Accessibility links

"Әйгілі сәулетшілер Астананы қалай салған"


Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайы (Пирамида деп те атайды) маңында жұмыс істеп жатқан адамдар. (Көрнекі сурет.)
Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайы (Пирамида деп те атайды) маңында жұмыс істеп жатқан адамдар. (Көрнекі сурет.)

Батыс баспасөзі Астананың әлемге әйгілі сәулетшілердің қатысуымен жасалған архитектуралық келбеті туралы комментарий жариялаған. Бұған қоса, қазақ-қырғыз шекарасында әлі аяқталмаған текетіреске назар аударып, Қазақстандағы банктерді құтқару жоспары жайлы жазған.

"ОНША ДИСКРЕТТІ ЕМЕС СОҚҚЫ"

Жапонияда шығатын Diplomat газетінің "Қырғызстан дүниежүзілік сауда ұйымына Қазақстанмен шекарасындағы проблемалар жайлы ескертті" деген мақаласында Азаттық жазып жатқан қазақ-қырғыз шекарасындағы шиеленісті жағдайға комментарий жариялаған. "Қазақстан жағы бұл проблеманы зиянды жемістермен байланыстырғанымен, проблеманың түп-тамыры әрменде – Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың 7 қазандағы мәлімдемелерінде жатыр, оп-оңай шешуге болатын проблема енді оның мұрагері әрі жуырда өткен президент сайлауының жеңімпазы Сооронбай Жээнбековтің бас ауруына айналуы ықтимал" деп жазған Diplomat.

Қазақстанға өту үшін Қырғызстан шекарасында кезек күтіп тұрған көліктер.
Қазақстанға өту үшін Қырғызстан шекарасында кезек күтіп тұрған көліктер.

Мақалада қыркүйекте БҰҰ-ның бас ассамблеясының Нью-Йоркте өткен жиынына барған сапары кезінде Алмазбек Атамбаев Time журналы тілшісі Ян Бреммерге берген сұхбаттан үзінді келтірген. 9 қазанда (шекарада проблемалар басталардан бір күн бұрын) "сәл жұмсартып" жарияланған әлгі сұхбатта "Біз таңдаған парламенттік демократияны аймақтың кей елдері, әрине, құптамайды. Қырғызстан президенті қызметінде бір мерзім ғана отыруды ұйғарғаны оларға ұнамайды. Кей ел басшылары бізді олардың халықтарына жаман үлгі көрсетіп отыр деп ойлайды" деген сарында Назарбаевқа қарата "онша дискретті емес соққы" жасалған.

Қырғызстан билігі Қазақстанды "сауда-саттық келісімдерді" бұзып жатыр деп айыптап, 17 қазанда дүниежүзілік сауда ұйымына шағымданған. Алдыңғы аптадан бері тексеріп өткізу пункттерінде адамдар мен көліктердің ұзын-сонар кезегі байқалып, көлік жүргізушілер "іркілістердің кесірінен тауарымыз бұзылып жатыр" деп шағынып жатыр.

АСТАНАНЫ САЛУҒА ҚАТЫСҚАН ӘЙГІЛІ СӘУЛЕТШІЛЕР

Ұлыбританияның Guardian газеті "Мәртебесі зор делінген қаланың болашағы бар ма? Алматы бақылау жүйесін сілкіп тастай ала ма?" деген мақаласында Алматының архитектуралық жаңа жоспарына қатысты комментарий беріп, қаланы жаңа Астанамен салыстырған. "Астана мен Алматы – бір-біріне мүлде қайшы қалалар, біріншісі – жоқтан бар жасап, ілдебайлап салынған жасанды қала, ал екіншісі - Совет одағы ыдыраған тұста саны бір миллион адамнан сәл асқан халқы қазіргі кезде 1,7 миллионға дейін көбейген, табиғи жолмен кеңейіп, тіршілігі қайнап, қарқынды дамып келе жатқан қала" жазған.

"Кафе, мейрамханаларға бай [Алматы] – қарбалас тіршілік қайнап жатқан қазіргі заманға лайық қала. Ал Астана – бұл жағынан қайырсыз тұл, сюрреалистік, әлдебір табиғи даму белгілерінен жұрдай қала. Түз даладағы қаланың климаты да жайсыз, инфрақұрылым жоқтың қасы, бірақ мұнайдан ағылған доллардан нәпақа табуға ұмтылған батыстық архитекторлар өзгеше айрықша нысандар салу үшін қалаға баруға қуана-қуана келісті" деп жазады Guardian.

Guardian басылымының "Норман президенттің пирамиданы қалайтынын айтты немесе әйгілі архитекторлар Астананы қалай салды" деген тағы бір мақаласында тілші Оливер Вейнрайт қаланың жалпы архитектурасын "Лас-Вегас пен Диснейленд стиліндегі ұлттық стереоид араласқан бірдеңе" деп атап, Астананы салу тарихы, оның ішінде әлемдік деңгейдегі әйгілі архитекторлардың туындылары жайлы жазған.

"Әдетте архитекторлар мықты адамдарға тәнті болып, ұсынысына "құлай кетеді", сондықтан мұнайдан ағылған доллары көп әрі архитектураға ықыласы қатты ауған диктатор ұсыныс жасағанда Назарбаевтың есігіне жол іздеу үшін [танымал архитекторлардың] ешқайсысы қарсы тұра алмады" деп жазған Оливер Вейнрайт әлгі архитекторлардың қатарында Кишо Куракава, Манфреди Николетти, Микаэль Калатрава, а Эдриэн Симс және Норман Фостер тәрізді әйгілі сәулетшілерді атаған.

Норман Фостер компаниясы қызметкерлерінің Астанадағы пирамида құрылысы жайлы әңгімесіне комментарий берген автордың жазуынша, әуелгі жоба "Гизадағы Ұлы пирамида көлеміндей, яғни көлденеңі тіпті Назарбаевтың амбициясына сай келмейтіндей тым үлкен - 227 метр болған". Тілшінің "Қазақстандағы режимге жұмыс істеуге қалай келісіп жүрсіздер?" деген сұрағына Foster and Partners компаниясының аға әріптесі Найджел Дэнси "біз Қазақстанда ешқашан ешкімге тікелей жұмыс істеген жоқпыз, біздің тұрақты клиентіміз қызметкерлеріне ақшаны аямай төлейтін түркиялық мердігер - Sembol компаниясы болған" дейді.

Мақаланың "ЕХРО-2017" көрмесіне қатысты бөлігінде көрме аяқталғаннан кейін "аумағы 174 гектарды құрайтын жер телімі британ заңдары үстемдік ететін, салық төлеуде жеңілдіктер берілетін және тәуелсіз қаржылық төреші болады деген уәдемен шетелдік компанияларды тартуға арналған халықаралық қаржы орталығына айналады. Бұл – әлемдегі диктатуралардың бәрі жақсы көретін әрі олар көз қылып құрған "көбік" демократия сіз кешеннен шыға бере жоқ болып кететін еркін аймақтың қарапайым үлгісі" деп жазған.

Бірақ мақалада Астананың тұрғындарға жайлы қалаға айналуына "салыстырмалы түрдегі прогресшіл мэрі" Әсет Исекешев оң ықпал ете алуы мүмкін деген үміт білдірген.

БАНКТЕРДІ ҚҰТҚАРУ ЖОСПАРЫ

Ұлыбританияның Reuters жаңалықтар агенттігі сайтының "Қазақстан ұлттық банкі төрт банкке 1,2 миллиард доллар көмек беруді мақұлдады" деген мақаласында өткен айда ұлттық банк жариялаған кей банктерге көмек көрсету бағдарламасына қатысты комментарий жазған. Ішінде "ATF Банк", "Евразия банкі", "Цеснабанк" және "Банк ЦентрКредит" бар төрт банкке 410 миллиард теңге көлемінде көмек көрсету ұсынысы осы аптада мақұлданған болатын.

"Банк ЦентрКредит" мекемесінің Алматыдағы бөлімшесі. 25 қазан 2016 жыл.
"Банк ЦентрКредит" мекемесінің Алматыдағы бөлімшесі. 25 қазан 2016 жыл.

"Бағдарлама ауқымы кейінгі он жылда мұнай экспортына тәуелді экономикасы ауыр екі соққыға – 2008 жылғы ғаламдық дағдарыс пен 2014 жылы қуат көздерінің бағасының құлдырауына тап болған Қазақстандағы активтердің сапасындағы үлкен проблемаларды көрсетті. […] Ұлттық банк мәліметтері көрсеткендей, 2017 жылдың ортасында бүкіл несие қоржынының 11 пайызын қайтарылуы неғайбіл несиелер құраған, бірақ бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін реттеуші органның өзі де мойындайды" делінген мақалада.

XS
SM
MD
LG