Accessibility links

Көк түсті шардан Астананың "мазасы қашты"


Полиция қызметкерлері көгілдір түсті шар ұстаған әйелге беттеді. Астана, 22 наурыз 2018 жыл
Полиция қызметкерлері көгілдір түсті шар ұстаған әйелге беттеді. Астана, 22 наурыз 2018 жыл

Батыс баспасөзі Наурыз мейрамында көк шарға қатысты шу шыққаннан кейін қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовтің Қазақстанда қаншалықты қолдауға ие екенін бағалауға тырысқан. Сонымен бірге, басылымдар Rotschild & Co қаржы холдингі Қазақстанның ұлттық компанияларын жекешелендіру бағдарламасына қатысты ақыл-кеңес бергені туралы жазған.

КӨК ШАРМЕН ШЫҒУДЫ "КЕМЕҢГЕРЛІККЕ" БАЛАЙДЫ

Жапонияда шығатын Diplomat газеті "Әблязовтің шарлары: қазақстандық оппозиция да көк түсті таңдады" деген мақаласында қазір шетелде тұратын БТА Банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтің өз жақтастарын Наурыз мерекесі кезінде көк түсті шар ұстап шығуға шақырған үндеуіне қатысты комментарий жазған. "Қуғындағы қазақстандық банкир әрі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бітіспес қарсыласы Мұхтар Әблязов мереке қарсаңында YouTube желісі арқылы өз жақтастарын Наурызды тойлауға көк түсті шар ұстап шығуға шақырған. Әблязов пен өзге оппозиционерлер былтыр жаңғыртқан "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын осы айдың басында заңсыз деп жариялаған. 13 наурызда Қазақстан астанасындағы сот оны "Қазақстанның конституциялық құрылысын күшпен өзгертуді насихаттайтын экстремистік" қозғалыс деп тану туралы қаулы шығарған" деп жазған Diplomat.

Наурыз мерекесі кезінде Астанадағы орталық алаңда көк түсті шар ұстап тұрған адам. 22 наурыз 2018 жыл
Наурыз мерекесі кезінде Астанадағы орталық алаңда көк түсті шар ұстап тұрған адам. 22 наурыз 2018 жыл

Басылым "халықаралық тұрғыдан алғанда қарама-қайшы тұлға" деп атаған Әблязовке Қазақстан, Ресей мен Украина "алаяқтық жасады" деген айыппен іздеу жариялағаны, бұған қоса ол Ұлыбританияда істі болғанын жазған. Әблязовтің өзі "бұл айыптардың саяси астары бар" деп мәлімдеп келеді.

Наурыз мерекесінен кейін Мұхтар Әблязов көк түсті шарларды қазақстандық полиция тартып алып жатқан сәттер түсірілген бірнеше видеоролик жариялады. "Көк түс көгілдір көктемнің және Қазақстанның ұлттық туының негізгі түсі екенін ескерсек, көк шар ұстап шыққандардың нақты қаншасы Әблязовтің жақтастары, ал қаншасы мейрамды бала-шағасымен бірге тойлау үшін ғана барғандар екені түсініксіз, олар тіпті көк түстің ашық аспаннан өзге астары бар деп ойламаған сыңайлы. Бұл қадамның кемеңгерлігі де осында тәрізді: Астана оппозицияның қанша жақтасы барын білмейді, бірақ балалардың қолындағы шарларды жұлып алуға дәті барғанына қарағанда, біршама мазасы қашқаны көрініп тұр" деп жазған Diplomat.

Айтпақшы, мерекеден кейін Қазақстан ішкі істер министрлігі қызметкерлеріне көк түсті шармен жүрген адамдарды ұстау немесе шарларды тартып алу туралы бұйрық бермегені туралы мәлімдеме таратқан.

ВИДЕО: Наурыздағы көк шар (22 наурыз 2018 жыл)

Көк шармен жүргендерді полиция ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:01 0:00

Көк түсті шарларға қатысты шыққан шу жайлы "Қазақстан: оппозиционердің [үндеуі] шарларды қудалауға ұласты" деген мақаласында ағылшын тілінде шығатын Eurasianet.org сайты да жазған.

"Әблязовті Қазақстанда қанша адамның қолдайтынын анықтауға тырысу – бос әурешілік. Үкімет оның "қылмыстары мен астыртын әрекеттері" жайлы егжей-тегжейлі хабарлағанда болмаса, БАҚ оның есімін мүлде атамайды деуге болады. Шынын айтқанда, егер ол ең танымал саяси тұлғалардың біріне айналса, бұл оны жау етіп көрсетуді көздейтін биліктің демонизация кампаниясының арқасы" деп түйіндейді Eurasianet.org.

"АҚПАРАТТЫ ЖАРИЯ ЕТКЕНІ ҮШІН" АЙЫППҰЛ

Мұхтар Әблязов туралы тақырыпты америкалық Bloomberg жаңалықтар агенттігінің сайты да өрбіткен. Осыған дейін бұл басылым заңсыз ақшаның ізін жасыруға Әблязовтің туыстарының, мысалы, экс-банкирдің күйеубаласы Ілияс Храпунов пен Ілиястың өгей әкесі әрі Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың қатысы болған деген болжам туралы бір топ мақала жариялаған болатын. "Трамп жобасына қатысы бар деп болжанатын ақшаның ізін жасыруға қатысты істегі деректерді жариялау айыппұлға ұласты" деген мақалада БТА Банктің өзінің бұрынғы төрағасына қарсы талап-арызы қалай қаралып жатқаны сипатталған.

Оқи отырыңыз: Трамптың компаниясы және "жоқ іздеген" БТА

"Trump Soho зәулім мұнарасында орналасқан кондоминимумдарды сатып алу арқылы ақша жымқыру және оның ізін жасыруға қатысты қозғалған миллиардтаған доллар өндіріп беруді сұрайтын талап-арыздағы деректерді құпиялығы туралы бұйрықты бұзғаны үшін Қазақстанның ең ірі қаласының бұрынғы мэрі [Виктор Храпунов] және оның баласына [Ильяс] 280 мың АҚШ долларынан көп айыппұл салынуы мүмкін. Айыппұлға қатысты жуырдағы бұл оқиға – қазақстандық БТА Банк пен осы банк төрт миллиард доллар жымқырды деп айыптайтын оның бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовтің арасында көп жылдан бері әрі үш құрлықта жүріп жатқан заң тұрғысындағы шайқастың бір эпизоды. БТА Банк өкілдерінің мәлімдеуінше, Әблязов заңсыз ақшаның ізі мен активтерді жасыру үшін күйеубаласы Ілияс Храпунов пен құдасы әрі Алматының бұрынғы мэрі Виктор Храпуновтың көмегіне жүгінген" деп жазған Bloomberg.

Мұхтар Әблязовтің қызы Мәдина жұбайы Ілияс Храпуновпен бірге. Экс-ан-Прованс, Франция, 1 тамыз 2013 жыл
Мұхтар Әблязовтің қызы Мәдина жұбайы Ілияс Храпуновпен бірге. Экс-ан-Прованс, Франция, 1 тамыз 2013 жыл

АҚШ-тың округтік судьясы Кэтрин Х.Паркер осы айдың басында Виктор мен Ілияс Храпуновтарға қарсы санкция салып, дүйсенбі күні Манхэттеннің федералдық сотына жолданған бұйрығында өзінің алдыңғы қаулысын күшінде қалдырды деген хабар тараған болатын. Оның сөзінше, Ілияс материалды Ұлыбританиядағы жеке сот процесінде пайдалануға тырысып, БТА Банктің директорлар кеңесі төрағасы Кеңес Рақышевтің (29 наурызда Рақышев бұл қызметтен кеткен) мәлімдемесін файлдармен ашық алмасатын сайтта жариялап жіберген. Бұған қоса, мақалада Лондон сотында БТА Банк жеңді, сондықтан енді Әблязовті төрт миллиард долларды қайтаруға мәжбүрлеуі мүмкін деп түсіндіреді.

РОТШИЛЬДТІҢ АҚЫЛ-КЕҢЕСІ

Ұлыбританиялық Reuters жаңалықтар агенттігінің сайты "Ротшильд қазақстандық жекешелендіру аясында алдын ала ІРО-сатылымдар өткізу идеясын ұсынып жатыр" деген мақаласында Қазақстандағы жекешелендіру бағдарламасында ұлттық компаниялар пакеттерін олардың акциялары нарыққа шықпай тұрып стратегиялық инвесторларға алдын ала сатуды қарастыруды ұсынған Қазақстан ұлттық банкінің кеңесшісі – Rotschild & Co халықаралық қаржы холдингінің ақыл-кеңесіне қатысты комментарий жазған.

Қазақстандағы жекешелендіру бағдарламасын мақалада "2021 жылға қарай экономикадағы мемлекет рөлін күрт қысқартуды көздейтін амбициялық қадам" деп атаған. "Құны 67 миллиард доллар болатын "Самұрық-Қазына" ұлттық қоры Air Astana, уран өндіруші "Қазатомөнеркәсіп" және "ҚазМұнайГаз" (ҚМГ) мұнай компаниялары активтеріндегі өз үлесін қысқартуды жоспарлап отыр. "Ротшильд" холдингінің Ресей мен ТМД елдері бойынша басшысы Джованни Сальветтидің Reuters агенттігіне хабарлауынша, сондықтан оның компаниясы жекешелендіру үшін іріктелген ірі компаниялардың акциялар пакетін "стратегиялық сатуды" ұсынған. Бұған қоса, Джованни Сальветти қазақстандық әуе тасымалдаушы Air Astana – "ІРО-ға дайын тұрған компаниялардың бірі" екенін айтқан.

"ҚазМұнайГаз"-дың еншілес компаниясының жұмысшылары кеніш басында. Қызылорда облысы, 21 қаңтар 2016 жыл
"ҚазМұнайГаз"-дың еншілес компаниясының жұмысшылары кеніш басында. Қызылорда облысы, 21 қаңтар 2016 жыл

Мақалада Джованни Сальветтидің "Қазақтелеком" (KZTK.KZ) акцияларының екінші эмиссиясын да жедел түрде ұйымдастыруға болады, ал "ҚМГ" мен "Қазақстан темір жолы" компанияларын нарыққа шығару үшін екі немесе үш жыл дайындық қажет болуы мүмкін" деген сөзін келтірген. Бұған қоса, Сальветти "Қазақстан ұлттық банкіне кеңес беруден бөлек, Ротшильдтің бұл елде кеңесшілік қызмет көрсететін өзге бизнесі де бар" деп хабарлап, оның жай-жапсарын аша алмайтынын айтқан. Оның сөзінше, Rotschild & Co басқармасы төрағасы Эрик де Ротшильд "былтыр қарашада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу өткізген".

XS
SM
MD
LG