Accessibility links

Латын графикасына өткен түркі елдерінің тәжірибесі


Мемлекеттің бас газеті "Егемен Қазақстанның" латын қарпіндегі сайт нұсқасы. 13 сәуір 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда латын әліпбиіне көшу жайы тағы да айтыла бастады. Азаттық тілшісі осыған орай өзге түркітілдес елдердің бұл саладағы реформасы қалай болғанын сұрап көрді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың соңына дейін қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы – латын әліпбиін қабылдау туралы тапсырмасы Қазақстанда жиі талқыланған тақырыптардың біріне айналды.

Әлеуметтік желілерде латын графикасына өтуді қолдаушылар мен қарсылардың пікірталасы пайда болды. Кейбір пікірлер «латын графикасына ертерек көшу керек еді» десе, кейбірі «латын графикасына өткеннен кейін Қазақстанда орыс тіліндегі және қазақ тіліндегі екі әліпбимен жазатындар болып бөлінеді» деген қаупін айтады.

«ӘЛІПБИ ДАЙЫН»

Латын графикасына көшу жөнінде бастама Қазақстан басшылығы тарапынан бұрын да бірнеше рет айтылған. Бірақ ол кездері «латын әліпбиін әзірлеу, дайындық жасау» туралы жалпылама сипатта сөз болатын. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жыл соңына дейін латын графикасындағы қазақ әліпбиін жасау туралы тапсырмасы латын графикасына көшу туралы жылдар бойы айтылып келе жатқан сөзден іске көшу сияқты көрінді. Он шақты жылдан бері аса латын графикасына негізделген әліпби әзірлеумен шұғылданып келе жатқан зерттеушілер де бұл күтпеген жайт болғанын айтады.

Азаттық тілшісі сөйлескен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Әлімхан Жүнісбек – бірнеше жылдардан бері қазақ әліпбиін латын графикасын жасап келе жатқан зерттеушілердің бірі ретінде белгілі. «Латын графикасына көшу туралы бастамалар 1992 жылдан бері айтылып келе жатыр» деген ол қазірге дейін латын графикасының 100-ге жуық нұсқасы жасалғанын, «тіл білімі институты бірнеше жыл талқылаудан кейін қазақ сөзінің әуезін, буынын, тасымалын бұзбайтын әліпби дайындап қойғанын» айтады. Зерттеушінің сөзінше «бұған бір таңбаны екіншісіне ауыстыра салу деп емес, жазу реформасы деп қарау керек».

Латын әліпбиін зерттеуші-ғалым Әлімхан Жүнісбек.
Латын әліпбиін зерттеуші-ғалым Әлімхан Жүнісбек.

– Ол тек қана әліпби емес, оның арғы жағында емле ережесі бар. 1990 жылдардың бас кезінде түркі елдері ортақ қабылдаған жоба бар. Біз соны ұстандық, «бір дыбыс – бір әріп» қағидасымен төл әліпбиімізді жасап, кірме дыбыстарды шығарып тастадық. Ал қазіргі әліпбиіміздің өзін біздің орыс тілділер оқып отырған жоқ. Сондықтан оған алаңдамау керек, – дейді ол.

Әлімхан Жүнісбектің айтуынша қазақстандық зерттеушілер латын графикасына өткен Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжанның тәжірибесімен танысқан.

– Өзбекстан мен Түрікменстан түркі халықтарына ортақ жасалған әліпбиге бірнеше әріп қосты. Біз ол жолды таңдамадық, өйткені жазу реформасы әлі күнге сәтті бола қоймағанын аңғардық. Әзербайжандардың тәжірибесі дұрыс болған сияқты,-дейді ол.

«ӨТПЕЛІ КЕЗЕҢНІҢ ҚИЫНДЫҒЫ»

Азаттық латын графикасына көшкен Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстандағы және латын графикасына көшуге талпынған Татарстандағы қазіргі жағдай туралы сарапшылардан сұрастырып көрді.

Әзербайжанның бұрынғы білім министрі Фируддин Жәлилов «латын графикасына ертерек көшкенде оңай болатын еді» деген пікірлерге келіспейтінін айтады. Оның сөзінше Әзербайжан 1992 жылы латын графикасына көшер қарсаңда көршілер елдерден «араб графикасына көшіңдер» деген, «кириллицада қала беріңдер» деген қысым көбірек болған. Оның сөзінше 1991 жылы Стамбулда жалпы түрік әліпбиі бойынша симпозиум өтіп, сонда 34 әріптен тұратын ортақ түркі әліпбиі қабылданған.

Фируддин Жәлилов.
Фируддин Жәлилов.

– Бұл өтпелі кезең өте қиын болады. Жаңа әліпби жастарға, жаңа буынға арналған. Біз үйреншікті кириллицамен жаза береміз. Қазақтар жалпы түркі әліпбиін өзгертпесе екен. Түрікменстан, Өзбекстан бірер әріпті өзгертті. Әліпбидің көрінбейтін саяси астары бар. 1990 жылдары жеңіл болды деп қателесіздер. Керісінше ол кезде бізге Иран «арабшаға өтіңдер» деп, ал Ресей «кириллицада қалыңдар» деп қысым жасады, – дейді ол.

Түркімен жазушысы Аманмұрад Бугаев 1993 жылы латын графикасына көшу жөнінде шешім қабылдаған Түрікменстан әлі күнге бұл үдерісті аяқтамағынын айтады.

– 2000 жылдан бастап ресми құжаттарды латын графикасына толық өткізе бастады. Халықтың көпшілігіне, әсіресе, ересектерге қиын болды. Бізде сауаттандыру үдерісі (ликбез) болмады. Қазірдің өзінде халықтың 30-40 пайызы латын графикасын білмейді, – дейді ол.

Әлі күнге үйреншікті кириллицамен жазатынын айтқан Аманмұрад Бугаев «қазақтардың латын графикасына өткені түркі халықтарын жақындастыруға септігін тигізеді» деп санайды.

Түркіменстан астанасындағы латын әліпбиімен жазылған жазулар. (Көрнекі сурет)
Түркіменстан астанасындағы латын әліпбиімен жазылған жазулар. (Көрнекі сурет)

Азаттықтың Өзбек сервисінің қызметкері Уктамбек Каримов «Өзбекстанда латын графикасына өту сәтті бола қойған жоқ» дегенді айтады. 1993 жылы латын графикасына өту туралы заң қабылдаған Өзбекстан 2010 жылға дейін сатылап өтіп, аяқтауды көздеген.

– Бүгінде барлық оқу орындары латын графикасына өтті. Бірнеше жас буын осы графикамен бітіріп шықты. Бірақ бүкіл ел латын графикасына көшіп кетті деуге болмайды. Сайттарға, газеттерге қарасаңыз, кириллицамен тұрғанын көресіз, мемлекеттік мекемелер екі әліпбимен жазады, – дейді ол.

Уктамбек Каримов Өзбекстанның орыс тілінде жазатын тұрғындары бұрынғыша кириллицаны пайдаланып отырғанын, оларды ешкім мәжбүрлемегенін айтады. Ол «латын графикасына өтудің баяулығына Өзбекстанды 25 жыл басқарған Ислам Каримовтың селқостығы және латын графикасының сапасы себеп болды» деп санайды. Оның айтуынша Ислам Каримов қайтыс болған соң арнайы комиссия құрылып, «реформаланған әліпбиді реформалау» туралы мәселені қарай бастаған.

Өзбекстандағы лицейлердің біріндегі үш тілде (өзбекше, түрікше және ағылшынша) жазылған жазу. (Көрнекі сурет)
Өзбекстандағы лицейлердің біріндегі үш тілде (өзбекше, түрікше және ағылшынша) жазылған жазу. (Көрнекі сурет)

1990 жылдары Ресей құрамындағы Татарстан автономиялы республикасы да латын графикасына көшу жөнінде шешім қабылдаған. Азаттықтың Татар сервисінің қызметкері Алсу Құрмашева Татарстан латын графикасымен екі жыл ғана шұғылданғанын айтады.

– 2001 жылы оқушылар латын әліпбиінде жазылған оқулықтарды алды. Қазан қаласы мен Татарстанның өзге де ірі қалаларындағы орталық көшелердің аты кириллицамен қатар латын әліпбиімен жазыла бастады. Ол тақтайшалар әлі күнге тұр. Бірақ 2002 жылы Ресей мемлекеттік думасы Ресей Федерациясындағы тілдер статусы туралы заң қабылдады, соның ішінде «Ресейдегі барлық тіл тек кириллица әліпбиі бойынша дамытылатыны» айтылды. Содан кейін Татарстанның латын әліпбиін қолдануына тыйым салынды. Татарстан бұл шешімді халықаралық сотқа да бергісі келген, бірақ оған жетпей тоқтап қалды, – дейді ол.

Ұзақ жылдар Ресей отары болып келген түркі елдері 1928-29 жылдары совет өкіметінің саясатымен бұрынғы араб графикасынан латын графикасына көшірілген еді. Бірақ ол үдеріс 1940 жылы тоқтап, кириллицаға ауыстырылған. Бірнеше жазу реформасын бастан кешкен Қазақстан да содан бері кириллицаны пайдаланып келеді. Алайда әлсін-әлсін латын графикасына көшу жөнінде бастама көтеріп қойғанды ұнатады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы желтоқсанда жариялаған «Қазақстан-2050» стратегиясында да 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісу қажет екенін айтқан.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG