Accessibility links

БҰҰ-ның жұмыс тобы Ерімбетов ісіне қатысты шешім шығарды


Ескендір Ерімбетов өзіне қатысты іс бойынша сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 22 қазан 2018 жыл
Ескендір Ерімбетов өзіне қатысты іс бойынша сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 22 қазан 2018 жыл

“Қаржы алаяқтығы" айыбымен жеті жылға сотталған кәсіпкер Ескендір Ерімбетовтің ісін қараған БҰҰ-ның жұмыс тобы оның "заңсыз қамалғанын" айтып, дереу босатуды талап еткен. Бұл жайлы кәсіпкердің туыстары мен адвокаты хабарлады.

Адвокат Джаред Генсер 11 желтоқсанда жариялаған баспасөз мәлімдемесінде жұмыс тобының шешімінен былайша үзінді келтірген.

"Ескендір Ерімбетовтің бас бостандығынан айрылуы Жалпыға бірдей адам құқығы декларациясының 3, 9, 10 баптары мен Азаматтық және саяси құқық бойынша халықаралық пактінің 9,14 баптарын бұзып, бірінші және үшінші категорияға жататын заңбұзушылық болып саналады...Істің жай-жапсарына назар аударған жұмыс тобының пікірінше, Ерімбетов мырзаны шұғыл босатып, оған халықаралық құқыққа сәйкес өтемақы немесе оның өзге де түрлері қамтамасыз етілуі тиіс".

Бұл жайлы Facebook-та хабарлаған кәсіпкер Ерімбетовтің қарындасы заңгер Ботагөз Жәрдемәлінің айтуынша, бірінші категорияға “құқықтық негізсіз қамалу" істері жатады. Ал үшінші категорияға әділ сотқа қатысты құқықтары толық немесе жартылай бұзылған істер кіреді.

Сәуір айында Ескендір Ерімбетовтің адвокаты Джаред Генсер БҰҰ-ның еркінен тыс қамау бойынша жұмыс тобына өтініш түсіріп, Ерімбетовтің заңсыз қамалуын зерттеуді сұраған. Адвокат өтінішінде Ерімбетовті қамау кезінде оның құқықтары өрескел бұзылғанын, қоқан-лоқы жасалғанын, азапталғанын, соққыға жығылғанын, адвокатсыз тергеуге алынғанын айтқан. Генсер Ерімбетов ісінің саяси астары барын, оның билік оппоненті Мұхтар Әблязов пен Ақорда арасындағы тартыстың тұтқынына айналғанын жазған. Өтінішті қараған БҰҰ-ның адам құқығы кеңесінің жұмыс тобы 20 қарашада шешім шығарған. Бірақ шешімнің жазбаша нұсқасы енді ғана кәсіпкердің туыстарына жеткен.

БҰҰ Адам құқығы кеңесінің шешімі деп көрсетілген 18 беттік құжатта Ерімбетовтің ұсталуы, азапталуы, оған күш қолдануы сияқты заңсыз әрекеттер баяндалған.

22 қазан күні Алматы соты Ерімбетовті "ірі көлемде қаржы жымқырды" деп айыптап, жеті жылға соттаған. Бұл іс бойынша Sky Service компаниясының бұрынғы президенті Михаил Зоров үш жыл шартты мерзімге сотталған. Sky Service компаниясы директорлар кеңесінің бұрынғы басшысы Дмитрий Пестов пен компания директорлар кеңесінің бұрынғы мүшесі Василина Соколенко төрт жыл екі айға сотталған.

Қараша айында Норвегия Хельсинки комитеті ұйымы Қазақстан билігін қазақстандық бизнесмен Ескендір Ерімбетовті және онымен бірге сотталған басқа да адамдарды дереу босатуға шақырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG