Accessibility links

"Шерудің алдын алмақ". Билік белсенділерді тағы қамады


Белсенді Асхат Жексебаев Республика алаңында жалғыз адам пикетінде тұр. Алматы, 11 қараша 2019 жыл.
Белсенді Асхат Жексебаев Республика алаңында жалғыз адам пикетінде тұр. Алматы, 11 қараша 2019 жыл.

Желтоқсанның 10-ы күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда бірнеше белсенді "бейбіт шеру ережесін бұзу" айыбымен бірнеше тәулікке қамалды. Жауапқа тартылып жатқандар билік осылайша наразылық акциясының алдын алғысы келеді деп санайды.

ПИКЕТТЕН ӘКЕТІП, СОТҚА ТАРТУ

Әлемде Халықаралық адам құқығы күні ретінде атап өтілетін желтоқсанның 10-ы күні Нұр-Сұлтан қаласында Жастар жылының жабылу салтанатында сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан жастарының мемлекетті дамытудың негізгі мәселелері бойынша айқын азаматтық ұстанымы қуантады. Жастарға мемлекет пен қоғам өмірінің кез-келген көкейкесті мәселелері бойынша ұстанымын білдіруіне ешқандай бөгет жоқ" деп мәлімдеді.

Тоқаев азаматтық ұстанымы бар жас азаматтарға қолдау білдіріп жатқан сәтте елдің бұрынғы астанасы Алматы қаласында азаматтық ұстанымын білдіріп, Тәуелсіздік ескерткіші алдына жалғыз адам пикетін өткізуге барған жергілікті белсенді Асхат Жексебаевты полиция қызметкерлері ұстап, кезекті мәрте сотқа апара жатқан еді. Қазан айынан бері бірнеше рет наразылық акциясына шыққан белсенді бұған дейін де әкімшілік жауапқа тартылып, қамауда отырып шыққан. Бұл жолы полиция белсендінің "бейбіт шеру өткізу және ұйымдастыру ережесін бұзғаны" (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы) туралы хаттама толтырды.

- Маған "жұртты алаңға заңсыз шеруге шығуға шақырдың" деген айып тағып отыр. Мен ешкімді заңсыз акцияға шақырған жоқпын, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы мен 2011 жылы желтоқсанның 16-ы күні қаза болғандарды барлығымыз жиналып еске алайық деген ойымды айттым, - деді белсенді Азаттыққа.

Асхат Жексебаев сот шешімін күтіп отырған кезде Алматы полициясы тағы екі белсенді - Бақдәулет Әлібеков пен Ноян Рақымжановты сотқа жеткізді. Оларға да Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы ("Бейбіт митинг өткізу ережесін бұзу") бойынша айып тағылған.

- Билік бізді тағы да қамап, желтоқсанның 16-ы күні өтеді деген хабар тараған наразылық шеруінің алдын алғысы келеді, - деді Ноян Рақымжанов сотқа кіріп бара жатып Азаттыққа.

Ноян Рақымжанов сот алдында тұр. Алматы, 10 желтоқсан, 2019 жыл.
Ноян Рақымжанов сот алдында тұр. Алматы, 10 желтоқсан, 2019 жыл.

Алматы қалалық әкімшілік істер соты үш белсендінің ісін сағат 21.30-ға дейін қарады. Сот шешіміне сай, Жексебаев 15 тәулікке, Рақымжанов 13 тәулікке қамалды. Ал Әлібековке 20 айлық есептік көрсеткіш (50 мың теңге, шамамен 130 доллар) көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Азаттыққа сотқа қатысқан белсенді Қанат Жақыпов пен адвокат Жанар Балғабаева айтты.

Үш белсенді бұған дейін де әкімшілік жауапқа тартылған. Ноян Рақымжанов қарашаның 26-сы күні Францияның Алматыдағы консулдығы алдына "Қазақстандағы саяси тұтқындарға бостандық берілсін!" деген талаппен өткен акцияға қатысқан.

Бақдәулет Әлібеков. 10 желтоқсан, 2019 жыл.
Бақдәулет Әлібеков. 10 желтоқсан, 2019 жыл.

Ал Бақдәулет Әлібеков бұған дейін әкімшілік сот шешімімен үш тәулікке қамалған. Ол Асхат Жексебаевпен бірге "әлеуметтік желі арқылы жұртты заңсыз шеруге шақырды" деген айыппен жазаланған.

ЖАС БЕЛСЕНДІЛЕРДІ ПРОКУРАТУРАҒА ШАҚЫРУ

Желтоқсанның 10-ы күні Алматыда "Oyan, Qazaqstan!" азаматтық қозғалысының белсенділері Ділдә Рамазан мен Бауыржан Сәбит өздеріне прокуратурадан хабарласып, "желтоқсанның 16-ы өтуі ықтимал рұқсат етілмеген митингіге шықпауды" ескерткенін айтты.

- Кеше [9 желтоқсанда] Бостандық ауданы прокуроры хабарласып, келіп кетуімді сұрады. "Не үшін баруым керек?" дегенімде, ол "Сізге шақырту қағазын жіберген жоқпын, тек келіп кетіңіз, сөйлесейік. Желтоқсанның 16-сында митинг болады деген ақпарат шығып жатыр" деді. Бүгін [10 желтоқсанда] түсініксіз нөмірлерден көп хабарласты. Кейін мен кеңсеге барғанымда Медеу ауданы прокуратурасының өкілі келіп, желтоқсанның 16-сындағы митинг туралы айтты. "Ақпарат тарап жатыр, митингіге шыққан үшін жауапкершілік бар. Осыны білетін боларсыз" деді. Осындай жолмен ескерту жасағысы келді, - деді белсенді Азаттыққа.

Видео: Прокуратура "Oyan, Qazaqstan" белсенділеріне ескерту жасаған

"Митингіге шықпаңдар". Прокуратура "Oyan, Qazaqstan" белсенділеріне ескерту жасаған
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:58 0:00

Алматының Бостандық ауданы прокурорының орынбасары Бауыржан Молдажан Азаттыққа Ділдә Рамазанды прокуратураға шақырғанын растады, бірақ митинг туралы әңгіме болғанын жоққа шығарды.

- Оларға ешқандай ескерту жасаған жоқпын. Өз жұмысыммен хабарласқанмын. Әңгімелестім. Ол кісімен [митинг] туралы сөйлеспедім, - деді прокурор.

Сейсенбі күні Алматыда "Oyan, Qazaqstan!" азаматтық қозғалысының тағы бір белсендісі Жанел Ахметованы "жұмыс орнына іздеп барған прокуратура өкілі оған желтоқсанның 16-ы өтуі ықтимал рұқсат етілмеген митингіге қатысуға болмайтынын ескерткені" жайлы жергілікті Vlast.kz сайты хабарлады.

Бұған дейін "Oyan, Qazaqstan" қозғалысы желтоқсанның 16-ы күні "Қазақстан азаматтарын қуғын-сүргінге салуды тоқтату" талабымен Алматыдағы Республика алаңына шығатындарын айтқан.

НҰР-СҰЛТАНДА ҚАМАЛҒАНДАР

"Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының негізін қалаушы, Ақорданы сынап жүрген қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов әлеуметтік желі арқылы таратқан үндеуінде жұртты желтоқсанның 16-сына билікке наразылық шеруіне шығуға шақырған болатын. Қазақстан билігі қызметіне тыйым салған қозғалыстың бастамасы бойынша бұған дейін өткен митингілерге қатысқан кейбір азаматтарды билік осы аптада әкімшілік жауапқа тартып, кейбірін құқық органдарына "әңгімелесуге" шақырған.

Желтоқсанның 10-ы күні Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментіне барған ондаған адам биліктің белсенділерді ұстап, қамауға алғанына наразылық білдірді. Олар полицияның іс-әрекетін "бейбіт шеруге қатысушыларды қудалау" деп атады. "Өз еркімен тергеуге кіріп шыққан" белсенді Айнұр Мырзалиева өзіне тергеуші ҚДТ қозғалысы жайлы және желтоқсанның 16-сы күні қандай жоспарын барын сұрағанын айтты. Мырзалиеваның сөзінше, оған тергеу хаттамасын бермеген, белсенді тергеу құпиясын сақтау туралы қағазға қол қоюдан бас тартқан.

Дүйсенбі күні Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты жергілікті белсенділер Гүлмира Халықова, Ғалия Тамабаева мен Марат Мұсабаевты "бейбіт жиын өткізу ережесін бұзғаны" үшін жауапқа тартты. Сот Халықова мен Тамабаеваны қарашаның 26-27 күндері Еуропа Одағының Қазақстандағы өкілдігі алдына "рұқсат етілмеген" бейбіт акцияға шыққаны үшін айыпты деп танып, екеуін 10 тәулікке қамауды бұйырды. Ал "Facebook желісінде желтоқсанның 16-сына митингіге шақыруға үндеді" деген айып тағылған Мұсабаев 15 тәулікке қамалды. Сот бұл үш белсендінің ісін сейсенбіге қараған түні қарап, шешім шығарған.

Еуропа Одағы өкілдігі алдында акция өткізіп тұрған белсенділер. Нұр-Сұлтан, 27 қараша 2019 жыл.
Еуропа Одағы өкілдігі алдында акция өткізіп тұрған белсенділер. Нұр-Сұлтан, 27 қараша 2019 жыл.

Биыл қазанда Нұр-Сұлтандағы №2 Сарыарқа аудандық соты азаматтық белсенді Гүлмира Халықованы "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының ақпаратын әлеуметтік желіде таратты" деп айыптап, бостандығын бір жылға шектеген еді. Екі жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына және бұл мақсатта "әлеуметтік желілерді пайдалануына" тыйым салған.

Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын 2018 жылы наурызда прокуратураның сұрауы бойынша сот экстремистік ұйым деп танып, іс-әрекетіне тыйым салғалы бері елде оппозициялық қозғалысты қолдаған немесе қолдады деген күдікке ілінген ондаған белсендінің үстінен іс қозғалған. Кей заңгерлер ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп таныған сот шешімі қарама-қайшылыққа толы деп санайды.

Бұлардан бөлек, Нұр-Сұлтанда сот шешімімен Жұмамұрат Шәмші есімді азамат "бейбіт шеру тәртібін бұзғаны үшін" әкімшілік қамауға алынғаны туралы Азаттыққа "Атажұрт еріктілері" ұйымының өкілі Меллатхан Айтқали хабарлады. Оның айтуынша, қарашаның соңында Еуропа Одағының Қазақстандағы өкілдігі алдына Қытайда қысымға ұшыраған этникалық қазақтар мәселесін көтеріп барған бір топ белсендінің арасында Жұмамұрат Шәмші де болған.

Меллатхан Айтқалидың сөзінше, полиция Шәмшіні желтоқсанның 9-ы күні ұстап әкеткен. Сол күні Нұр-Сұлтандағы Жетіген көшесіндегі уақытша қамау изоляторына барған Айтқалиға мекеме қызметкері Жұмамұрат Шәмші есімді адамның изоляторда отырғанын айтқан, бірақ нақты не үшін қамалғанын түсіндірмеген.

Сотта қаралған істердің шешімдері жарияланатын Sud.kz сайтындағы ақпаратта Жұмамұрат Шәмшінің ісін судья Бауыржан Ахметқалиев қарағаны ғана көрсетіліп, сот шешімі әлі жарияланбаған. Полиция мен сот органдары Жұмамұрат Шәмшінің ісі туралы Азаттық сұрағына әзірге жауап бермеді.

Қазақстанда бейбіт митингіге шығу үшін азаматтар жергілікті биліктен рұқсат алуы тиіс. Билік өзі рұқсат етпеген митингілердің барлығын "заңсыз" деп санап, оның қатысушыларын әкімшілік жауапқа таратады.

Халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтанды азаматтардың бейбіт митингіге шығуына кедергі келтірмей, заңды өзгертуге шақырған. Қазақстан президенті қызметіне кіріскелі бері Қасым-Жомарт Тоқаев елде бейбіт митингіге шығу заңы өзгеретіні жайлы бірнеше рет мәлімдеген. Алайда заңға ондай өзгертулер әлі енгізілген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG