Accessibility links

Қордай іргесіндегі ауылға Назарбаевтың анасының аты берілмек


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың анасымен түскен суреті.

Жамбыл облысы Қордай ауданы Қасық ауылының атауы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың анасының құрметіне "Әлжан ана" деп өзгертіліп жатыр. Жамбыл облысы мәслихатының қызметкері "ауыл атауын өзгерту туралы шешімді әділет департаментінде тіркеу жұмысы ғана қалғанын" айтады.

Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігінің ресми сайтына осы аудандағы Қасық ауылдық округінің атауын "Әлжан ана" деп өзгерту туралы тұрғындар жиынының хаттамасы шықты. Онда "Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы Жатқанбаева Әлжан Бұқарбаевнаның 1910 жылы Қасық ауылында молда отбасында туғаны" жазылған.

"ӘЛЖАН АНА ЕСІМІ БЕРІЛСЕ, БАҚЫТТЫ БОЛАР ЕДІМ"

Хаттамада жиналыста сөйлеген адамдардың сөздері берілген. Мәселен Тұрысбаев деген тұрғын "Бүкіләлемдік «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі, еліміздің қазіргі жетістіктері, халықтар достығы президенттің ерен еңбегінің арқасы. Халқымызға ұлы тұлғаны сыйға тартқан ананың атын ауылымызға беру идеясын қолдаймын" деген.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ата-анасымен түскен суреті. Жоғарғы қатарда: Назарбаевтың бауыры Қайрат Сатыбалды мен қарындасы Әнипа; ортаңғы қатарда: Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі, анасы Әлжан мен әкесі Әбіш.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ата-анасымен түскен суреті. Жоғарғы қатарда: Назарбаевтың бауыры Қайрат Сатыбалды мен қарындасы Әнипа; ортаңғы қатарда: Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі, анасы Әлжан мен әкесі Әбіш.

​Еділбаева деген тұрғын "Әлжан ананы білемін, ол кісінің есімін ауылымызға берсе, бақытты болар едім" деген. Қалбаев атты тұрғын "көпшіліктің ауыл атауын өзгерту идеясын қолдайтынын" айтқан.

Хаттамаға басқа да тұрғындардың қолдау сөздері тіркелген әрі жиналысқа келген 1306 адамның барлығы қолдап дауыс бергені, қалыс қалғандардың болмағаны жазылған. Хаттаманың соңында жиналыстың "Қасық ауылдық округіне кіретін Қасық ауылының атуын "Әлжан ана" деп өзгерту" туралы шешім қабылдағаны жазылған.

Осы құжаттан Қасық ауылында 776 үй бар екенін, 4370 адам тұратынын білуге болады. Жиналыс қыркүйек айының 9-ы күні өткен.

ӘДІЛЕТ ДЕПАРТАМЕНТІ ТІРКЕГЕН СОҢ ЖАРИЯЛАЙМЫЗ

Азаттық тілшісі Жамбыл облыстың мәслихатына хабарласқан еді. Аты-жөнін айтудан бас тартқан, бірақ өзінің депутат емес, мәслихат қызметкері ретінде таныстырған әйел адам Қасық ауылының атауын өзгерту туралы шешімді тек әділет жүйесінде тіркеу ғана қалғанын айтады.

- Кеше 28 депутат қатысқан мәслихат сессиясында қаралды, депутаттардың барлығы Қасық ауылының атауын өзгертуді қолдап дауыс берді. Бірақ бұл мәселе бүгін не кеше көтерілген емес. Бірінші ауылдық округ адамдары ұсыныспен ауыл әкіміне барады, сосын олар бірнеше жиналыс өткізеді. Оны ономастика комиссиясы құптауы керек. Одан аудан мәслихаты қарайды. Аудан мәслихатынан кейін облыс әкіміне ұсыныс жасалады. Әкім ол хатты қарап, қаулы қабылдайды, соны бізге (облыстық мәслихатты айтады - ред.) береді, - дейді.

Мәслихат қызметкері мұның "халық пікірін ескере отырып қабылданған шешім" екенін айтады.

Менде қазір 114 бет негіздеме жатыр, ауылдық округтің барлық тұрғындарының қолы бар. Бір отбасынан пәленше адамнан, бәрінің қолын жинаған.

- Менде қазір 114 бет негіздеме жатыр, ауылдық округтің барлық тұрғындарының қолы бар. Бір отбасынан пәленше адамнан, бәрінің қолын жинаған. Онсыз олар істей алмайды оны, - дейді аты-жөнін айтқысы келмеген облыстық мәслихаттың қызметкері.

- Шешім әлі әділет департаментіне апарылған жоқ. Әзірге ауыл Қасық деп атала береді. Ол шешім - әкімдік пен мәслихаттың бірлескен шешімі, шешім газетке жарияланғаннан 10 күннен кейін күшіне енеді. Бірақ юстиция (әділет департаменті - ред.) әлі тіркеген жоқ, тіркемей біз оны газетке жарияламаймыз, - деді.​

Ал 2015 жылдан бері Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты болып келе жатқан Ерболат Саурықов:

- Мен қолдадым. Дұрыс деп ойлаймын. Біздің президенттей адамды дүниеге әкелген адам атын беруге лайық. Егер әрбір ана сондай ұл туса, бізде шынымен өркениет болар еді, - дейді.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ БАСҚА МЫСАЛДАР

Орталық Азия елдерінде мемлекет басшыларының туыстарын дәріптеу дәстүрге айналып үлгерді. Соның ішінде олардың ата-анасын мадақтаудың түрлі мысалдары бар. Мәселен Түркіменстанның тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязовтың анасының атында орден болған.

"Гурбансолтан-эдже" ордені әйелдерге ғылым, мәдениет, әдебиет және спорт саласындағы жетістіктері үшін берілетін болған. Сапармұрат Ниязов орденмен тоқтамаған еді. 2002 жылы ол Түркіменстанның жаңа күнтізбесін енгізіп, ол күнтізбеде сәуір айының атауы өзгертілген болатын. Бұл айға Ниязовтың анасының аты беріліп, "Гурбансолтан-эдже" деп аталған.

Кейіннен бұл елге жаңа президент келгенде әлгі орден жойылған. Есесіне жаңа басшы Гурбангулы Бердімұхаммедов анасын мадақтайтын ән шығарып, танымал түркімен әншісі Сахидарсун Ходжакова орындайтын ән мемлекеттік телеарнадан көрсетіліп жүр.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG