Accessibility links

«Ресейден аулақтау әрекеті»


Газетке басылған қазақ тілінің латын әліпбиі. Алматы, 27 қазан 2017 жыл.
Газетке басылған қазақ тілінің латын әліпбиі. Алматы, 27 қазан 2017 жыл.

Қазақстанның латын әліпбиіне көшу жоспары жайлы осы аптада Батыстың бірден бірнеше басылымы комментарий жазған. Нью-Йорктегі терактіге Өзбекстан тумасының қатысы бар деген болжам Орталық Азияны «терроризмнің ұлғайып бара жатқан ошағы» ретінде қарастыруға түрткі болды.

«АПОСТРОФТАРЫ БЫЖЫНАҒАН ӘЛІПБИ»

Ұлыбританиялық Economist журналы «Қазақстан жұрттың қазақ тілінде криллица емес, латын әліпбиінде жазғанын қалайды, бірақ бұл үшін көптеген диакриттік таңбалар қажет болады» деген мақаласында латын әліпбиінің қазақша нұсқасын бекітуге қатысты «Қарапайым апострофтың мұндай толқуға түрткі болуы өте сирек кездеседі. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев тыныс белгісінің қоғам өмірінде әлдеқайда үлкен рөл атқарғанын қалайды. Бұған қарапайым қазақтар қарсы болып жатыр. Кейбірінің қарсы болғаны соншалық, олар Facebook парақшаларын үстінен сызылған апострофтармен сәндеп, әлеуметтік желілерде апострофтарға қарсы науқан бастап кетті. Күн тәртібінде - билік алдағы сегіз жылда енгізгісі келетін апострофтары быжынаған әліпби» деп жазған. Апострофтары көп жаңа әліпбиді әлеумет «сырбаздықтан жұрдай» деп атайды.

Оқи отырыңыз: Сарапшылар әліпбиді қолдауды «ресми дүрмекке» балайды

«Әліпбиді ауыстырудың ресми себебін Қазақстанды digital технологиялар дәуіріне дайындау үшін деп көрсетеді. (Жаңа скрипт оңай теріліп, интернетке оңай шығуы тиіс). Бірақ бұған қоса, бұл өзгеріс деколонизация саясатымен де байланысты. Қазақстан 250 жылдан көп уақыт бойы әуелі Ресей империясының, ал сосын совет империясының бір бөлігі болды. Осы кезеңде Ресей әкімшілігі орыс тілін көтермелеп келді, сондықтан қазақ тілі құрдымға кете жаздады. Әлі күнге дейін халықтың 62 пайызы ғана қазақша жатық сөйлейді, ал орысша жұрттың бәрі біледі. […] Әліпбиді ауыстыру идеясын қазақстандықтардың көбі қолдайды, бірақ ресми түрде халықпен мүлде ақылдасқан жоқ деп ашуланады әрі түріктер пайдаланып жүрген латын әліпбиінің нұсқасын бейімдеп қолданудың орнына, биліктің доңғалақты қайтадан ойлап тауып жатқаны несі деп дал болып жатыр» деп жазған Economist журналы.

ВИДЕО: Желіге шолу

"Апострофы бар әліпби - қазақ тіліне қастандық"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:09 0:00

Ұлыбританияның Times газеті «Бізді Qazaqstan деп атаңдар... Бұрынғы советтік республика криллицаны лақтырып тастады» деген мақаласында «энергетикалық ресурстарға бай бұрынғы советтік республика өзінің тәуелсіздігін кириллицада жазудан бас тарту арқылы көрсеткісі келеді» деп хабарлайды.

«Президент Назарбаев әліпбиге біртіндеп көшетін боламыз және оны 2025 жылға қарай аяқтаймыз деп уәде еткен. Оның сөзінше, бұл өзгерістер қажет, өйткені совет дәуірінде Қазақстан кириллицаға "саяси" себеппен өткен. Ол кезде Мәскеудегі ресми тұлғалар латын әліпбиін 1928 жылы қабылдаған Түркиядан түркі тілдес халықтарды аулақ ұстағысы келген» деп жазған Times.

Ұлыбританияның Week журналы «Латын әліпбиіне көшкеннен кейін Қазақстан Qazaqstan-ға айналады» деген мақаласында «Ресейден аулақ болғысы келетін ел кириллицадан бас тартып жатыр» деп жазған. Басылымның жазуынша, 100 жылға жетпейтін уақыт ішінде бұл елде әліпби үшінші рет ауысып жатыр - 1920 жылдарға дейін Қазақстанда арабтың төте жазуы пайдаланылған, 1929 жылы Совет одағы төте жазуды латын әліпбиіне ауыстырған, бірақ 11 жылдан кейін кириллицаны енгізген.

«Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздігін жариялағанға дейін советтік республика болған, бірақ елде қазақ тіліне қарағанда, орыс тілі әлі жиі қолданылады. Қазіргі кириллицаның қазақша нұсқасында 42 таңба бар, оның 33-і орыс әліпбиінен алынған, тоғызы - қазақ тіліне тән дыбыстар. Жаңа латын әліпбиі 32 әріптен тұрады, сондықтан көп адамдар Қазақстан неліктен бытысқан жобаға кіріскелі жатқанын түсінбейді» деп жазған Week.

Қазақ тілінің апострофты әліпбиіне қарсы петицияның скриншоты.
Қазақ тілінің апострофты әліпбиіне қарсы петицияның скриншоты.

Ұлыбританияның BBC жаңалықтар сайты «Қазақстаннан Qazaqstan'ға көшу: әліпби ауыстырудың сыры неде?» деген мақаласында «Қазақ тілі өзіне қандай әліпби жайлы болатынына баяғыдан көзі жетпей келе жатқан, енді ол өзге әліпбиге көшуге дайындалып жатыр, бірақ қайшылықсыз емес. Өткен жұма күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев [қазақ тілі] өзінің кириллицаның ауыр тонынан арылып, орнына одан әлдеқайда сәндірек киім – латын әліпбиін алады деген түпкілікті жарлық шығарды» деп жазған.

«ТЕРРОРИЗМНІҢ ҰЛҒАЙЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ОШАҒЫ»

Америкалық Wall Street Journal журналы «Нью-Йорктегі шабуыл Орталық Азияны терроризмнің ұлғайып келе жатқан ошағы ретінде көрсетті» деген мақаласында қазанның 31-і күні Нью-Йоркте сегіз адамның өмірін қиған теракті туралы жазған. 2010 жылдан бері АҚШ-та тұратын 29 жастағы Өзбекстан тумасы Сайфулло Саипов теракті жасады деген күдікке ілінген.

ВИДЕО: Нью-Йорктегі терроршы

Нью-Йорктегі шабуыл
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:00:33 0:00

Күдіктіге қатысты тараған хабарлар АҚШ-тың мемлекеттік қауіпсіздігі мен берекесіне азаматтары қауіп төндіруі мүмкін 11 елдің «қара тізіміне» Өзбекстан іліге ме, жоқ па деген алып-қашпа сөздерге ұласты. Қазір әлгі тізімге Орталық Азия (ОА) елдерінің ешбірі кірмейді. АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік департаменті әзірше комментарий берген жоқ, бірақ АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter желісінде жариялаған комментариінде тізімнің «қайта қаралуы мүмкін екенін көрсеткен».

ВИДЕО: ОА-дан шыққандар "жасаған" шабуылдар

ОА-дан шыққандар "жасаған" шабуылдар
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:19 0:00

Мақалада Орталық Азияны «Ресей мен Қытай арасында жатқан әрі экономикалық мүмкіндіктердің аздығы мен саяси еркіндіктің шектелуі жас жігіттерді радикализмге итермелеп отырған бұрынғы советтік аймақ» деп атайды. Мақалада «Халықаралық дағдарыс тобының» 2015 жылғы есебінен «Ислам мемлекеті» ұйымы жағында соғысып жүрген Орталық Азиядан шыққан содырлардың ішінде өзбектер - [саны ең көп топ] деген деректі келтірген. Есепке қарағанда, олардың саны екі мыңнан төрт мыңға дейін жетеді. Wall Street Journal «Енді, яғни «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының жеңіліске ұшыраған содырлары Сирия мен Ирактан кете бастаған кезде Өзбекстан азаматтары әлемнің көп бөлігінде қосымша қатер тудырып жатыр» деп жазған әрі кейінгі жылдары өзбектердің Швеция, Ресей және Түркиядағы терактілерге де қатысы болғанын еске салады.

XS
SM
MD
LG