы күні баспагер Бақытжан Бұқарбай Ұлттық кеңес құрамынан шығатынын жариялады. Ол "Бейбіт митинг туралы" заң жобасы президенттің тапсырмасына сай болмады және халықтың мүддесіне қайшы. Саяси тұтқындар да босатылған жоқ" дейді.

Баспагер Бақытжан Бұқарбай.
Баспагер Бақытжан Бұқарбай.

"Жанболат Мамайға партия құру жолында тосқауылдар жасалып жатқанын да көріп жүрмін. Осының барлығы Тоқаев тапсырмаларын бюрократтардың елемейтінін аңғартты. Бұл Ұлттық кеңестің саяси реформаларға ешқандай әсер ете алмайтын ұйым екенін көрсетті" деп мәлімдеді ол.

Бақытжан Бұқарбай мәлімдемесінде "халық отыз жыл күткен саяси реформалар жүзеге асып қалады-ау деген үмітпен Ұлттық кеңеске мүше болуға келіскенін, бірақ Ұлттық кеңеске биліктің құлақ аспайтынына ақыры көзі жеткенін" айтты.

Ұлттық кеңес мүшесі, экономист Мұхтар Тайжан да белсенділердің жаппай ұсталуын "естімейтін, бірақ істейтін мемлекет" деп сынап, наразылығын әлеуметтік желіде білдірді. "Демпартия" белсенділерін биліктің қуғындап жатқанына қынжылған Тайжан демократиялық реформалардың басталмай жатып тоқтай бастағанына соңғы бір айда көзі жеткенін айтады.

Мұхтар Тайжан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиынында отыр. Нұр-Сұлтан, 20 желтоқсан 2019 жыл.
Мұхтар Тайжан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиынында отыр. Нұр-Сұлтан, 20 желтоқсан 2019 жыл.

"Ұлттық кеңестің соңғы отырысы өткеніне 2 айдан асты. Президент ұсынысымызды қабылдап, үкіметке тапсырма берген сияқты еді. Ұлттық кеңес мүшелерін заң әзірлеуге тартпайды. Біз де тек үкімет дайындаған заң жобасын алып отырмыз. Қолымызда, тіпті, біздің ұсынысымыз бойынша берілген президент тапсырмасы қалай орындалатыны жөнінде жоспар да жоқ. Бұрын апта сайын Ұлттық кеңес мүшелерін қабылдайтын Тоқаев соңғы екі айда доғарды" деп жазды ол Facebook парақшасында.

Мұхтар Тайжан таяуда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жариялаған "Бейбіт митинг туралы" заң жобасын толықтай қайта жазу керек деп санайды.

Жақында үкімет "Бейбіт митинг туралы" заң жобасы мен концепциясын жұрт талқылауына ұсынған. Құқық қорғаушылар мен белсенділер "ұсынылған концепцияда аса үлкен өзгеріс жоқ" деп сынаған. Концепцияға сай, 250 адамға дейін қатысатын шараны өткізу үшін билікті хабардар ету жеткілікті болмақ. Егер ондай хабарламадан кейін заңда белгіленген мерзім ішінде жергілікті атқарушы органнан жауап болмаса, акция өткізу келісілген болып саналады. 250-ден көп адам қатысатын шараға атқарушы биліктің келісімі болуы шарт. Митинг билік белгілеген жерде ғана өтуі тиіс деп жазылған заң жобасында.

"Бейбіт митинг туралы" заң жобасына Ұлттық кеңестің тағы бір мүшесі Арман Шораев та наразылығын білдіріп, осы күйінде қабылданса, кеңес құрамынан шығатынын мәлімдеген еді.

Алайда Ұлттық кеңестен үміт үзбегендер де бар. Кеңес мүшесі Айгүл Орынбек билік жаңа партиялардың құрылуына мүмкіндік беру керек деп санайды. Оның пайымдауынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын жүре орындайтын шенеуніктер бар.

- Облыс, аудан әкімдіктері бізді мойындағысы келмейді. Облыс әкімдігінің өкілі "Тоқаевтың командасынансың" деп ашық айтқан кезі болды. Кейбір министрдің де құлықсыз екенін байқап жүрміз. Кейде Нұр-Сұлтандағы жиынға 20 минут қалғанда шақырады, ал мен Шымкенттемін, - дейді ол.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз бастамасы бойынша құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиынында отыр. Нұр-Сұлтан, 20 желтоқсан 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз бастамасы бойынша құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиынында отыр. Нұр-Сұлтан, 20 желтоқсан 2019 жыл.

Бақытжан Бұқарбайдың "Ұлттық кеңестен шығатынын айтқан" мәлімдемесінен соң көп ұзамай президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көмекшісі, Ұлттық кеңесті ұйымдастырушылардың бірі Ерлан Қарин де әлеуметтік желіде "хайп орнына реформаны жылжыту үшін жұмыс істеу керегін" жазды.

Қазақстан президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин.
Қазақстан президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин.

"Ұлттық кеңес – саяси ұйым емес, кеңес беретін орган. Оның мүшесіне қатаң талап қойылмайды. Сондықтан кеңестен біреудің шыққанынан немесе оған кіргенінен сенсация жасаудың қажеті жоқ. Ұлттық кеңес жұмысы жаңа сатыға көшіп, жаңа заңдар көпшілік алдында талқыланып жатыр. Бәрі жоспар бойынша. Осы аптада мемлекет басшысы Ұлттық кеңес мүшелерін қабылдайды және Ұлттық кеңестің сәуір айында өтетін үшінші отырысына әзірлік жүріп жатыр" дейді Қарин.

Ұлттық кеңес мүшелерінің "өкпесіне" жауап берген Ерлан Қарин саяси партия құрғысы келетін белсенділердің қуғындалғаны жайлы пікір білдірген жоқ.

"КІТАПХАНА ТҰРҒАНДА ТОҚАЕВТЫҢ СӨЗІНІҢ КҮШІ ЖОҚ"

Азаттыққа пікір білдірген саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов партия құрғысы келетін белсенділердің қуғындалуы мен Ұлттық кеңес мүшелерінің мәлімдемелерінің бір уақытқа сай келгені биліктің кімде екенін көрсеткен тағы бір фактор болды деп санайды.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов.

- Әділ сайлауды талап етіп, жаппай наразылыққа шыққандарды жұбату үшін Ұлттық кеңес құрудан өзге билік креативті технология ойлап таба алмады. Бұл демократияның имитациясы екенін сол кезде де айтылды. Саяси және экономикалық мәселе жөнінде шешім қабылдайтын орган – Қауіпсіздік кеңесі, яғни оның төрағасы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев екенін тағы бір көрсетті. "Демократиялық партияға" мүше болғысы келген адамдар "Ұлттық кеңес саяси партиялар, бейбіт жиындар, сайлау туралы заңдарды жұмсартады" деген уәделерден үміттеніп қалуы да мүмкін. Заң бойынша съезд өткізгісі келгендерді қуғындау, сөз жоқ, рұқсатсыз митингіге шығаруға итермелейді, - дейді ол.

Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының директоры, саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғам мен билік арасын жақындату үшін ұсынған "еститін мемлекет" тұжырымдамасын да еске алды.

Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының директоры, саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева.
Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының директоры, саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева.

- Жұрт "мемлекет қоғамды естуі" керек деп түсінсе, билік "қоғам мемлекетті естісін" деген шығар, бәлкім? Өйткені партия құрғысы келетін белсенділерге қысым соны көрсетеді. Ұлттық кеңестің негізгі міндеті билік пен қоғам диалогын орнату және саяси реформаларды жүргізу мәселесін шешу болатын". Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңес құрып, "еститін мемлекет" тұжырымдамасын ұсынғанымен әзірге нақты өзгеріс жоқ. Жаңа заң шықпай, сөзге ғана сену – аңғалдық. Қазіргі заңмен жұмыс істемесе құқық қорғау органдарын жазалайды. Жергілікті билік жоғарыдан "тиіспеңдер" деген нұсқау түскенше қысымды жалғастырады. Ал мұндай саяси мәселені "Кітапхана" шешеді (Қазақстанды отыз жылдай басқарып, былтыр президенттіктен кеткен, бірақ өмір бойы Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болу құқығына ие Нұрсұлтан Назарбаев қазір Нұр-Сұлтандағы елбасы кітапханасында отыр – ред.) "Кітапхана" тұрғанда Тоқаевтың сөзінің саяси күші болмайды, - дейді ол.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығына ие бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев. Нұр-Сұлтан, 16 мамыр 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығына ие бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев. Нұр-Сұлтан, 16 мамыр 2019 жыл.

Толғанай Үмбетәлиева Жанболат Мамайдың съезд өткізуден бас тартып, митингіге шақырғанына таңырқайды. Ол "саясатта көптен жүрген Жанболат Мамай биліктің жаңа саяси күш құруға жол бермейтінін түсінуі, делегаттарды съезге келтірудің басқа жолдарын қарастыруы керек еді" деп санайды.

Үмбетәлиева жұрт арасында "Жанболат Мамай билікпен ымыраласып жүр, съезге жеткізбей митингіге шақыру да биліктің ойыны болуы мүмкін" деген пікір барын да еске салды.

Жанболат Мамайды "биліктің жобасы" деген айыптаулар ол партия құратынын жариялағаннан бастап айтылып келеді. ҚДТ лидері Мұхтар Әблязов пен Жанболат Мамай арасында осыған байланысты дау да туған, екеуі бір-бірін айыптаған.

Азаттық тілшісі Жанболат Мамайдан "Партия құруға жол бермейтінін білмедіңіз бе?" деп сұраған еді. Ол партия құруға "дәл осылай кедергі жасайды, қуғын-сүргін болады" деп күтпегенін айтады.

Саяси партия құрудың екі жолы бар. Біріншісі, билікпен ымыраласу, екіншісі жаппай көшеге шығу арқылы партияны тіркеуге билікті мәжбүрлеу.

- Тоқаев президент болған соң саяси жылымық орнамайтынын әу баста-ақ айтқанмын. Ұлттық кеңес құрып, саяси реформа жасайды дегенге де сенбедім. Бірақ авторитарлы билік өз еркімен кетпейді. Қазақстанда "саяси жылымық жоқ екен" деп қол қусырып отыра алмаймыз. Саяси партия құрудың екі жолы бар. Біріншісі, билікпен ымыраласу, екіншісі жаппай көшеге шығу арқылы партияны тіркеуге билікті мәжбүрлеу. Біз екінші жолды таңдап отырмыз, - дейді ол.

Азаттық тілшісі ақпанның 19-ы күні Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаевтан "Демократиялық партия" құрғысы келетін белсенділердің соңғы күндері жиі ұсталып жатқаны жайлы сұрағанда ол: "Съезге бара жатқандарды ұстады дегенді қазір ғана сіздерден естіп тұрмын. Менде ондай мәлімет жоқ. Нақты белгілі жағдайлар болса, айтыңыздар, тексерейік" деп жауап берді.

2019 жылы маусымның 9-ы күні, елде билікке қарсы наразылық күшейген тұста кезектен тыс өткен сайлаудың ресми қортындысы бойынша Қазақстан президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформалар жасау қажеттігі жайлы бірнеше рет сөз қозғаған. Ол инаугурациясында қоғам мен билік арасында диалог орнататын Ұлттық кеңес құратынын мәлімдеген. Ұлттық кеңес отырыстарының бірінде сайлау туралы, саяси партиялар туралы, бейбіт митинг туралы заңдарды қайта қарау қажеттігі жайлы бастама көтерілген.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG