Accessibility links

Өмір бойы билікте отыра алатын президенттер


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымұхамедов (сол жақта), Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) және Әзірбайжан президенті Ильхам Алиев. Актау, 2009 жыл
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымұхамедов (сол жақта), Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) және Әзірбайжан президенті Ильхам Алиев. Актау, 2009 жыл

15 жыл бұрын қайтыс болған әкесінің орнына билікке келген Ильхам Әлиев төртінші рет қатарынан президент болып сайланды. Ел конституциясы Әлиевке сайлауға өзі қанша қаласа, сонша мәрте түсуге мүмкіндік береді. Әзербайжан - постсоветтік елдер арасында заңдары президентке билікте өмір бойы отыруға мүмкіндік беретін жалғыз ел емес.

ТАҢДАУҒА МҮМКІНДІК ЖОҚ САЙЛАУ

Оппозициялық партиялар бойкот жариялаған кезектен тыс президент сайлауында Ильхам Әлиев жеңіске жетті. Әзербайжан орталық сайлау комиссиясы (ОСК) 56 жастағы Ильхам Әлиев 86 пайыз дауыс алғанын хабарлады. ОСК мәлімдемеуінше, сайлауға дауыс берушілердің 74,5 пайызы қатысты. Әзербайжанда «президент сайлауында халықтың осынша пайызы дауыс беруі керек» деген заң жоқ. Қанша адам дауыс берсе де сайлау өтті деп саналады. Human Rights Watch (HRW) халықаралық ұйымының пікірінше, сайлау науқаны сайлаушыларға "шынайы таңдау еркіндігін" бермеген.

Әзербайжанда екі жыл бұрын конституцияны өзгерту туралы референдум өтіп, президенттік қызмет мерзімін бес жылдан жеті жылға дейін ұзартқан. Бұған қоса, билік жүйесіне вице-президент қызметін енгізген. 2017 жылы ақпанда Ильхам Әлиев жұбайы Мехрибан Әлиеваны президент қызметінен мерзімінен ерте кеткен жағдайда оның өкілеттігін келесі сайлауға дейін атқаратын бірінші вице-президент етіп тағайындаған. Ал 2009 жылы конституциядан «Ешкім Әзербайжан президенті қызметіне екі мерзімнен көпке сайлана алмайды» деген норманы референдум арқылы алып тастаған.

Постсоветтік елдерде демократиялық құндылықтарды декларациялармен бүркемелеп, заңды "мәңгі билік құру" үшін өзгерту, сайлау нәтижелерін бұрмалау, бәсекелеске айналуы мүмкін үміткерлерді "саптан шығарып", қазіргі президенттің бәсекелестері құрамын саяси маргиналдармен "жасақтау" және қазіргі президенттердің көп дауыс алуы - үйреншікті құбылыс.

"МӘҢГІ" БИЛЕУШІЛЕР

Қазақтан конституциясында "бір тұлға екі реттен артық президент болып сайлана алмайды" деген норма бар. Бірақ бұл шектеу елдің тұңғыш әрі әзірше жалғыз президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты қолданылмайды. Назарбаев президент болып 28 жыл бұрын сайланған. Ол кезде бұл қызметке оны Қазақ ССР-і Жоғарғы кеңесі депутаттары сайлаған. 1995 жылы өткен референдумда оның өкілеттілігі 2000 жылға дейін ұзартылды. Қазақстанда өткен төрт президенттік сайлау науқаны Назарбаевтың жеңісімен аяқталды. 2015 жылғы сайлауда ол 97,75 пайыз дауыс жинаған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайлауда дауыс беріп жатыр. Астана, 26 сәуір 2015 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайлауда дауыс беріп жатыр. Астана, 26 сәуір 2015 жыл

Биыл Қазақстанның тұңғыш президентіне Қауіпсіздік кеңесіне өмір бойы төрағалық ету құқығын беретін "Қауіпсіздік кеңесінің мәртебесі туралы" заң жобасы парламент қарауына түсті. Егер заң жобасы қазіргі күйінде қабылданса, онда Қауіпсіздік кеңесі консультативті-кеңесші органнан конституциялық органға, яғни, елді басқарудың негізгі орталығына айналуы мүмкін. Ал орган шешімдерін биліктің бүкіл тармақтары орындауға міндетті болады.

Александр Лукашенко 1994 жылы 40 жасында Беларусь президенті болған. Ол заманда ел конституциясында "бір адам президенттікке екі реттен артық сайлана алмайды" деген норма болған. Бірақ 2004 жылы қазанда Лукашенконың бастамасымен Констиуцияға түзетулер енгізу туралы референдум өтті. Референдум президенттікке сайлануға қойылатын шектеуді жойды.

Беларусь президенті Лукашенко ұлы Николаймен президент сайлауында дауыс берген сәт. 11 қазан 2015 жыл.
Беларусь президенті Лукашенко ұлы Николаймен президент сайлауында дауыс берген сәт. 11 қазан 2015 жыл.

Билікте отыру мерзіміне қатысты шектеу Түркіменстан констиуциясында да жоқ. Бұл елдің 60 жастағы авторитарлы президенті Гурбангулы Бердімұхамедов 2017 жылы қайта сайланды. Ресми түрде ол 98 пайыз дауыс жинағаны хабарланды.

Сарапшылар Гурбангулы Бердімұхамедов ұлы Сердар Бердімұхамедовке билікті династиялық жолмен беру үшін дайындалып жатыр деп топшылайды. Наурыздың аяғында Сердан Бердімұхамедов Түркменстан сыртқы істер министрі орынбасары етіп тағайындалды.

"Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – Ұлт көшбасшысы" деген атағы бар 65 жастағы Эмомали Рахмон Тәжікстанды 1994 жылдан бері үзбей басқарып келеді. Freedom House халықаралық ұйымы "Рахмон авторитарлы режимді нығайтып жатыр" деп жиі сынайды.

2016 жылғы мамырдағы референдумнан кейін Конституцияға Эмомали Рахмонға президент болып шексіз мәрте сайлануға мүмкіндік беретін өзгерістер енгізілді. Бұған қоса, президенттікке кандидаттардың жас шамасына қойылатын шектеуді 35 жастан 30 жасқа дейін төмендеткен. Бұл өзгеріс келесі сайлауда президенттік сайлауға Рахмонның баласы Рустам Эмомалидің (Душанбе мэрі) түсуіне мүмкіндік береді.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон ұлы Рустаммен Душанбені аралап жүр.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон ұлы Рустаммен Душанбені аралап жүр.

Ал Өзбекстанда елді үзбей басқарған марқұм Ислам Каримовтің (2016 жылғы қыркүйекте 78 жасында қайтыс болған) билігі тұсында, яғни 2015 жылы наурызда кезекті президент сайлауы өтіп, Каримов төртінші мәрте жеңіске жеткен. Бірақ 1992 жылы қабылданған ел Конституциясының 90-бабында "бір адам екі рет қатарынан президент бола алмайды" деген норма бар.

Кейін билік Каримовтің бірінші мерзімін есептен шығарып тастаған еді. Өйткені оның бірінші президенттік мерзімі 1991 жылы, яғни қазіргі конституция қабылданбай тұрып басталған. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) 2015 жылғы сайлау қарсаңындағы "Президент Конституция талабын бұзып неліктен үшінші мерзімге сайлауға түскелі жатыр?" деп сұрақ қойған.

Ислам Каримов.
Ислам Каримов.

Ресми Ташкент "Мерзім" деген ұғым нақты жыл санын білдіреді, бұрын президенттік мерзім жеті жыл болатын. Ал енді бес жыл болатындықтан, бұл мерзімдер қатарынан екі мерзім ретінде қарастырылмайды" деп түсіндірген. Ташкенттің бұл жауабы ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқығы бюросы есебінде көрсетілген.

Владимир Путиннің билікте отырғанына 18 жыл болды. 2008-2012 жылдары ол премьер-министр болып, кейін президент қызметіне қайта оралған. Өткен айда ол төртінші президенттік мерзімге қайта сайланды. Путиннің кей сыншыларының мәлімдеуінше, жуырдағы Ресейдегі президент сайлауында билік саяси айлаға басып, сайлау өтетін күнді наурыздың 11-інен 18-іне ауыстырған. Төрт жыл бұрын дәл осы күні Ресей Қырымды аннексиялап алған. Мәскеу "аннексия" терминін көп айта бермейді. Оның орнына Владимир Путин Қырым Ресейге рефернум арқылы қосылғанын жиі айтады. Наурызда Путин 2030 жылы президенттік сайлауға түспейтіні туралы мәлімдеме жасады. Бірақ Ресей заңдары Путинге қайта сайлауға түсуге мүмкіндік береді. Ол уақытта Путин 78 жаста болады.

ЖАҢА ФЕОДАЛИЗМ БЕ?

Билікте де, саяси оппозицияда да болып көрген 70 жастағы экономист Петр Своиктің Азаттыққа айтуынша, қазіргі постсоветтік авторитаризм бұрынғы советтік және партиялық номенклатурадан тамырланған.

- Коммунистік идеология күйреп, КПСС өзін-өзі таратып, СССР ыдырғаннан кейін постсоветтік кеңістікте пайда болған жаңа тәуелсіз мемлекеттердің көбі автоматты түрде капиталистік елге айналмай, шын мәнінде, феодалдық елдер болып қалды. Ал демократия – феодализм емес, капитализмнің атрибуты, - дейді Своик.

Ресей, Тәжікстан, Қазақстан, Өзбекстан президенттері 2007 жылы Мәскеудегі ТМД саммитінде.
Ресей, Тәжікстан, Қазақстан, Өзбекстан президенттері 2007 жылы Мәскеудегі ТМД саммитінде.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның саяси кеңесі президиумының төрайымы Зәуреш Батталованың пайымдауынша, авторитаризмнің тамыры бұрынғы советтік және партиялық жүйеде жатыр.

Ал саясаттанушы Андрей Чеботаревтың айтуынша, бұл президенттер демократиялық стандарттарды бұзып, биліктерін сақтап отыр. Ол мұндай әрекеттерге Конституцияны, сайлау туралы заңдарды өзгертуді, саяси қарсыластарын қудалауды, тәуелсіз соттар мен БАҚ-тың болмауын, билік вертикалінің шамадан тыс қатал түзілуін жатқызады. Чеботаревтің сөзінше, мұндай әрекеттер авторитарлы басшылардың сайлау процестерін бұрмалап, "ақылға сыймайтын" жоғары көрсеткіштермен жеңуіне мүмкіндік береді.

Билік ұзарту әдістері. (Суреттің үстінен бассаңыз үлкейеді)
Билік ұзарту әдістері. (Суреттің үстінен бассаңыз үлкейеді)

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG