Accessibility links

Өзбекстан тумасы жасады деп болжанған Нью-Йорктегі шабуыл Орталық Азия аймағына назар аударуға мәжбүрледі. Сарапшылар Орталық Азияда шыққан азаматтардың радикалдануына түрткі болған бірнеше факторды атайды.

Қазанның 31-і күні Нью-Йоркте велосипед теуіп жүрген адамдар мен жаяу жүргіншілерді көлікпен таптаған ер адамның 29 жастағы ұлты өзбек Сайфулло Саипов екені анықталды. Манхэттенде сегіз адамның өмірін қиып, 12 адамды жарақаттаған шабуыл жасады деп болжанатын адам АҚШ-қа 2010 жылы виза лотереясын ұтып алып Өзбекстаннан көшіп барған.

Оқи отырыңыз: "Серігі" табылған өзбек "содырдың" ата-анасы да тергеліп жатыр
Нью-Йоркте шабуыл жасады деген күдікке іліккен Сайфулло Саипов. Сот залынан салынған сурет. 1 қараша 2017 жыл.
Нью-Йоркте шабуыл жасады деген күдікке іліккен Сайфулло Саипов. Сот залынан салынған сурет. 1 қараша 2017 жыл.

ҚАНДЫ ШАБУЫЛДАР ЛЕГІ

Нью-Йоркте болған оқиға кейінгі бір жарым жыл ішінде Орталық Азия елдерінен шыққандарды айыптаған АҚШ-тағы алғашқы, ал әлемдегі төртінші қанды шабуыл болып отыр. Манхэттендегі оқиғаға дейін аймақ тумалары Түркия, Ресей, Швецияда жасалған шабуылдарда "көзге түскен" болатын.

ВИДЕО: Манхэттендегі шабуыл​.

​2016 жылғы 28 маусымда содырлар автоматтан оқ жаудырып, сосын Стамбул әуежайында өздерін жарып жіберген оқиғада 41 адам мерт болып, 230 адам жараланған. Шабуыл жасады деп болжанғандардың үшеуінің аты-жөні анықталған. Олар Қырғызстан, Өзбекстан және Шешенстан азаматтары болып шыққан.

2017 жылғы қаңтардың 1-іне қараған түні Стамбулдағы Reina түнгі клубында 39 адамды мерт еткен шабуылды 34 жастағы ұлты өзбек ер адам жасады деп хабарланған еді. Түркия полициясы шабуыл жасаған адам Ауғанстанда дайындықтан өтіп, елге Сирия территориясы арқылы кірген деп хабарлаған.

ВИДЕО: Нью-Йорк оқиғасы жайлы қазақстандық студентпен сұхбат.

​2017 жылғы 3 сәуірде Санкт-Петербург метрополитеніндегі жарылысты (14 адам қаза тауып, 32-ден көп адам жарақат алған) Ресей билігі Ресей азаматтығын алған 22 жастағы Қырғызстан тумасы деп мәлімдеген. Яғни, кейінгі 20 жылда Ресейде алғаш рет Солтүстік Кавказ астыртын ұйымы емес, Орталық Азия тумасы теракті жасады.

2017 жылғы 7 сәуірде Швеция астанасында террорлық шабуыл жасалды. Болжамды террорист Стокгольм орталығында жүк көлігімен жаяу жүргіншілерді таптап өткен. Шабуылдан кемі 15 адам жараланып, төрт адам мерт болған. Ертеректе Өзбекстанда тұрған 39 жастағы ер адам ұсталған.

"ОҢАЙ ОЛЖАҒА" АЙНАЛАТЫН АДАМДАР ШЫҒАТЫН АЙМАҚ

Қазақстандық саясаттанушы Расул Жұмалының пікірінше, Орталық Азиядан шыққандарды айыптайтын оқиғалар легі - аймақтың радикал құрылымдардың "оңай олжасына айналатын адамдар" шығып жатқан аймаққа айналғанын білдіреді.

- Бұрын бұл тізімде әбден қылмыс жайлағандықтан, адамдары бас сауғалап, осындай құрылымдар қатарына қосылатын елдер - Шешенстан, Дағыстан, Ауғанстан, Сомали, Судан аталатын, ал қазір статистикаға қарасаң, әлгі мемлекеттерге Ресеймен бірге Орталық Азия елдері де қосылды, - дейді Расул Жұмалы.

Расул Жұмалының пікірінше, Орталық Азиядан шыққан радикалдарға ортақ нәрсе – олар ислам халифатын орнату - әділетті қоғамға апаратын жалғыз жол деп ойлайды. Еліндегі коррупция мен әділетсіздіктен қажып, маргиналданған адамдар үгітшілердің оңай олжасына айналып, жанжал ошақтары - Таяу Шығыс аймақтарына соғысуға аттанады.

Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтбаевтің пікірінше, Ресей Орталық Азиядан шыққан экстремистердің маршрутындағы "әлдебір дәліз" болып тұр. Бұған бірінші кезекте еңбек миграциясы факторының әсері бар.

- Радикал топтарды қолдау үшін Сирия мен Иракқа аттанған адамдардың көбі гастарбайтерлер болған. Олар кезінде жұмыс табуға тырысып Ресейге Орталық Азия елдерінен барған немесе сол жақта жұмыс істеп жүрген. "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымы үгітшілері дәл осы ортада тікелей де, интернет арқылы да қарқынды жұмыс жүргізді. Еңбек миграциясы туралы айтқан кезде гастарбайтерлердің әу бастан мүлде қорғансыз топ екенін ескерген жөн. Олардың материалдық жағдайы өте нашар. Белгілі бір кемсітушілікке, психологиялық қысымға ұшырағандар. Радикал құрылымдардың рекруттері үшін Ресей территориясындағы дәл осы әлеуметтік қорғансыз топ - еңбек мигранттары таптырмайтын нысанаға айналды, - дейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтбаев.

Сирияда соғысып жүрген өзбекстандықтар. YouТube видоесынан алынған скрин-шот.
Сирияда соғысып жүрген өзбекстандықтар. YouТube видоесынан алынған скрин-шот.

ЕЛДЕН ЖЫРАҚТА РАДИКАЛДАНҒАНДАР МЕН "ЖЕТЕКТЕГІЛЕР"

Өзбекстандық сарапшы Сирожиддин Толибов Батыс елдерінде шабуыл жасаған Орталық Азия тумалары экстремистік топтардың тәжірибелі мүшелері нұсқау беріп, "жетектеген" адамдар деп санайды.

- АҚШ-та шабуыл жасаған адам жалғыз әрекет еткенді жөн көретін "бөрі" болды ма әлде террорлық ұйымы мүшесі болды ма - айту қиын. "Ислам мемлекеті" ұйымымен байланысы болған деген болжамдар айтылып жатыр. Жұрттың көбі үгіт-насихатқа еріп, Еуропа елдері мен АҚШ Таяу Шығыста мұсылмандарға қарсы үлкен соғыс жүргізіп жатыр деп ойлайды. Олар әлгі актілері үшін АҚШ-тан кек алуға, қарымта қайтаруға өздерін жауаптымыз деп санайды, - дейді Сирожиддин Толибов.

Азаттықтың Өзбек қызметі – Озодлик радиосының директоры Алишер Сиддиктің "Настоящее время" арнасына берген сұхбатында айтуынша, Нью-Йорктегі шабуылға қатысты айыпталатын өзбекстандық Сайфулло Саиповтың таныстары ол елден кеткенге дейін діндар адам болмаған деп айтқан. Сиддиктің айтуынша, Озодлик тілшілері терроризмді қаржыландыруға және радикал топтарға қатысы бар деген күдікпен Батыс елдерінде кейінгі жылдары ұсталған өзбестандықтардың тағдырын зерттеп көрген. Журналистік зерттеулерге қарағанда, жұрт әлгі адамдарды Өзбекстаннан кеткенге дейін зайырлы әрі "мүлде діндар емес" адамдар болатын деп айтқан.

- Мүмкін, оқымаған білімсіздігі, аңғалдығы [радикалдануға итермелеген] шығар. Мүмкін, олар Өзбекстанда дін еркіндігі шектеулі деп санаған болар, сондықтан кез-келген сайтты ашып, кез-келген ақпаратты алуға болатын ортаға барғаннан кейін мол еркіндіктен бастары айналып қалған шығар, - дейді Алишер Сиддик.

РАДИКАЛ ҚҰРЫЛЫМНЫҢ ПАЙДА БОЛҒАНЫН "БАЙҚАМАЙ ҚАЛДЫ"

Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтбаевтың пікірінше, аймақта радикалдану үрдісінің күшейіп бара жатуының бір себебі - "Орталық Азия елдерінің билігі заңды, либерал саяси оппозициямен күреспен қатты әуестеніп кетіп, тура иегінің астында радикал құрылымдар пайда болып, жастармен белсенді жұмыс істей бастағанын байқамай қалды". Бірақ сарапшы мұның өзге де бірқатар басқы себептері болуы мүмкін дейді.

- Тарихи тұрғыдан алғанда , мұндай алғашқы ұйымдар 1980 жылдардың аяғында, Совет одағы тұсында дәл осы Өзбекстанда пайда бола бастаған. Халықаралық деңгейде танылған ең алғашқы радикал ұйым - "Өзбекстанның ислам ұйымы" 1990 жылдардың басында құрылған болатын. Бірақ қазір Орталық Азияда радикализм Қырғызстанда тамырланып бара жатқанын байқап отырмыз. Бұл елде белгілі бір кезеңде билік екі рет ауысып, орталық биліктің бұл саладағы, әсіресе Қырғызстанның оңтүстігіндегі бақылауды әлсіретіп алуына ұласты, - дейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтбаев.

Нью-Йоркте орналасқан Soufan Group сараптама ұйымының қазандағы есебіне сәйкес, Орталық Азиядан шыққан радикалдар көбінесе қарулы қақтығыстар болып жатқан Сирия мен Иракқа аттанады. "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымындағы 40 мың содырдың 8717-сі бұрынғы СССР елдерінен шыққандар. Бес мыңға жуығы – Орталық Азия елдерінің тумалары. Ұйымның "Халифаттың шетелдік содырлары мен олардың оралуынан төнетін қатерлер" есебіне сәйкес, олардың 95 пайызы қақтығыс ошақтарына аттанғанға дейін Ресейде тұрған. Soufan Group ұйымы "Ислам мемлекеті" ұйымы халифат орнатамыз деген территориясынан айырылып жатыр, ал еліне оралып жатқан содырлардан үлкен қатер төнеді" деп жазған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG