Accessibility links

Түрмеге кесілген төрт полицейдің ақталуы жәбірленушіні тіксінтті


Руслан Есанов, Марат Темірғалиев, Дастан Ходжибаев пен Асылбек Таласбаевтың (ісі қаралған аплеляциялық сот отырысы. Ақтөбе. 28 қазан 2019 жыл. .
Руслан Есанов, Марат Темірғалиев, Дастан Ходжибаев пен Асылбек Таласбаевтың (ісі қаралған аплеляциялық сот отырысы. Ақтөбе. 28 қазан 2019 жыл. .

Ақтөбе облыстық соты «адам азаптады» деген айыппен қыркүйек айында бірінше жылға кесілген төрт полицейді ақтады. Жәбірленуші тарап мұндай сот шешімін тіксіне қабылдағанын айтады. Олар қайта шағым түсірмек.

28 қазанда Ақтөбеде облыстық сотының апелляциялық алқасы «адам азаптады» деген айыппен 6 қыркүйекте сот үкімімен төрт жылдан бес жылға дейінгі түрме жазасына кесілген төрт полицейдің ісін қайта қарап, оларды ақтап шықты.

АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ АЛҚАНЫҢ УӘЖІ

Сотталғанға дейін полицияда қызмет атқарған Руслан Есанов, Марат Темірғалиев, Дастан Ходжибаев пен Асылбек Таласбаев екі айға жуық тергеу изоляторында отырған. Апеляциялық алқаның шешімі жария бола салысымен, олар сот залынан босап шықты.

Ақтөбе облыстық сотының апелляциялық алқасы жария еткен қаулыға қарағанда, бұл іс бойынша қайтадан бірнеше сараптама тағайындалған.

- Істің мән-жайын тексерген сарапшылар жәбірленуші Руслан Құлмұқанбетовтің денесіндегі жарақаттар басқа бір жағдайда пайда болуы мүмкін деп санайды. Өйткені, жәбірленушінің «полицейлер мына жерімнен ұрды» деп көрсеткен дене бөлігінде жарақат ізі болмаған. Жәбірленуші Құлмұқанбетов 2019 жылғы 18-25 қаңтар аралығында әкімшілік құқықты бұзғаны үшін уақытша қамау изоляторында болған. Изолятордан босап шығар алдында дәрігерлік тексеруден өткен. Денсаулығына қатысты ешқандай шағым айтпаған, - дейді апелляциялық алқа мүшесі Мәдина Сисенова.

Тергеу материалдарында Ақтөбе қаласындағы №4 полиция бөлімі басшысының орынбасары, майор Руслан Есанов өз қарамағындағы үш қызметкерімен бірге қала тұрғынын азаптағаны айтылады. Олар әлгі тұрғынның басына пакет кигізіп, оған жұдырық жұмсаған, психологиялық қысым көрсеткен делінеді. Тергеу материалында олардың күш қолданып, қатысы жоқ ұрлықты мойындатуға тырысқаны көрсетілген.

СОТ ҚАУЛЫСЫ КІМГЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТТІ?

Облыстық соттың ақтау шешімінен соң Азаттық тілшісі Руслан Құлмұқанбетовпен байланыса алмады. Алайда апелляциялық отырысқа қатысқан оның қорғаушысы Станислав Никифоров сот қаулысы жария болғаннан кейін Азаттық тілшісіне жәбірленушінің ақтау шешімін тіксіне қабылдағанын, алдағы уақытта қайта шағым түсіретінін айтты.

Руслан Есановтың анасы Әсия Мырзабекова (ортада) апелляциялық сот қаулысын тыңдап тұр. Ақтөбе. 28 қазан, 2019 жыл.
Руслан Есановтың анасы Әсия Мырзабекова (ортада) апелляциялық сот қаулысын тыңдап тұр. Ақтөбе. 28 қазан, 2019 жыл.

Істі қайта зерттеген апелляциялық алқа төрт полицейді толық ақтаған соң, олар сот залынан босап шықты. Жақындарымен қауышып, эмоцияларына ерік берген төрт полицей Азаттық тілшісіне «сұқбат беретін жағдайда еместігін» айтты.

Ақталып шыққан төрт полицейдің жақындары мен достары көз жастарына ерік беріп, қатты толқыған әйелдер жағы сот залында жедел жәрдем көмегіне жүгініп те жатты. Руслан Есановтың анасы Әсия Мырзабекова ұлы ақталып шыққан соң «Балам әрдайым кәсібіне адал болды. 2016 жылғы теракті кезінде кеудесін оққа тоса жүріп, халықты қорғады» дейді Азаттық тілшісіне.

«Адам азаптады» деп сотталған полиция қызметкерлерін апелляциялық сатыда қорғаған төрт қорғаушының бірі Нұрлан Сұлтанов «алғашқы инстанцияның әділ үкім қабылдамауына тергеудің сапасыздығы себеп болды» деп санайды.

Қорғаушы Нұрлан Сұлтанов полицейлер Руслан Есанов, Марат Темірғалиев, Дастан Ходжибаев пен Асылбек Таласбаевтың ісі қаралған аплеляциялық сот отырысы кезінде комментарий беріп тұр. Ақтөбе. 28 қазан, 2019 жыл.
Қорғаушы Нұрлан Сұлтанов полицейлер Руслан Есанов, Марат Темірғалиев, Дастан Ходжибаев пен Асылбек Таласбаевтың ісі қаралған аплеляциялық сот отырысы кезінде комментарий беріп тұр. Ақтөбе. 28 қазан, 2019 жыл.

- Бірінші инстанция сот-медициналық сараптамасының бір бөлігін бұлардың кінәсін дәлелдеу үшін пайдаланады да, екінші бөлігін яғни, бұлардың кінәсіздігін дәлелдейтін тұсын ескермейді. Апелляциялық инстанция оны ескерді. Сол сияқты тергеу таныту кезінде де опознание заңбұзушылыққа жол берген.Тергеу жәбірленушіге күдіктілердің суретін көрсетумен шектелген. Бұл - заңсыз. Күдіктілер өмірде бар адамдар. Тергеу таныту кезінде оларды жәбірленушімен беттестіруі керек болатын.Тергеудің осындай қателіктерін сот тексермей, айыптау үкімін шығарған-дейді Нұрлан Сұлтанов.

Адвокат Сұлтанов екі айдай тергеу изоляторында болған полиция қызметкерлері моральдық шығын өндіру үшін сотқа шағымданбайды деп санайды. «Бәрі де заң қызметкерлері, бәрі де мемлекеттік қызметкер. Олар ондайға барады деп ойламаймын» дейді адвокат.

Руслан Есанов – 2016 жылы Ақтөбеде болған қарулы шабуылдан соң («діни топтарға қатысы бар» 30 шақты адам қару дүкенін тонап, ұлттық гвардияны басып алмақ болған – ред.) соң мемлекеттік марапатқе ие болған он полицейдің бірі. Ақтөбе қалалық сотының судьясы Әлима Әділова «ант бұзған офицер» ретінде оны 6 қыркүйек күні «Ерлігі үшін» медалінен айыруға үкім еткен болатын.

Сонда сотталушылардың айыбы дәлелденгенін айтқан Ақтөбе қалалық сотының судьясы Әлима Әділова майор Руслан Есанов пен Марат Темірғалиевке – бес жыл, Дастан Ходжибаев пен Асылбек Таласбаевқа төрт жылдық түрме жазасын кескен. Оларды майор, аға лейтенант, лейтенант шендерінен де айырған еді.

Алғашқы инстация үкімінен соң жәбірленуші Руслан Құлмұқанбетов қалалық сот судьясы Әлима Әділоваға ризашылығын білдірген. Бірақ сот шешіміне наразы болған бір топ адам полицейлерді қолдап Ақтөбе облыстық прокуратурасының алдына жиналып, үкімді әділетсіз деп танитынын білдірген болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG