Accessibility links

Президент креслосын монарх тағына айырбастау идеясы


Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Көшпенділер» фильмінің түсіру алаңындағы хан тағында отыр. 2004 жыл.

Қазақстанда тағы да монархия орнату идеясын ұсынатындар шыға бастады. Бұл жолы жас ақын Балтабек Нұрғалиев осындай ұсыныс тастады. Бірқатар қазақстандық БАҚ-қа сұхбат берген Нұрғалиев «елді тек Назарбаевтар династиясы басқаруы керек» деп мәлімдеді. Азаттық Қазақстанда монархия орнатайық деген басқа да бастамашыларды еске түсіріп, бұған қатысты сарапшылардың пікірін тыңдады.

Өткен аптада қазақстандық жас ақын Балтабек Нұрғалиев өзінің Facebook парақшасында Қазақстанда монархия орнатайық деген ұсынысын жариялады. «Шабыт-2012» жастар арасындағы шығармашылық фестивалінің «Поэзия» номинациясы бойынша гран-при иегері, 27 жастағы ақынның бұл идеясы туралы бірнеше қазақ тілді басылым жазды. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының актерлік шеберлік жөніндегі оқытушысы Нұрғалиев «президенттік монархия» туралы неліктен бастама көтергенін түсіндірді.

Ақпанның 2-сі күні Нұрғалиев «МЕНІҢ АРМАНЫМ — МОНАРХИЯЛЫҚ МЕМЛЕКЕТ!!!» деген тақырыппен қазақ тілінде пост жариялады. Ақпанның 6-сы күні ақын Назарбаевтар отбасына кезекті мәрте мақтауға толы өлеңін арнап, президент «мемлекетті империяға айналдырды», «Назарбаев әулеті басқарса ғана Қазақстан құрымайды» деген ойын жеткізді. Өлең авторының негізгі идеясы «Барлық қазақтардың тілегі – президенттің қызы Дариға Назарбаеваның болашақта президент болғанын қалайды» дегенге саяды.

​Нұрғалиевтің пікірінше, тек монархиялық билік жүйесі ғана Қазақстанның «мәңгілік ел» болуына септігін тигізеді-міс. Бұл жерде ол Назарбаев бірнеше жыл бұрын ұсынған, бірақ қазір сирек айтылатын «мәңгілік ел» идеясын меңзеп тұр. Ақынның сөзіне сенсек, бала кезінен мемлекетте тұрақтылық, тыныштық және қауіпсіздік орнатуға тәрбиеленген мұрагер елді саяси төңкерістерден сақтайтын көрінеді

- Мемлекетті тек Назарбаевтар басқаруға тиіс. Дариға Нұрсұлтанқызы ел басқарып, президенттің барлық жетістігін сақтап қалуға лайық. Бұл - менің жеке пікірім. Маған ешкім де нұсқау берген жоқ, - деді Азаттыққа пікір білдірген Балтабек Нұрғалиев.

МОНАРХИЯ ҚҰРУҒА ШАҚЫРУ

Қазақстанда монархия құруға шақырған, монарх ретінде ұзақ жылдардан бері үздіксіз билікте отырған президент Нұрсұлтан Назарбаевты ұсынушылар Балтабек Нұрғалиевке дейін де болған. 2006 жылы президенттің күйеу баласы болып тұрғанында Рахат Әлиев «Караван» жекеменшік басылымына «Республикостан ба, әлде Қазақ сұлтанаты ма? Қандай таңдау жасаймыз?» деген мақаласын жариялаған болатын.

Қазақстан президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның күйеуі болған Рахат Әлиев бұл мақаласында «ұзақ тарихи мерзімде қоғамның тұрақтылығын монарх қана сақтай алады, президенттің оған мүмкіндігі жетпейді» деп мәлімдеген еді.

52 жастағы Рахат Әлиевтің денесі кейін, 2015 жылдың ақпанында Австриядағы түрме камерасында асулы тұрған жерінен табылды. Австрия билігі он "өзіне қол жұмсаған" десе, адвокаттары мен екінші әйелі оны "өлтірген" деседі. Оған дейін Қазақстан билігі Рахат Әлиевті елден "ақша ұрлап, ізін жасырды", "оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевты өлтірді", "қарулы мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деп айыптаған. Әлиевтің өзі болса, айыптардың бәрін терістеп отырды.

2009 жылы ақтөбелік тарих ғылымдарының докторы, профессор Закратдин Байдосов президенттің аймаққа сапары кезінде «болашақта президент сайлауын өткізу қажет емес» деп мәлімдеп, Назарбаевқа «Қазақстанды мәңгілік басқаруды» ұсынған.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Закратдин Байдосов (оң жақта) президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі кезінде. Ақтөбе. 10 қыркүйек, 2009 жыл.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Закратдин Байдосов (оң жақта) президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі кезінде. Ақтөбе. 10 қыркүйек, 2009 жыл.

Бұдан соң дереу атыраулық мектеп мұғалімі, қазақ тілі мен әдебиеті маманы Хамза Ғабдуллин де Назарбаевтың өмір бойы президент болып қалуын қалайтынын жеткізді. 2010 жылы парламент заңнамаға түзету енгізіп, Назарбаевқа «ұлт көшбасшысы» деген мәртебе берді. Бұған дейін, 2007 жылы Қазақстанда Назарбаевтың президенттік мерзіміне шектеу қоюды алып тастаған болатын.

2010 жылы «Қазақ хандығы» қорының президенті Камалиддин Дулатов Назарбаевты "хан", ал Қазақстанды "хандық" деп жариялау туралы ұсыныс айтты. Дулатов монархиялық конститутция қабылдап, техникалық алтыннан 50 миллион теңгеге президентке 17 метрлік ескерткіш орнатайық деп ұсынды. Бірақ кейін қор төрағасы ескерткіш идеясынан бас тартты.

«ЖҮЙЕНІҢ ТАБИҒАТЫН» КӨРСЕТЕТІН БАСТАМА

Саясаттанушы Досым Сәтбаев осы бастамалардың бәрі қазақстандық саяси жүйенің табиғатын көрсетеді деп санайды. Жылдар бойы биліктің ауыспай келе жатуының да бір себебі осында жатыр. Саясаттанушының пікірінше, кез келген монархияға осындай сипат тән.

- Тәуелсіздік кезінде өмірге келген жас қазақстандықтар өсіп қалды. Олар көз ашқаннан бір басшыны – қазіргі президентті көріп келеді. Сондықтан оған қалыпты құбылыс деп қарайды, - деді Азаттыққа Досым Сәтбаев.

Сәтбаев Қазақстандағы саяси және бизнес элитаның біраз бөлігі бұл идеяны қолдайды, оның бір себебі бар дейді.

Саясаттанушы Досым Сәтбаев.
Саясаттанушы Досым Сәтбаев.

- Бұл - ел ішінде тұрақтылық болсын, ресурстарды пайдаланайық және қазіргі билік тұсында иеленген меншігімізді сақтап қалайық деген түйсік, - дейді Сәтбаев.

Саясаттанушы соңғы кездері Қазақстан қоғамында «елдің демократиялық дамуы» мүлдем талқыланбай жатқанына алаңдайды. «Либерализм мен саяси бәсекелестік идеялары елдегі аудиториясын жоғалтты» деп санайды Досым Сәтбаев. Оның ойынша, болашақ Қазақстан үшін монархиялық билік - жүйенің тиімді дамуына, табысты әрі тұрақты болуына кепілдік бермейді.

- Қазақстанда президент әзірге ізбасарының кім болатыны туралы нақты белгі бермеді. Ол отбасы мүшесі ме, әлде маңайындағылардың бірі ме, белгісіз. Мемлекет басшылығы тарапынан нақты іс-әрекет жоспары болмаған соң, монархия идеясы үнемі қоғамды дүрліктіреді. Оны тіпті кейбіреулер іс-әрекет ету жоспары деп қабылдайды, - дейді саясаттанушы Азаттыққа.

Саясаткер Әміржан Қосанов ақын Нұрғалиевтің жеке бастамасына күле қарайды. «Егер бұл биліктегілердің бастамасы болса ғана елеңдеуге болар еді», - дейді ол.

- Династиялық билікке көшудің салдарын болжау қиын. Елбасының туыстарын билікке тартқанының нәтижесі қандай болғанын білеміз, - дейді саясаткер кезіндегі Рахат Әлиевті мысалға келтіріп. – Бір адамның 27 жыл бойы билікте отырғанының өзі тарихи қисынға қайшы, оны қайталамауға тиіспіз!

Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев болса, конституцияға сай Қазақстанның президенттік басқару үлгісіндегі мемлекет екенін еске салады. Монархия енгізу үшін елдің негізгі заңын өзгерту керек.

- Шындап келгенде, Конституция бойынша басқару үлгісі мен елбасы мәртебесі өзгермеуге тиіс. Бұндай әңгімені қозғамас бұрын қазіргі Конституцияны оқу керек, - дейді құқық қорғаушы.

МҰРАГЕР ТУРАЛЫ «ҚЫСЫР СӨЗДЕР»

Президент әкімшілігі әзірге ақын Балтабек Нұрғалиевтің бастамасына реакция танытпады. Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін бірнеше рет ізбасар туралы «қысыр сөзді» қою керектігін, әзірге биліктен кетпейтінін айтқан еді.

2016 жылы Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында Назарбаев: «Ешкімді қарастырып отырған жоқпын. Балаларыма билікті мұра етейін деген ойым жоқ. Ол бізге жарамайды. Біздегі билік алмасу процесін Конституция шешеді. Мен өзім 2020 жылға дейін жұмыс істеймін деп отырмын» деген болатын.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Назарбаевтың жоғары биліктегі жарты ғұмыры.

​2015 жылдың сәуірінде Нұрсұлтан Назарбаев кезекті мәрте мерзімінен бұрын өткен президент сайлауына қатысып, ресми дерек бойынша 97,7 пайыз дауыс жинады. 77 жастағы Назарбаев Қазақстанды 1989 жылдан бері билеп келеді.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Астананы үнемі сынап, елде бостандықтың шектелгенін және саяси тұтқындар бар екенін айтады. Батыс БАҚ-ы Қазақстан президентін «ұзақ уақыт билікте отырған деспот» деп те атайды. Назарбаев өзін автократ немесе диктатор санамайды. Қазақстандағы автократияны ол «бос сөз», «елдегі жағдаймен таныс еместердің айтқаны» деп санайды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG