Accessibility links

ОА-да терроршылар қатарына кім қалай шақырады?


Фурманов көшесі бойында намаз оқып отырған жігіт. Алматы, 28 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Фурманов көшесі бойында намаз оқып отырған жігіт. Алматы, 28 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Лондондағы King's College университетінің зорлық-зомбылық экстремизмі жөніндегі сарапшысы Анна Матвеева Орталық Азия елдерінде жұртты содырлар қатарына шақырушылар арасында таксистер, автобус жүргізушілері, базар саудагерлері бар екенін айтады.

Өзбекстанның 39 жастағы азаматы Стокгольмда болған терактіні жасады деген күдікке ілінді. Оның 2014 жылы баспана сұрап, Швеция билігіне өтініш бергені, бірақ 2016 жылы өтініші қабылданбағаны анықталды. Теракт жасаған кезге дейін ол елде заңсыз жүрген.

Санкт-Петербургтегі метрода жасалған жарылысты 22 жастағы Ресей азаматы, Қырғызстанда туған Акбаржон Жалилов жасады деген болжам жасалды. Қазір істің мән-жайы тексеріліп жатыр. Reuters агенттігі күдіктінің 2015 жылдың аяғынан бастап 2017 жылдың басына дейін Түркияда болғанын, ол жақтан Сирияға баруы мүмкін екенін анықтады.

Стамбулдағы Жаңа жыл мерекесі кезіндегі терактіден екі апта өткенде Түркия полициясы Өзбекстан тумасы Абдукадыр Машариповты ұстады. Ол Абу Махаммед Хорасан деген есіммен жасырынып жүрген. Машарипов 1983 жылы туған; түрік, араб және орыс тілдерін біледі әрі Түркия полициясы болжамынша, Ауғанстанда арнайы дайындықтан өткен.

Ресей арнайы қызметі Сириядағы «Ислам мемлекеті» (ИМ) террорлық ұйымы және өзге де қарулы топтар жағында тоғыз мыңға жуық адам соғысып жүр деп санайды. Ақпан айында Ресей президенті Владимир Путин осындай дерек айтқан.

Путин «Алдын ала дерегімізге сәйкес, мыңдап саналады: ГРУ (Бас барлау басқармасы) бас штабы мен өзге де арнайы қызметтер, мысалы ФСБ (федералдық қауіпсізік қызметі) дерегінше, Ресейден шамамен төрт мыңға дейін, ал бұрынғы Совет Одағы республикаларынан бес мыңдай адам барған» деп мәлімдеген еді.

Ал 2015 жылы қазан айында Путин бұрынғы СССР елдерінен барып, ИМ жағында соғысып жүргендердің санын «5-7 мың» деп атаған.

«Настоящее время» бағдарламасы Лондондағы King's College университетінің ғылыми қызметкері, зорлық-зомбылық экстремизмі жөніндегі сарапшы Анна Матвеевадан Орталық Азияда (ОА) радикал исламшыл ұйымдарға кімдерді және қалай тартатынын түсіндіруді өтінген еді.

ВИДЕО: Анна Матвеевамен сұхбат (орыс тілінде)

ОА-да содырлар қатарына кім қалай шақырады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:06 0:00

- Үш жыл бұрын ИМ ұйымы, бұрынғы Совет Одағынан барып қосылғандар жайлы айтқанда біз көбінесе Дағыстаннан кеткендер туралы еститін едік. Қазір Орталық Азия елдерінен барғандар көбірек айтыла бастады. Мысалға Стамбулда Жаңа жыл мерекесі кезіндегі терактіні Өзбекстанда туған азамат жасағанын келтіруге болады. Санкт-Петербургте болған терактіге Қырғызстанда туған жігітті айыптайды. Не болып жатыр?

- Бұл шамамен 2011-2012 жылдары басталып, ИМ террорлық ұйымы қатты дамыған кезде шарықтау шегіне жетті. «Джебхат ән-Нусра» сияқты өзге топтарға да 2012 жылы Орталық Азиядан барып қосылғандар бар. Кезінде көпшілік мұның маңызын жоққа шығарған.

- Әлгі ұйымдар Орталық Азиядан адам қалай жинайды? Мұнымен Орталық Азияның өзінде айналыса ма, әлде олардың көбі Ресейде жұмыс істейтін мигранттар ма?

- Бұл процесс аймақтың өзінде де, Ресейде де, тысқары жерлерде де жүріп жатыр. Адамдардың арасындағы әлеуметтік байланыстарды: әдет-ғұрыптарды, үйлену тойларын, жерлеу рәсімдерін, ғұрып-жораларды пайдаланады. Сервис саласы да адам тартудың үлкен желісі. Таксистер, шағын автобус жүргізушілері, базарларда жұмыс істейтіндер, қысқасы, адам көп жүретін жерлердің бәрінде үгіттейді. Осы халықтың арасынан біреулер тұзаққа түсіп қалады.

Әлгі қозғалыстарға қосылған адамдардың көбі - табысы орташа, әлдебір білім деңгейі бар адамдар – бұл ОА-ға да, өзге елдерге де ортақ тенденция. Көзі ашық, тіпті жоғары білімі бар адамдар да кездеседі. Ауқатты адамдар да бар.

Көбінесе рухани, саяси, діни, жеке басына байланысты себептермен қосылады, психологиялық ерекшеліктердің әсерін де жоққа шығаруға болмайды. Бұл жерде идеология жайлы айтып отырмыз, ал ИМ ұйымы - оның бір бөлігі. Бұл жерде жұмыс істейтін өзге топтар да болған, қазір де бар, әлі де шығатыны анық.

Кей топтар ИМ құрамына кіреді, кейбірі кірмейді. Мысалы, Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысының бір бөлігі ИМ-мен бірге, бір бөлігі оған қарсы. Өзбекстанның ислам қозғалысы қазір көбінесе ИМ-ге қосылған, бірақ олар біртұтас емес, әлі автономдық ұйым болып отыр. Ары қарай қалай болатынын біз білмейміз.

Әлгі қозғалысты бір жерде шоғырланған, сондықтан жүрген жерінде жеңуге болатын бір жау деп айтуға болмайды. Бұл түрлі пішіндегі «жеті басты айдаһар».

XS
SM
MD
LG