Accessibility links

Президент пен жазушылар кездесуін әрқалай жориды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) жазушы Бексұлтан Нұржекеев (оң жақта), Дулат Исабеков (сол жақта) және Смағұл Елубаймен кездесіп отыр. Астана, 20 сәуір 2017 жыл. (Сурет Қазақстан президентінің ресми сайтынан алынды)

Сәуірдің 20-сы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жазушылар Дулат Исабеков, Смағұл Елубай және Бексұлтан Нұржекеевпен кездескен еді. Бұл жөнінде пікір білдірген кей жазушылар «президенттің қай жазушылармен кездесетінін президент әкімшілігі белгілейді» дейді. Ал президентпен кездескен жазушының бірі Дулат Исабеков «өткір пікірлерді телеарналар көрсетпеді» деп қынжылады.

2017 жылы сәуірдің 20-сы күніҚазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жазушылар Дулат Исабеков, Смағұл Елубай және Бексұлтан Нұржекеевпен кездесті. Бұл кездесу жұртшылық назарын аударып, әлеуметтік желілердегі талқылауларға да себеп болды.

Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев жазушыларға «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақала жазғанын айтып, Қазақстанның жетістіктерін әңгімеледі. Ретімен сөз алған жазушылар президенттің өзі мен мақаласына «халық риза екенін» айтты.

Жазушы Дулат Исабеков «Жаңғырудың жаңа сатысына арнап жазған мақалаңыз бәріміздің көңілімізден шықты, елдің бәрі қуанып жатыр» десе, Бексұлтан Нұржекеев «мақаладағы алты мәселенің әрқайсысы бір белес», «жүрекке қона қалатын нәрсе», «мұны оқығанда тұла бойы шымырламайтын қазақ болмауы керек» деген ойларын айтты.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақтан екінші) жазушы Бексұлтан Нұржекеев (оң жақтан екінші), Дулат Исабеков (сол жақта) және Смағұл Елубаймен (оң жақта) кездесіп отыр. Астана, 20 сәуір 2017 жыл. (Сурет Қазақстан президентінің ресми сайтынан алынды)
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақтан екінші) жазушы Бексұлтан Нұржекеев (оң жақтан екінші), Дулат Исабеков (сол жақта) және Смағұл Елубаймен (оң жақта) кездесіп отыр. Астана, 20 сәуір 2017 жыл. (Сурет Қазақстан президентінің ресми сайтынан алынды)

Смағұл Елубай да сөзін президентке алғыстан бастады. «Әдебиет пен киноға соңғы жылдары жасаған қолдауыңыздың арқасында ел еңсесін көтеріп қалды. «Қазақ хандығы» кино жобасы және «Қазақ елі» телесериалының жұртқа әсері керемет болды» деп сөйледі ол. Смағұл Елубайдың өзі аталған фильм сценариін жазғандардың бірі, ал Нұрсұлтан Назарбаев фильм идеясының авторы әрі кеңесшісі болған еді.

Кездесуде жазушылар латын графикасына көшу, шетелдегі қазақтарды Қазақстанға қайтару, суретші Әбілхан Қастеев пен Дәнеш Рақышев атына туған жері Жаркент кентінің орталығынан көше беру, Орбұлақ шайқасы өткен жерге белгі қою сияқты ұсыныстарын айтты. Әңгіменің кейбір тұстарын Назарбаев қағазға түртіп отырды.

«КҮН НҰРЫНЫҢ АЛДЫНА БАРУ»

Әлеуметтік желілердегі пікірлердің дені «бұл кездесуді жазушылардың қазіргі саяси-әлеуметтік мәселелерді президентке қаншалықты өткір айта алғанына қарай бағалауға болады» деген сарында жазылып жатты.

Әлеуметтік желі қолданушылардың кейбірі «жазушылар президентке маңызды мәселелерді батыл айтты» деп ризашылығын білдірсе, енді бірі «президентке мақтау айта бастағанда шыдамай [телевизор алдынан] кетіп қалғанын» жазды. Мәселен, Facebook әлеуметтік желісін белсенді қолданушы Қуаныш Еділхантегі кездесуге қатысты мынадай пікірін қалдырған:

- Менің байқағаным, ондай ашық-жарқын әңгіме бола қойған жоқ, жазушылардың сыпайылық сақтап, тартынып, әлденеден қысылып отырғандары көрініп тұрды. Әрине, бәрі де әңгімелерін рахмет айтудан бастады. Енді қайтсін-ай, қазіргі этикет солай емес пе - мыңнан бірлер ғана қаншама сұрыптаудан өтіп, күн нұрының алдына барып отырған жоқ па? Ол үшін оларды жазғырудың тіпті де жөні жоқ.

«АЛДЫН АЛА СҰРЫПТАЛАДЫ»

Азаттық тілшісімен сөйлескен «Жұлдыз» әдеби журналы бас редакторының бірінші орынбасары Тұрысбек Сәукетай «президентпен кездесетін жазушыларды президент әкімшілігі сұрыптайды дегенге сенетінін» айтады. Сәукетайдың пікірінше, «жазушылар президентті айтпағанда, министрдің де қабылдауына өз өтінішімен кіре алмайды». Оның айтуынша, «президент соңғы жылдары жазушылармен қандай да бір науқан кезінде ғана кездеседі».

Жазушы Тұрысбек Сәукетай. Алматы, 6 сәуір 2017 жыл. Азаттық видеосынан алынған скриншот.
Жазушы Тұрысбек Сәукетай. Алматы, 6 сәуір 2017 жыл. Азаттық видеосынан алынған скриншот.

- Президентпен кездескен үш жазушы да халықтың ой-пікірін жеткізе алады. Бірақ олардың айтқандары жұрттың бәрінің көңілінен шықпауы мүмкін,-дейді ол.

Тұрысбек Сәукетайдың айтуынша, «президентпен кездескеннен кейін кейбір жазушылар оппозициялық басылымдарға басқаша сөйлеп, өздерінің батыл пікір білдіргендерін айта бастайды». Оның сөзінше, қазақ жазушыларының арасында президенттен жасқанбай пікір айта алатын жазушылар да бар, бірақ «билік өкілдеріне жағымды шығармашылықпен айналысатын, сарай ақыны деңгейіндегі жазушылар одан да көп».

Әдеби орта жайында мұндай пікірлермен келіспейтін жазушылар да бар. Қазақстан президенті туралы «Бәйтерек» атты толғау жазған Несіпбек Айтұлы Азаттыққа бұрын айтқан пікірінде «Сарай ақыны» дегеннен қорқатын ештеңе жоқ» екенін ескертіп, «тіпті Әлішер Науаидың да Құсайын Байқара тұсында сарай ақыны болғанын» уәж еткен.

Азаттық тілшісімен сөйлескен ақын Мырзан Кенжебай «президент пен жазушылардың кездесуінде айтылған маңызды және батыл пікірлерді телеарналар көрсетпей қиып тастаған» деп есептейді.

Ақын, журналист Мырзан Кенжебай.
Ақын, журналист Мырзан Кенжебай.

- Меніңше, президент алдында отырған жазушылар мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретіндей пікір айтпаған болар. Кездесуді түсірген телеарна басшылары неден секемденді, сөз бостандығы, пікір алуандығы қайда? - дейді ол.

Мырзан Кенжебай «батыл пікірлердің қысқарып қалғанын президентпен кездескендердің бірі Дулат Исабековтен естігенін» айтты.

«ПРЕЗИДЕНТТІҢ СӨЗІ ДЕ ҚЫСҚАРҒАН»

Азаттық тілшісі жазушы Дулат Исабековпен де сөйлесті. Жазушының айтуынша, президентпен кездесу «екі жарым сағатқа созылған».

- Президент «тек шындықты айтыңдар» деді. Содан кейін қазанның қақпағы ашылып кеткендей болды. Айтылмаған нәрсе қалмады. Бірақ телеарналар 40 минут қана беріпті. Оның да 20 минуты президенттің сөзі. Сонда басқамызға не қалады? - деп күледі ол.

Дулат Исабековтің сөзінше «жарияланған видеода тек сөз арасында айтылған ойлар ғана қалған. Латын графикасы туралы президенттің бұрын көпшілікке айтпаған маңызды пікірі де қысқарып кеткен».

Дулат Исабеков президентпен кездесуде «ең әуелі не себепті үш жазушыны таңдап алғанын сұрағанын» айтады. «Біріншіден, замандастарым болған соң шақырдым, екіншіден Бексұлтан Нұржекеев тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында мемлекеттік сыйлық алды, ал Смағұл Елубай екеуің шетелде шығармаларыңды шығарып жүрсіңдер. Біз қазақ жазушыларының шығармаларын шетелге таныту үшін бағдарлама жасап жатырмыз, сол үшін шақырдым деп түсіндірді президент» дейді ол.

Жазушы Дулат Исабеков.
Жазушы Дулат Исабеков.

«Өз басым президенттің құлағына жағатын ғана сөз айтатын адам емеспін» деген Дулат Исабеков кездесуде «рухани жаңғыру, «Нұрлы жол», туған жер, қазақ мәдениетін шетелге таныту, латын әліпбиі, мемлекеттік тіл мәселесі сөз болғанын» баяндады.

Дулат Исабеков бұған дейін де бірнеше рет Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен. Ол сондай кездесулерінің бірінде «Назарбаевтан келесі мұрагер туралы туралы сұрағанын» мәлімдеп, «бірақ оны айтуға менің қақым жоқ» деген еді. Бұл жолғы кездесуде ол тақырып қозғалмады.

Мақаланы әзірлеу барысында кейбір адамдардың "президентпен кездесетін жазушыларды іріктейді" және "кездесуде айтылған кейбір пікірлер қысқарып кеткен" деген сөздеріне жауап алу мақсатында Азаттық тілшісі Қазақстан президенті әкімшілігіне бірнеше мәрте хабарласып көргенімен, жауап алу мүмкін болмады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жазушылармен өзге де зиялы қауым өкілдерін кейде топтап, кейде жеке қабылдауды дәстүрге айналдырған. Кейінгі жылдары мұндай кездесулер сирегендей көрінген.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG