Accessibility links

Коррупциямен айыпталған ондаған полицейдің соты басталды


Түркістан облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полициясының 38 қызметкерінің үстінен қозғалған іс бойынша сот процесі. Шымкент. 13 шілде, 2018 жыл
Түркістан облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полициясының 38 қызметкерінің үстінен қозғалған іс бойынша сот процесі. Шымкент. 13 шілде, 2018 жыл

Шымкентте облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полициясының ондаған қызметкерінің үстінен қозғалған сот процесі басталды.

Шымкентте 13 шілдеде Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полициясының 38 қызметкерінің ісі бойынша сот процесі басталды. Алғашқы сот отырысы облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасы орналасқан ғимараттың арнайы жабдықталған залында өтті. Алайда сотқа келген адамдардың көптігінен кейбіреулер залға сыймай қалды.

38 АЙЫПТАЛУШЫҒА – 27 АДВОКАТ

Таңғы сағат 10:00-ге белгіленген сот отырысына айыпталушылардың кейбір туыстары уақтылы келсе де сот залына сыймауына байланысты ішке кіре алмағанына наразылық білдірді.

Олардың бірі Якияхан Байсар ағасы Әліпхан Байсардың ісін тыңдауға келгенімен ішке кіре алмаған.

Түркістан облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полициясының 38 қызметкерінің cотына келген адамдар. Шымкент. 13 шілде, 2018 жыл
Түркістан облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полициясының 38 қызметкерінің cотына келген адамдар. Шымкент. 13 шілде, 2018 жыл

- Бұл жерде көп нәрсе дұрыс емес. Мысалы, қамап ұстау мерзімі заңда 18 ай деп көрсетілген. 14 адамды қамағанына 2 жыл болды. Енді міне сот залына кіре алмай кері қайтып жатырмыз, - дейді ол.

Сот процесіне төрағалық еткен облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әбсаттар Шайхиддинов журналистерге айыпталушылардың қарсылығына байланысты оларды фото, видеоға түсіруге болмайтынын ескертті. Арнайы күзетпен отырған айыпталушылардың кейбірі журналистер мен операторлар сот залына кірген кезде «камераңды құрт» деп айқайлады.

Сот процесіне 38 айыпталушы мен оларды күзетіп тұрған 20-дан аса күзетшіден бөлек 27 адвокат пен екі прокурор және жүзге жуық айыпталушылардың туыстары қатысты.

Судья Әбсаттар Шайхиддинов сот процесін айыпталушылардың жеке басын анықтаудан бастады. Олардың аты-жөнін, туған жерін, тұрғылықті мекен-жайын, бұрын сотталғанын, я сотталмағанын, соңғы жұмыс орны мен отбасылық жағдайын сұрады. Қорғаушыларымен таныстырып, құқықтарын түсіндірді.

Айыпталушылардың үлкені - 51 жаста болса, кішісі 29-да.

Айыпталушылардың басым бөлігі айыптау актісін кешіктіріп алғанын, кәмелетке толмаған балалары барын, білімі жоғары заңгер екенін айтты. Кейбірі мүгедек балалары бар екенін де жеткізді.

Айыпталушылардың үлкені - 51 жаста болса, кішісі 29-да. Кейбір айыпталушылар қамауға алынбастан бұрын зейнетке шыққанын хабарлады.

Олардың басым бөлігі - айыптау актісін алғанға дейін облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полициясының аудандардағы тіркеу- емтихан бөлімшелерінде жұмыс істеген көлік инспекторлары. Сонымен бірге криминалды полицейлер мен аудандық ішкі істер бөлімінің басшысының орынбасары мен 2015 жылға дейін жұмыс істеген экс-полиция қызметкері де айыпталушы деп танылған.

БІРНЕШЕ БАППЕН ТАҒЫЛҒАН АЙЫП

Сотта күдіктілердің алғашқы легі 2016 жылдың шілде айынан, соңы 2017 жылдың қараша айында ұсталып, қамауға алынғаны айтылды.

Екі жарым сағатта айыпталушылардың жеке басын анықтап болған судья сот құрамымен таныстырды. Іске екі прокурор қатысып отырғанымен мемлекеттік айыптаушы ретінде төрт прокурор тіркелгенін мәлімдеді. Сотталушылар судьяның сөзінен соң «сот құрамына қарсылығымыз жоқ» деп бірауыздан жауап берді.

Судья Әбсаттар Шайхиддинов айыпталушылардың әрбіріне Қылмыстық Кодекстің қай бабымен айып тағылғанын атап өтті.Сонда олардың әрқайсысы бірнеше баппен айыпталғаны хабарланды. Олардың ішінде ең көбі - Қылмыстық Кодекстің алты бірдей бабымен, ең азы - екі баппен айып тағылған болып шықты. Айыпталушылар жеке-жеке тағылған айыптарына байланысты Қылмыстық Кодекстің оннан аса бабы бойынша, мысалы «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру», «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу», «Бандитизм», «Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану», «Лауазымды адамның өкілеттіктерін иемденіп алу», «Кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу», «Пара алу», «Пара беру», «Парақорлыққа делдал болу», «Қызметтік жалғандық жасау», «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді, мемлекеттік пошта төлемі белгілерін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу» бабы бойынша айыпталған.

Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, 38 экс-полицейдің ісі 1534 томнан тұрады. Айыптау актісінің өзі 40 томға жуықтайды.

2016 жылдың шілде айында облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полициясының тіркеу-емтихан бөлімінде арнайы операция жүргізілген. Операция кезінде ондаған полиция қызметкері ұсталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG