Accessibility links

Әзірбайжан оппозициясының лидері полицияда азап көргенін мәлімдеді


Әзербайжанның оппозициялық "Мусават" партиясы жетекшісінің орынбасары әрі Ұлттық демократиялық күштер кеңесінің үйлестірушісі Тофик Якублу.

Бакуде өткен рұқсат етілмеген митинг кезінде ұсталған әзірбайжандық оппозиция жетекшісі Тофик Якублу полиция қамауда отырғанда азаптауға ұшырағаны туралы сотта мәлімдеді.

Әзербайжанның оппозициялық "Мусават" партиясы төрағасының орынбасары Тофик Якублу қарашаның 2-сі күні Бакуде өткен апелляциялық сотта полицияда қолына кісен салып, бір сағат бойы ұрып-соққаны туралы мәлімдеді. Сотта ол азаптау жайлы шағымына прокурорлар мен судьялардың елеусіз қалдырағанын айтты.

Қазанның 19-ы күні "полиция бұйрығына бағынбады" деген айыппен тұтқындалған Якублу содан бері отыз күндік түрме жазасын өтеп жатыр.

Сот отырысынан кейін Якублудың қызы Азаттық радиосына Әзірбайжан билігі әкесінің шағымдары негізінде "әділ тергеу" жүргізіп, кінәлілерді жазаға тартпаса, оның ісі Страсбургтегі Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотына берілетінін хабарлады.

Якублу қазанның 19-ы күні Бакудың орталығында өткен наразылық кезінде және оған дейін ұсталған ондаған белсендінің арасында болған. Полиция наразылық акциясына 200 адам қатысқан дейдді. Ұсталған 60 адамның 42-сіне ескерту беріліп, босатылған. Ресми ақпаратқа сәйкес, әкімшілік жауапқа тартылған 17 адам 15-30 тәулікке түрмеге қамалған.

Әлеуметтік желілердегі қазанның 19-ы күнгі наразыларды ұстау жайлы видеоларда полицияның адамдарға күш қолданып, сүйрелеп, кейде бетінен ұрып, көлікке салып жатқаны көрінеді.

"Халық майданы" оппозициялық партиясының басшысы Әли Каримли де сол күні ұсталғандар арасында болған. Ол қазанның 19-ы күні кешкісін босап шыққан.

БЕЙБІТ ЖИНАЛУ ҚҰҚЫҒЫН ШЕКТЕУ

Билік Әзірбайжан астанасында бейбіт шеру өткізуге рұқсат бермей, заңға сілтеп, наразылық шарасын Бакудың сыртындағы ауылда өткізуді ұсынған. Бірақ митинінті ұйымдастырған оппозициялық топтар бірлестігі саналатын Ұлттық демократиялық күштер кеңесі шеруді орталықтан алыс жерде ұйымдастыруға мәжбүрлеу олардың бейбіт жиын өткізу құқығын бұзады деп тапқан.

Якублудың адвокаты Немат Керимли Әзірбайжан Конституциясы азаматтарға қалаған жерінде жиналуға кепілдік беретінін айтады.

- Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотының қаулысында бейбіт жиын өткізу құқығын шектеуге аса маңызды себеп болуы керегі айтылған. Азаматтардың бұл құқығын жалпы себеппен шектеуге болмайды, - дейді Керимли.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының Еуропа мен Орталық Азиядағы басшысының орынбасары Георгий Гогия да Әзірбайжан билігінің оппозиция өкілдеріне бейбіт митингі өткізуге рұқсат бермеуін сынады. "Билік елдегі бейбіт жиын өткізу құқығына жеккөрініштікпен қарап отыр" деді ол.

Биліктің шешіміне наразылық ретінде Ұлттық демократиялық күштер кеңесі оппозиция өкілдерін қазанның 19-ы күні жоспарға сәйкес Бакудың орталығына коммуналды тарифтерді төмендету және саяси тұтқындарды босату талабымен митингіге шығуға шақырған.

Якублу осыған дейін Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевті саяси тұтқын саналатын адамдардың түрмеде отырғаны үшін айыптаған. Ол саяси себеппен түрмеге жабу туралы шешімді Әлиев қабылдайтынын, оның кімді бостандыққа шығарып, кімді қамауда қалдыруды жеке өзі шешетінін айтқан.

Қарашаның 2-сі күні Баку апелляциялық сотында Тофик Якублу полицейлер өзін наразылық өткен жерден қала орталығындағы Насимин аудандық полиция бөлімшесіне жеткізіп, бір бөлмеде қалдырғанын айтты.

- Сәлден кейін полиция қызметкерлері кіріп, қолыма кісен салып, басқа қабатқа апарды. Ол жақта бір бөлмеге кіргізіп, бір сағат бойы ұрып-соқты, - деп мәлімдеді ол.

Якублу Бас прокуратураға "азаптау" жайлы ресми шағым түсіргенін, бірақ прокуратура тәуелсіз тергеу жүргізіп, әділ шешім қабылдайтындығына үміті аз екенін айтты.

- Азаптау фактісі туралы Насимин аудандық сотында да айттым. Бірақ судья Бабак Панахов мұны сот отырысының қаулысына қоспады. Үкімет азаматтардың құқығын қорғауы керек. Олар маған қарсы қылмыс жасады. Құқығымды қорғауы тиіс институтта мені азаптады. Бұл қылмысқа қатысы бар адамдар жазасын алуы керек, - деді Якублу.

Әзірбайжан ішкі істер министрлігі қазанның 19-ы күні митингіге шыққан наразылардың өздерін "полиция ұрып-cоққаны және азаптағаны" туралы шағымдары шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді.

Бірақ Еуропаның азаптаудың алдын алу жөніндегі кеңесі Әзірбайжанға бірнеше рет барып көргеннен кейін, "елде полиция мен басқа да құқық қорғау органдары азаптау және күш көрсетудің басқа да түрлерін жүйелі түрде қолданады" деген қорытындыға келген.

Ұйымның 2018 жылғы есебінде "Кінәлілердің жазасыз қалуы (тиімді тергеудің жүргізілмеуі) және ұсталған адамға тиімсіз құқықтық кепілдеме беру мәселесі бары" айтылған.

Әзірбайжанға 2017 жылы қазанда барған ұйым өкілдері "құқық қорғау органы қызметкерлері арасында күш көрсету мәдениеті барға ұқсайды" деген байлам жасаған.

Есепте сонымен бірге Әзірбайжан полициясы жиі қолданатын азаптау түрлеріне шапалақпен, аяқпен және таяқпен ұрудан бастап, аяғын жоғары қаратып іліп, ұрып-соғу және электр тоғымен қинау жататыны айтылған.

Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы тұтқындардың денсаулығына байланысты шағымдарын тергеу ісінде кінәлілер жауапкершіліктен құтылып кететінін айтады. Ұйым денсаулығына келген зардап пен азаптау, полицияның күш көрсетуі туралы ашық шағым білдірген азаматтарға билік тарапынан қауіп төнуі мүмкін деп есептейді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG