Accessibility links

Моңғолия төл жазуын қолданысқа енгізуді көздейді


Моңғолиядағы Шыңғыс хан ескерткіші. (Көрнекі сурет.)

Моңғолияда 2025 жылдан бастап құжаттарды көне «Моңғол жазуына» (Монголын бичиг) көшіру жоспарланған. Кейбіреулер ширек ғасыр мектепте оқытылып келе жатқан жазуды меңгеру қиынға соқпайды десе, енді біреулер жобаның белгіленген уақытта іске асатынына күмән келтіреді.

ОРТА ҒАСЫРДА ҚАЛЫПТАСҚАН ЖАЗУ

1991 жылдан бастап Моңғолияның жалпы білім беретін мектептерінде жеке пән ретінде оқытылып келе жатқан, барлығы 28 әріптен тұратын көне моңғол жазуы жоғарыдан төмен қарай түзіледі.

Тарихи деректер бойынша, көне моңғол жазуын кезінде моңғол әскері тұтқындаған найман мемлекетінің Таян ханының хатшысы Тататуңға Шыңғыс ханның бұйрығымен ұйғыр әріпінің негізінде жасап шығарған. Орта ғасырда дүниеге келген «Құпия шежіре», «Алтын шежіре», «Қазыналар қоры», буддизмнің қасиетті кітаптары «Ганжур» мен «Данжур» тәрізді еңбектер көне моңғол тілінде осы жазумен жазылған.

Гүлжан Талғатқызы Моңғолияның қазақтар көп қоныстанған аймағы Байөлкеде жалпы білім беретін мектептердің бірінде моңғол жазуы пәнінен сабақ береді. Оның сөзінше, 6-сыныптан бастап 9-сыныпқа дейін оқытылатын бұл пәнді игеру оқушыға оңайға түспейді.

- 2025 жылдан бастап барлық құжаттар көне жазуға көшеді деп жатыр. Соған байланысты мектепте үш жыл оқытамыз. Биыл осы пән бойынша сабақ беріп жүргеніме он екі жыл толды. Бірақ балалардың барлығы жақсы меңгеріп кете алмайды. Бірен-сараны болмаса, көпшілігі сол аты-жөнін жазудан көп аса бермейді, - дейді Гүлжан Талғатқызы.

Моңғол тілінің кириллицаға негізделген қазіргі алфавиті 1941 жылы қабылданып, қолданысқа енгізілген.

Моңғолияда тұратын журналист Өмірбек Қабай.
Моңғолияда тұратын журналист Өмірбек Қабай.

Моңғолияда тұратын журналист Өмірбек Қабайдың пікірінше, енді бірнеше жылдан соң қазіргі алфавитпен қатар қолданысқа енгізу жоспарланып отырған моңғолдың көне жазуына қалыптасу қиындық туғызбауы тиіс.

- Моңғолия көне ұйғыр-моңғол жазуын кириллицамен қоса пайдалануын 2025 жылы толық жүзеге асыруды мақсат етіп отыр. 1991 жылдан бері оқушылар бұл жазуды мектеп қабырғасында оқып, үйреніп жүр. Сол себепті аса көп қиыншылық тудыра қоймайды, - дейді Өмірбек Қабай.

КИРИЛЛИЦА НЕГІЗІНДЕГІ ӘЛІПБИ

Моңғолия ғылым академиясының акедемигі Бәкей Ағыпарұлы арнайы заң қабылдап, бекіткен жобаның іске асып кететіне күмәні барын айтады.

- Осыдан екі жыл бұрын «Моңғол тілі» туралы жаңа заң бекітілген кезде 2025 жылы жазудың екі түрі (кириллицаға негізделген және көне моңгол жазуы – автор.) қолданыста болады деген шешім қабылданған. Әрине, заңды бекіту қарсаңында көптеген пікірлер болды. «Бұл жазуды тек тіл білімі саласындағы ғалымдар білсе жеткілікті, жалпы жұртқа қажеттілігі қанша?» деген де пікірлер айтылды. Бірақ заң қабылданды. Әйткенмен заң осы қалпында іске асып кетеді деу қиын, - дейді ғалым.

Моңғолия ғылым академиясының академигі Бәкей Ағыпарұлы.
Моңғолия ғылым академиясының академигі Бәкей Ағыпарұлы.

​Моңғолия іс құжаттарын жазуда кириллицаға негізделген алфавитпен бірге ескі моңғол жазуын да қолданысқа қатар енгізуді жоспарлап отырған шақта, Қазақстан қоғамында әліпбиді латын графикасына көшіру жөнінде бастама талқыланып жатыр. Жақында ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың соңына дейін қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы – латын әліпбиін қабылдау туралы тапсырма берген. Ол 2012 жылы желтоқсанда жариялаған "Қазақстан-2050" стратегиясында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісу қажеттігін айтқан.

Совет үкіметі тұсында Қазақ ССР-інде алфавит Моңғолиямен шамамен бір уақытта - 1940 жылы кириллицаға көшірілген. Оның алдында - 1929 жылдан 1940 жылға дейін латын графикасы қолданылып келген еді. Ал 1929 жылға дейін қазақтарда араб қаріптеріне негізделген төте жазу қолданыста болған.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG