Accessibility links

Құқық қорғаушылар "Ерімбетов ісі" бойынша сот процесіне наразы


Ескендір Ерімбетов сот процесінде. 18 шілде 2018 жыл

Кәсіпкер Ескендір Ерімбетов пен бір топ адамға қатысты "алаяқтық" ісін бақылаған құқық қорғаушылар сот процесінің әділетсіз өткенін айтады.

БІР КҮНДЕ ӨТКЕН ЖАРЫССӨЗ, СОҢҒЫ СӨЗ ЖӘНЕ ҮКІМ

22 қазанда Алматының Медеу аудандық соты кәсіпкер Ескендір Ерібетовті "аса ірі көлемде қаржылық алаяқтық" жасады деп айыптап, жеті жыл түрмеге қамау туралы үкім шығарды.

Sky Service компаниясының бұрынғы президенті Михаил Зоров шартты түрде үш жылға сотталды. Sky Service компаниясының директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Дмитрий Пестов пен сол компанияның директорлар кеңесінің бұрынғы мүшесі Василина Соколенко әрқайсысы 4 жыл 2 айға сотталды.

Мамырдың 4-інен бастап осы уақытқа дейін үйқамақта болған Дмитрий Пестов пен Василина Соколенко үйқамақтан тергеу абақтысына ауыстырылды. Михаил Зоров болса, үйқамақтан босатылды. Ескендір Ерімбетов сол қалпы қамауда қалды.

Кәсіпкер Ескендір Ерімбетов сот үкімі оқылып жатқан сәтте. Алматы, 22 қазан 2018 жыл
Кәсіпкер Ескендір Ерімбетов сот үкімі оқылып жатқан сәтте. Алматы, 22 қазан 2018 жыл

Үкім оқылған соң айдауылдар Ескендір Ерімбетов, Дмитрий Пестов пен Василина Соколенкоға кісен салып, залдан шығара бастады. Осы кезде шу көтерілді. Бірнеше әйел еңіреп жылады. Ескендір Ерімбетовтың бір туысы басын қолымен ұстап, есеңгіреп қалды. Үкім оқыған кезде оның қан қысымы көтерілген екен, ары қарай тыңдауға шамасы жетпепті.

Дмитрий Пестовтың анасы баласынан ажырағысы келмей, оны құшақтап алды. Василина Соколенко сабыр сақтауға тырысты, бірақ жүзінен мұның оңайға түспегені байқалады. Ескендір Ерімбетовті қолдап келген ондаған адам "Судья Шәкіров – масқара!", "Ескендірге бостандық!", "Михаилға бостандық!", "Василинаға бостандық!" деп айғайлады. Қарапайым адамдар сияқты киінген біреулер жағдайды қызметтік камераға мұқият түсіріп жатты.

Үкім оқылған соң Дмитрий Пестовтың анасы ұлын құшақтап, қоштасып тұр. Алматы, 22 қазан 2018 жыл
Үкім оқылған соң Дмитрий Пестовтың анасы ұлын құшақтап, қоштасып тұр. Алматы, 22 қазан 2018 жыл

Кенеттен Ескендір Ерімбетовтің әйелі Мәдина Ерімбетова есінен танып құлады. Жедел жәрдем шақырды, біреудің қалтасынан валидол табылып, Ерімбетованың әзер дегенде есін жидырды. Оны үйіне алып кетті. Жедел жәрдем 40 минуттан соң келді. Алайда кезекші күзетшілер дәрігерлерді кері қайтарды.

Сот үкімі ғимараттағы ең үлкен сот залында оқылды, оған қылмыстық істер жөніндегі үш сот: Бостандық және Медеу ауданы соттары мен Алматы қаласының қылмыстық істері жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты орналасқан. Соның өзінде үкімді естуге келгендер залға сыймады. Бұл күні күштік құрылым өкілдері – ІІМ арнайы жасағы да көп болды, олар сот ғимараты мен полиция автобусында болды.

ӘКЕСІ МЕН ҰЛЫ

Ескендір Ерімбетов процестегі негізгі айыпталушы саналады, процессуалды прокурор Еркін Баймағамбетов оны солай атады. Ескендір Ерімбетов пен қорғаушылары прокурор оқыған айыптау актісінің түсініксіз тұстары көп екенін айтады.

Ескендір Ерімбетовтың әкесі Мырзахан Ерімбетов сот үкімінен соң. Алматы, 22 қазан 2018 жыл
Ескендір Ерімбетовтың әкесі Мырзахан Ерімбетов сот үкімінен соң. Алматы, 22 қазан 2018 жыл

Сот процесі басталған кезде прокурор Шамои айыптау актісін оқыған соң судья Шакиров Ескендір Ерімбетовтен "тағылған айып түсінікті ме?" деп сұраған. Сотталушы Ерімбетов "тарифті заңсыз көтеру" мен айыптауға негіз болған өзге де экономикалық түсініктердің өзіне түсініксіз екенін айтқан еді.

Сол кезде осы айыптау актісін бекіткен процессуалды прокурор Баймағамбетовке назарымыз ауды. Бірақ Баймағамбетов сотталушының прокурорға сұрақ қоюға құқығы жоқ деген норманы желеу етіп, ештеңе түсіндірмеген.

Судья Шакиров бұл ұғымдардың өзіне де түсініксіз екенін, бірақ сот процесі оны анықтауға арналғанын жеткізген. Солайша судья Ерімбетовтың қорғаушыларының "түсініксіз ұғымдары бар айыптау актісін прокурорға қайтару керек" деген өтінішін қабылдамай тастаған.

"Математикалық логика" мамандығы бойынша математика факультетін бітірген Ескендір Ерімбетов процесс басталғаннан бастап пікірталасты логикалық деңгейге көтеруге тырысты. Оның адвокаты Жанар Балғабаева бірнеше рет қадап айтқандай, адам құқығы жөніндегі БҰҰ комитеті ережесі бойынша айыптаудың түсінікті болуы – соттың әділ өтуіне қажетті шарт, егер айыптау нақты болмаса, әділетті сот күту мүмкін емес.

Сот залына кірер кезде адамдар қысылысып, залға әрең кірді. Алматы, 22 қазан 2018 жыл
Сот залына кірер кезде адамдар қысылысып, залға әрең кірді. Алматы, 22 қазан 2018 жыл

Алайда Ескендір Ерімбетов сот процесі кезінде логикалық білімін толық пайдалана алмады. Кейбір жағдайда оны судья Шакиров сөйлетпеді. Ал кейбір кезде жәбірленушіні тергеген кезде куәгерлер мен сарапшылардың ешбірі даулы қаржы-экономикалық ұғымдарға анықтама бере алмады.

Жарыссөз кезінде адвокат Балғабаева айтқандай, сұрақтарға жауап берушілердің бірі тергеушілерге меңзеп, сол ұғымдарды тергеушілердің ойлап тапқанын, кейін оны өздеріне таңғанын айтты. Балғабаеваның пікірінше, басқалары бас-аяғы қиыспайтын бірдеңені айтқан, бұның бәрін "логикалық есуастық" десе болады.

Адвокаттың айтуынша, айыптауға негіз болған қаржы-экономикалық түсініктердің мәнін анықтау үшін тергеушілердің тергеуіне үміт артқан. Бірақ полковник Сергей Перов бастаған тергеу тобындағы он тергеушінің тек біреуін – Жандос Әріпті ұстау мүмкін болған.

- Тергеуші Жандос Әріп айды аспанға шығарды: қорғаушылар тарабы оның қойылған сауалға жауап бермей жатқанын айтқанда, "Мен осылай дедім, демек менікі жөн" деді, "логикалық есуастық" тұзағынан қашам деп, басқа тұзаққа түскенін байқамады, - деді сотта адвокат Жанар Балғабаева.

Келген азаматтар сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 22 қазан 2018
Келген азаматтар сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 22 қазан 2018

Бақылаушылардың айтуынша, қисынды сөйлеудің үлгісін қазанның 19-ынан 20-сына қараған түні сөйлеген Ескендір Ерімбетовтің әкесі әрі қоғамдық қорғаушысы Мырзахан Ерімбетов көрсетіпті, ол да ұлы сияқты математика маманы екен. Ол сол күні прокурор Тимур Шамои оқыған айыптаудың барлық ережелерін оқып шығып, әр тармағына қарсы пікір айтты. Оның бәрі біраз уақыт алды: Мырзахан Ерімбетов кешкі тоғызда бастаған сөзін түнгі бір жарымда бітірді.

Бақылаушылардың пікірінше, Мырзахан Ерімбетовтың сөзінен соң прокурор Шамои таққан айыптың өзін-өзі әшкерелеп тұрғаны белгілі болған - істі бұрмалаған және мазмұны сауатсыз құрастырылған.

Қазанның 22-сі күні сөйлеген сотталушы Ескендір Ерімбетов қорғаушылары сияқты қисынды сөйлеудің үлгісін көрсетер ме еді, бірақ судья Тәкен Шакиров оның сөйлеуіне жол бермеді.

Судья Ерімбетовтың сөзін бөліп, оның "тақырыпқа қатыссыз" сөйлегенін, жарыссөз кезінде айтылған нәрселерді қайталағанын ескертті. Бұған дейін – Ерімбетов ;жарыссөзде сөйлеген кезде - сотталушы 2017 жылдың қарашасынан қаңтардың 11-іне дейін қамауда отырғанда көрген азабы туралы айта бастағанда, қарындасы Ботагөз Жәрдемәлі мен Қазақстан билігін сынаушы Мұхтар Әблязовтың есімін атағанда судья оның сөзін жиі бөліп, сөйлетпеді.

Мұны 22 қазан күнгі жарыссөзге қатысқан The Economist, The Guardian және Eurasianet сайттарына жазатын журналист Джоанна Лиллис те Twitter желісінде жазды.

ҚАНДАЙ РЕЖИМДЕ САЯСАТ ПЕН ЛОГИКА СӘЙКЕСПЕЙДІ?

Ескендір Ерімбетовтің әкесі және қоғамдық қорғаушысы Мырзахан Ерімбетов үкім оқылған соң сотты "cаяси сот" деп атап, үкімге қарсы шағымдану қорғаушылардың ғана емес, олардың да "қасиетті міндеті" екенін айтты.

Сот отырысы мен үкімді америкалық Perseus Strategies заң фирмасының басшысы, құқық қорғаушы адвокат Джаред Генсер бақылады. Азаттық тілшісіне пікір білдірген Генсер судья Шакировтың "кәсіби еместігін" және "саяси тұрғыда бейтарап еместігін" атап өтті.

- Бұл сотты демократияны мазақтау десе болады. Үкім алдын-ала қабылданған сияқты. Мұндай іс-әрекеттің халықаралық салдары болады. Ішкі істер министрі Қасымовты, судьяны жауапкершілікке тартуға шақырамыз, - деді Джаред Генсер.

Сотқа келген журналист және құқық қорғаушы Сергей Дуванов. Алматы, 22 қазан 2018 жыл
Сотқа келген журналист және құқық қорғаушы Сергей Дуванов. Алматы, 22 қазан 2018 жыл

Ата-бабасы совет билігі кезінде кәсіпкер болғаны үшін зардап шеккен құқық қорғаушы әрі журналист Сергей Дувановтың айтуынша, нарықтық қарым-қатынасқа негізделген кез келген өркениетті мемлекетте мұндай "алаяқтық" туралы іс болмауы тиіс. Ал "Ескендір Ерімбетовті кәсіпкер болғаны үшін және кәсібін табысты жүргізгені үшін соттап жатыр" дейді Дуванов.

Бұл туралы сәуірде Алматыдағы уақытша қамау абақтысына келген Польша сейма депутаты Марчин Свенчицкий мен адам құқығы жөніндегі италиялық федерация президенті Антонио Станго да айтқан.

Сотқа келген азаматтық белсенді Владимир Козлов. Алматы, 22 қазан 2018 жыл
Сотқа келген азаматтық белсенді Владимир Козлов. Алматы, 22 қазан 2018 жыл

Азаматтық белсенді Владимир Козлов судья Тәкен Шакеновтың Ескендір Ерімбетовке жарыссөзде сөзін аяқтауға мүмкіндік бермегеніне қатты наразы.

– Мені соттаған кезде тараптар жарыссөзі кезінде судья уақытымды шектемеген еді, мен үш күн бойы сөйледім, - дейді Козлов алты жыл бұрын Ақтауда өткен сот процесін еске алып. Сол кезде Козловты "әлеуметтік алауыздық тудырды" деп 7 жыл 6 айға соттаған.

Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюро директоры Евгений Жовтис демократиялық мемлекетте мемлекетті басқару заң үстемдігіне (Rule of Law) негізделетінін айтады. Ал тоталитарлық елдерде заңның көмегімен (Rule by Law) басқарылады.

- Бұл кезде авторитарлық басшылар құқыққа ең жоғары мақсат ретінде ұмтылмайды, керісінше, құқықты өз саяси мақсаттарына пайдаланады дейді Жовтис.

Оның пікірінше, тоталитарлық, авторитарлық режимнен қисын іздеу бекершілік, адам құқығы, әділдік пен демократиялық құндылықтарды да таппайсыз, себебі олар құқықты өздерінің саяси істеріне лайықтауға тырысады. Жовтис Сауд Арабиясының журналист Хашогги ісіне байланысты түсініктеме беруі мен Қазақстан билігінің Ескендір Ерімбетов пен басқаларға қатысты сот процесіндегі әрекетін салыстырады.

АЗАПТАУ ТУРАЛЫ СӨЗ

Судья Тәкен Шакиров Ескендір Ерімбетов пен оның қорғаушыларына азаптау туралы айтқызбауға тырысса да, Ерімбетовтың анасы әрі қоғамдық қорғаушысы Ғайни Ерімбетова айтып берді.

Оның сөзіне сенсек, ұлына азаптау көрсеткені туралы шағымды тергеген Алматы қаласының арнайы прокуроры бұрын жедел тергеу тобында тергеуші болған. Сондықтан да арнайы прокурор азаптау фактісін анықтаудың орнына, азаптау туралы істі тезірек жабуға тырысқан.

Ғайни Ерімбетованың айтуынша, "ұлын қарындасы Ботагөз Жәрдемәліні Қазақстанға қайтарып, режимді сынаушы Мұхтар Әблязовқа қарсы түсініктеме беруге мәжбүрлеу үшін азаптаған".

Ескендір Ерімбетовтің әйелі әрі қоғамдық қорғаушысы Мәдина Ерімбетова тараптардың жарыссөзі кезінде тергеушілердің әрекеті өзін және балаларын азаптауға ұқсағанын айтты.

– Екі жастағы кішкене қызымыз әкесін білмейді, суретке қарап, сол суретті әкесі деп ойлайды, - деді Мәдина Ерімбетова.

Ескендір Ерімбетов судья Шакировтың сөзін жеті рет бөлгеніне қарамастан қамау абақтысындағы сұмдық азаптаулар туралы айтып үлгерді. Ескендір Ерімбетов пен оның қорғаушылары болған ата-анасының мәлімдеуінше, "алаяқтық" туралы істің қаржы-экономикалық негізі жоқ, қисынға салсақ ол үшін Қазақстанда кез келген кәсіпкерді соттауға болады, себебі кәсіпкерліктің мәні – пайда табу. Ал Ерімбетовты сол үшін соттап жатыр.

Қазанның 19-ы күні басталған тараптар жарыссөзінде прокурор Тимур Шамои Ескендір Ерімбетов пен оның қорғаушылары мәлімдеген азаптау туралы пікірді жоққа шығарды. Прокурордың айтуынша, азаптауға қатысты қылмыстық іс қозғалған, бірақ ол расталмағандықтан Алматы арнайы прокуроры істі жауып тастаған.

Пікірсайыс кезінде прокурор Шамои 47 жастағы Ескендір Ерімбетовтің, 47 жастағы Михаил Зоровтың, 43 жастағы Дмитрий Пестов пен 39 жастағы Василина Соколенконың алдын ала келісім бойынша, бөгденің мүлкін ұрлау және сенімін шектен тыс пайдалану сияқты алаяқтық жасағандарын, 2010-2017 жылдары тендер өткізген мемлекеттік кәсіпорындар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарына Sky Service авиациялық тасымалдау саласында көрсеткен қызмет бағасын асыра қойып, аса ірі мөлшерде қаржы алғаны толық дәлелденгенін айтты.

Судья Такен Шакиров сот үкімін оқып тұр. Алматы, 22 қазан 2018 жыл
Судья Такен Шакиров сот үкімін оқып тұр. Алматы, 22 қазан 2018 жыл

Айыптау жағы Ескендір Ерімбетовты 7 жылға соттауды сұраған. Sky Service компаниясының бұрынғы президенті Михаил Зоровқа прокурор шартты түрде бес жыл сұраған. Sky Service директорлар кеңесінің бұрынғы директоры Дмитрий Пестовты прокурор алты жыл бас бостандығынан айыруды, ал компания қызметкері Василина Соколенконы бес жылға соттауды сұраған. Прокурор Шамои Ерімбетов, Пестов пен Соколенконы "орташа қауіпсіздік мекемесі" - жалпы режим колониясында қамауды ұсынған.

Қазан айында сотталушылар Пестов пен Соколенко тергеу кезінде берген түсініктемелерінен бас тартып, тергеудің өздеріне қысым жасағанын айтқан еді. Олар өздеріне тағылған айыпты мойындамады. Михаил Зоров айыпты мойындады.

Ескендір Ерімбетов сот процесі кезінде де, тергеу кезінде де "алаяқтық" ісі бойынша тағылған айыптардың бәрін терістеді.

Айдауыл Василина Соколенконың қолына кісен салып, сот залынан әкетіп барады. Алматы, 22 қазан 2018 жыл
Айдауыл Василина Соколенконың қолына кісен салып, сот залынан әкетіп барады. Алматы, 22 қазан 2018 жыл

Ол істі "бұрмалау мен саяси астары бар" екені туралы мәлімдеді, билік өзін басқа іс бойынша – БТА банктен директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовтың командасы жымқырды десетін ақшаға қатысты айыбын мойындатуға тырысқандарын айтты. Ерімбетовтың қарындасы Бота Жәрдемәлі 2009 жылдан бері шетелде тұрған, Қазақстан билігін сынайтын Әблязовтың заңгері болып жұмыс істеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG