Accessibility links

Батыс баспасөзінде "бизнес серіктерінің бірінің Қазақстанмен байланысы" анықталғаннан кейін "Трамп ұйымы" мәміледен бас тартты деген ақпарат тарады. Бұған қоса, Париждегі қымбат пәтерді сатып алушы "беймәлім" кісі мен "Боратша" киінген чех туристері жайлы оқиғаның жалғасын жазған.

ЖҰМБАҚ "БИЗНЕС ӘРІПТЕС"

Америкалық New York Times газетінде жарияланған "Трамп ұйымы Нью-Йорктегі қиындыққа тап болған Сохо қонақүйіне қатысты мәміледен бас тартты" деген мақалада АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамптың бизнесінде болып жатқан оқиғалар баяндалған. Мысалы, "Трамп ұйымы" Дональд Трамптың АҚШ президенті қызметіне кірісуіне байланысты туындаған шектеулерге икемделіп жатыр деп хабарлайды басылым.

Тексерудің арқасында ықтимал бизнес әріптесінің Ресей мен Қазақстанмен байланысы анықталып, компания Далластағы қонақүйіне қатысты бір келісімнен бас тартқан.

"Компания Трамп қызметінде отырған кезеңде шетелдерде жаңа мәмілелерге қол қоймаймыз әрі ел ішіндегі жаңа жобалардың бәрін этика жөніндегі сыртқы кеңесші тексеретін болады деп уәде еткен. Компания меншігіндегі 25 қонақүйдің алтауы шетелде орналасқан. Бұған дейінгі тексерудің арқасында ықтимал бизнес әріптесінің Ресей мен Қазақстанмен байланысы анықталып, компания Далластағы қонақүйіне қатысты бір келісімнен бас тартқан болатын. Енді келісім жүріп жатқан өзге мәмілелер де тығырыққа тірелді" деп жазған New York Times.

Америкалық McClatchy сайты жүргізген әрі Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов отбасының АҚШ президенті Дональд Трамптың екі бизнес серігімен байланысы барын көрсеткен зерттеу туралы Азаттық бұған дейін жазған болатын. Бірақ New York Times мақаласында әңгіме "қазақстандық бизнес әріптес" туралы екені жайлы өзге ештеңе жазбаған.

БЕЙМӘЛІМ САТЫП АЛУШЫ

Ағылшын тіліндегі Eurasianet.org сайты "Қазақстан: Париждегі қымбат пәтерді құпия сатып алғандар тергеушілерден жасырынып жүр" деген мақаласында Қазақстанда тұратын мемлекеттік қызметші Парижде құны 65 миллион еуро (шамамен 76,5 миллион доллар) болатын қымбат пәтер сатып алыпты деген жуырда тараған ақпарат туралы жазған. "Ресми тергеу Қазақстанның салық органдарынан әлгі мәмілемен айналысқан риэлторға ресми сауал жолдауды талап еткені осы аптада мәлім болды. Бірақ [бельгиялық риэлтор] Игнас Мювиссеннің Қазақстан "Спутнигіне" айтуынша, ол кәсіби тұрғыда сауатсыз жазылған сауалға жауап беруден іркілген" деп жазған Eurasianet.org.

Оппозиционер Мұхтар Әблязов.
Оппозиционер Мұхтар Әблязов.

Бұдан ары сайт "Қазақстан билігінің жұртқа жақсы мәлім дұшпаны Мұхтар Әблязов өз теориясын ұсынатын шығар күтуге болар еді" деп жазады. Әблязов "жымқырылған ақшаға әлгі жылжымайтын мүлікті кімнің сатып алғанын құқық қорғау органдары біледі, бірақ үнсіз отыр" деп жазғанымен, бұған ешқандай дәлел келтірген жоқ деп жазған Eurasianet.org.

Бұған қоса, сайтта "өз шенеуніктерінің заңсыз жасалған мәмілелері туралы хабарларға қазақстандықтардың еті үйреніп кеткен", бірақ бұл жолы Париждегі пәтерге тележүргізуші әрі балалар қайырымдылық қорының директоры Аружан Саин назар аударды деп хабарлайды.

ЧЕХ ТУРИСТЕРІ ЖАЙЛЫ ХИКАЯНЫҢ ЖАЛҒАСЫ

Ұлыбританиялық BBC жаңалықтар сайты "Саша Барон Коэн "Боратша киінгені" үшін салынған айыппұлды төлеп беруді ұсынды" деген мақаласында британдық комик актер Саша Барон Коэннің фильміндегі ойдан шығарылған кейіпкер – Бораттың суға шомылатын киімін киіп алып көшеде жүргені үшін жуырда Астанада тұтқындалған алты чех турисі тап болған оқиғаның жалғасын сипаттаған.

Қарашаның 21-і күні Facebook парақшасында Саша Барон Коэн "Тұтқындалған чех достарыма. Маған дербес деректеріңізді және әлгі адамдар сіздер екенін дәлелдейтін айғақтар жіберсеңіздер, айыппұлдарыңызды төлеп беремін" деп жазған болатын.

"Қазақ журналисі" Борат Сағдиевті сомдаған актер Саша Барон Коэн. Лос-Анжелес, АҚШ, 7 қараша 2007 жыл.
"Қазақ журналисі" Борат Сағдиевті сомдаған актер Саша Барон Коэн. Лос-Анжелес, АҚШ, 7 қараша 2007 жыл.

Чехиялық алты турист "қоғамдық орындағы әбес қылықтары" үшін 22500 теңге (шамамен 67 доллар) төлеуге мәжбүр болған. Қазақстандық әлеуметтік желілерде бұл оқиға екіұдай пікір тудырып, біреулер оларды "түрмеге қамау" немесе "көшеде келемеж етіп сүйреу керек" десе, енді біреулер шетел туристері арасында Қазақстан маркасын насихаттады деп қолпаштаған.

2012 жылы Қазақстан сыртқы істер министрі "туристерді тартуда көрсеткен көмегі" үшін фильмге "риза" екенін айтқан.

Бұған қоса, ВВС сайтындағы комментарийде қылмысты азайтып, ойын-сауық кештерін өткізудегі жалпы беделін жақсарту үшін 2012 жылы Ұлыбританияның Ньюки қаласында "Боратша киінуге" тыйым салынған болатын деп ескертеді.

Саша Барон Коэннің әлгі айыппұлды төлеп беруге ынта танытқаны туралы "Саша Барон Коэн "Боратша киінген" туристердің айыппұлдарын төлеп беруді ұсынды" деген мақаласында америкалық Time журналы да жазған.

Қазақстандық ойдан шығарылған журналист туралы фильм 2006 жылы экранға шығып, Қазақстанның өзінде де, шетелдерде де талай шу тудырған. Қазақстан билігі әуелде фильмге тыйым салған, бірақ 2012 жылы Қазақстан сыртқы істер министрі елдегі туризмді дамытуға түрткі болғаны үшін Саша Барон Коэнге жария түрде алғыс айтқан.

"Әлгі фильм Орталық Азияда орналасқан елге барғысы келетіндер қатарын көбейтті. 2012 жылы Қазақстан сыртқы істер министрі "туристерді тартуда көрсеткен көмегі" үшін фильмге "риза" екенін айтқан" деп жазады Time.

Австралиялық Skynews жаңалықтар сайты "Австралиялық жігіт қазақстандық туризмнің келбетіне айналды" деген мақаласында көрерменге кеңірек таныла бастаған туризм жайлы телешоудың арқасында Қазақстан телевизиясының жұлдызына айналған австралиялық жігіт Роберт Бойдтың тарихын баяндаған.

Қазақстан билігі 2020 жылға қарай жолдар мен инфрақұрылымды жақсартуға төрт миллиард Австралия долларын жұмсамақ.

Қазақстанға шахталарда басшы қызмет атқару үшін келген Роберт Бойд аяқ асты әлгі шоудың кастингіне тап болып, үш маусым бойы "тіл жетпес көркі, бай тарихы мен сан қырлы мәдениетін насихаттау" мақсатында елдің түкпір-түкпірін аралаған. Бұған қоса, сайтта "Қазақстан туристерден түсетін кіріске үміт артады, қазір елге бұл саладан шамамен алты миллион Австралия доллары түседі. Қазақстан президенті 2020 жылы бұл сома 10 миллион Австралия долларына дейін ұлғаяды деп уәде еткен. Қазақстан билігі 2020 жылға қарай жолдар мен инфрақұрылымды жақсартуға төрт миллиард Австралия долларын жұмсамақ" деп жазған Skynews.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG