Accessibility links

"ҚДТ-чаты" үшін істі болған Ақбердиеваның соты басталды


Абловас Жұмаевтың әйелі Айгүл Ақбердиева (оң жақта) мен оның адвокаты Жанар Сүндетқалиева сотта отыр. Ақтау, 24 қыркүйек 2018 жыл.

Ақтау қалалық соты "билікті басып алуға шақырды" және "Қазақстан конституциялық құрылысын күштеп өзгертпек болды" деп айыпталған 38 жастағы Айгүл Ақбердиеваның ісін қарай бастады. Төрт күн бұрын оның күйеуі Абловас Жұмаев осы айыппен үш жылға сотталған.

Істі Ақтау қалалық сотының төрағасы Мәлік Кенжалиев қарап жатыр. Сот процесін Италия құқық қорғаушылар миссиясының өкілі Юрий Павишевский мен Қазақстандағы құқық қорғаушылар мен белсенділер коалициясының мүшесі Дарья Олжағалиева бақылап отыр.

Сотқа Айгүл Ақбердиеваның туыстарынан бөлек оны қолдау үшін Ақтау тұрғындары мен бірнеше Атырау қаласының тұрғындары да келді.

Судья сот процесіне қатысушылармен жеке-жеке танысып шықты да, Азаттық тілшісіне фото-видео түсіруге рұқсат берді.

ПРОКУРОРҒА ЖАСАЛҒАН ЕСКЕРТУ

Судья Мәлік Кенжалиев процестің орыс тілінде жүретінін хабарлап, залдағы қатысушыларға «орысшадан түсінбей жатсаңыздар орындарыңыздан тұрып сұрауларыңызға болады. Адам тағдыры шешіліп жатқандықтан ешқандай қысым болмайды» деп мәлімдеді.

Айгүл Ақбердиева соттан өзінің қылмыстық іспен таныспағандығын айтып, оның орыс тіліндегі көшірмесін, сот сараптамасының орыс тіліндегі нұсқасын беруді сұрады.

- Мен бұл процеске қарсы емеспін. Жуырда ғана күйеуімді үш жылға соттады. Оның әкесінің жерлеуі болды. Дайындала алмадым. [Отырысты] кейін қалдыруыңызды өтінемін. Тағы бір өтінішім, менің 13 жастағы қызым Жансая Қуандықтан да куәгер ретінде жауап алуыңызды сұраймын. Оның сөзінде менің алдағы тағдырыма әсер етеін мағлұматтар бар, -деді ол судьяға.

Адвокат Жанар Сүндетқалиева Ақбердиеваның сөзін толықтай қолдап, соттан қылмыстық істің орыс тіліндегі аудармаларымен танысуға рұқсат беруді сұрады.

Судья Мәлік Кенжалиев айыпталушының сот материалымен таныспағанын прокурор Ермек Нұрбергеновтің кемшілігі екенін айтып, прокурорға іс материалын дайындап беруді тапсырды.

- Бұл сіздің кемшілігіңіз, құрметті прокурор. Маңғыстау облыстық прокурорының орынбасары Дүйсекенов қол қоймас бұрын бұл кемшіліктердің бәрін жоюы керек еді. Бір әріптің өзін түрліше қабылдауға етуге болады. Материалды дайындап беріңіз, - деді судья.

Судья өтініштердің бәрін қанағаттандырып, сот процесі қазанның 1-і күні жалғасатыны хабарлады. Мәлік Кенжалиев сот залынан шығып бара жатып "адам тағдыры шешіліп жатқандықтан, бәрі заңға сай, объективті болуы керек" деді.

АҚБЕРДИЕВАҒА НАҚТЫ ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛҒАН?

Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің аға тергеушісі, капитан Нұрсұлтан Жамбаев жүргізген айыптау актісінде Айгүл Ақбердиева 2018 жылдың ақпан айында "Айкена", "Айкен", "Айгөлек" никтерімен Telegram желісіндегі "ДВК-актвист" тобына тіркеліп, "билікті құлатуға шақырған" бірнеше хабарлама жазғаны көрсетілген.

Айгүл Ақбердиева қатысты қылмыстық іс маусымның 26-сы күні қозғалған. Оның күйеуі Абловас Жұмаевты Ақтау қалалық соты қыркүйектің 20-cы күні рулық, әлеуметтік алауыздық тудырды», «билікті күштеп құлатпақ болды деген айыптарман үш жылға бас бостанлығынан айырған еді. Абловас Жұмаев өзі тағылған айыптарды мойындамаған. Абловас Жұмаев пен Айгүл Ақбердиеваның төрт баласы бар, кенжелері – екі жаста.

Ерлі-зайыпты Айгүл Ақбердиева мен Абловас Жұмаевтан өзге тағы бір Ақтау тұрғыны Жеңіс Бисенғазиев те Қылмыстық кодекстің "билікті басып алуға шақыру" бабы бойынша күдікке ілінген. Оған қатысты қылмыстық іс маусымның 26-сында қозғалған.

Наурыздың 13-інде Астана соты Бас прокуратураның арызы бойынша Мұхтар Әблязов басқаратын ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым” деп танып, қызметіне тыйым салған.

Сот ҚДТ материалдарын БАҚ, әлеуметтік желі, мессенджерлер мен сайттарда таратуға, қозғалыс қызметін құптайтынын білдіруге, оның ішінде әлеуметтік желілердегі жазбаларға "ұнату" белгісін басуға да тыйым салған. Тыйымнан соң елде "қозғалысты қолдады" деген бірнеше адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG