Accessibility links

Freedom House: Қазақстанда автократия мықтап орныға бастады


Freedom House ұйымының "Өтпелі кезеңдегі мемлекеттер. Иллиберализмге қарсы тұру" деп аталатын есебінен скриншот.

Freedom House құқық қорғау ұйымы Шығыс және Орталық Еуропа аймағы мен Орталық Азия елдеріндегі еркіндік деңгейі туралы жыл сайынғы есебінде Қазақстанды "автократия орныққан" еркін емес елдер тізіміне қосты. Бұл тізімге Қазақстаннан өзге Әзербайжан, Беларусь, Ресей, Өзбекстан, Түркіменстан және Тәжікстан кірген. Ұйым "Өтпелі кезеңдегі мемлекеттер. Иллиберализмге қарсы тұру" деп аталатын есебінде бұл елдердің басшылары "саяси бәсекелестерін басып-жаншып, ой-пікірін еркін білдірген тәуелсіз белсенділер мен журналистерді қудалайтынын" айтады.

Freedom House сарапшылары Өзбекстандағы сөз бостандығы Ислам Каримов қайтыс болғаннан бері жақсы ахуалы жағына қарай өзгергенін байқап, мұны "жарқын белгі" деп атайды. Өзбекстандағы еркіндік рейтингісі 2017 жылдың қорытындысы бойынша соңғы 20 жылда бірінші рет көтеріле түскен. "Бірақ, Өзбекстандағы аздаған жылымыққа қарамастан, жаңа басшылықтың ондаған жыл бір адамның қолына шоғырландырылған билік жүйесін әзір тұтастай бұза алатын шамасы жоқ" делінген ұйым есебінде.

Оқи отырыңыз: Freedom House есебі: Қазақстан – "еркін емес" мемлекет

Ұйым есебі бойынша, 2017 жылы Украина, Молдова, Грузия, Армения және Қырғызстан авторитаризмге қарай "кері бағытқа бет алған". Украинадағы сөз бостандығы 2014 жылғы Еуромайданнан кейін бірінші рет нашарлаған.

Құқық қорғаушылар Венгрия мен Польшаның либералдық емес саясаты Орталық және Шығыс Еуропа, Балқан түбегі және тұтас Еуразия аймағы елдеріндегі демократияның негізі мен келешегіне кесірін тигізіп жатқанын айтады. Баяндаманы дайындағандар 29 елдің 19-ында демократия көрсеткіштері ең төмен екенін айтады. Авторитарлық режим орнаған елдер саны екінші жыл қатарынан демократиялық елдер санынан асып түскен.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG