Accessibility links

"Өзгеше ойлайтындарды қудалау" және Назарбаев інісінің қымбат пәтері


Көк шар ұстаған ер адам полиция машинасының жанында тұр. Астана, 22 наурыз 2018 жыл.
Көк шар ұстаған ер адам полиция машинасының жанында тұр. Астана, 22 наурыз 2018 жыл.

Батыс баспасөзі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың Нью-Йорктегі қымбат пәтерін сатқаны туралы хабарлады. Бұған қоса, халықаралық басылымдар латын қарпіне көшудің құны мен көшеден көк шар ұстаған адамдарды ұстап әкету әрекеттерін жазды.

"ӨЗГЕШЕ ОЙЛАУ НЫШАНЫН БАСЫП-ЖАНШУ"

Ұлыбританиялық Economist журналы "Қазақстан билігі өзгеше ойлаудың болмашы белгілерінің өзін басып-жаншып тастайды. Бірақ билік 77 жастағы президент халықтың қолдауына ие деп мәлімдеуден танбайды" деген мақала жариялады. Мақалада наурыздың 22-сі күні Наурызды тойлау кезінде көк шар ұстаған адамдарды ұстау оқиғасы туралы жазған.

Видео: Көк шармен жүргендерді полиция ұстады. 22 наурыз 2018 жыл

Көк шармен жүргендерді полиция ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:01 0:00

"[Көк шар ұстап шыққандардың] қаншасы Әблязовтың үндеуіне құлақ асқаны белгісіз. Бірақ полиция оларды тергеуге шақыра салуды жөн көрген. Орталық Азиядағы мұнайға бай елді 30 жылға жуық басқарып отырған 77 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің автократиялық билігін айыптағанға төзбейді" деп жазған Economist.

Мақалада Қазақстан "алаяқтық жасады және ақша жымқырды" деп айыптайтын, ал өзі бұл айыптардың саяси астары бар деп сипаттайтын "қуғындағы олигарх Мұхтар Әблязовтің" тар жол, тайғақ кешуі жан-жақты сипатталған. Ол құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) саяси қозғалысы Қазақстанда "экстремистік" ұйым деп танылған.

"Қазақстанның ішіндегі ҚДТ жақтастарын билік қудалап отыр. Amnesty International ұйымы Ақмарал Тобылова деген келіншекті ар-ұждан тұтқыны деп жариялады. Аяғы ауыр Тобылова ҚДТ сайтын қарағаны үшін бір ай үй қамақта отырған. Енді оны "экстремистік топты қаржыландырды" деп айыптап жатыр. Әблязов билікті үнемі айыптағаны үшін елінде танымал, бірақ Қазақстанда оның үндеулерін шектеп тастаған" деп жазған Economist.

ЖАҢА ӘЛІПБИГЕ КӨШУ ҚҰНЫ ҚАНША?

Ұлыбританиялық BBC сайтында "Қазақстан әліпбиін кириллицадан Батыс елдері жақсы көретін әрі латын қарпіне негізделген стильге ауыстырып жатыр. Бұл өзгерістің құны қанша болмақ?" деген көлемді мақала шықты. Мақалада Қазақстанның мемлекеттік баспасөзінде жарияланған бұл процедураның құнына қатысты ресми деректер келтірілген. Оған сәйкес, билік жеті жыл ішінде 218 миллиард теңге (664 миллион доллар) бөлуді жоспарлайды. Бұл соманың шамамен 90 пайызы жаңа әліпби бойынша құрастырылатын білім бағдарламаларына жұмсалады деп хабарланады.

"Үкіметтің бұлынғыр жоспарының әсерінен экономистер үшін әліпби ауыстыру құнын дұрыс бағалау қиын болып тұр" деп жазған ВВС. Бұған қоса, мақала авторы әліпби ауыстырудың жанама шығындарына қатысты пікір жазған.

"Мысалы, төлқұжаттарды ауыстырып, үкімет құжаттарының бәрін қайта басып шығару және құжаттардың бәрін екі шрифтпен жариялау керек болады" деп жазады ВВС. Мақалада Алматыдағы "Қазақстанның экономикалық зерттеулер бюросы" директорының "латынға көшу жалпы құны - бір миллиард доллар" деген болжамын келтірген.

Америкалық Quartz жаңалықтар агенттігі "Қазақстанның әліпбиді ауыстыру жобасы құны - жүздеген миллион доллар" деген мақала жариялады. Бұл мақалада да жаңа әліпбидің ресми құны 218 миллиард теңге деп келтірілген (бірақ долларға шаққанда 670 миллион деп көрсеткен).

"Бұл өте көп ақша болып көрінуі мүмкін. Бірақ мұндай ауқымды өзгеріс енгізу үшін бүкіл халық балабақшаға қайта баруы керек. Егер сіздерге енді "g" әрпінің орнына кириллицадағы "г" әрпі деп жазасыңдар десе не болар еді, елестетіңіздерші. Бұл жобаны біраз түзету қажет. Құйылған инвестиция өз-өзін ақтауы да, ақтамауы да мүмкін. Қалай болғанда да, бұл жоба әлемде жазу-сызудың қаншалықты тереңдеп енгенін және оны өзгерту қаншалықты қымбатқа түсетінін көрсетеді" деп жазған Quartz.

НАЗАРБАЕВТЫҢ ІНІСІ "ТӨРТ МИЛЛИОН ЖОҒАЛТТЫ"

Америкалық The Real Deal жылжымайтын мүлік саласындағы жаңалықтар агенттігінің сайты "Қазақстан президентінің інісі Plaza Hotel-дегі пәтерін сатты" деген мақала шығарды. Мақалада Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев Нью-Йорктегі төрт жатын бөлмесі бар қымбат пәтерін 14 миллион долларға сатқанын хабарлаған. Аумағы 400 шаршы метрден асатын пәтер Нью-Йорктің орталық бағына жақын маңдағы Plaza Hotel жекежайының 18 қабатында орналасқан.

Нұрсұлтан Назарбаев ағасы Болат Назарбаевпен (оң жақ жанында) Алматы облысында жүр.
Нұрсұлтан Назарбаев ағасы Болат Назарбаевпен (оң жақ жанында) Алматы облысында жүр.

Болат Назарбаев оны 2008 жылы ақпанда, Майра Құрманғалиевамен отасып тұрғанда, 20 миллион долларға сатып алғаны хабарланған. Мақалада Майраның бірінші некеден туған ұлы Данияр 2011 жылы пәтерді өз атына жаздырғаны, бірақ 2014 жылы президенттің інісі онымен соттасып, пәтерді қайтарып алғаны айтылған. The Real Deal сайтының жазуынша, сатып алушы қолма-қол ақшамен есеп айырысқан. Меншік иесі туралы құжатта Plaza 1801, LLC деген заңды тұлға көрсетілген.

Болат Назарбаевтың қымбат пәтеріне қатысты New York Post газеті де жазды. Мақалада"Қазақстан президентінің інісі Plaza Hotel-дегі пәтерін сатып, төрт миллион доллардай жоғалтты" деген. Газеттің жазуынша, ас бөлмесі мен асханасы жеке, төбесі арнайы тапсырыспен жасалған шынымен сәнделген апартаменті сатып алушының кім екені - "жұмбақ".

ЧЕХИЯ МЕН ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КОМПАНИЯ

Ұлыбританиялық Financial Times газеті "CEFC-тің чехиялық активтерін қытайлық Citic сатып алып жатыр" деген мақала жариялады. Мақалада Қытайдың Citic Group конгломераты мен CEFC компаниясы чехиялық CEFC Europe энергетикалық және қаржы компаниясының 49 пайыз үлесін сату келісімі туралы жазылған. Басылым CEFC компаниясын "Шығыс Еуропадағы Қытай ықпалын білдіретін энергетикалық және қаржылық топ" деп көрсеткен.

"Citic Group компаниясының негізгі еншілесі саналатын Citic Resources компаниясы Қазақстандағы энергетикалық активтерін қайта құру үшін күрделі мәміле жүргізіп жатыр. Бұл елде компанияның бірнеше банкі бар және мұнай кенішіне мүдделі. Ал CEFC қазақстандық энергетика саласының алыбы "ҚазМұнайГаздан" Румыния, Франция және Шығыс Еуропадағы мұнайды қайта өңдейтін орындар мен жанар-жағармай желілерін сатып алуға келіскен" деп жазады Financial Times.

XS
SM
MD
LG