Accessibility links

Болмаған митингі ондаған адамның ұсталуымен аяқталды


Алматыдағы ұстаулар. 21 қыркүйек 2019 жыл.

Қыркүйектің 21-і күні Қазақстанның бірнеше қаласында "рұқсат етілмеген митингі" орнында полиция ондаған азаматты ұстады.

Бүгінгі "акциялардың" барлығы елде экстремистік ұйым деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов "митингі орны" ретінде жариялаған жерлерде өтті.

Нұр-Сұлтан, Алматы және басқа да бірнеше қалада "рұқсат етілмеген митингі" алдында адамдар талаптары мен пікірлерін айтуға үлгермеді. Полиция оларды бірден ұстап әкетіп жатты. Наразылардың кейбірі "Саяси тұтқындарға бостандық!", "Шал дұшпан!", "Қазақтар қорықпаңдар!" деп айқайласа, кейбірі осындай ұран жазылған плакатпен шыққан.

НҰР-СҰЛТАН

Қыркүйектің 21-і күні түскі сағат 14.00 шамасында Нұр-Сұлтандағы Есіл сауда үйі орналасқан Республика даңғылының екі жағы жабылып, сауда үйінің алдында полиция қызметкерлері мен арнайы жасақ өкілдері қаптап кетті.

ВИДЕО: 21 қыркүйек. Шошыған бала, протез аяқ және қолшатыр.

Болмаған митингі: Жылаған бала, протез аяқ және қолшатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:39 0:00

Мұнда жүрген адамдардың "митингіге келгенін-келмегенін" айырып білу мүмкін емес еді.

Сәлден соң полиция қызметкерлері "белсенді" көрінген азаматтарды ақырындап ұстай бастады. Оларға қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев нұсқау беріп отырды. Ұсталғандар арасында әйелдер де болды. Қызы ұсталғанын айтып, араша сұраған ана да кездесті.

Нұр-Сұлтандағы наразылық кезінде әйелді ұстап бара жатқан арнайы жасақ өкілдері. 21 қыркүйек 2019 жыл.
Нұр-Сұлтандағы наразылық кезінде әйелді ұстап бара жатқан арнайы жасақ өкілдері. 21 қыркүйек 2019 жыл.

Полиция әуелі "Неге билік халықпен диалог жасамайды? Қылмыскер билікті не үшін қорғайсыңдар?" деп полицияны сөгіп тұрған зейнеткерлерді ұстады. Бұдан соң әр жерде ерсілі-қарсылы жүрген, аялдамада тұрған азаматтар ұстала бастады. Ұсталған жастардың бірі "Не деген бассыздық?!" деп айқайлады. Оқиға орнында болған Азаттық тілшісі полицияның 20-30 шақты адамды ұстағанын көрді.

Арнайы жасақ өкілдері азаматтарды автобусқа итеріп, отырғызып жатыр. Нұр-Сұлтан, 21 қыркүйек 2019 жыл.
Арнайы жасақ өкілдері азаматтарды автобусқа итеріп, отырғызып жатыр. Нұр-Сұлтан, 21 қыркүйек 2019 жыл.

Полиция автобусына кіруге қарсылық танытқандарды арнайы жасақ өкілдері ішке қарай итеріп, күшпен автобусқа тықты. "Жүрегі әлсіз" деп сыртқа ұмтылған бір әйел әрең босап шықты. Ұсталғандар арасында протез аяқпен жүрген адам да байқалды.

Сәлден соң оқиға орнына келген Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің өкілі "мұнда бүгін митинг өткізу жайлы ешкімнен өтініш түспегенін, митингінің заңсыз" екенін ескертіп, тарауды сұрады.

Арнайы жасақ өкілдері тарабынан наразылық кезінде кейбір азаматтарға дөрекілік көрсету, автобусқа итеру-лақтыру сияқты әрекеттер байқалды.

Плакат көтерген адамды ұстап бара жатқан полицейлер. Нұр-Сұлтан, 21 қыркүйек 2019 жыл.
Плакат көтерген адамды ұстап бара жатқан полицейлер. Нұр-Сұлтан, 21 қыркүйек 2019 жыл.

Ұсталған азаматтардың бірі полиция автобусының терезесін шағып қашып кетпек болған, бірақ арнайы жасақ өкілдері оны артынан қуып барып ұстап алған.

Күндізгі сағат 16.00 шамасында ұстаулар аяқталып, Республика даңғылы қайта ашылды.

Азаттық оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратты:

АЛМАТЫ

Алматыда түскі сағат 14.00 шамасында Панфилов - Төле би көшесінің қиылысы маңына бірнеше белсенді барып, билікті сынап, пікірлерін айта бастап еді, полиция қызметкерлері оларды бірден ұстап әкетті.

Алматыдағы наразылық. 21 қыркүйек 2019 жыл.
Алматыдағы наразылық. 21 қыркүйек 2019 жыл.

Сенбі күні болғандықтан мұнда адам көп болған. Әкімдік пен прокуратура қызметкерлері сәлден соң дауыс күшейткішпен "митингінің заңсыз екенін" ескертіп, тарауды сұрады. Оқиға орнында болған Азаттық тілшісі полицияның жиырма шақты адамды ұстағанына куә болды.

Алматыдағы ұстау. 21 қыркүйек 2019 жыл.
Алматыдағы ұстау. 21 қыркүйек 2019 жыл.

Полицейлер ары-бері өтіп жатқан адамдарға "Тараңдар!" деп айтып, "митингі орнына" жолатпауға тырысты. Шамамен жарты сағаттан соң ұстаулар саябырсып, полицейлер оқиға орнын тек бақылаумен ғана болды.

Бүгін таңертең "Астана" алаңы жабылып, ондаған автобус, автозэктерді полиция алдын ала дайындап қойған еді.

ШЫМКЕНТ

Шымкентте де түстен кейін полиция Ордабасы алаңын жауып, Тәуелсіздік саябағында жиырмаға тарта адамды ұстады. Ұсталғандар арасында кәмелетке толмаған бала да болған. Бұл баланың анасы саябақта "Қытай зауыттарының салынуына қарсы" пікірін айтқан. Азаттық тілшісінің айтуынша, бұл азаматтар ешқандай ұран көтеріп, плакат ұстамаған.

Полиция мен белгісіз біреулер Ордабасы алаңына жақын саябақта жүрген адамды ұстап жатыр. Шымкент, 21 қыркүйек 2019 жыл.
Полиция мен белгісіз біреулер Ордабасы алаңына жақын саябақта жүрген адамды ұстап жатыр. Шымкент, 21 қыркүйек 2019 жыл.

Бүгін қара түсті қолшатыр ұстаған екі адам осы оқиғадан хабар таратып жүрген Азаттық тілшісінің жұмысына кедергі жасап, полицияның әрекетін түсіртпеуге тырысты. Олар тілші қай жерге барса сол жерге барып, қолшатырымен камераны бөгеп жүрді.

Қара қолшатыр ұстаған белгісіз екі адам Азаттық тілшісінің жұмысына кедергі келтірді. Шымкент, 21 қыркүйек 2019 жыл.
Қара қолшатыр ұстаған белгісіз екі адам Азаттық тілшісінің жұмысына кедергі келтірді. Шымкент, 21 қыркүйек 2019 жыл.

Қыркүйектің 21-і күні таңертең шымкенттік бірнеше белсенді үйін полицейлер торуылдап тұрғанын айтып, сыртқа шыға алмай отырғанын хабарлады. Түс кезінде полиция Жарқынбек Сейтінбет есімді белсендіні үйінен алып кеткені белгілі болды.

Шымкент полициясы оқиғаға байланысты түсініктеме бермеді. Қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әсел Сәденова "барлық сұрақтарды ішкі істер министрлігіне қою керегін" айтты.

ҚЫЗЫЛОРДА

Қызылордада түстен кейін 10-15 азамат қаладағы орталық алаңға жиналып, "Қытай зауыттарының салынуына қарсы" пікірлерін айтты. Оларға полиция және әкімдік өкілдері келіп "митингІ жасамай, тарауын" талап етті. Алайда тұрғындар бұл жерге "митингІ жасау үшін емес, жәй жиналып тұрғанын", оларды бұл жерден қууына құқықтары жоқ екенін айтқан. Сәлден соң тұрғындар тарап кетті.

Қызылордадағы орталық алаңға жиналған тұрғындар. 21 қыркүйек 2019 жыл.
Қызылордадағы орталық алаңға жиналған тұрғындар. 21 қыркүйек 2019 жыл.

Бүгінгі "акциялардың" барлығы елде экстремистік ұйым деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі, шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов "митингі орны" ретінде белгілеген жерлерде өтті. Бұған дейін ол интернет арқылы мәлімдеме жасап, жақтастарын 21 қыркүйекте билікке қарсы көшеге шығуға шақырған.

Бүгін ұсталғандардың оқиға орнына нақты Әблязов шақыруымен келгені-келмегені белгісіз. Осыған ұқсас өткен наразылықтарда кейбір азаматтар Әблязов ұйымына қатысы жоғын, елде әлеуметтік проблемалар қордаланып қалғандықтан ашына шығып отырғанын айтқан еді.

МИНИСТРЛІКТІҢ УӘЖІ

Қазақстан ішкі істер министрлігі Алматы мен Нұр-Сұлтанда 21 қыркүйек күнгі оқиға барысында 57 адамның ұсталғанын хабарлады. Бұған қатысты министрлік хабарламасында адамдардың "заң бұзғаны үшін ұсталғаны, енді оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылып жатқаны" айтылған.

Ішкі істер министрлігі адамдардың не үшін ұсталғаны түбегейлі анықталмай жатып кейбір адамдардың "прокуратураның ескертуіне қарамастан тыйым салынған экстремистік ұйымның арандату әрекеттеріне еріп кеткені" жайлы хабарлап отыр.

Министрлік ұсталғандар туралы "кейбірі құқық қорғау қызметкерлеріне қарсы әрекет ете бастады, осылайша өзге азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығына, жол қозғалысына қауіп төндірді" дейді.

Қазақстан бас прокуратурасы қыркүйектің 20-сы күні "рұқсат етілмеген митингіге қатысу заңсыз" екенін ескертіп, митингіге шыққан азаматтардың "жазаланатынын" хабарлаған. Осы апта басынан бері республиканың түкпір-түкпірінде 50-ге тарта белсендіні полиция шақырып, 35-тен астам белсенді әкімшілік жазаға тартылды.

Қазақстан заңына сәйкес азаматтар қандай да бір наразылық шарасына шығу үшін жергілікті биліктен арнайы рұқсат алуы тиіс. Билік рұқсат бермеген митингілердің бәрі "заңсыз" деп танылып, оның қатысушылары әкімшілік жауапқа тартылады. Ал Қазақстанның "Азаматтық және саяси құқықтары туралы" халықаралық пактіге қол қойғанын алға тартқан құқық қорғаушылар "бейбіт жиын өткізу үшін ескерту ғана жеткілікті, полиция тұрғындарды жазаламауы тиіс" деп санайды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында президент қызметіне кіріскеннен кейін митинг өткізу туралы заңнаманы қайта қарау керек деп бірнеше рет мәлімдеген. Алайда осы уақытқа дейін қазіргі заңнама ережелерін өзгертетін заң жобасы парламентке түспеді.

  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

  • 16x9 Image

    Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ

    1994 жылы 20 мамырда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде филология мамандығы бойынша бакалаврды, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде магистратураны тәмамдаған. 

    "Дарабоз" журналында (2012-2014), "31 арнаның" жаңалықтар қызметінде (2015-2018) жұмыс істеген.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

  • 16x9 Image

    Оңғар САЙМОСАЕВ

    Оңғар Саймосаев - Азаттықтың Қызылорда облысындағы тілшісі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG