Accessibility links

Абловас Жұмаев соңғы сөзінде айыпты мойындамады


Абловас Жұмаев сот залында. Ақтау, 31 шілде 2018 жыл.
Абловас Жұмаев сот залында. Ақтау, 31 шілде 2018 жыл.

Ақтауда Тelegram мессенджеріндегі хабарламалары үшін сотта ісі қаралып жатқан Абловас Жұмаев соңғы сөзінде өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеді. Прокурор соттан Жұмаевты үш жарым жылға түрмеге қамауды сұрады.

Қыркүйектің 18-і күні Ақтау қаласының тұрғыны Абловас Жұмаевтың ісі бойынша сот отырысы судья Аралбай Нағашыбаевтың адвокаттардың өтініші қанағаттандырылмайтыны туралы сот қаулысын жария етумен басталды. Бірақ судья нақты қандай өтініш екенін және қандай негізде қабылданбайтынын айтпады.

Сот басталмас бұрын Абловас Жұмаевтың туыстары оған әкесінің қыркүйектің 17-сі күні кешкісін өмірден өткені туралы суық хабарды естіртті.

Адвокат Жанар Сүндетқалиева қорғауындағы Абловас Жұмаевтың әкесінің қазасына байланысты сот отырысын кейінге қалдыру туралы өтініш білдірді. Судья адвокаттың бұл өтінішін де қанағаттандырмады.

Бұдан соң сөз алған прокурор тергеу тобының айыптау қорытындысын құптап, Абловас Жұмаевтың "қылмыстық әрекеттері толық дәлелденгенін" айтып, судьядан сотталушыға 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Оның сөзінен соң сөз сұрап қол көтерген Абловас Жұмаев көзіне жас алып, ойын жинақтап алу үшін сот процесін кейінге шегеруді сұрады. Бірақ судья оның өтінішін қанағаттандырмады. Кейін адовкаттардың жарыссөздерінен соң қайта қол көтерген Жұмаев сотқа отырысты кейінге қалдыру туралы өтінішін тағы қайталады. Судья оны да елеусіз қалдырды.

Биылғы мамырдың 11-інен бері қамауда отырған 44 жастағы Жұмаевқа тергеру орындары Қазақстанда сот шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылып, қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының атынан Тelegram мессенджерінде ашылған чатта хабарламалар жазып, "әлеуметтік алауыздық қоздырды" және "билікті басып алуға шақырды" деген айыптар таққан. Жұмаевтан өзге күдікке оның 38 жастағы зайыбы Айгүл Ақбердиева мен Ақтау тұрғыны Жеңіс Бисенғазиев те ілінген. Оларға Қылмыстық кодекстің 179-бабының 1-2 тармағы бойынша ("билікті басып алуға шақыру") қылмыстық іс маусымның 26-сында қозғалған.

СОҢҒЫ СӨЗ

Түстен кейін қайта жалғасқан сот отырысында сөз алған Абловас Жұмаев өзін айыпты деп санамайтынын, оның жазған хабарламаларының "ұлттық, рулық алауыздық тудырады" деп саналатынын бірінші естіп тұрғанын айтты.

Абловас Жұмаевты сот залына әкеле жатыр. Ақтау, 12 қыркүйек 2018 жыл.
Абловас Жұмаевты сот залына әкеле жатыр. Ақтау, 12 қыркүйек 2018 жыл.

Жұмаев Тelegram мессенджеріндегі "ҚДТ" чатында "әдейі отырған арандатушылар көптігін", олардың кейбірі сот залында куә ретінде жауап бергенімен, жазаға тартылмағанын атап айтты. Жұмаев тінту кезіндегі видеоларды сот залында көрсеткен соң өзіне келген Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерінің "листовкаларды көшеден тауып алып, машинама салып қойдым деп айтшы" деп өтінгені туралы шағымы да ескерусіз қалғанын айтты.

- Менің үш қызым бар, үлкен ұлым осы залда отыр. Ол шетелге кеткісі келеді. Прокурор сөзінде "зайырлы мемлекетпіз" деді. Мен тұратын жерде жол жоқ, суды құдықтан ішеміз. Мен осы жағдайларды айттым. Ел наразы. Бірақ оны қара халық айта алмайды, қорқады. Сондықтан мен сияқты пікірін білдірген бір-екі адам жазаланды. Полицияның өзі жалақыларының аздығын айтады, - деді ол.

Осыдан кейін Жұмаев көп сөйлей алмады, көз жасын сүртіп, егіліп жылай берді. Судья Аралбай Нағашыбаев оған ойын айтып болса, соңғы сөз берілетінін хабарлап, "Не айтасыз?" деп сұрады.

- Мен өзіме тағылған бұл айыптардың бір де бірін жасағаным жоқ. Құран ұста десеңіз ұстайын. Мені тергеу кезінде ҰҚК департаменті қызметкері маған ауру әкемді алып келді. Әкем маған "мойындашы балам, бұлар жақсы әңігіме айтып жатқан жоқ, ертең сенің өліп, сүйегіңнің келетінін айтты" деген еді. Бұл үлкен кісіге оңай тимеді-ау деп санаймын. Сол менің әкеме соққы болды ма деп ойлаймын. Мен сізден тек әділдік сұраймын, - деді сотталушы дауысы дірілдеп.

АДВОКАТТЫҢ ПІКІРІ

Адвокат Жанар Сүндетқалиева әкесінің өлімі туралы хабардың Абловас Жұмаевқа өте ауыр тигенін айтып, судьяның сот отырысын бір күнге болсын кейінге қалдырмағанын "психологиялық қысым" ретінде қарастыруға болады деп санайды. Оның пайымдауынша, Жұмаев прокурор таққан айыптарды саралап, өзін ақтап, қарсы пікір айту үшін ойын жинақтай алмаған, ер адам болған соң эмоциясын да қатты білдірмей, іштей күйзелген.

Адвокат Жанар Сүндетқалиева. Ақтау, 14 тамыз 2018 жыл.
Адвокат Жанар Сүндетқалиева. Ақтау, 14 тамыз 2018 жыл.

- Заңға қайшы әрекеттер жасап, қылмыс жасайтын адамдар болады. Бірақ бұл басқа жағдай. Жұмаев жалақысы аз жұмыста істейді, әйелі үйде баламен отыр. Сондықтан да ол Тelegram мессенджеріндегі чатта талқыланып жатқан бағдарламаға қатысты пікірін айтқан. Халық болмаса билік те болмаушы еді. Неге біз биліктің дұрыс істемеген жерін айтпауымыз керек? Біз жақсы жалақы, жағдайды жақсартуды талап етуге құқымыз бар. Егер бұл билікке немесе құқық қорғау органына ұнамаса ол адамдарды қудалауға құқығы бар деген сөз емес, - деді адвокат Жанар Сүндетқалиева Азаттыққа.


Абловас Жұмаевқа сот үкімі қыркүйектің 20-сы күні шығуы тиіс.

Оның зайыбы Айгүл Ақбердиеваға қатысты Қылмыстық кодекстің 179-бабының 1-2 тармағы бойынша (билікті басып алуға шақыру) қозғалған іс қыркүйектің 24-інде қаралады.

Абловас Жұмаевтың ісі бойынша сот процесі шілденің 31-інде басталған. Бұған дейін адвокаттар Жұмаевтың өзіне, оның үйі мен көлігіне бірнеше тінтудің заңсыз жүргізілгенін, онда іске қатысы жоқ адамдардың болғанын алға тартып, тергеу ұсынған кей күмәнді дәлелдерді нақтылауды, Жұмаевтың Тelegram чатындағы хабарламаларына мамандардың қатысуымен кешенді филологиялық-психологиялық сараптама жасау қажеттігін және басқа да шағымдар айтып он шақты өтініш берген, екі рет сотты ауыстыруды талап еткен. Бірақ олардың өтініштерінің бірде бірі қанағаттандырылмады.

Өткен айда қазақстандық құқық қорғаушылар Абловас Жұмаевты басқа да сотталып жатқан саяси тұтқындар қатарына қосатындары туралы мәлімдеме жасаған. Билік тарапынан сотталушылардың бұл қоғамдық-саяси мәртебесі жайлы ешқандай түсінік берілмеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG