Accessibility links

"Боратша киінген" чехтарды айыппұлмен жазалады


"Қазақ журналисі" Борат Сағдиевті сомдаған актер Саша Барон Коэн. Лос-Анджелес, АҚШ, 7 қараша 2007 жыл.

Батыс баспасөзі Қазақстан мен Қырғызстан арасында жалғасып жатқан егес, қазақстандық эмигранттардың көбінесе Ресейге кетіп жатқан жаңа легі және "Боратша киінген" чех туристері Астанада тап болған жанжал жайлы комментарийлер жазған.

"ЖЭЭНБЕКОВТІҢ БАС АУРУЫНА АЙНАЛАТЫН ЖАНЖАЛ"

Жапонияда шығатын Diplomat газеті Қазақстан мен Қырғызстан арасында әлі жалғасып жатқан жанжал туралы "Қырғызстан президенті Атамбаев ізбасарына үлкен бас ауруын қалдырып барады" деген мақаласында "Тіліне ие бола алмауының кесірінен танылған Атамбаев қазақ-қырғыз қарым-қатынасын терең ұйыққа батырды" деп жазған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев.

Бұл проблемалар қазанның басында – Қырғызстанда президент сайлауы алдындағы науқан аяқталғаннан кейін Алмазбек Атамбаев өзі қолдайтын кандидат Сооронбай Жээнбековтің негізгі бәсекелесі Омурбек Бабановты қолдап сайлауға килікті деп Қазақстанды айыптаған тұста басталған. "[Жанжалдың] ауыр әрі созылмалы болатын түрі бар зардаптары ақыр аяғында келіп Атамбаевтың ізбасары – Сооронбай Жээнбековтің мойнына түсетін болды" деп жазады Diplomat.

Мақалада бұл жанжал кеден саласындағы ынтымақтастықты Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) аясында дамытуға әсер етуі мүмкін деген қауіп білдіріп, "Қазақстан мен Қырғызстанның сауда-саттық қатынастары тез әрі оңай шиеленісіп кетуі тиянақсыз одақ деген сынға қалып үлгерген ЕАЭО-ның өміршеңдігіне қатысты тағы бір күмән тудырды. Кеден кодексі күшіне енгеннен кейін мүше елдер арасындағы трансшекаралық сауда процесін ұтымды етуі тиіс. Қазіргі жағдайда қазақ-қырғыз шекарасында мұндай ынтымақтастық болады деп елестету қиын. Қазақстанға кіруі қиындаса Қырғызстанның одақтың өзге елдерімен сауда-саттық жүргізуі әлдеқайда ауырлайды" деп жазылған.

ЭМИГРАНТТАРДЫҢ ЖАҢА ЛЕГІ

Ағылшын тіліндегі Eurasianet.org сайты "Қазақстан: Ресейге кетіп жатқан эмигранттар легінің азаятын түрі байқалмайды" деген мақаласында білікті әрі білімді адамдардың Қазақстаннан көптеп кету тенденциясы кейінгі төрт жыл бойы бәсеңдемегені жайлы жазған. Елден жуырда кеткен эмигранттардың көпшілігі Ресейге қоныс аударған және ресми статистика деректеріне қарағанда, олар техника маманы, экономист және мұғалім болып жұмыс істейді.

Қазақстандық эмигранттар үшін Ресейді таңдауға ресейлік қоныс аудару бағдарламасы түрткі болған.

2017 жылдың тоғыз айындағы есеп бойынша, Қазақстанға жұмыс істеу үшін немесе оқуға келген 12 мың адам мен осы себептермен елден кеткен 28 мың адамның арасында үлкен алшақтық бар. 2007-2012 жылдары, яғни Қазақстаннан кеткендер саны азайып, ал білікті иммигранттардың көптеп келуі байқалған кезеңде ара салмақ керісінше болған. 2012 жылы екі көрсеткіш теңескен, ал 2012 жылдан кейін ара салмақта "кері кету басталған". Қазақстан экономика министрлігінің дерегінше, кеткендердің көбі Ресейге қоныс аударған, мысалы, 2016 жылы елден кеткен 33 мың адамның 29 мыңы Ресейге көшкен.

Қазақстандық эмигранттар үшін Ресейді таңдауға азаматтық алуды жеңілдету, жұмысқа орналасуға көмектесу және зейнет демалысына ертерек шығу сияқты мүмкіндіктер қарастырылған ресейлік [отандастарды] қоныс аудару бағдарламасы түрткі болған. "Бірақ Қазақстанда бала туу рейтингі есебінен демографиялық ахуалдың жақсару тенденциясы байқалады" деп жазған Eurasianet.org.

ЖАНЖАЛҒА ТАП БОЛҒАН ТУРИСТЕР

Британдық комик актер Саша Барон Коэннің "Даңқты Қазақстан мемлекетінің атын шығару үшін қазақ журналисі Борат Сағдиевтің Америкаға аттанғаны" жайлы фильміндегі ойдан шығарылған кейіпкердің суға шомылатын киімін киіп алып Астанада жүрген чехиялық алты турист Қазақстан баспасөзінде де, әлеуметтік желілерде де көп шу болған еді, енді бұл оқиға жайлы бірнеше халықаралық басылым жазған.

Ұлыбританиялық комик Саша Барон Коэен Борат ролінде.
Ұлыбританиялық комик Саша Барон Коэен Борат ролінде.

Ұлыбританиялық Guardian газеті "Қазақстанда Борат стиліндегі суға шомылатын лыпа киіп алған чех туристері ұсталды" деген мақаласында Астанада чехиялық алты туристің қармалғаны жайлы хабарланды деп жазған. Олар күннің суығына қарамастан "I love Astana" белгісі аясында фотоға түспек болған.

Қазақстанды сипаттаған кей тұстары Румынияда түсірілгенімен, Қазақстанның ресми тұлғалары фильм елімізді нәсілшілдікке, сексизмге бейім және жабайы ел ретінде көрсетеді деп санаған.

BBC News жаңалықтар сайты "Қазақстанда "Боратша суға түсетін киіммен жүрген туристер ұсталды" деген мақаласында тақырыпты өрбітіп, "әбес қылықтары" үшін туристерге 22 500 теңге (шамамен 67 доллар) көлемінде айыппұл салынған деп жазып, әлеуметтік желілердегі кей комментарийлерді келтірген. Мысалы, Facebook желісінде журналист Әсем Мыржекеева "Қызық екен, ал егер Чехияда біздің елдің азаматтары дәл осылай істесе, олардың билігі не істер еді???" деп жазған. Оған Facebook қолданушысы Виталий Шуптар "Меніңше, ештеңе істемес еді. Біздің полиция ғана осындай шамқой емес пе" деп жауап береді.

Қазақстан Борат жайлы фильмді прокатқа шығаруға және сатуға тыйым салған, билік Саша Барон Коэнді сотқа береміз деп сес танытқан. "Фильмнің Қазақстанды сипаттаған кей тұстары Румынияда түсірілгенімен, Қазақстанның ресми тұлғалары фильм елімізді нәсілшілдікке, сексизмге бейім және жабайы ел ретінде көрсетеді деп санаған. Бірақ 2012 жылы Қазақстан сыртқы істер министрі Орталық Азияда орналасқан мемлекеттегі туризмді дамытуға түрткі болғаны үшін Барон Коэнге жария түрде алғыс айтқан" деп жазады ВВС. Бұған қоса, сайтта осыған ұқсас, яғни әбес суреттері үшін немесе лайықсыз киімі үшін айыппұл салынған шетелдік азаматтар тап болған жанжалдарға комментарий беріп, мысалы, былтыр Перуде Мачу-Пикчу үйінділері үстінде тұрып суретке жалаңаш түскені үшін бір ағылшын мен бір французды тұтқындаған деп жазған.

"Қазақстан астанасында суға шомылғанда киетін лыпамен жүрген чехиялықтар тұтқындалды" деген мақаласында әлгі оқиға жайлы ұлыбританиялық Telegraph газеті де хабарлаған. Басылым "Қазақстанды құрсаулаған аязға қарамастан ер адамдар суға түскенде киетін лыпа мен бұйра парик киіп алып, I love Astana белгісі жанында суретке түскен алты адам ыңғайсыз жағдайға тап болды" деп жазады. Олардың әлгі суретті не үшін түсіргендері әзірше белгісіз.

"Орталық Азияда орналасқан бұл мемлекеттің кей азаматтары әлгі оқиғаны күлкілі деп санағанымен, интернетте кейбіреулер чехтарға деген ашу-ызысын білдірді. Мысалы, қазақстандық newtimes жаңалықтар сайтында олардың бірі полиция "оларды аязда қалдыруы керек еді" деп жазды" делінген Telegraph мақаласында.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG