Accessibility links

Азаптау, саяси тұтқындар мен цензура


Үкіметтің жер реформасына наразылық кезінде Алматының орталық алаңына бармақшы болған азаматтарды полиция ұстап жатыр. 21 мамыр, 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)
Үкіметтің жер реформасына наразылық кезінде Алматының орталық алаңына бармақшы болған азаматтарды полиция ұстап жатыр. 21 мамыр, 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

АҚШ үкіметі наурыздың 13-інде жариялаған Адам құқықтары туралы жылдық есепте Қазақстандағы саяси тұтқындар, сөз еркіндігін шектеу мен кәсіподақтар жайы сипатталады. Есепті таныстырған АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Шыңжаңда қамалған қазақтар жайлы да айтты.

АҚШ мемлекеттік департаменті жариялаған әлемдегі адам құқықтары туралы биылғы есептің кіріспесінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Вашингтонның адам құқықтарын, оның ішінде "діни сенім бостандығын, сөз еркіндігін және бейбіт жиын өткізу хақын сыйлайтын" және "адам өлтіру, азаптау, сот шешімінсіз ұзақ тергеу және қамауда ұстау" сияқты заңсыздыққа жол бермейтін елдермен "өте жақын, ұзақ мерзімді және жемісті" қарым-қатынас орнатқанын ескертеді.

Сәрсенбі күні Вашингтондағы баспасөз мәслихатында есепті таныстырған Помпео Шыңжаңдағы қазақтар туралы да айтты.

- Қытай да адам құқықтарын бұзуға келгенде ерекше көзге түсіп тұр. 2018 жылы Қытай мұсылман азшылық топтарын қамау науқанын шырқау шегіне жеткізді. Қазір бір миллионнан астам ұйғыр, этникалық қазақ және өзге де мұсылмандар діни және этникалық сипаттарын жою үшін құрылған оқыту лагерьлерінде отыр, - деді ол.

Ал есептің Қазақстанға қатысты 44 беттік бөлімі елдің саяси құрылымын қысқаша сипаттаудан басталады. Биліктің үш тармағы түгел президентке бағынады деп көрсетілген елдегі негізгі сайлаулар "бәсекесіз өткені" баяндалады.

"Азаматтық билік қауіпсіздік күштерін бақылаудан шығармай басқарып отыр" деген сөйлемнен соң елдегі адам құқықтарын бұзу әрекеттері суреттеледі.

Құжатта: "[Қазақстандағы] адам құқықтарына қатысты мәселелерге азаптау, саяси тұтқындар, цензура, вебсайт бұғаттау, жала жабуды қылмысқа теңеу, діни сенімді шектеу, бейбіт жиын өткізу мен бірлестік құру хақына араласу, саяси қозғалысқа қатысу құқын шектеу, жемқорлық пен тәуелсіз кәсіподақ ұйымдарын шектеу жатады" деп жазылған.

2018 жылы болған наразылықтар мен ұстаулар
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:14 0:00

Мемлекеттік департамент Қазақстан билігінің өзіне тиімсіз жоғары лауазымды шенеуніктерді жазалайтынын, жемқорлықтың кең жайылғанын, қызметте отырғандар мен үкіметпен байланысы күшті адамдардың жазаға тартылмайтынын атап өтеді.

АҚШ үкіметінің есебінде Қазақстандағы адам құқықтарын бұзу үрдісі жеті тарауға жіктелген:

  • Жеке адамның бостандығы;
  • Азаматтық еркіндік;
  • Саяси процеске қатысу еркіндігі;
  • Үкіметтегі жемқорлық;
  • Халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың адам құқықтарын бұзу шағымдарын тексеруіне үкіметтің көзқарасы;
  • Кемсіту, әлеуметтік қорлық пен адам ұрлау;
  • Жұмысшылар құқықтары.

"ТҮРМЕЛЕРГЕ ТӘУЕЛСІЗ МОНИТОРИНГ ЖАСАЛҒАН ЖОҚ"

Алғашқы тарауда адам өлтіру және азаптау айыбымен сотталған билік өкілдері ретінде теміртаулық полицей Нұрсейіт Қалдыбаевтың, Шахтинск түрмесінің бастығы Бауырбек Шотаев пен қызметкері Виталий Зарецкийдің қалай жауапқа тартылғаны жазылған. Үстіртте әскери борышын өтеп жүріп қаза болған 21 жастағы Бақытбек Мырзамбековтің өлімі де әскердегі зорлық-зомбылықтың ықтимал мысалы ретінде көрсетіледі.

Құжатқа сәйкес 2018 жылы Қазақстанда саяси себеппен адам жоғалмаған.

Бұдан кейін Қазақстан үкіметінің түрмедегі азаптау мен сот шешімінсіз қамау сияқты заңсыздықтарға жол бермеу механизмін қалай құрып жатқаны баяндалған. Есеп авторлары "бақылаушыларға" сілтеме жасай отырып, Ұлттық азаптауға қарсы механизм өкілдерінің және уақытша қамау орындарындағы қызметкерлердің біліксіз екенін, полиция бөлімшелеріндегі зорлық-зомбылық тоқтамағанын жазады. Осы тарауда: "[Былтыр Қазақстан] түрмелерінде бір де бір тәуелсіз халықаралық мониторинг жасалған жоқ" деген жолдар ұшырасады.

Түрмедегі азаптау мәселесін көтеріп, ұзақ уақыт түрмеде отырған диссидент ақын Арон Атабектің қиын жағдайына назар аудартқан соң үстінен іс қозғалған павлодарлық құқық қорғаушы Елена Семенова да мемлекеттік департамент назарынан тыс қалмаған.

"Үкімет саяси қарсыластары мен сынаушыларды кейде рұқсат етілмеген жиын өткізді деген сияқты ұсақ заңбұзушылық үшін жиі қамап, айыппұл салды, тіпті әкімшілік жаза ретінде 10 күнге қамады" деп жазады есеп авторлары.

Ал заңның орындалуын қадағалаушы органдардың бірін былай сынайды: "Сот жүйесін жемқорлық жайлаған. Тиімді сот шешімін шығарып алу үшін пара мен оқта-текте төлемақы тұрақты түрде беріліп жатты".

Саяси тұтқындар ретінде "әлеуметтік араздық қоздырды" деген айыппен сотталған атыраулық белсенді Макс Боқаев, үйқамақтағы шымкенттік кәсіподақ белсендісі Лариса Харькова мен былтыр түрме жазасына кесілген кәсіпкер Ескендір Ерімбетов көрсетілген.

СӨЗ БОСТАНДЫҒЫН ШЕКТЕУ

Мемлекеттік департамент Қазақстан билігінің былтыр "әлеуметтік төтенше жағдай" деген себеппен қажет кезде ақпарат құралдарының хабарларын бір тәулік бұрын тексеру құзыретіне ие болғанына назар аударады. "Журналистер мен медиа ұйымдар үкіметтің қысымынан қашып, онсыз да ішкі цензураға көшіп алған кезде" шектеудің күшейе түскеніне меңзейді.

Ratel.kz вебсайтының жабылуы мен блогер Ардақ Әшімнің сотталуы мысал ретінде енген.

Құжатта: "Медиа ұйымдардың меншік иелері туралы ақпараттың жабықтығы мен көптеген БАҚ-тың хабар тарату үшін үкіметтің тапсырысына тәуелді болып отырғаны - зор мәселе" деп жазылған.

Есеп авторлары былтыр Ақпарат және коммуникация министрлігін мемлекеттік тапсырыс туралы ақпаратты жариялауға міндеттеуді сұрап сотқа жүгінген Астанадағы "Правовой медиа-центр" ұйымының жеңіліп қалғанын баяндаған.

Оралдық "Уральская неделя" газетінің YouTube парақшасындағы видеосына жазылған көрермен комменті үшін полицияның тергеуі мен тінтуіне ұшырағаны да қалыс қалмаған. Telegram чатындағы коммент үшін сотталған ақтаулық Абловас Жұмаев пен сотқа тартылған әйелі Айгүл Ақбердиеваның жайы да сипатталған.

Билік өкілдеріне жала жабуды қылмыстық әрекет ретінде қарастырып, көлемді айыппұл салатын немесе түрме жазасына тартатын жаңа заң нормасы да атап көрсетілген.

Есепке сәйкес, "журналистер мен адам құқығын қорғаушы белсенділер бұл заң үкіметтің журналистік зерттеуді шектеу мүмкіндігін күшейтеді деп қауіптенген".

Қазақстан азаматтарының бейбіт жиын өткізу мен саяси процеске қатысу құқықтарының бұзылу мысалы ретінде тыйым салынған ҚДТ қозғалысының наразылық акциясы туралы бастамасын қолдап көшеге шыққан ондаған тұрғынның былтыр жаппай ұсталғаны да есепке кірген.

Полицейлер наразылыққа келген азаматтарды ұстап алып бара жатыр. Алматы, 23 маусым 2018 жыл.
Полицейлер наразылыққа келген азаматтарды ұстап алып бара жатыр. Алматы, 23 маусым 2018 жыл.

Қазақстандық әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жұмыс орнындағы сексуалдық қорлауға ұшырау мәселесі де өзекті күйі қалғаны атап өтілген. Елде мүгедек адамдар мен психиатриялық емдеу орындарындағы пациенттердің құқықтары жаппай бұзылатыны да назарға ілінген.

Құжаттың соңғы бөлігі Қазақстандағы жұмысшылар құқығын қорғау және тәуелсіз кәсіподақ құру мәселелерін қамтыған.

1977 жылдан бастап жарияланып келе жатқан АҚШ үкіметінің әлемдегі адам құқықтары туралы есебін Мемлекеттік департаментке қарасты Демократия, адам құқықтары мен еңбек бюросы әзірлейді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG