Accessibility links

Назарбаевтың демократияға бастар "өз жолы"


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев журналистерге сұхбат беріп тұр. Сочи. 12 қазан 2017 жыл

Батыс баспасөзі Астананың Citic Resources компаниясынан едәуір үлес сатып алып, "Самрұқ Қазына" қорындағы ұлттық компанияларды сату жоспарына және Назарбаевтың Қазақстанның демократияға баcтар "өз жолы" бары жайлы мәлімдемесіне қатысты комментарий жазған.

ҚАЗАҚСТАН ИНВЕСТОРЛАРДЫ ШЫҒЫСТАН ІЗДЕП ЖАТЫР

Ұлыбританиялық Financial Times газеті "Citic Resources Қазақстанға үлес сатуды жоспарлайды" деген мақаласында құнды қағаздары Гонконг биржасында сатылатын Citic Resources компаниясының акцияларының едәуір бөлігін "Пекиннің [Бір белдеу – бір жол] сауда және ынтымақтастық жобасында үлкен рөл ойнауға дайындалып жатқан" Қазақтанға сату жоспары туралы жазған.

Газеттің дереккөздеріне сілтеме жасап жазуынша, Қазақстан үкіметі энергетика саласындағы активтерін Қытайдың Citic Group халықаралық инвестициялық корпорациясы ірі құрылтайшысы болып қала беретін Citic Resources компаниясындағы үлеске күрделі жоспар арқылы айырбастауға дайындалып жатыр. "Қаражанбас кенішін барлау, өңдеу, өндіру және сату құқығы бар "Қаражанбас" акционерлік қоғамы солардың ішіндегі ең маңызды активтердің бірі болатын тәрізді. Қазір бұл ұйымда Қазақстан мен Citic Resources компаниясының 50 пайыздан үлесі бар. Мәміле талай айдан бері талқыланып жатыр әрі оны келер жылы отставкаға кетеді деп жоспарланған, бұған қоса, Citic Resources компаниясы Қытайдың негізгі халықаралық жобасының маңызды қатысушысы болғанын қалайтын [дереккөз ақпаратына сәйкес] Citic Group төрағасы Чжан Чжэньминь құптап отыр" делінген мақалада.

"Қаражанбасмұнай" компаниясының Ақтау қаласындағы кеңсесі
"Қаражанбасмұнай" компаниясының Ақтау қаласындағы кеңсесі

Ұлыбританиялық басылымның жазуынша, Citic Group – Қазақстанмен баяғыда тығыз байланыс орнатқан қомпания. Мысалы, жергілікті Halyk Bank өзінің еншілес банкі Altyn Bank-тегі 60 пайыздық үлесін Citic Bank Corp-ке сатуға келіскен. Айтпақшы, осы аптада Қазақстан лттық банкі China CITIC Bank Corporation Limited-ке Қазақстан президентінің ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаев жанама түрде иелік ететін Halyk Bank-тің "еншілесін" сатып алуға рұқсат берген.

Financial Times тығыз ынтымақтастықтың тағы бір мысалы ретінде Citic компаниясы мен Қазақстанның квазимемлекеттік саласын біріктіретін "Самрұқ Қазына" қорының еншілес компаниясы "Қазына Капитал Менеджмент" құрған Citic Kazyna Investment Fund қорын атаған. "Citic Kazyna Investment Fund көбінесе Қазақстан, Орталық Азия мен Қытайдағы инфрақұрылымдық жобалармен айналысады" деп жазған Financial Times.

Ұлыбританиялық Reuters жаңалықтар агенттігі сайты "Атқарушы директордың айтуынша, Ресейге қарсы санкциялар Қазақстанның ұлттық қорына әсер еткен жоқ" деген мақаласында "Самрұқ Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының стратегиялық даму жөніндегі басқарушы директоры Балжит Гревалдың сөздеріне қатысты комментарий жазған. Reuters дерегінше, ықтимал инвесторларға қордың компаниялары туралы айтып беру үшін Гревал осы аптада Шанхайға барған. Ол қордағы компанияларға Ресейге салынған санкциялардың зардабы тимейді деп мәлімдеген. Рубльдің долларға шаққандағы құны күрт құлдырағаннан кейін теңге үш пайызға арзандады.

ВИДЕО: Теңге бағамы құнсызданды (10 сәуір 2018 жыл)

Теңге бағамы құнсызданды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:13 0:00

Шикізат ресурстары бағасының арзандауынан зардап шеккен мұнайға бай Қазақстан 2021 жылға қарай экономикадағы мемлекет рөлін қысқартуды көздейтін амбициялық қадам – жекешелендіруге кірісті, деп жазған Reuters. Ақша табуға тырысып жатқан ел "Самрұқ Қазына" қорына тиесілі жүздеген – ең ұсақтарынан бастап "ҚазМұнайГаз" (ҚМГ), "Эйр Астана" әуе тасымалдаушысы тәрізді алыптарына дейін – компанияны бүтіндей немесе жарым-жартылай сатуды жоспарлайды делінген мақалада.

Reuters агенттігі "Самрұқ Қазына" қорының басқарушы директоры Балжит Гревалдің "Шикізат бағасы қазірдің өзінде қалпына келе бастады. Әсіресе Қытай, Азия, Сингапур сияқты елдерде Қазақстан мен Орталық Азияға қызығушылық өсіп келе жатқанын байқап отырмыз" деген сөзін келтірген.


Оның сөзінше, биыл Қазақстан экономикасы 4,5 пайыздан 4,8 пайызға дейін өсуі тиіс, ал Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасымен байланысты транспорт, логистика және инфрақұрылым сияқты салаларындағы өсім жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсімінен де жоғары болады деп болжанады.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДЕМОКРАТИЯҒА БАСТАР "ӨЗ ЖОЛЫ"

Латын Америкасында шығатын Latin American Herald Tribune онлайн-газеті "Назарбаев Қазақстанның демократияға абайлап бару жолын жақтайды" деген мақаласында Қазақстан президентінің сәуірдің 12-і күні Астанада өткен жиында сөйлеген сөзі туралы жазған. Әлгі жиында ол Қазақстан мен Батыс елдерінің арасындағы айырмашылықтар туралы айтып, "мың жылдық шаруаға бір күнде аттап кете алмаймыз ғой" деген болатын. Газет Назарбаевтың "Америка Құрама Штаттары құрылғалы 250 жыл болды. Осыдан 50 жыл бұрын ол жақта қара нәсілділер мен ақ нәсілділер бір автобусқа отыра алмайтын. Әйелдер сайлауға қатыспайтын. Мұны неге ұмытып кете бересіңдер?" деген сөзін келтірген.

ВИДЕО: Назарбаев демократия туралы тағы айтты (12 сәуір 2018 жыл)

Назарбаев демократия туралы тағы айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:41 0:00

Назарбаевтың сөзінше, Батыс оған "Америкадағы тәрізді демократия орнатыңдар" деп талай айтқан. Қазақстан президенті "Біз – қазақпыз, америкалық не неміс, я ағылшын емеспіз. Өз санасы, тарихы, тілі, діні және салт-дәстүрі бар халықпыз" деп мәлімдеген.

"Қазақ тіліне алғаш рет аударылған ғылыми терминдері бар бір топ оқулықтарды таныстыру кезінде Назарбаев елдің саяси жүйесі – өз отандастарының ерекшеліктерінің көрінісі деп мәлімдеді" деп жазған латынамерикалық басылым. Назарбаевтың айтуынша, Қазақстан өз жолымен келе жатыр, "бұл өркениет жолынан ауытқимыз дегенді білдірмейді" делінген мақалада.

Азаттық видеосы: Жүз кітап жиыны мақтауға ұласты (12 сәуір 2018 жыл)

Жүз кітап жиыны мақтауға ұласты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:39 0:00

Жапонияда шығатын Diplomat газеті "Орталық Азияның Өзбекстаннан өзге елдерінде демократиядан кері кету жалғасып келеді" деген мақаласында Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымының жыл сайынғы Nations in Transit есебіне қатысты комментарий жазған. Ұйым есебінше, биыл 29 елдің 19-ында демократияның құлдырауы байқалған. Бұл ұйым есебінің 23 жылдық тарихындағы ең үлкен сан.

"Қазақстанда демократиялық еркіндік деңгейі 6,71 пайызға дейін төмендегені тіркелді, бұл ішінара азаматтық қоғамдағы ахуалдың нашарлауы – белсенділерді, журналистерді, заңгерлерді, әлеуметтік желі қоланушылар мен діни қауымдарды қудалау мен сот жүйесіндегі жағымсыз өзгерістердің кесірінен болып отыр" деп жазған Diplomat.

ҚАЗАҚСТАН САУДА ЖЕҢІЛДІКТЕРІНЕН АЙЫРЫЛУЫ МҮМКІН БЕ?

Осы аптада бірнеше басылым АҚШ Сауда өкілдігі (USTR) сайтында жарияланған "бағдарлама талаптарын орындамай отыр" деген күдік негізінде АҚШ Қазақстан, Үндістан және Индонезияны Жинақталған преференция жүйесі аясында қарастырылған жеңілдіктерден айыру мүмкіндігін қарастырып жатқаны туралы мәлімдемеге қатысты комментарий жазған.

АҚШ Сауда өкілдігі Қазақстандағы жұмысшылар құқығын қорғау мәселелеріне алаңдайды.

Қазақстан жұмысшыларды халықаралық тұрғыдан мойындалған құқықтармен, оның ішінде қауымдастық құру еркіндігі және ұжымдық еңбек дауы құқығымен қамтамасыз етпей отыр

"USTR Америкалық еңбек федерациясы мен Өнеркәсіп ұйымдары конгресінің (AFL-CIO) Қазақстан жұмысшыларды халықаралық тұрғыдан мойындалған құқықтармен, оның ішінде қауымдастық құру еркіндігі және ұжымдық еңбек дауы құқығымен қамтамасыз етпей отыр деп мәлімдейтін петициясын қабыл алды. Бұдан әрі петицияда Қазақстан жұмысшылар кәсіподақтары мен қауымдастықтарын құру құқығын өрескел шектеп отырғаны айтылған. Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) шектеу сипатындағы заңдар мен тәуелсіз еңбек өкілдеріне деген өшпенділік әрекеттеріне қатысты талай мәрте алаңдаушылық білдірген» делінген АҚШ Сауда өкілдігі сайтында.

Биыл ақпанда Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы елдегі заңдар тәуелсіз кәсіподақтардың жұмысын тоқтатуды көздейді деп мәлімдеп, Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақтарды қудалауға байланысты алаңдаушылық білдірген. Amnesty International баяндамасында, мысалы, 2017 жылы тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жою процесін тоқтатуды талап еткен мұнайшылардың ұзаққа созылған аштық акциясын сот заңсыз деп тапқаннан кейін қылмыстық баптар бойынша сотталған кәсіподақ жетекшілері мен белсенділері Лариса Харькова, Әмин Елеусінов және Нұрбек Құшақбаевтың есімдері аталған.

Индонезиялық Jakarta Globe онлайн-газеті "АҚШ Үндістан, Индонезия және Қазақстанның сауда преференцияларын қайта қарап жатыр" деген мақаласында АҚШ-пен арадағы сауда жеңілдіктерінен айыру себебі бұл елдердің "жұмысшылардың құқығын бұзуымен" байланысты деп хабарлайды.

Ресми дерекке сәйкес, былтыр АҚШ-тың Қытаймен сауда тапшылығы 375 миллиард доллар, ал Үндістанмен – 23 миллиард доллар, Индонезиямен – 13 миллиард доллар, Қазақстанмен сауда тапшылығы 234 миллион доллар болған деп жазады Jakarta Globe. Бұдан бөлек мақалада Жинақталған преференция жүйесіндегі ең ірі бенефициар – Үндістан (5,6 миллиард доллар), Индонезия (2 миллиард доллар) – төртінші орында, ал Қазақстан 12 орында (145 миллион доллар) деп хабарлайды.

Сингапурың Straits Times газеті USTR мәлімдемесі туралы "АҚШ Үндістан, Индонезия және Қазақстанның сауда преференция жүйесіне қатысуын қайта қарайтын болды" деген мақаласында "егер АҚШ Сауда өкілдігі бұл елдер Жинақталған преференция жүйесі шарттарын бұзды деп ұйғарса, үшеуінің экспорты өздерін баж салығынан босатқан америкалық нарықтан қағылуы мүмкін" деп жазған. Дереккөздің Қазақстанға қатысты бөлігіне қатысты хабарлауынша, АҚШ-тағы ең ірі кәсіподақтар федерациясы – AFL-CIO Қазақстан билігін "жұмысшыларды кәсіподақ құру құқығынан айырды және еңбек жетекшілеріне қысым жасады" деп айыптайды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG