Accessibility links

"Бізде – "Бір жол", сіздерде – "Нұрлы жол"


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қытай президенті Си Цзиньпин (оң жақта) Батыс Қытай мен Батыс Еуропаны жалғайтын жаңа жүк тасымалы бағытын ашу рәсімінде. Астана, 8 маусым 2017 жыл.

Азаттық тілшісі Шыңжаң университетінің профессоры Лю Бинмен екі ел арасындағы экономикалық байланыс туралы сұхбаттасты. Сарапшы Үрімжі аймағындағы этникалық азшылық топтардың жағдайына қатысты да ойын айтты.

Алматыдағы Caspian University-де студенттермен кездескен Шыңжаң университетінің профессоры Лю Бин Қытайға экспортталатын мұнай мен газ көлемін көбейту қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, 2017 жылы Қазақстан Қытайға 13 миллион тонна шикі мұнай экспорттаған. Әйткенмен Қытайда шикізатқа деген сұраныс барған сайын артып барады.

Азаттық: - "Бір белдеу – бір жол" концепциясы аясында биыл Қытайдың Орталық Азия елдеріне қатысты қандай жоспары бар? Қандай жобалар жүзеге асады?

Лю Бин: - Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас барған сайын дамып келеді. Бұған дейін Қытай премьер-министрі Ли Кэцян осы концепция аясында Қазақстанмен 41 жобаға қол қойған. Қазіргі кезде бұл жобалар жүзеге асып жатыр. Екі жыл ішінде Қытай мен Қазақстан арасында 70 миллиард АҚШ долларына пара-пар инвестициялық жобалар пайда болды. Әрине, бұл жобаларды жүзеге асырып, жемісін көру үшін уақыт керек. Үкіметтер тарапынан қолдау да керек. Бізде – "Бір белдеу – бір жол" болса, сіздерде – "Нұрлы жол". Біз көрші мемлекеттер болғандықтан жетекшілеріміздің ойлары бір жерден шығып жатыр. Өзара тиімді әріптестік екі елге пайда түсіріп жатыр.

Қазақ-қытай шекарасындағы "Қорғас" құрлық портында тұрған жүк пойыздары. Желтоқсан, 2017 жыл.
Қазақ-қытай шекарасындағы "Қорғас" құрлық портында тұрған жүк пойыздары. Желтоқсан, 2017 жыл.

Азаттық: - Сіз айтқан 41 жоба нақты қандай салаларға қатысты? Қысқаша сипаттап өте аласыз ба?

Лю Бин: - Негізінен автожол салу, ауыр және жеңіл өнеркәсіп. Бұған қоса, Қытайдың алдыңғы озық технологиясы бар. Орталық Азия аймағында бірінші кезекте Қытай оны Қазақстанға ұсынып жатыр.

Азаттық: - Бұған дейін Батыс баспасөзі Қорғастағы жемқорлық туралы жазды. Жалпы жобаларды Орталық Азияда жүзеге асыруда Қытай қандай қиындықтарға кезігеді? Бұл тұста қандай мәселелер бар?

Лю Бин: - Әрине, мәселелер әрқашан болады. Меніңше, бірінші кезекте елге инвестиция тартатын коммерциялық компанияларға құжаттар рәсімдеуде жеңілдіктер жасалуы керек. Оларға әрдайым жасыл жарық жануы тиіс. Бұған қоса, инвесторлардың мүддесін қорғайтын заңдарды жетілдіру керек. Екі ел арасында өзара сенімді нығайту керек. Әсіресе, екі елдің компаниялары арасындағы өзара сенімді. Себебі оларға бір нәрсе жетіспейтін сияқты.

Азаттық: - Жергілікті БАҚ-тар Орталық Азия елдерінің Қытайдан алған қарыз көлемі барған сайын көбейіп барады деген ақпарат жариялап жатады. Бұл тұста қандай қауіп-қатерлер мен тәуекелдер бар?

Лю Бин: - Меніңше, ең әуелі инвесторлар үшін қауіп бар. Несиемен қамтамасыз еткен сәтте оны қайтару жағдайларын да қарастыру керек. Осы тұста шараларды жетілдіру керек.

ВИДЕО: Жаңа Жібек жолы: даму ма, алдану ма?

Жаңа Жібек жолы: даму ма, алдану ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:29:59 0:00

Азаттық: - Қытай Қырғызстан мен Тәжікстан елдерінде ауыл шаруашылық жерлерін жалға алып келеді. Ол сонымен бірге Қазақстан жерлерін де пайдалануға мүдделі. Бұл тұста жүзеге асып жатқан жобалар бар ма?

Лю Бин: - Меніңше, бұл – жақсы іс. Әрбір елдің өзінің ерекшелігі бар. Қазіргі кезде Қазақстан заңнамасының кейбір тұстары оған әлі дайын емес. Меніңше, нарықтық экономика неғұрлым дамыған сайын тұтас әлем біртұтас ауыл немесе отбасыға ұқсап барады. Қазақстаннан жерді жалға алу мәселесі әлі бастапқы кезеңде тұр. Жерді жалға беру бұл мемлекеттердің өздеріне жақсы. Ұсыныстар бар. Бірақ әлі талқыланып жатыр. Болашақта болып қалар.

Азаттық: - Бұған дейін Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев Қытайды Араб теңізі мен Үнді мұхитына шығаратын теміржол салу қажеттігін айтқан еді. Егер салына қалса, бұл жол Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Иранды көктей өтіп, мұхитқа шығады. Мұндай жоба болашақта болуы мүмкін бе?

"Қорғас" кеден бекетінің Қытай жағы. 18 ақпан 2013 жыл
"Қорғас" кеден бекетінің Қытай жағы. 18 ақпан 2013 жыл

Лю Бин: - Бұл – 25 жыл бұрын айтылған нәрсе. Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай басшылары мұндай жол салуға ықыласты болған. Белгілі бір қиындықтар бар. "Іздеген табады" демекші, егер елдерге бұл шынымен керек болса, онда міндетті түрде салынады.

Азаттық: - Қазақстан мен Қытай арасында тауар айналымы былтыр үш есеге өсті деп хабарланды. Болашақта екі ел арасындағы экспорт пен импортта өзгешеліктер бола ма?

Лю Бин: - Қазір Қазақстанда 50 нысан салынып жатыр. Мүмкін олардың өнімдерін таратуда өзгешеліктер болатын шығар. Жалпы өзгерістер керек.

Азаттық: - Үрімжі аймағындағы этникалық азшылықтардың жағдайы туралы айтып өтсеңіз (Соңғы айлары Шыңжаңдағы этникалық қазақтардың жаппай қамалып, тексеруге ұшырап жатқаны хабарланған, туыстары Азаттыққа шағым айтқан – ред.).

Лю Бин: - Бұл – саяси сұрақ. Үкімет үнемі азшылық топтарды қолдап келеді. Егер бұрындары Қытайда этникалық азшылық өкілдеріне үш-төрт бала өсіруге рұқсат берген болса, бірақ соңғы уақыттағы өзгерістерге сәйкес олар тек екі балалы бола алады. Заңды сақтаған, жұмыс істеген адамның жағдайы жақсы. Кім жұмыс істемесе, сол тамақ ішпейді. Менің қазақ достарым бар. Олардың жағдайы жақсы.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Құпияға толы Жібек жолы
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:12 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG