Accessibility links

Қаза тапқан полицейдің әкесі БҰҰ-на шағымданбақ


Әділет Тұрсынбеков, қаза тапқан ақтаулық полицей.
Әділет Тұрсынбеков, қаза тапқан ақтаулық полицей.

Апелляциялық коллегия ақтаулық жас полицейдің өліміне қатысты үкімді өзгертпеді. Өлген полицейдің әкесі қызметкерлері осы іс бойынша сотталған "ҰҚК ықпалымен" күресе беретінін айтады.

Қазақстанның әскери сотының апелляциялық коллегиясы желтоқсанның 25-і күні 24 жасында қаза тапқан полиция аға лейтенанты Әділет Тұрсынбековтің ісі бойынша шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды. Тұрсынбеков 2011 жылғы қаңтардың 7-і күні Ақтау ауруханасында содан екі апта бұрын алған жарақаттарынан өлген еді. Бұл іс бойынша жәбірлеуші мен жәбірленуші тараптың теке-тіресі әбден ушығып, енді жаңа кезеңге шыққандай.

ШИЕЛЕНІС

Маңғыстау облысының ІІД-нің жас қызметкері Әділет Тұрсынбековтің өліміне қатысты қымыстық іс 2010 жылғы желтоқсанның 23-і күні қозғалған. Соңғы үш жыл бойы алғашқы инстанцияда үш мәрте үкім шығарылып, үш мәрте апелляциялық сотта қаралған.

Әуелгі екі апелляциялық сот кезінде үкім екі мәрте өзгертілген. Сөйтіп іс кассациялық деңгейге жетпеген. Бірақ бұл жолы апелляциялық сот биылғы қазанның 9-ы күні ауданаралық әскери сот шығарған үкімді күшінде қалдырды. Енді соттасушы екі тарап келесі деңгейге шығып, кассациялық сотқа шағынбақшы.
Айдын Нұрбеков, Әскери сот апелляциялық коллегиясының төрағасы шешім оқып тұр. Алматы, 25 желтоқсан 2013 жыл
Айдын Нұрбеков, Әскери сот апелляциялық коллегиясының төрағасы шешім оқып тұр. Алматы, 25 желтоқсан 2013 жыл

Бұл істің тым ұзаққа созылып кеткені жайлы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қаңтардың 30-ы күні өткен құқық қорғау органдарымен кездесу үстінде айтқан. Президенттің бұл сөзін соттасып жатқан екі тарап өз мүддесі үшін пайдаланып қалуға тырысқан. Қаза тапқан полицей Әділет Тұрсынбековтің әкесі Алшынбай Ыбырай президент Назарбаевтың жәбірленуші тарапқа болыса сөйлегенін айтқан. Бірақ 10 жылға сотталған басты айыпталушының адвокаты Марина Каплан президент бұл сөзді соттың аш ішектей созылып кеткеніне назар аударту үшін ғана айтты деп сенеді.

ҰҚК КІМНІҢ ЖАҒЫНДА?

Алшынбай Ыбырай желтоқсанның 25-і өткен апелляциялық сотта үш жылға созылған істің саясиланып кеткенін айтты. Оның тұспалдауынша, сот әділ үкім шығарудың орнына ҰҚК-нің мүддесіне көбірек қарайлай береді-міс. Ол "ҰҚК-нің сотқа ықпал ету әрекетімен күресіп жүргенін" айтады. Алшынбай Ыбырайдың өзі де полицияда қызмет еткен, подполковник шенінде зейнетке шыққан.

Жәбірленушінің сөзінше, алғашқы үкім шыққан кезде ҰҚК Ренат Бердалиев пен Самат Сабалақов есімді айып тағылған екі қызметкерін арашалап қалған. Екінші сотта Ренат Бердалиев шартты түрде ғана сотталған. Үшінші сотта барып екеуіне де түрме жазасы кесілген.
Алшынбай Ыбырай, ұлы қаза тапқан жәбірленуші. Алматы, 25 желтоқсан 2013 жыл
Алшынбай Ыбырай, ұлы қаза тапқан жәбірленуші. Алматы, 25 желтоқсан 2013 жыл

Алшынбай Ыбырай алты жыл кесілген Ренат Бердалиев пен төрт жыл кесілген Самат Сабалақов тым жұмсақ жазаланды деп санайды. Ол сотталғандарға "өкілетін асыра пайдаланды" деген айып емес, "полиция қызметкеріне қызмет атқару кезінде шабуыл жасады" деген айып тағу керек еді деп ойлайды.

Сотталған бұрынғы ҰҚК қызметкерлерінің адвокаттары оларды кінәсіз деп сипаттайды, сөйтіп соттан оларды біржола ақтауды сұрайды. Адвокаттар ҰҚК қызметкерлерінің көз алдында Әділет Тұрсынбековті таяққа жығу оқиғасы түнгі уақытта, яғни, қызметтен тыс кезде болғанын, ал полицейдің ҰҚК қызметкерлеріне бағынышты болмағанын айтады.

Алшынбай Ыбырай ҰҚК-нің бұрынғы қызметкерлері Ренат Бердалиев пен Самат Сабалақовтан бас тартуы жеткілісіз деп санайды. Оларды ҰҚК офицері атағынан айыруды талап етеді.

Ал адвокаттар Маңғыстау облысы бойынша ҰҚК департаменті бастығының хатын уәж етіп келтіреді. Ол хатта Ренат Бердалиев пен Самат Сабалақовтың ҰҚК-не қандай да бір материалдық, я моральдық нұқсан келтірмегені туралы жазылған.

«АҚЫРЫНА ДЕЙІН»

Бұл процесс кезінде екі тараптың бітімге келмейтіндей теке-тіреске кеткені көрінеді. Қаза тапқан полицейдің әкесі Алшынбай Ыбырай "сотқа ықпал етуші ҰҚК-мен" соңына дейін тіресетінін айтты. Апелляциялық соттан кейін ол барлық жоғарыдағы сот инстанцияларында, жоғарғы сотқа да өз уәжіндәлелдеп бағатынын мәлімдеді.

"Егер жоғарғы сотта да әділдік орнамаса, онда БҰҰ-на шағымданамын" деді Алшынбай Ыбырай.

Сотталғандардың туыстары Алшынбай Ыбырайды кекшіл адам деп сипаттайды.

Екі тараптың арасындағы шиеленіс әр сот отырысы өткен сайын күшейе түсті. Мысалы биыл қаңтарда өткен сот отырысы кезінде судья алты айыпталушының төртеуін ақтап, Ренат Бердалиевке шартты жаза кескенде сот залының бір бұрышында Алшынбай Ыбырай өкіріп жылады, бір бұрышындағылар мәз-мейрам болып қауқылдасып жатты.

Ал сәуірде өткен сот отырысында әуелі ақталған төрт айыпталушы мен Ренат Бердалиев қайта қамауға алынған кезде сотталушылардың туыстары өлген полицейдің әкесіне қарғыс жаудырды.

Алшынбай Ыбырай мен сотталғандардың адвокаттары "әділет үшін" соңына дейін күресетіндерін айтады.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG