Accessibility links

Қамаудан босаған Асхат Жексебаев жалғыз адам пикетін жалғастырды


Белсенді Асхат Жексебаев Алматыдағы Республика алаңында жалғыз адам пикетінде тұр. 11 қараша 2019 жыл.
Белсенді Асхат Жексебаев Алматыдағы Республика алаңында жалғыз адам пикетінде тұр. 11 қараша 2019 жыл.

11 қарашада, түскі сағат 12 шамасында Алматыдағы Республика алаңында белсенді Асхат Жексебаев жалғыз адам пикетін жалғастыруға тағы да шықты. Ол бұл жолы "Өз халқын қуғындауды талап етеміз. Саяси тұтқындарға бостандық берілсін", "Билік адамды қорқытып-үркітуге емес, халықтың проблемасын шешуге беріледі" деген ұрандар жазылған плакатты мойнына іліп алған.

Ол мұндай ұран жазуына 8 қараша күні түнгі сағат он екі кезінде Алматы қаласының Әуезов аудандық полиция басқармасына себепсіз әкетіп, 18 сағаттан кейін ғана босатқаны түрткі болғанын айтады.

- 9 қарашада Алматыда болатын рұқсатсыз митингіге қатыспау туралы алдын ала ескертті. Онымен қоймай, полиция қызметкерлері кешкі сағат жетіден үйімнің жанында ұзақ тұрды. Көзге түспеу үшін көліктен шықпады. Күн салқын болған соң ыстық шай апарғанымда алдап әкетті,- дейді ол.

Асхат Жексебаевтың сөзінше, "түнгі сағат бірде тергеуші келіп, Қазақстанда тыйым салынған ұйымдармен байланысы бар-жоғын сұраған. Онан кейін 10 қазан күнгі сағат төртке дейін жібермей ұстап отырған".

Белсендінің адвокаты Ғалым Нұрпейісов "Асхат Жексебаевты ешбір себепсіз және айып тақпастан 18 сағат жібермегені" жайлы Қазақстан президентінің әкімшілігіне, адам құқығы бойынша омбусдменге және Алматы қаласының прокурорына арыз жазып, шағым түсіретінін айтты.

Асхат Жексебаев жалғыз адам пикетті биыл 4 қазанда бастаған. Бүгін пикетке тұрғаныма 19 күн болды деп есептейді. 16 қазанда Алматының Жібек жолы көшесінде өткен "саяси тұтқындарды қолдау" акциясына қатысып, 10 күнге қамауға алынған. 31 қазанда қамаудан босап, өткен аптаның сейсенбісі, 5 қарашадан бастап акциясын қайта жалғастырған.

9 қарашада Алматыда Oyan, Qazaqstan және "Республика" қозғалыстарының рұқсатсыз митингісі басталар алдында полицияның бірқатар белсенділерді ұстап, кейбіріне ескерту жасағаны жайлы хабар тараған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG