Accessibility links

ҰҚК бұрынғы қызметкерлерінен бас тартты


Қаза тапқан полицей Әділет Тұрсынбеков (сол жақ) пен әкесі Алшынбай Ыбырай. (Әкесінің сот залына әкелген суреті). Алматы, 30 қаңтар 2013 жыл.
Қаза тапқан полицей Әділет Тұрсынбеков (сол жақ) пен әкесі Алшынбай Ыбырай. (Әкесінің сот залына әкелген суреті). Алматы, 30 қаңтар 2013 жыл.

Ақтаулық полицейдің өлімі туралы іс бойынша өткен сотта ҰҚК-нің жергілікті департаменті де «жәбірленуші» деп танылды. Кісі өліміне байланысты бұл іс бойынша бұрынғы екі чекист жауапқа тартылған. Билік «екеуінің әрекеті ҰҚК-нің беделіне нұқсан келтірді» дейді.

Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының оперативтік уәкілі Әділет Тұрсынбековтің өлімі туралы істі осы аптада қараған сот отырысы күтпеген жерден басқа бағытқа ауды. Сот ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) Маңғыстау облыстық департаментін жәбірленуші деп таныды.

Істің бұлай өзгеруіне байланысты айтылған уәж – «полицейді соққыға жыққан сәтте ҰҚК қызметкерлері болған екі адам ҰҚК-нің беделіне нұқсан келтірді». Сотталушы Ренат Бердалиев пен Самат Сабалақов ҰҚК-ден бір мезгілде – 2011 жылдың 21 қаңтарында жұмыстан шығарылған. Бақылаушылар мұны «бұрын-соңды болмаған жайт» деп бағалайды. ҰҚК офицерлерінің қатысы болған бұрынғы шулы істерде комитет бұлай бөліп-жармайтын.

Жалпы, бұл іске қатысты сот процесі үш жылға жуық созылды. Іс бойынша Ақтау қаласының алты тұрғыны жауапқа тартылды. Олардың екеуі жас полицей Әділет Тұрсынбеков соққыға жығылған сәтте – 2010 жылдың 23- желтоқсанында ҰҚК Маңғыстау облыстық департаментінде қызмет істеген. Ауыр жарақаттан есін жимаған полицей екі аптадан кейін ауруханада қайтыс болған.

Бұл іс сотта екі рет – әуелі Ақтауда, кейін Алматы қаласында қаралды. Екі сот та Әділет Тұрсынбеков «бір соққыдан кейін асфальтқа құлап, жарақат алғаннан көз жұмған» деп тапты. Ал сәуірдің аяғында Алматыда басталған үшінші сот аяқталып қалды. Алматының ауданаралық әскери сотының судьясы Ербол Ахметжанов сот тергеу амалдарының аяқталғанын жариялап, жарыссөзді қыркүйектің 23-іне белгіледі.

ҰҚК ІШІНДЕГІ «ДАУ»

Процеске қатысқан бақылаушылар «Қызметкерлері зардап шекпеген және жауапқа тартылған мемлекеттік органды қалай жәбірленуші деп жариялауға болады?» дейді.

Қыркүйектің 18-і күні күні жәбірленушінің – Маңғыстау облыстық ҰҚК департаментінің – өкілі ретінде Алматы қалалық ҰҚК департаментінің заңгері,
Қаза тапқан полицей Әділет Тұрсынбековтің әкесі Алшынбай Ыбырай. Алматы, 18қыркүйек 2013 жыл.
Қаза тапқан полицей Әділет Тұрсынбековтің әкесі Алшынбай Ыбырай. Алматы, 18қыркүйек 2013 жыл.
капитан Сәуле Қойшыбаева тергелді. Бір қызығы, Маңғыстау облыстық ҰҚК департаменті оны сот отырыстарынан аластауға тырысты. Сондай-ақ департамент сотқа жолдаған өтінішінде «маңғыстаулық бұрынғы чекистер ҰҚК-ге зардап келтірген жоқ» деп жазады.

ҰҚК-нің алматылық капитаны Сәуле Қойшыбаева Маңғыстау облыстық ҰҚК департаментінің өзін процеске қатысудан босатуды сұраған өтінішті көрсетті. Судья Ербол Ахметжанов өтінішті қараудан бас тартты.

– Егер департамент бастығы мұндай өтініш жолдай аламын деп ойласа, аздап қателеседі. Бұл мәселені тек сот шешеді, – деп түсіндірді судья Ербол Ахметжанов.
Департаменттің бұрынғы қызметкерлері Ренат Бердалиев пен Самат Сабалақов өз әрекеттерімен ҰҚК-ге моральдық және материалдық зиян келтірмеген.
Маңғыстау облыстық ҰҚК департаменті.

Маңғыстау облыстық ҰҚК департаментінің өтінішінде «департаменттің бұрынғы қызметкерлері Ренат Бердалиев пен Самат Сабалақов өз әрекеттерімен ҰҚК-ге моральдық және материалдық зиян келтірмеген» деп жазылған. Бұл Маңғыстау облыстық ҰҚК департаментін тағы бір жәбірленуші ретінде тануға байланысты сұрақты көбейте түсті.

Алайда түйткілді жайттың қыр-сыры Сәуле Қойшыбаеваны тергеу кезінде ашылды. Прокурор одан «Жәбірленуші ретінде Маңғыстау облыстық ҰҚК департаментіне қандай зиян келтірілуі мүмкін?» деп сұрады.

– Департаменттің өтінішіне жалғыз қосарым – Бердалиев пен Сабалақов өз әрекетімен бүкіл ҰҚК-нің беделіне нұқсан келтірді. Олар ұлттық қауіпсіздік органы офицері деген атқа кір келтірді, – деп жауап берді капитан Сәуле Қойшыбаева.

Бұл күнгі сот отырысында адвокаттар Марина Каплан мен Ғабдрашит Нұрманов ҰҚК департаментінің бұрынғы чекистері Сабалақов пен Бердалиевке берген жағымды мінездемесін оқыды.

ҰҚК ИМИДЖІ ЖӘНЕ БҰРЫНҒЫ БЕЛГІЛІ ІСТЕР

Қаза тапқан жас полицей Әділет Тұрсынбековтің әкесі, жәбірленуші Алшынбай Ыбырай соттың Маңғыстау облыстық ҰҚК департаментін жәбірленуші тарап деп тануын қолдайды. «ҰҚК-нің бұрынғы чекистерінен бас тартуы – орынды. Бұл шешімді қабылдаған сот әділдік барын көрсетті» дейді ол.

Сотталушылардың қорғаушылары басқа пікірді ұстанады. Адвокат Марина
Адвокат Ғабдрашит Нұрманов. Алматы, 18 қыркүйек 2013 жыл.
Адвокат Ғабдрашит Нұрманов. Алматы, 18 қыркүйек 2013 жыл.
Каплан Маңғыстау облыстық ҰҚК департаментін жәбірленуші деп тану туралы қаулыға байланысты түсінік беруден бас тартты. Бірақ ол «үкім жарияланған соң мына қаулыға қатысты апелляциялық шағым беремін» деді.

Ренат Бердалиевті қорғаған адвокат Ғабдрашит Нұрманов мұндай жәбірленушінің пайда болуын сорақылық деп бағалайды:

– Бұл іс бойынша ҰҚК ешқандай жапа шекпегенін бірден айтқанбыз. Комитет жәбірленуші бола алмайды. Тіпті ҰҚК-нің 14 әскери қызметкері қаза тапқан әйгілі «Челах ісінде» де ҰҚК жәбірленуші болған жоқ. Ал мына жерде қалай жәбірленуші бола қалады? – дейді адвокат Ғабдрашит Нұрманов.

2006 жылдың ақпан айында оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев пен оның екі көмекшісінің өлімі бойынша ҰҚК-нің бір топ қызметкері сотталған саяси процесте де ҰҚК «қызметкерлеріміз комитетке зиян келтірді, ҰҚК офицері деген атты кірлетті» деп мәлімдеген жоқ.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG