Accessibility links

"ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталғандардың сотына келгендер залға сыймады


"ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталған төрт азаматтың соты. Алматы, 6 қараша 2019 жыл.

6 қарашада түстен кейін Алматының Алмалы аудандық сотында "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қатысы бар деп айыпталған 31 жастағы Оксана Шевчук, 51 жастағы Гүлзипа Жәукерова, 36 жастағы Әнуар Әшіралиев және 48 жастағы Жазира Демеуованың ісі бойынша сот "басталмай жатып, тез аяқталды".

Бастапқыда белсенділерді қолдап келген отыздан астам адам сот залына сыймай, соттан үлкенірек зал беруді талап етті. Екінші рет бөлінген сот залына да олар сыймады. Бұдан соң сот қызметкерлері ол жаққа тек күдіктілер мен олардың адвокаттары және журналистерді ғана кіргізіп, есікті жауып алған еді. Алайда сыртта қалғандар есікті итеріп, бұза жарып залға кірді. Олардың кейбірі құлап, кейбірі киімдерін жыртып алды.

Сот залының тарлығына шағымданған топтың бір бөлігін сот қызметкерлері өзге залға әкетіп, сол жердегі монитордан процесті бақылай алатындықтарын жеткізді. Негізгі залда кейбір тұрғындар белсенділердің суреттерін ұстап тұрды. Істі судья Құралай Дарханова жүргізді.

Белсенділерді қолдап келген азаматтар. Алматы, 6 қараша 2019 жыл.
Белсенділерді қолдап келген азаматтар. Алматы, 6 қараша 2019 жыл.

Отырыстың басында судья аудио, видеотүсірілім жасауға рұқсат берілмегенін айтып, залдағы камераларды өшіру қажеттігін ескертті. Ал Әшіралиевтің адвокаты Гүлнара Жуаспаева және Шевчук пен Жәукерованың адвокаты Ғалым Нұрпейісов процеске журналистерді қатыстыртуды сұрады.

Прокурор Мұхит Рысбеков көрші залда онлайн-трансляция жасалып жатқанын айтып, журналистерді сот залынан шығаруды ұсынды. Судья Дарханова "ақпарат құралдары процеске кедергі келтіреді" деп қорғау тарабының пікірін қолдаған жоқ. Бұдан соң адвокаттар Ғалым Нұрпейісов пен Гүлнара Жуаспаева прокурор мен судьяға, сот құрамына сенімсіздік білдірді. Осыдан кейін Құралай Дарханова "сот төрағасы келеді" деп сот залынан шығып кетті.

"ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталған белсенділер Жазира Демеуова (оң жақта) және Гүлзипа Жәукерова сот залында сөйлесіп тұр. Алматы, 6 қараша 2019 жыл.
"ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталған белсенділер Жазира Демеуова (оң жақта) және Гүлзипа Жәукерова сот залында сөйлесіп тұр. Алматы, 6 қараша 2019 жыл.

Сәлден соң соттың кеңсе меңгеруші міндетін атқарушы Бақытжан Серікұлы залға келіп, адвокаттар мен сотқа қатысушыларға "судьяға сенімсіздік білдіру мәселесін" сот төрағасы 13 қарашада түстен кейін сағат 15.00-де қарайды деп айтты. Осыдан кейін жұрт тарай бастады.

Әнуар Әшіралиев 6 қарашада сот отырысы кезінде төрт айдан бері жақындарын көрмегенін, оларды сағынғанын айтты.

"Көзқарасымды айтқаным үшін мені қамап отыр. ҚДТ-ға қатысым жоқ" деді Әнуар Әшіралиев.

Әнуар Әшіралиев сот залында. Бер жақта оның әйелі тұр. Алматы, 6 қараша 2019 жыл.
Әнуар Әшіралиев сот залында. Бер жақта оның әйелі тұр. Алматы, 6 қараша 2019 жыл.

"Тыйым салынған ұйымның ісіне қатысы бар" (шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы) деп айыпталған көп балалы ана Оксана Шевчук, жалғызбасты ана Гүлзипа Жәукерова, 36 жастағы Әнуар Әшіралиев 4 шілдеден бері тергеу изоляторында қамауда отыр.

Қамалардан бір күн бұрын полиция Жәукерованың үйін тінтіп, үнпарақтар табылғанын хабарлаған. Ал Шевчук үйінен "митингі кезінде қолданылатын түтін шығаратын құтылар" табылған. Шілде айында олармен бірге Жазира Демеуова да қамалған, бірақ 12 қыркүйекте ол үйқамаққа ауыстырылды.

Гүлзипа Жәукерова, Оксана Шевчук, Жазира Демеуова - 1 мамыр және 9 мамырда Алматыда өткен рұқсат етілмеген наразылық акциясы кезінде ұсталған ондаған азаматтың бірі. Мамыр айының ортасында олардың Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған қозғалысқа қатысы бар деген күдікке ілінгені белгілі болды.

Тамыз айында құқыққорғаушылар бұл төрт азаматты "cаяси тұтқындар тізіміне" енгізген. Билік "Қазақстанда саяси тұтқындар бар" деген тұжырымды жоққа шығарады.

  • 16x9 Image

    Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ

    1994 жылы 20 мамырда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде филология мамандығы бойынша бакалаврды, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде магистратураны тәмамдаған. 

    "Дарабоз" журналында (2012-2014), "31 арнаның" жаңалықтар қызметінде (2015-2018) жұмыс істеген.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG