Accessibility links

Ресейде дрон шабуылынан кейін "Роснефтке" тиесілі мұнай өңдеу зауыты мен қойма өртенді


31 желтоқсанға қараған түні украин дрондары Ресейдің Краснодар өлкесіндегі Туапсе қаласына шабуылдады. Аймақтың жедел штабының хабарлауынша, екі адам зардап шеккен.

Порттағы айлақ, "Роснефтке" тиесілі мұнай өңдеу зауыты, сонымен бірге тұрғын үйлер де бүлінген.

Оқиға орнынан түсірілген видеодан мұнай өңдеу зауытында өрт шыққаны байқалады. Кейін жергілікті билік Туапседе зауыт аумағында "300 шаршы метрге жайылған өрт сөндірілгенін" растады. Туапсе портындағы өрт те сөндірілген.

Туапсе мұнай өңдеу зауыты теңіз терминалымен бірге "Роснефтке" тиесілі. Компанияға Владимир Путиннің жақын досы, үзеңгілес серігі Игорь Сечин жетекшілік етеді. Украина 2025 жылдың наурыз бен қараша айларында да Туапседегі мұнай инфрақұрылымына соққы жасаған.

31 желтоқсанға қараған түні украин дрондары Ярославль облысындағы Рыбинск қаласына да шабуылдады. Қалада әуе қаупі жөнінде ескерту жарияланған шақта жергілікті тұрғындар өрт пен жарылыс болғанын жазды. Astra жазуынша, Росрезервке тиесілі мұнай қоймасы өртенген.

Украина көп айдан бері ресейлік мұнай өңдеу зауыты мен мұнай қоймасына соққы жасап келеді. Киев оларды заңды әскери нысана деп санайды, себебі мұнай, жанармай мен дизель соғыста пайдаланылады немесе одан түскен қаражат Украинадағы соғысқа пайдаланылады.

Украина әскері дрон шабуылына түсініктеме бермеді.


XS
SM
MD
LG