Accessibility links

Ақтөбеде бір топ азамат "әділетсіз сот үкіміне" наразылық білдірді


Ақтөбе облыстық прокуратура алдына жиналған наразы топ. Ақтөбе, 7 қыркүйек 2019 жыл.

Ақтөбеде "адам азаптады" деп сотталған төрт полицейдің жақындары мен достары 7 қыркүйек күні прокуратураға барып, үкімге наразылық білдірді. Ақтөбе облыстық прокуратурасы жанына сотталған полицейлерге қолдау көрсету үшін елу шақты адам жиналды.

Жұма, 6 қыркүйекте Ақтөбе қалалық соты төрт полицей: Руслан Есанов, Марат Темірғалиев, Дастан Ходжибаев пен Асылбек Таласбаевты "азаптау" бабы бойынша кінәлі деп тауып, 4 және 5 жылға бас бостандығынан айырған еді.

Бүгінгі наразылық шарасына бес жылға сотталған полиция майоры Руслан Есановтың анасы Әсия Мырзабекова қолына ұлының "Ерлігі үшін" медалін ұстай келген. Бұл награда Руслан Есановқа 2016 жылғы қарулы шабуыл кезінде экстремистерді ұстағаны үшін берілген.

- Балам теракті кезінде кеудесін оққа тосып жүріп, осы медальді алды. Халықты қорғады. Енді өзін қорғайтын ешкім жоқ, "тоғыз рет сотталған рецивидистің" құрбаны боп кетіп отыр. Ол өзінің кінәсіз екеніне, соттың әділ болатынына сенді. Сондықтан кеше қамауға алынғанға дейін алаңсыз жұмысында жүрді, - дейді Әсия Мырзабекова.

Өзін Темірбек Шәукебаев деп таныстырған азамат досы Руслан Есановқа шығарылған "әділетсіз сот үкіміне" наразы екенін айтты.

- Күні-түні жүретінбіз, 24 күн бойы жұмыста қонған кезім болды. Көзім анық жеткен нәрсе - күштік құрылымдардың ішіндегі ең сорлысы полиция. Ең қорғалмағаны да – полиция. Билік наразылық акциялары мен митингтер кезінде полицияны алдына салады. Қажет болса құрбандыққа шалады. Бұл жолы төрт қызметкерді "нашақордың" табанына салып беріп отыр. Руслан Есанов - 15 жылдан бері осы салада жүрген адам. Мемлекеттік награда алған кәсіби маман жалдамалы пәтерде тұрады. Сүйте жүріп қызметтік көлігін өз ақшасына жөндейтін, - дейді Темірбек Шәукебаев.

Наразы топ үкімге апелляциялық шағым түсірмек. Олар шағым қаралғанға дейін прокуратураның бұл істі жан-жақты зерттеуін талап етіп отыр. Прокуратура мен полиция департаментінен шыққан қызметкерлер наразы топты сабасына түсіре алмады. Облыстық прокуратура жанына таңғы 9-да жинала бастаған жұрт түс ауғанша тараған жоқ.

- Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Үкімге риза емес тарап апелляциялық шағым түсіруге құқылы. Апелляциялық шағым түскен жағдайда іс зерттелетін болады, - деді Азаттыққа телефонмен берген сұқбатында Ақтөбе қаласындағы Алматы ауданының прокуроры Жасұлан Дәулембаев.

Тергеу орындарының мәліметінше, 2019 жылы 25 қаңтарда Ақтөбе қаласындағы №4 полиция бөлімі басшысының орынбасары Руслан Есанов өз қарамағындағы үш қызметкермен бірге "қала тұрғынын азаптаған". "Басына пакет кигізіп, психологиялық қысым көрсеткен. Осылайша оған қатысы жоқ ұрлықты күштеп мойындатпақ болған".

Сотталушылардың айыбы дәлелденгенін айтқан судья Әлима Әділова майор Руслан Есанов пен капитан Марат Темірғалиевті - 5 жыл, аға лейтенант Дастан Ходжибаев пен лейтенант Асылбек Таласбаевты 4 жылға соттады. Руслан Есановты "Ерлігі үшін" медалінен, сотталушылардың барлығын офицерлік шендерінен айырды. Үкімге сәйкес, сотталушылар жазасын өтеп шыққан соң үш жылға дейін ішкі істер саласында еңбек ете алмайды. Сот сонымен бірге сотталушылардан жәбірленушіге 500 000 теңге моральдық шығын өндіріп беруге үкім етті.

Экс–полицейлер бұған дейін ешқайда шықпау туралы қолхатпен бостандықта жүрген болатын. 6 қыркүйек күні қолдарына кісен салынған кезде олар сот үкіміне наразы екендерін айтты.

Ал жәбірленуші тарап "сот үкімі әділ болды" деп санайды. Бұрын кісі өлтіргені үшін істі болып, жазасын өтеп келген жәбірленуші "Иә, мен нашақормын. Нашақор да адам баласы. Нашақор екен деп жазықсыз адамды азаптауға бола ма?!" деді.

Ақтөбе қалалық соты бір күнде төрт қызметкері сотталған Ақтөбе облыстық полиция департаментіне жеке қаулы жолдады. Онда сотқа дейінгі тергеуі кезінде азаптауларға жол бермеу, азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуына мән беру керектігі туралы айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG