Accessibility links

Назарбаевтың жеке басына табыну бар ма?


Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші, Талдықорған, Алматы облысы, 30 қараша 2016 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші, Талдықорған, Алматы облысы, 30 қараша 2016 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаевтың қарсыластары елде президенттің жеке басына табыну белгілері күшейіп келеді деп мәлімдейді. Назарбаевтың жақтастары елде мұндай құбылыс жоқ, бұл – "ұлттық ерекшеліктердің көрінісі" ғана деп санайды.

77 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстанды 1991 жылдан бері үзбей басқарып келеді. 2010 жылы қабылданған ұлт көшбасшысы туралы заңға сәйкес, Қазақстанның тұңғыш президенті өкілетін атқарған кезеңдегі, ал өкілеттігі аяқталған соң Қазақстанның тұңғыш президенті мәртебесіне байланысты әрекеттері үшін тіпті отставкаға кеткеннен кейін де тұтқындалмайды, қамауға алынбайды, әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылмайды. Заңда қарастырылған кепілдіктер Назарбаевтың дүние-мүлкі мен онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне де қатысты қолданылады.

НАЗАРБАЕВҚА ТАБЫНУДЫҢ ОСЫҒАН ДЕЙІНГІ КӨРІНІСТЕРІ

Құқық қорғаушы, журналист әрі өлкетанушы Андрей Свиридов Азаттық тілшісіне Назарбаевтың жеке басына табынудың соңғы көріністері 2016 жылғы қараша-желтоқсан айларында қатты байқалды дейді. Ол кезде, яғни 1 желтоқсанда ел тұңғыш президент күнін, ал 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтті. Свиридовтың сөзінше, Назарбаев тұлғасына табыну туралы тақырыпты қозғағанда осы екі оқиғаның айрықша символикалық мәні бар.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі басылған 10 мың теңгелік банкнот.
Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі басылған 10 мың теңгелік банкнот.

Тұңғыш президент күні қарсаңында - 2016 жылғы қарашаның 15-і күні Қазақстан ұлттық банкі Астанада тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап кәдесый ретінде шығарылған әрі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі басылған 10 мың теңгелік банкнотты таныстырды. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев банкнотты таныстырып тұрып Назарбаевты портреттері ұлттық ақшада бейнеленген Нельсон Мандела, Мұстафа Кемал Ататүрік, Ли Куан Ю, Уинстон Черчилль сынды тарихи тұлғаларға теңеді.

Қарашаның 23-інде Қазақстан парламенті депутаттары "Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Қазақстан жетістіктерінің декларациясын" қабылдады. Онда "тәуелсіз Қазақстан бүкіл жетістіктері мен жеңістеріне" президент Нұрсұлтан Назарбаевтың парасатты басшылығының арқасында қол жеткізді деп жазылған. Декларацияда Астана және "өзге маңызды нысан" атауларын Назарбаевтың есімімен байланыстыру ұсынылды. Парламент депутаттары Астанада "Тәуелсіз Қазақстан" ескерткішін орнатып, Конституцияда Назарбаевтың "мемлекет құрудағы өлшеусіз үлесін" атап көрсетуді ұсынды. Ол кезде Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов журналистермен әңгімесінде Астананы "Нұрсұлтан" немесе "Назарбаев" деп атауға болады деп мәлімдеген. Сұлтановтың бастамасын әріптестері де қолдады. Мысалы, Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев ұсынысты "дұрыс әрі маңызды" деп бағалады, дептутат Зағипа Балиева Астананы "Назарбаев қаласы", тағы бір депутат Бақытгүл Хаменова "Елбасы", ал Сенат депутаты Михаил Бортник "Астана-Елбасы" деп атауды ұсынған еді.

Астана атауын өзгерту идеясы бұрын да талай рет ұсынылған. Қазақстанның бас қаласы "Астана" деп аталған бетте Фурманов көшесінің атауы тәрізді ел астанасының атауын да президент есімін немесе тегін беру үшін сақтап отыр деген болжамдар айтыла бастаған.

Алматыдағы "Фурманов көшесі" деген жазу. 2017 жылдың соңына қарай көше атауы "Назарбаев даңғылы" болып өзгертілді.
Алматыдағы "Фурманов көшесі" деген жазу. 2017 жылдың соңына қарай көше атауы "Назарбаев даңғылы" болып өзгертілді.

Әуелгіде Назарбаевтың есімі Астана мен Фурманов көшесіне ол қайтыс болғаннан кейін берілетін шығар деген жорамал болған. Бірақ 2017 жылы Фурманов көшесін Назарбаев даңғылы деп ауыстырып тастады. Ал астананы Назарбаевтың есімімен байланысты атау ұсынысы алғаш рет тоғыз жыл бұрын – 2008 жылы жасалған. Ол кезде Мәжіліс депутаты Сәт Тоқпақбаев парламент мінберінен Астананы "Нұрсұлтан" деп өзгертуді ұсынған. Әлгі ұсыныстан кейін премьер-министр Кәрім Мәсімовтің атына Астананы "Нұрсұлтан" деп атауды сұраған көптеген хаттар жолданған. Бірақ ол кезде әлгі идея белгісіз себеппен іске аспай қалды. Былтыр парламент депутаттары "Астананы президент Назарбаевтың есімімен байланысты атауды халық сұрап жатыр" деп мәлімдегенімен, әлеуметтік желілерде Астана атауын ауыстыруға да, жалпы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына табынуға да қарсы сын пікірлер көп айтылған. 2016 жылғы 24 қарашада Алматы қаласындағы Республика алаңында құқық қорғаушы әрі журналист Сергей Дуванов "Нет культу личности в Казахстане" ("Қазақстанда жеке басқа табынуға жол жоқ") деп жазылған плакат көтеріп, бір кісілік наразылық акциясын өткізген.

Астана атауын өзгерту идеясын президент Назарбаевтың бұл жолы да құптамауының себебін Андрей Свиридов былай деп түсіндіреді:

- Шамасы, осы (Сергей Дувановтың бір кісілік наразылық акциясы – ред.) әсер етті. Мүмкін, мұндай бір факті аздық етті... бірақ Facebook желісінде реакция болды – оны миллион болмаса да, мыңдаған адам көрді.

НАЗАРБАЕВҚА ТАБЫНУДЫҢ ЖАҢА КӨРІНІСІ МЕ?

Андрей Свиридов 2017 жылғы екі оқиғаны – Алматыдағы Фурманов көшесі мен Астана халықаралық әуежайының атауын өзгертуді Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына табынуды нығайтудың нышандары деп атайды. 2017 жылғы 30 қарашада Алматы қалалық мәслихатының депутаттары Фурманов көшесінің атауын өзгертіп, оған Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұйғарған шешім қабылдаған болатын.

1990 жылдары Алматыда совет қайраткерлерінің құрметіне аталған көшелердің көбінің атауы өзгерген. Бірақ түрлі бастамаларға қарамастан, революционер әрі совет жазушысы Дмитрий Фурманов атындағы көшенің атауы сол күйі өзгермей қалған. 2006 жылы оппозициялық ұйым өкілдері Фурманов көшесін Сәрсенбайұлы көшесі деп атауды ұсынған. 2006 жылғы ақпанда оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы және оның екі көмекшісі қастандықпен өлтіріліп, үшеуінің жансыз денесі Алматы шетінен табылған болатын.

Бірақ ол кезде билік көшені әлдебір қайраткердің құрметіне атау үшін оның қазасынан кейін бес жыл өтуі тиіс деген уәжге сілтеп, оппозицияның ұсынысын құптамай қойған.

Астана қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы.
Астана қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы.

Алайда биліктің әлдебір нысанға қайраткердің есімін беруге ол дүние салғаннан кейін кемі бес жыл өтуі тиіс деген уәжі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне елдегі бірқатар нысандарды атауға кедергі болған жоқ. 2017 жылғы 21 маусымда – президенттің туған күні қарсаңында үкімет Астана әуежайын "Халықаралық Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы" деп атау туралы шешім қабылдады.

НАЗАРБАЕВ ТҰЛҒАСЫНА ТАБЫНУ ИДЕОЛОГИЯСЫ ТУРАЛЫ

Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына табынуға белсенді қарсылық білдіріп жүрген құқық қорғаушы әрі журналист Сергей Дуванов Азаттық тілшісіне табынушылық құрылымының кемі екі деңгейін – идеологиялық және саяси қырын ажырата білу керек дейді. Дувановтың пікірінше, Назарбаевқа табыну идеологиясының ең басты мақсаты – "елбасизм" деген сөзбен сипаттауға болатын айбынды мемлекеттілік идеясын насихаттау. Дувановтың сөзінше, бұл идеяға сәйкес, Назарбаев қазақтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың әкесі әрі Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретінде көрінеді.

Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов жалғыз адамдық наразылық акциясын өткізіп тұр. Алматы қаласы, 24 қараша 2016 жыл.
Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов жалғыз адамдық наразылық акциясын өткізіп тұр. Алматы қаласы, 24 қараша 2016 жыл.

"Мемлекеттілік идеясы көбінесе жас ұрпаққа қарата айтылады, өйткені аға буын бұған мүлде сенбейді" дейді 64 жастағы Сергей Дуванов. Оның сөзінше, былтыр Назарбаевтың өзі жариялаған қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы да осы идеяны насихаттауды көздейді.

Дувановтың сөзінше, Назарбаевтың айбынды держава туралы идеясын есесіне Ресей президенті Владимир Путин жақсы түсініп, қолдады. Бірақ Дувановтың сөзінше, ол Назарбаевқа дейін "қазақтарда мемлекеттілік те, мемлекет те болған жоқ" деген мәлімдемесімен Қазақстан президентіне сәтсіз комплимент жасап, қазақ ұлтшылдарының шамына тиді.

ЖЕКЕ БАСҚА ТАБЫНУ ЖӘНЕ КӨП АҚША

Оппозициялық әрі сот шешімімен жабылған Қазақстанның коммунистік партиясының бұрынғы жетекшісі 80 жастағы Серікболсын Әбділдин Нұрсұлтан Назарбаевқа табынуды Иосиф Сталиннің жеке басына табынуға теңеуге қарсы, өйткені оның пікірінше, екеуі – салыстыруға келмейтін тұлғалар. Әбділдиннің сөзінше, Сталин советтік державаны, ал Назарбаев бар-жоғы Астананы ғана салды.

Саясаткер және экономист Серікболсын Әбділдин Алматыдағы кеңсесінде. 19 қазан 2016 жыл.
Саясаткер және экономист Серікболсын Әбділдин Алматыдағы кеңсесінде. 19 қазан 2016 жыл.

Бұған қоса, Серікболсын Әбділдин Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына табыну құбылысының материалдық негізіне үңілуді ұсынады. Әбділдиннің айтуынша, Астананы салу, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу сияқты бояма істер мен Назарбаевтың көпірме сөздері халықтың назарын бұрып әкетуге арналады.

- Ол [Назарбаев] Қазақстанның бүкіл байлығын иемденіп, қожайыны болып алды. Шындап келгенде, ол Қазақстанның байлығын, жер қойнауын миллиардтап ақша жинап алу үмітімен сатып жіберді, мен бұған сенімдімін, - дейді Серікболсын Әбділдин.

Ол Қазақстанның ұлттық қорындағы 22 миллиард доллардан көп ақшасын New York Mellon банкі бұғаттап тастағанына қатысты Қазақстан билігінің шу шығарғысы келмей жатқанын мысалға келтіріп, олар "әлгі ақша шын мәнінде кімге тиесілі екенін біледі" дейді.

Саясаткер және экономист Айдар Әлібаев.
Саясаткер және экономист Айдар Әлібаев.

Өзін оппозициялық деп атайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) басшыларының бірі экономист Айдар Әлібаев "шексіз билік пен көп ақша байланысты екенін" және тұңғыш президент және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің банк құпиясы мен банктердегі есеп-шоттарына қол сұғылмау кепілдігін қамтамасыз ететін "Тұңғыш президент туралы" заң президент Назарбаевтың өзінің де, онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің де меншігіндегі дүние-мүлкін халықтан жасыруға мүмкіндік беретінін мойындайды.

- Кейінгі екі жылда жеке басқа табыну көрінісі деп санауға болатын түрлі құбылыстар көп байқалды. Өкінішке қарай, біз жеке басқа табынуды күшейтіп, оны дамыту жолымен бара жатырмыз. Иә, өкінішке қарай, қазіргі Қазақстанда бұл құбылыс бар, - дейді Айдар Әлібаев.

ТАБЫНУ ЕМЕС, "ҰЛТТЫҚ ЕРЕКШЕЛІК"

Бірақ Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына табыну құбылысы барын жоққа шығаратындар да бар. Солардың бірі - саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов.

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов.
Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов.

- "Жеке басқа табыну" туралы айтқан кезде, Сталиннің тұсында болған жеке басқа табынушылық заманы есімізге түседі. Ол заман тоталитарлық қоғам кезеңі болған, сондықтан ол кезде табынудан өзге ештеңе болған жоқ. Сталин билігі тұсында тоталитарлық Совет одағы мүлде жабық ел болған, ал қазақстандық қоғам сыртқы әлемге, оның ішінде интернет-кеңістікте ашық қой, - дейді Бөріхан Нұрмұхамедов.

Бірақ Нұрмұхамедовтің мәлімдеуінше, төменгі деңгейдегі шенеуніктер тарихта азды-көпті елеулі немесе болмашы із қалдырған тұлғаларға ескерткіштер орнатуды ұсынып, көшелерге туыстарының, тіпті өз есімін беруге тырысады. Бөріхан Нұрмұхамедов мұндай құбылысты жеке басқа табыну емес, "ұлттық ерекшелік" деп атағанды жөн көреді.

ВИДЕО: Президент күні және мадақ (30 қараша 2014 жыл)

Президент күні және мадақ
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:23 0:00

Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Мәжіліс депутаты Ахмед Мурадов президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына табыну бар деген пікірді үзілді-кесілді жоққа шығарады.

- Бұлай деп ойлау үшін нағыз қияли болу керек қой. 2017 жылы президенттің өкілеттіктерін парламент пен үкіметке бөліп беру жөніндегі конституциялық реформаға сәйкес, Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен біз парламентте заңдардың бәрін қайта қарап шықтық. Осы жұрт бізде жеке басқа табыну бар деп қалай айтады? Меніңше, заң нормаларын білетіндер бұлай деп айта алмайды. Ал табыну бар деп санайтындар президенттің еңбегімен жақсылап танысу үшін көбірек кітап оқысын, - дейді депутат Мурадов.

Қазақстанда Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектептері, тұңғыш президент кітапханасы бар. Нұрсұлтан Назарбаев туралы "Елбасы жолы" киноэпопеясы түсірілген, ондаған кітап жазылған, бірқатар қалаларда президентке ескерткіш орнатылған. Назарбаевтың Қазақстан ғана емес, шетелдерде де бірнеше ескерткіші бар. Әлеуметтік желілерде жұрт Астана мен Алматыдағы кейбір сәулет композицияларында Назарбаевтың келбетіне ұқсайтын мүсін-ескерткіштер бар деп жазған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG