Accessibility links

Бостандығын шектеу және 100 сағат қоғамдық жұмыс: ҚДТ қызметіне "қатысы бар" белсенділерді қалай соттады?


"ҚДТ-ға қатысы" үшін бостандығы бір жылға шектелген Әнуар Әшіралиев соттан шыққан сәт. Алматы, 19 қараша 2019 жыл.

Алматыда сот елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына "қатысы бар" деп таныған төрт белсендінің бостандығын бір жылға шектеді. Бұған қоса олардың үшеуін 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеді. Сотталушылардың бірі үкімге шағым түсіретінін айтты.

ҮКІМ

Қарашаның 19-ы күні Алматының Алмалы аудандық сотында үкім процесс басталғаннан кейін екі сағат өткенде оқылды. Судья Құралай Дарханова Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының қызметіне "қатысы бар" деп айыпталған төрт азаматтың бостандығын бір жылға шектеу туралы үкім шығарды. Бұған қоса сотталушылардың үшеуін - 51 жастағы Гүлзипа Жәукерова, 48 жастағы Жазира Демеуова мен 36 жастағы Әнуар Әшіралиевті 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеді. Бұл шарт олар жұмыссыз жүрген жағдайда ғана орындалады. Ал кәмелетке толмаған төрт баланың анасы 30 жастағы Оксана Шевчук мұндай жаза босатылды.

Сот үкімінде айып тағылған төрт азаматтың Қылмыстық кодекстің 405-бабы, 2-тармағында қарастырылған қылмысқа барғаны толық дәлелденгені айтылған.

Адвокаттардың ту сыртында сот үкімін тыңдап тұрғандар (солдан оңға қарай): Әнуар Әшіралиев, Оксана Шевчук пен Гүлзипа Жаукерова. Алматы, 19 қараша 2019 жыл.
Адвокаттардың ту сыртында сот үкімін тыңдап тұрғандар (солдан оңға қарай): Әнуар Әшіралиев, Оксана Шевчук пен Гүлзипа Жаукерова. Алматы, 19 қараша 2019 жыл.

Шевчук, Жәукерова мен Әшіралиев сот залынан босатылды, ал Жазира Демеуованы үйқамақта ұстау туралы осыған дейін шығарылған шешімнің күші жойылды. Судья Құралай Дарханова сотқа тартылған төрт адамға үкімге аппеляциялық шағым беруге болатынын айтты.

Бұған дейін прокурор Мұхит Рысбеков соттан айыпталушылардың әрбірінің бостандығын екі жыл мерзімге шектеуді сұраған. Ол айып тағылған азаматтардың "қылмыс жасауға белсенді қатысқаны - жазаны ауырлататын, ал олардың кішкентай балаларының болуы - жазаны жеңілдететін жағдай" деп атады.

Сот үкімі оқылғаннан кейін үйқамақта отырған Жазира Демеуова ғана Алмалы аудандық соты ғимаратынан бірден бостандыққа шықты. Оны сот алдында белсенділерге қолдау білдірген жазуы бар плакат ұстаған жақтастары күтіп алды. Азаттық тілшісімен әңгімеде Демеуова сот үкіміне шағым беретінін айтты.

- Бізге айыптау үкімін шығарды. Бірақ өзімді кінәлі сезінбеймін. Жазықсыз болғаныма қарамастан үш жарым ай үйде, тағы екі жарым ай үйқамақта отырдым, - деді Жазира Демеуова.

"ҚДТ"-ға "қатысы үшін" сот үкімімен бір жылға бостандығы шектелген Жазира Демеуова сот ғимаратынан шығып келеді. Алматы, 19 қараша 2019 жыл.
"ҚДТ"-ға "қатысы үшін" сот үкімімен бір жылға бостандығы шектелген Жазира Демеуова сот ғимаратынан шығып келеді. Алматы, 19 қараша 2019 жыл.

Адвокаттарының айтуынша, Оксана Шевчук, Гүлзипа Жәукерова мен Әнуар Әшіралиев әзірге апелляциялық шағым түсіру туралы шешім қабылдамаған.

Сот үкімі оқылатын күні айыпталушыларды қолдауға қолына плакат ұстаған ондаған адам келді. Олардың бәрі бірдей сот залына сыймағандықтан көбі отырысты басқа бөлмеден теледидар арқылы көрді.

Сот шешімі жарияланған кезде айыпталушыларды қолдауға келгендер "Бостандық!" және "Бәріміз бірге – күшпіз!" деп айқайлады. Олардан сәл шеттеу жерде қарапайым киімдегі адамдар жағдайды сырттай бақылап, смартфонға видео түсіріп тұрды.

Журналист әрі азаматтық белсенді Рысбек Сәрсенбай Азаттық тілшісіне Шевчук, Жәукерова, Демеуова мен Әшіралиевтің бостандыққа шыққанына қуанғанымен, сот үкімін әділетсіз деп санайтынын айтты.

- Сот шешімімен келіспеймін. Өйткені соттың саяси астары болды және екіұшты үкім шығарды. Айыпталушылардың ешбірінің кінәсі дәлелденген жоқ, сондықтан сот оларды ақтауы керек еді, - деді Сәрсенбай.

АЙЫПТАЛУШЫЛАРДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, айыпталушылардың әрбірінің ісі жеке қарастырылған. Олардың ісі тек ресми сипатта біріктірілген. Өйткені әр айыпталушыға "Қылмыстық кодекстің 405-бабының 2-тармағына сәйкес қылмыс жасады" деген айып тағылған.

Айыпталушылардың бір ортақ тұсы – олардың бәрі соңғы жылдары ипотекалық несие сынды материалдық-қаржылық мәселеге кездескен. Сондай-ақ айыпталушылардың бәрінде кішкентай балалары бар.

Көп балалы ана Оксана Шевчук қызы Евамен бірге. Алматы, 31 мамыр 2019 жыл.
Көп балалы ана Оксана Шевчук қызы Евамен бірге. Алматы, 31 мамыр 2019 жыл.

Оксана Шевчуктың кенже қызы жақында бір жасқа толды. Ол жеті айлық кезінде анасымен бірге бірнеше сағат уақытша қамау изоляторында отырған. Шевчуктың сол кездегі адвокаты Гүлнәр Жуаспаева полицияның әрекетін азаптау деп атаған. Тоғыз айлық баланы ана сүтінен айыруға тура келген: Оксана Шевчук ұсталып, тергеу сотына жеткізілген соң судья оны тұтқындау туралы шешім шығарған.

Сот процесі кезінде айыпталушылардың бәрі бірдей тергеу кезінде қысымға ұшырағанын айтып, шағынды. Төртеуі де тергеу кезінде берген түсініктемесінен айныған.

Жазира Демеуованың сөзінше, ұсталып, тергеу абақтысына қамалған кезде оған өзі "Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері" деп атайтын адамдар қатты психологиялық қысым көрсеткен. Соның кесірінен ол Оксана Шевчук пен Гүлзипа Жәукероваға қарсы куәлік беріп, адвокат Гүлнар Жуаспаеваның қызметінен бас тартуға мәжбүр болғанын мәлімдеген. Бұға қоса белсенді өзін белгілі блогердің видеосына түсуге мәжбүрлегенін, егер ол блогерді көрсе танитынын айтады.

"ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталған белсенділер Жазира Демеуова (оң жақта) мен Гүлзипа Жәукерова сот залында сөйлесіп тұр. Алматы, 6 қараша 2019 жыл.
"ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталған белсенділер Жазира Демеуова (оң жақта) мен Гүлзипа Жәукерова сот залында сөйлесіп тұр. Алматы, 6 қараша 2019 жыл.

Сонымен бірге Жазира Демеуова сот процесі басталғанда өзіне қысым күшейгенін мәлімдеген. Ол өзін тіпті "тергеуде берген түсініктемеден бас тартсаң, балаларыңды өлтіреміз" деп қорқытқанын айтқан. Демеуова белгісіз адамдар өзіне балалары арқылы "сотта түсініктемесін өзгертсең, келесі күні тергеу абақтысына қамаласың" деп ескерткенін мәлімдеді.

Демеуованың осы сөзінен кейін сот алдын-ала белгіленген тәртіпті өзгертіп, одан жауап алды. Өйткені Демеуоваға тура сотта түсініктеме берердің алдында қоқан-лоқы көрсеткен.

Прокурор Мұхит Рысбеков.
Прокурор Мұхит Рысбеков.

Соттағы пікірталас кезінде прокурор Мұхит Рысбеков тексеру нәтижесінде Демеуова тергеу абақтысында отырған кезде оған сырттан ешкім келмегені анықталғанын хабарлады.

Оксана Шевчук, Гүлзипа Жәукерова, Әнуар Әшіралиев пен Жазира Демеуова бұрынғы банкир, Қазақстан билігін сынаушы Мұхтар Әблязов құрған, елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының қызметіне "қатысты" деп айыпталған. Олардың үшеуі – Шевчук, Жәукерова мен Әшіралиев – шілденің 4-інен қарашаның 19-ына дейін Алматыдағы тергеу абақтысында отырған. Ал шілденің 4-інен бастап тергеу абақтысында қамауда болған Жазира Демеуова қыркүйектің 12-сі күні үйқамаққа ауыстырылған. Тамыз айында қазақстандық құқық қорғаушылар Шевчук, Жәукерова, Әшіралиев пен Демеуованы саяси тұтқындар тізіміне қосқан. Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар барын жоққа шығарады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG