Accessibility links

Әуежайға Қонаевтың атын беруді сұраған петиция ашылмайды


Қазақстан орталық комитеті бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев (оң жақта) пен Қазақ ССР министрлер кеңесі төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Астананың әуе айлағының атауын «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» өзгерткен соң қоғамда Алматы әуежайын Қазақстанды советтік кезеңде басқарған Дінмұхаммед Қонаев атымен атауға қатысты бастама пайда болды. Алайда біраз уақыттан соң петиция жарияланған сайтқа кіру қиындады. Ақпарат және коммуникация министрі бастама туралы білмейтінін және оны блоктау туралы естімегенін айтты.

Шетелде өз еркімен қуғында жүрген оппозициялық саясаткер Ержан Досмұхамедов советтік Қазақстанның бұрынғы жетекшісі Дінмұхамед Қонаевтың атын Алматы әуежайына беру туралы науқан бастап, петицияға қол жинамақ болды. Петиция мәтінін ол Facebook парақшасы мен Change.org сайтына жариялады.

Оның бастамасы қоғам назарын аударды. Алайда пайдаланушылар Қазақстандағы Change.org сайтына кіру қиындағанын айтады, парақша ашылмай қалған. Ержан Досмұхаммедовтың петициясына 30-ға жуық адам ғана қол қойып үлгерген.

Қонаевтың саяси тұлғасы мен рөліне сынмен қарайтын кейбір сарапшылардың пікірі бастаманы қолдаушылар пікірімен үйлеспейді.

«ЛАЙКТАР» МЕН АСТАНАДАҒЫ ТЫНЫШТЫҚ

Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған петициясында Ержан Досмұхамедов одан «Димаш Ахметұлының тәрбиеленушісі әрі тағдырдың қалауымен заманауи Қазақстанның жетекшісіне айналған адам ретінде жалпыұлттық бастаманы қолдап, Дінмұхаммед Қонаевтың атын Алматы халықаралық әуежайына беру рәсімін өзі бастауды» сұрайды.

Досмұхамедов Қонаевтың «тарихи еңбегі», «басқарушылық және саяси таланты», «өте қарапайымдылығы мен адалдығы», «жоғары этикалық қасиеттері» туралы айтып, Алматының дамуына өлшеусіз үлес қосқанын ескертеді.

Ержан Досмұхамедовтің Facebook парақшасындағы петиция мәтіні салынған жазбасына мыңдаған пайдаланушы «лайк» басты, 320 астам адам хабарламамен бөлісті, 200 астам адам қолдаған пікір жазды. Дінмұхаммед Қонаев тәрізді тарихи тұлғаға әуежайдың атын беру азшылық етеді деп санайтындар да бар.

Дінмұхаммед Қонаев (оң жақтан бірінші) қарсы алушы адамның қолын алып жатыр. Оң жақтан екінші тұрған - Нұрсұлтан Назарбаев.
Дінмұхаммед Қонаев (оң жақтан бірінші) қарсы алушы адамның қолын алып жатыр. Оң жақтан екінші тұрған - Нұрсұлтан Назарбаев.

Оппозициялық саясаткер Досмұхамедовтің бастамасына Ақорданың қалай қарайтыны белгісіз. Астанадағы Азаттық тілшісі ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтан Алматы әуежайының атын өзгерту мен петициясы бар сайтты құлыптау туралы сұрады.

- Ештеңе білмейді екенмін. Бірінші рет естіп тұрмын, - деді Дәурен Абаев маусымның 27-сі күні парламент дәлізінде.

Астана әуежайының атауын өзгерткен соң Алматы халықаралық әуежайына Қонаевтың есімін беру туралы тележүргізуші әрі продюсер Әділ Лиян да Instagram парақшасына жазған болатын: «Онда #Алматыдағы әуежайды Д.А.Қонаев атымен атау керек. Оның туғанына 105 жыл өтіпті. Ыңғайы келіп тұр. Не ойлайсыздар?» деп жазған еді Лиян.

Әділ Лиянның ұсынысы бір жарым мыңнан астам «лайк» жинады. Азаттық тілшісімен Facebook арқылы сөйлескенде Лиян бастамасы үшін қысым көрмегенін айтты. Бірақ ол Досмұхамедовтің петициясы салынған сайттың ашылмай тұрғанына таңданбайды. Лиянның айтуынша, басқаша болуы мүмкін емес.

Астана әуежайы.
Астана әуежайы.

Сhange.org сайтына кірудің қиындығы туралы қазақстандықтар бұрын да айтатын. Өткен жылдың тамызында қазақстандық интернет пайдаланушылар сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімовтің (қазіргі ҰҚК төрағасы) отставкаға кетуін талап еткен петицияны салғанда сайттың құлыпталып қалғанын айтқан еді. 2014 жылы теңге бір сәтте арзандап кеткенде Нұрсұлтан Назарбаевқа импичмент жариялау туралы хатқа қол жинағанда Аvaaz.org сайтына кіру мүмкін болмай қалды.

ВИДЕО: Әуежайға Назарбаев есімін беру туралы астаналықтар пікірі

ҚОНАЕВ ПЕН НАЗАРБАЕВТЫ САЛЫСТЫРУ ОРЫНДЫ МА?

Астанадағы халықаралық әуежайдың атауын үкімет қаулысымен маусымның 21-і өзгертті.

Оқи отырыңыз: Астана әуежайына Назарбаев есімін беруді сынайтындар да, қолдайтындар да бар

Осыдан соң әлеуметтік желілерде Дінмұхаммед Қонаевты Нұрсұлтан Назарбаевпен салыстыра бастады. Ең алдымен олардың Алматы мен Астананы дамытуға сіңірген еңбектері айтылды.

Сот шешімімен жабылған Қазақстанның коммунистік партиясының (оппозициялық ұйым болған – ред.) бұрынғы жетекшісі Серікболсын Әбділдин Азаттыққа берген сұхбатында мұндай салыстыруға түбегейлі қарсы екенін айтты. Әбділдиннің айтуынша, Қонаевтың атына әуежай беру оның мемлекетке сіңірген еңбегінің бір бөлігі ғана.

- Назарбаев осымен [өз құрметіне Астана әуежайын атауды айтады – авт.] тоқтамайды, — дейді Әбділдин.

Сот шешімімен жабылған Қазақстанның коммунистік партиясының бұрынғы жетекшісі Серікболсын Әбділдин.
Сот шешімімен жабылған Қазақстанның коммунистік партиясының бұрынғы жетекшісі Серікболсын Әбділдин.

Әбділдин Қонаевты да мінсіз басшы болды деуге болмайтынын, советтік кезеңнің партиялық жетекшісіне тән кемшіліктері болғанын айтты.

Қонаевты Назарбаевпен салыстыру мәселесіне құқық қорғаушы және журналист Сергей Дуванов басқа қырынан келеді. «Халықаралық Нұрсұлтан Назарбаев әуежайы – бұдан да атаусыз қалғаны жақсы еді!» атты Centre1.com сайтында маусымның 22-сі күні жарияланған мақаласында ол Астана әуежайына Назарбаевтың атын берген соң Алматы әуежайын Қонаевтың құрметіне атау туралы тақырып көтерілгенін айтады.

Вашингтон, Ататүрік, Петр Бірінші, де Голль мен Куан Ю сияқты тарихи тұлғалардың еңбегін атап өткен Дуванов Астана мен Алматы әуежайларының атауын өзгертуге үзілді-кесілді қарсы екенін жазады.

«Мезі қылған КПСС партиясының өкілі Қонаев бұл қатарға кірмейді. Қазақстан мемлекетінің әкесі болсам деген ниетіне қарамастан Назарбаев та ондай белеске көтерілмеді» деген Дуванов атауды өзгерту басқаларға еліктеуден туған ессіз әрекет дейді.

Журналист Сергей Дуванов.
Журналист Сергей Дуванов.

Қазір Қонаевты асыра дәріптейтіндер көп болса да, марқұм болған журналист Мадат Аққозин 2009 жылы Азаттыққа «Дінмұхамед Қонаев. Оның ел алдындағы жалған бейнесі көзі тірісінде қалыптасқан еді» деген мақала жариялап, басқаша пікір айтқан еді.

Аққозиннің жазуынша, Қонаевтың билігі кезінде жазушы Әлжаппар Әбішевтің «Мансап пен ұждан» атты танымал пьесасы Әуезов театрында зор табысқа ие болады. Бірақ кейін көріністі сахнадан алып тастайды. Себебі пьеса кейіпкерлері «Басшы қандай дана болса да, жағымпаздар арасында өз қатесін көрмей қалуы мүмкін», «Аспан ашық, жол даңғыл. Бірақ рөлде мас жүргізуші отырғандай, үрейден қалтырап келеміз» деген сөздерді айтады.

Мадат Аққозин Дінмұхаммед Қонаевты саяси алаңнан қарсыластарын ығыстырды, оларды ұмыттырып жіберді деп сынайды. «Кейін Нұрсұлтан Назарбаев та сол әдісті үйренді» дейді автор. Аққозиннің жазуынша, қазіргі жемқорлық пен тамыр-таныстық Қонаев билігі кезінен бастау алады.

Музей-үйінде тұрған Қонаевтың портреттері.
Музей-үйінде тұрған Қонаевтың портреттері.

Дінмұхаммед Қонаев 1993 жылы Алматыда 82 жасында дүние салды. Ол советтік Қазақстанды 24 жыл басқарды. Балалары болмады. Қонаев атында Қазақстанда бірнеше жоғарғы оқу орындары, тау-кен ғылыми институты, түрлі елдімекендердегі көшелер бар. Өзі тұрған пәтері 2012 жылдан бастап Қонаев музейіне айналды.

Назарбаев атында мектеп пен университет бар. Қазақстанда бірінші президент музейі, кітапханасы, білім беру қоры жұмыс істейді, Бірінші президент саябағы бар, желтоқсанның 1-і Бірінші президент күні деп атап өтіледі.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG