Accessibility links

Белсенділер полициядағы тергеу кезінде "азапталғанын" айтады


Нұр-сұлтандық белсенді Ерлан Файзуллаев денесінің қанталаған тұсын көрсетіп тұр. Алматы, 26 қазан 2019 жыл.
Нұр-сұлтандық белсенді Ерлан Файзуллаев денесінің қанталаған тұсын көрсетіп тұр. Алматы, 26 қазан 2019 жыл.

"Билікке наразылық шарасы өтеді" деп хабарланған қазанның 26-сынан бір күн бұрын ұсталып, "бейбіт шеру өткізу ережесін бұзды" деген айыппен он тәулік қамауда отырған белсенділер тергеу кезінде соққыға жығылғанын айтады. Құқық органдары олардың мәлімдемесіне байланысты әзірге жауап берген жоқ.

Қарашаның 4-інде екеуі Нұр-Сұлтаннан, екеуі Шығыс Қазақстан облысынан келген төрт белсенді Алматыдағы әкімшілік жаза өтейтін арнайы мекемеден босап шықты. Олар "елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының қазанның 26-сына белгілеген рұқсат етілмеген митингісіне үндеді" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы 3-тармағы) деген айыппен он тәулікке қамалған еді. ҚДТ жұртты қазанның 26-сы күні билікке және Қазақстандағы Қытай жобаларына қарсы наразылық акциясына шығуға шақырған. Қазақстан бас прокуратурасы шараның "заңсыз" екені жайлы ескерту жасаған.

"ПӘТЕРГЕ БАСЫП КІРДІ"

Белсенділердің сөзінше, полиция оларды қазанның 25-і күні сағат 20:30 шамасында Алматыдағы жалдап отырған пәтерден ұстап әкеткен.

- Митингіге шығып, ойымды айтуға келгенмін. Бірақ ол күнге жеткізбей, пәтерімізді қоршап, бізді бандиттерді ұстағандай ұстады. Полицейлерге ұқсамайтын, қара киімдегі 10-12 кісі өздерін таныстырмастан, құжаттарын көрсетпестен бізді алып кетті, - дейді қамаудан босап шыққандардың бірі өскемендік Руслан Нұрханов.

Солдан оңға қарай: он тәулік қамауда отырып шыққан белсенділер - Руслан Нұрханов, Ерлан Файзуллаев, Медет Арыстанов пен Ермен Байғулин Алматы қалалық сотының алдында тұр. 5 қараша 2019 жыл.
Солдан оңға қарай: он тәулік қамауда отырып шыққан белсенділер - Руслан Нұрханов, Ерлан Файзуллаев, Медет Арыстанов пен Ермен Байғулин Алматы қалалық сотының алдында тұр. 5 қараша 2019 жыл.

Өскемендік тағы бір азамат Ермек Байғулин өздерінің телефондарын пәтерге "баса-көктеп кіргендердің" тартып алғанын, белсенділерді "көлікке желкелеп отырғызғанын" айтады. Бес азамат – өскемендік Руслан Нұрханов, Ермен Байғулин, Біржан Төлеубеков және нұр-сұлтандық Ерлан Файзуллаев пен Медет Арыстанов Алматының Жетісу аудандық полиция басқармасына жеткізілген. Ертеңіне, қазанның 26-сында түс кезінде бес азаматтың Біржан Төлеубековтен басқа төртеуі сотқа жеткізіліп, “жиырма минутқа созылған отырыстан соң” он тәулікке қамалған.

"ТӨС СҮЙЕГІМ СЫНҒАН"

Қамаудан босап шыққан соң, қарашаның 5-і күні Азаттыққа сұхбат берген белсенділер полиция мекемесінде өздерін "ұрып-соққанын" айтты.

- Мені ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері "488-бапты (бейбіт митинг өткізу ережесін бұзу – ред.) мойныңа ал. Осының бәрін сен ұйымдастырып жүрсің" деп бір сағат шамасында соққының астына алды. Біреу емес, төртеу. "Сендер шетелден ақша алып отырсыңдар. Соның бәрін мойында" деп ұрды, - дейді нұр-сұлтандық белсенді Ерлан Файзуллаев.

Нұр-сұлтандық белсенді Ерлан Файзуллаев денесінің қанталаған тұсын көрсетіп тұр. Алматы, 26 қазан 2019 жыл.
Нұр-сұлтандық белсенді Ерлан Файзуллаев денесінің қанталаған тұсын көрсетіп тұр. Алматы, 26 қазан 2019 жыл.

"Сіз айтып отырған адамдардың Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері екенін қалай білдіңіз?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына Файзуллаев "Тергеуші берген хаттамада бізді полиция басқармасына ҰҚК қызметкерлері жеткізгені жазылған" деп жауап берді.

Белсенді тергеу кезінде денсаулығы нашарлап, дәрігер шақырғанын айтады.

- Полиция басқармасында ҰҚК қызметкерлері "дәрігер шақырмайсың, шақырсаң олай етеміз, былай етеміз" деп қысым көрсетті. Қатты қиналған соң жедел жәрдемді шақырып едім, бізді ұстап отырғандар "Бұған көмек керек емес" деп жедел жәрдемді қайтарып жіберді, - дейді Файзуллаев.

37 жастағы белсенді содан бері өз бетінше орнынан тұра алмайтынын айтады.

Ерлан Файзуллаевтың "соққыға жығылғаны" туралы хабар қазанның 26-сы күні тараған. Құқық қорғаушылар мен белсенділер әлеуметтік желіде жариялаған суреттерде Файзуллаевтың көкірегі мен арқасының көгергені байқалады.

Белсенді Алматыдағы әкімшілік жаза өтейтін арнайы мекемеде қамауда отырғанда халі нашарлаған соң №4 қалалық ауруханаға жеткізілгенін айтады.

- Қабылдау бөліміндегі адам қасымда еріп жүрді. Аурухана менің сараптамамды "[денсаулығы] жақсы, жақсы" деп жазып берді. Тіпті менің ешқашан 120-дан аспаған гемоглобинімді 150 деп көрсетті, - дейді ол.

Қамаудан шыққан соң орталық қалалық клиникалық ауруханада қайта тексерілген Файзуллаев төс сүйегі сынғанын білген. Белсендінің Азаттыққа жолдаған қарашаның 5-індегі медициналық сараптама қорытындысында "Науқастың көкірек тұсы ісініп тұр. Ұстаса ауырады. Төс сүйегі аздап тайып кеткен, сынған" деп жазылған.

Қарашаның 5-інде белсенді Ерлан Файзуллаевқа жасалған медициналық сараптама қорытындысы.
Қарашаның 5-інде белсенді Ерлан Файзуллаевқа жасалған медициналық сараптама қорытындысы.

"БАСЫМНАН КІТАППЕН ҰРДЫ"

Он тәулік қамауда отырып шыққан тағы бір белсенді Медет Арыстанов "митингіге келдім" деген мойындау хатын мәжбүрлеген соң жазып бергендерін" айтады.

- Алматы базарында жүріп, әділетсіздікті көріп, "Оян, қазақ" деп видео түсірдік. Онда ешқандай шақыру жоқ. Конституцияның 20-бабында "Қазақстанның әр азаматы өз ойын, жеке пікірін тарата алады" деп жазылған. Бұл – заңсыз әрекет емес. Сол видео үшін бізді "сендер қазанның 26-сы күнгі митингіге шақырдыңдар" деп ұрып-соғып, қысым көрсетіп, "[Алматыға] жұмысқа емес, митингіге келдім" деп күшпен жазғызып, 10 тәулікке заңсыз қамап тастады, - дейді Арыстанов.

Он тәулік қамаудан босап шыққан нұр-сұлтандық белсенді Медет Арыстанов. Алматы, 5 қараша 2019 жыл.
Он тәулік қамаудан босап шыққан нұр-сұлтандық белсенді Медет Арыстанов. Алматы, 5 қараша 2019 жыл.

Қарашаның 5-і күні белсенділер өздерін қамау туралы әкімшілік соттың шығарған шешімі заңсыз деп, Алматы қалалық сотына апелляциялық шағым түсірген. Он бес минуттай уақытқа созылған отырыс кезінде қалалық соттың апелляциялық алқасы белсенділер шағымын қанағаттандырмай, қамау туралы сот шешімін заңды деп тапты.

Өзінің "қоғамдық белсенді" екенін айтқан 35 жастағы Арыстанов медициналық сараптама жасатпаған.

- Менде гематома болған жоқ. Мұрнымды қанатты. Басымнан қалың кітаппен ұрды, - дейді ол.

"Тергеу кезінде күштеп түсінік алды" дегендердің арасында Біржан Төлеубеков те (биыл шілденің 6-сындағы наразылық шарасы кезінде Алматыда ұсталып, бес тәулікке қамалып шыққан) бар. Белсенді пәтерде ұсталған бес азаматтың арасында болғанымен, бұл жолы сотқа тартылмаған. Төлеубеков те "тергеу кезінде таяқ жедім" дейді.

- Төрт кісі Алматыдағы "Барахолка" базарында видео түсірген. Сол үшін қамады ғой оларды. Мені қамауға себеп таппады да, бір күн ұстап жіберді. Маған "Сен – ұйымдастырушысың, бәрін Алматыға сен жинап отырсың" деп арқамнан, қабырғамнан, бүйірімнен ұрды, – деді белсенді.

Өскемендік белсенді Біржан Төлеубеков денесінің көгерген тұсын көрсетіп тұр. 27 қазан 2019 жыл.
Өскемендік белсенді Біржан Төлеубеков денесінің көгерген тұсын көрсетіп тұр. 27 қазан 2019 жыл.

Қарашаның 27-сінде полициядан босап шыққан Біржан Төлеубеков Алматыдағы №12 қалалық ауруханадан тексеруден өткен. Белсендінің Азаттыққа жіберген медициналық сараптама қорытындысында арқасы көгергені жазылған. "Соққыға жығылдық" деген үш белсенді қазір адвокат іздеп жатқанын, "азаптау" фактісі бойынша шағым түсіретіндерін айтады.

Азаттық белсенділер сөзіне қатысты пікір алу үшін Алматы қалалық полиция департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне хабарласты. Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Евгений Лысенко "Оқиғаны тексеру үшін белсенділер әуелі шағым түсіруі керек" дейді.

- Жапа шектім деген азаматтар арнаулы орындарға ресми түрде шағым түсірмей тұрып бұл туралы қалай айтамыз? Олар құзырлы органдарға тиісті құжаттарды апарып, шағым түсіруі керек. Тексеру қорытындысынан соң [ұрып-соғу] болды-болмады, қызметкерлерге мынадай шара қабылданды деп пікір айтамыз, – деді Лысенко.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі "Негізінен комитет мұндай шараларға (азаматтарды ұстау, тергеуді айтады – ред.) қатыспайды" деп қысқа қайырып, телефон арқылы жауап беруден бас тартты. Азаттықтың қарашаның 6-сы күні жазбаша жолдаған ресми хатына Алматы полиция департаменті де, Ұлттық қауіпсіздік комитеті де әзірге жауап берген жоқ.

Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев "тергеу кезінде белсенділерге қысым көрсету жиіледі" деп санайды.

- Соңғы кездері бейбіт шеруге шығамын деген азаматтарды алдын ала ұстап, ұрып-соғу жиілеп барады. Оған осы жігіттердің ісі дәлел. Қылмыстық іс емес, тіпті әкімшілік іс бойынша күдіктілерді соққыға жығып, кінәсін мойындату – масқара, - дейді Қалиев.

Нұр-Сұлтан "Қазақстанда күдіктілер азапталады" деп жергілікті құқық қорғаушылармен қатар, халықаралық қауымдастықтың да сынына қалған.

Биыл наурыздың 13-і күні АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалы туралы есеп жариялап, Нұр-Сұлтанды сынға алған. "Қазақстан үкіметі саяси оппоненттері мен сыншыларын рұқсат етілмеген митингі өткізді деп айыптап, оларды айыппұлға, тіпті 10 тәулік қамауға кеседі" деп жазылған есепте. Наурыздың 14-іне Еуропарламент Қазақстандағы адам құқықтары ахуалына қатысты қабылдаған қарарында "қамаудағылар мен күдіктілерді азаптағандардың жазаға тартылмауы қалыпты жағдайға айналып барады" деп мәлімдеді. Екі аптадан кейін ресми пікір білдірген Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Қазақстандағы шынайы саяси және әлеуметтік ахуал қандай екенін осында танысуы үшін еуропалық депутаттарды елге жиі шақыруымыз керек екен" деп жазды.

Қазанның 26-сы күні Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және Шымкентте полиция ҚДТ қозғалысы белгілеген "митинг орындарында" ондаған адамды күштеп ұстады. Ішкі істер министрлігі Алматы мен Нұр-Сұлтанда 26 адам ұсталғанын хабарлады. Кейбір құқық қорғаушылар "ресми орындардың нақты дерек келтірмей отырғанын" айтып, шын мәнінде бұдан әлдеқайда көп адам ұсталғанын жеткізді.

Полиция бірнеше қалада ондаған азаматты ұстады (26 қазан 2019 ж.)

Полиция Қазақстанның бірнеше қаласында ондаған азаматты ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:25 0:00


Халықаралық ұйымдар Қазақстанда азаматтардың бейбіт митингіге шығу құқығы бұзылып жатқанын бірнеше рет ескертіп, Нұр-Сұлтанды халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерін орындауға шақырған. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев митингіге рұқсат алуды міндеттейтін заңның өзгеретінін айтқан. Бірақ шеру өткізу тәртібін жеңілдетуді көздейтін түзету енгізу туралы ұсыныстар парламентке әлі түскен жоқ.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG