Accessibility links

Билік бекіткен жаңа әліпби нұсқасын сынаушы көбейді


Президент жарлығымен бекітілген қазақ әліпбиінің латын графикасындағы жаңа нұсқасы жарияланған газет. 27 қазан 2017 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиінің латын графикасындағы жаңа нұсқасын бекітті. Қазақ тіліне тән дыбыстар апострофпен белгіленген нұсқаны сынап жатқандар да, ол әлі өзгереді деп үміттенетіндер де бар. Азаттық пікірін білген кей тіл мамандары жаңа әліпби асығыс қабылданды деп санайды.

АПОСТРОФТЫ ЛАТЫН ӘЛІПБИІ

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тілі әліпбиінің латын графикасындағы жаңа нұсқасын бекіту туралы жарлығы жұма күні ресми баспасөзде жарияланды. Президент үкіметке қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құруды, 2025 жылға дейін қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіруді қамтамасыз етуді және жарлықты іске асырудың басқа да шараларын жасауды тапсырған. Жарлық жарияланған күннен бастап күшіне енді.

Жарлықпен бекітілген қазақ тілі әліпбиінің латын графикасындағы жаңа нұсқасында қазақ тіліне тән кейбір дыбыстар және тағы бірнеше әріп апостроф (дәйекше) арқылы белгіленген.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен бекітілген қазақ әліпбиінің латын графикасындағы жаңа нұсқасы.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен бекітілген қазақ әліпбиінің латын графикасындағы жаңа нұсқасы.

Апострофты латын әліпбиі әлеуметтік желіде қызу талқыланып, әрқилы реакция туғызды. Желі қолданушылардың кейбірі жаңа әліпби нұсқасы "ұнамағанын" айтса, кейбірі "мұны саяси шешім" ретінде қабылдап, "нұсқа әлі де жетілдіріледі" деген пікір білдірген.

Желі қолданушылардың бірі Қуандық Шамахайұлы президент жарлығын латын әліпбиіне көшудің алғашқы қадамына балап, құтты болсын айтса, Мақсат Жақау есімді қолданушы Facebook-тегі парақшасында "ақ болсын, қара мысық болсын, әйтеуір тышқан ауласа болды, екі әріпті не басындағы үтірімен болсын, маған ең маңыздысы бір орында тұрып талқылап отырып алмай, уақыт күттірмейтін латынды қоғамға енгізу" деп жазған. Қоғамдық белсенді Мұхтар Тайжан болса "асықпай, ақылдасып, кәсіби тілтанушыларды тыңдап, шешім қабылдауы жөн" дейтін пікір қалдырған.

Қазақстанда биыл күздің басында диграфты латын әліпбиі парламентте қаралғанда да әлеуметтік желіде реакция күшейген еді. Қоғамда жаңа әліпбидің ол нұсқасына наразы пікір білдіргендер көбейіп, кейін билік ұсынылған нұсқа "2017 жылдың соңына дейін әлі де өзгеруі мүмкін екенін" бірнеше рет хабарлаған.

ВИДЕО: Парламентке жеткен "латын" (12 қыркүйек 2017 жыл)

Азаттық тілшісі латын әліпбиін қазақ тіліне енгізу мәселесімен кәсіби және ерікті түрде айналысып жүрген бірнеше сарапшымен сөйлесіп, апострофты әліпбидің қаншалықты талқыланғанын сұрастырды. Латын әліпбиінің диграфты нұсқасын парламентте таныстырып, дауға қалған Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-методикалық орталығының директоры Ербол Тілешов пен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбекпен байланысу мүмкін болмады. Ал латын әліпбиінің қабылдану процесін сырттай бақылаушы апострофты нұсқаның тез қабылданғанына таңырқады.

"САЯСИ ШЕШІМНЕН ҮМІТТЕНУ"

Тіл білімі институтының бұрынғы директоры Шерубай Құрманбайұлы апострофты нұсқа тез қабылданғанын түсіне алмағанын айтады. Бұл "астарында беймәлім себебі бар саяси шешім болар" деп санайды ол.

- Қазақтың төл дыбыстарына жеке таңба беру керек болатын. Латын әліпбиіне көшсек түркі халықтарымен жазу, сызуымыз ұқсас болады деген едік, соңғы нұсқада керісінше алшақтаған сияқтымыз. Латын әліпбиіндегі түркі халықтары "ө" әрпін төбесіне ноқат қойып белгіледі, бізде олай болмайды, бәлкім көш жүре түзелер, - дейді Шерубай Құрманбайұлы.

Филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы.
Филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы.

Оның пікірінше, жаңа нұсқада латын әліпбиін компьютердің пернетақтасына лайықтау, негізгі канондық латыннан шықпау талабы көбірек көрініс тапқанға ұқсайды. Мұның себебін латын әліпбиі бойынша жұмыс тобының өкілдері түсіндіруі тиіс дейді ол.

Президент Назарбаевтың жарлығын "саяси шешім" қатарына жатқызатындардың бірі, латын әліпбиінің BaiLatyn деп аталатын нұсқасын өз бетінше әзірлеп жүрген топтың мүшесі Нұраддин Садықов "қазіргі нұсқаны әлі де жетілдіріп, өзгертуге болады" деп үміттенеді.

BaiLatyn нұсқасын бірнеше жылдан бері ұсынып келе жатқан бұл топ таяуда парламент депутаттарымен кездесіп, өз нұсқаларын көрсеткенін айтады. Нұраддин Садықовтың сөзінше, топ мүшелері өздері әзірлеген әліпби нұсқасын Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-методикалық орталығының директоры Ербол Тілешовке де таныстырған.

- Ербол Тілешев біздің нұсқамыздың тиімді жақтары бар екеніне назар аударды. Оны жоғары билікке де ұсынатын болған. Бірақ, үлкен жиынға барып келгеннен кейін "апостроф нұсқа" қабылданды, қалған ұсыныстар емле жасағанда ескеріледі, үкімет қаулысы арқылы өзгерістер мен толықтырулар енгізуге болады деді. Осыған үміттеніп отырмыз, - дейді ол.

Латын әліпбиінің апострофты нұсқасы аяқ астынан пайда болғанына қайран қалған Нұраддин Садықов билік бекіткен нұсқаны "осы күйінде ғылыми айналымға енгізу өте қиын, ғылыми-техникалық салаға қолайсыз әліпби" деп санайды.

Орысша атауы латын әрпімен жазылған балалар ойын-сауық кешені. Шымкент, 31 шілде 2017 жыл.
Орысша атауы латын әрпімен жазылған балалар ойын-сауық кешені. Шымкент, 31 шілде 2017 жыл.

Қазақ жазуын латын графикасына көшіру мәселесін ұзақ жылдар зерттеген Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының "Ұлттық жоба" деп аталатын нұсқасы биыл қыркүйек айында парламентте жаңа әліпби мәселесі сөз болғанда назарға ілінбей, елеусіз қалған еді. Институт зерттеушілерінің арасында осыған байланысты наразылық бар екені де байқалған.

Оқыңыз: Диграфты латынша әліпбиді сынау күшейді

Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Өмірзақ Айтбаев "Ұлттық жобаның" не себептен қабылданбағанын түсіне алмайтынын айтады. Зерттеуші диграфты нұсқа да, апострофты нұсқа да қазақ тілінің заңдылықтарына сай келмейді деп санайды.

- Латын әліпбиіне өтуді 1993 жылы тіл білімі институты ұсынған. Іле-шала президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселені тіл білімі институтына тапсырған. Институт зерттеушілері Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан, Түркия тәжірибесін зерттеді. Сөйтіп, асығыс қабылданбағанына қуанды. Ал енді жеме-жемге келгенде бәрібір асығыстық жасалды, - дейді ғалым.

Оның сөзінше, қыркүйекте латын әліпбиінің диграфты нұсқасын парламентте таныстырған кезде тіл білімі институтының қызметкерлеріне пікір айтуға мүмкіндік берілмеген. "Институттта ұзақ жыл латын әліпбиін зерттеген Әлімхан Жүнісбек пен институт директоры Ерден Қажыбекті басқа жобаны қолдауға мәжбүргенге ұқсайды" деп топшылайды Өмірзақ Айтбаев.

- Әліпби бұйрықпен немесе жалпы дауыс берумен шешілетін мәселе емес. Онымен фонетиканы тұрақты зерттеушілер шұғылдануы тиіс. Президенттің біртіндеп көшеміз деген сөзінен үміттенеміз. Тілдің заңдылығы сақталмаған әліпбиі өміршең болмайды. Бәрібір қайта қарауға тура келеді, - дейді тіл маманы.

"ЖОҒАРҒЫ ЖАҚТЫҢ НҰСҚАУЫ"

Азаттық тілшісі парламентте латын әліпбиінің диграфты нұсқасын талқылауға қатысқан Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, профессор Әлімхан Жүнісбекпен де сөйлесті. Ол да қоғамда сыни пікірлер көбейгеннен кейін латын әліпбиінің басқа да нұсқаларын талқылаймыз дегенге сенгенін айтады. Зерттеуші қазан айының басында ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан жиынға қатысқан.

- Жоғары жақ қалай айтса солай болды. Қарсы пікірлеріме құлақ аспады. Елбасының осы нұсқаны ұнатқаны аңғарылған соң тарадық. Бірақ әлі де көпшілік талқысына түседі деген. Аяқ астынан бұлайша бекіп кеткеніне таңмын, - дейді ол.

Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-методикалық орталығының директоры Ербол Тілешов (сол жақта) пен Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, профессор Әлімхан Жүнісбек. Астана, 12 қазан 2017 жыл.
Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-методикалық орталығының директоры Ербол Тілешов (сол жақта) пен Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, профессор Әлімхан Жүнісбек. Астана, 12 қазан 2017 жыл.

Әлімхан Жүнісбек осыған дейін парламентте таныстырылған "латын әліпбиінің диграфты нұсқасына" қатысты қандай да бір қарсылық білдірмеген болатын. Тіл білімі институтындағы "Ұлттық жоба" авторларының бірі саналатын Әлімхан Жүнісбектің бұл ұстанымы зерттеушілер арасында түрлі пікір туғызған.

Азаттық тілшісінің бұл жөніндегі сауалдарына берген жауабында ол "өзі де, институт директоры Ерден Қажыбек те диграфты латын әліпбиін қолдаймыз деп ашық айтпағанын" және жоғарғы жақтан берілген нұсқаудан аса алмағандарын сыпайылап түсіндіруге тырысты.

- Тіл білімі институты жасаған жобаны және диграф жобаны парламентке қатар апардық. Біздің жобаны алып тастады да, диграфты жобаны жетілдіру керек деді. Бізге пернетақтаның 26 жобасынан шықпаңдар деген нұсқау берілді. Жетілдіргенде осы апострофты жоба, яғни жасанды жоба болды, - дейді ол.

Әлімхан Жүнісбек тіл білімі институты жасаған жоба тілдің ішкі заңдылықтарына сай келетінін "жоғарғы жаққа" түгел түсіндіруге тырысқанын айтады.

- Бірақ онда ғалымды сыйлайтын, ғылымды мойындайтын адам жоқ. Бәрі орыс тілді, ағылшын тілді, айтқаныңды түсінбейді. Қазақ тілінің бар дыбысын бар деп, жоқ дыбысын жоқ деп түсіндіре алмай қор болдық, - деді ол. Бірақ "түсіндіре алмаған" адамдардың аты-жөнін айтудан бас тартты.

Жазушы Мұхтар Әуезовтің 1935 жылы латын таңбасымен қазақ тілінде шыққан кітабы. Алматы, 1 наурыз 2017 жыл.
Жазушы Мұхтар Әуезовтің 1935 жылы латын таңбасымен қазақ тілінде шыққан кітабы. Алматы, 1 наурыз 2017 жыл.

Әлімхан Жүнісбектің сөзінше, енді зерттеушілер латын әліпбиінің апострофты нұсқасының емлесін жасауға кірісе бастайды. Емле жасау барысында әлі де өзгеріс енгізіледі, бірақ апострофтарды алып тастауға болмайды дейді ол.

- Президент жарлығымен бекітілген әліпбиден апострофтарды алып тастасақ, ол заң бұзу болып саналады, - дейді ғалым.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл жыл басында жасаған мәлімдемесінде "2017 жылдың соңына дейін латынша қазақ әліпбиінің жобасын әзірлеу, үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің" нақты кестесін жасауды тапсырған еді.

12 қазанда Астанада өткен баспасөз мәслихатында Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-методикалық орталығының директоры Ербол Тілешов пен Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, профессор Әлімхан Жүнісбек 32 әріптен тұратын латын әліпбиінің жаңа нұсқасын ұсынған. Онда қазақ тіліне ғана тән кейбір дыбыстар апостроф (дәйекше) арқылы белгіленген. Мұның алдында комиссияның қазақ тілінің латын графикасында диграфпен (қосарланған таңба) белгілейтін нұсқасы қатты сынға ұшырап, қабылданбай қалған.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG