Accessibility links

"Сара Назарбаева атындағы парктің" жері анықталып жатыр


Сара Назарбаева мен оның күйеуі, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Ақмола облысы Ақкөл ауданында Сара Назарбаева атындағы "табиғи парктің" жобасы таныстырылған. Жергілікті билік өкілдері биорезерват құруды ұсынған қордың белсенділеріне қорықты қай жерде құратындарын анықтауды тапсырғандарын айтады. Идея авторлары жерді Ақкөл қаласының шығысынан таңдағандарын хабарлады.

Ақмола облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы аймақтық коммуникация қызметі «Сара Назарбаева атындағы табиғи парк» жобасының презентациясы өткенін Азаттыққа қарашаның 14-і күні хабарлады. Сара Назарбаева - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелі.

Хабарламада «Сара Назарбаева атындағы табиғи парк» жобасын «Тұрақты даму» Жер қорының президенті Алан Бесен таныстырғаны жазылған.

"ЗУБР ӨСІРГІМІЗ КЕЛЕДІ"

Азаттық тілшісі Алан Бесенге хабарласқан еді.

Шамамен 100 гектар жер керек. Қазір біз талқылап жатқан жер Ақкөл қаласының шетіндегі, шығыс жағындағы жер.

- Бұл биорезерват болса деп отырмыз. Солай деп жаздық, яғни табиғи парк. Біз онда Қызыл кітапқа енген кей жануарларды өсіргіміз келеді. Зубр және басқа да жануарларды. Бұл дендропарк немесе адамдар серуендейтін парк емес, табиғи парк болады. Шамамен 100 гектар жер керек. Қазір біз талқылап жатқан жер Ақкөл қаласының шетіндегі, шығыс жағындағы жер, - дейді ол.

Алан Бесеннің айтуынша, әзірге жер бөлінбеген, облыс әкімдігі өкілдері қатысқан жергілікті бір форумда тек жоба таныстырылған. Жобаның нақты қашан іске қосылатыны белгісіз. Бесен мырзаның сөзінше, егер әкім жер бөлген жағдайда биорезеват жеке кәсіпкерлер қаржысына жасалмақ.

"ЖЕРДІ АНЫҚТАУ КЕРЕК"

Ал Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы орман шаруашылығы бөлімі басшысы Әлібек Жүсіпов Сара Назарбаева атындағы паркті құру жұмысы қалай жүріп жатқанын айтып берді.

Мен оларға парк орналасатын жерді және онда не істейтіндерін анықтау керек екенін ескертіп, жауап жаздым.

- "Тұрақты даму" қоры жазбаша өтініш берді. Облыс әкімі атына жазылған хат. Мен оларға парк орналасатын жерді және онда не істейтіндерін анықтау керек екенін ескертіп, жауап жаздым. Әзірге жер анықталмады. Олар «Ақкөл ауданы аумағында» деп жаза салған, дәл қай жер екенін көрсетпеген. Ненің қайда болатынын, шекарасын анықтасын. Мен қазір парктің қайда болатынын білмеймін. Ол орман алқабында бола ма, аудандағы басқа жерде бола ма - белгісіз, әзірге бәрі тек қағаз жүзінде болып жатыр, - деді ол.

Шенеуніктің әзірге тек өтініш түскені туралы сөзін облыстың табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары Неғметов Батырбек те растады. Ол «әзірге қағаз жүзінде бәрі» деп қысқа қайырды.

САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов Сара Назарбаеваның атындағы парк құрудан "[оғаш] ештеңе көрмейді". Оның пікірінше, "егер бір адамның атымен бір нысанды атап жатса, онда оның қандай да бір еңбегі бар болғаны".

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов.
Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов.

- Бұл жерден [оғаш] ештеңе көріп тұрғаным жоқ. Атын берсе, берген шығар - қалыпты нәрсе. Бізде жеке басқа табыну құбылысы жоқ деп ойлаймын. Жабық қоғам емеспіз. Интернет еркін, шекара ашық, қатаң цензура жоқ. Жеке басқа табыну деп Солтүстік Кореяны айтуға болады. Ол елде одан басқа ештеңе жоқ, бізде олай емес қой, - дейді ол.

Ал оппозициялық белсенді Жасарал Қуанышәлиннің пікірі Бөріхан Нұрмұхамедовтің ойына мүлде керісінше шықты:

- Бұл - Қазақстанды бір отбасының билеп-төстеп, әбден шектен шығып кеткенінің айқын белгісі. Мұндай нәрсе өзінен-өзі жасалмайды, жергілікті жерлерде адамдар өз бетімен ондай тірлік жасамайды. Нұсқау берілгеніне күмәнім жоқ, - дейді.

Ал саясаткер Әміржан Қосанов мұндай дәстүрдің президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басынан туыстарына көшіп жатқанын айтады.

Саясаткер Әміржан Қосанов.
Саясаткер Әміржан Қосанов.

- Өкінішке орай, мұндай дәстүрге құлағымыз да, көзіміз де үйреніп барады, бірақ енді бұған президенттің отбасы мүшелері де араласа бастады. Бұл демократиялық үрдіске қайшы құбылыс. Мұндай бастамалардың тарихи перспективада тағдыры қандай болады? Кейіннен келетін басшылардың мұндай қойылған аттарды алып тастайтынын біз кешегі Совет кезінде де, Түркіменстаннан да көрдік. Мұны біреулердің өздерінің бизнес шаруаларын, карьера мәселелерін шешу үшін жасайтын коньюнктуралық әрекеттері деп ойлаймын, - дейді саясаткер.

Сара Назарбаева соңғы кездері көп алдына сирек шығатын болған. Оның 2017 жылы шілденің 1-і күні Алматыда өткен "Өзін-өзі тану" рухани білім беру кеңесінің республикалық форумына қатысқаны хабарланған еді. Бұл пәннің авторы Сара Назарбаева екені жиі айтылады. Форумда сөз сөйлеген Сара Назарбаева аталған пәнді мектептер мен балбақшада ғана емес, енді университетке де енгізу қажеттігін айтқан. Сара Назарбаева туралы хабар оған дейін, яғни 2016 жылы желтоқсанда "Өзін-өзі тану" рухани білім беру кеңесінің тоғызыншы есеп беру кеңесіне қатысқанда тараған болатын.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз атын түрлі нысандарға беру үрдісі Қазақстанда бұрыннан бар. Мәселен Қазақстанда Назарбаев мектептері мен Назарбаев университеті жұмыс істейді. Жақында оның есімімен Астанадағы халықаралық әуежай аталды. Назарбаев атында одан басқа да ірілі-ұсақты нысандар бар. Алайда кейінгі кезде бұл үрдіс Назарбаевтың туыстарына да қатысты жасала бастағаны байқалады. Мәселен, Жамбыл облысы Қордай ауданы Қасық ауылының атауы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың анасының құрметіне "Әлжан ана" деп өзгертіліп жатыр.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG